Жоба: Қазақ музыка өнерінің бастауы. Қобыздың құдіреті

265

 

 

Жоба:

Қазақ музыка өнерінің бастауы.

Қобыздың құдіреті

 

 

 

Авторы:

Репецкая Александра, 10 «А» сыныбы

 

 

Жетекшісі:

Бакирова Сабира Түркеновна,

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

 


МАЗМҰНЫ

 

Абстаракт……………………………………………………………………….3

Кіріспе …………………………………………………………………………..4

  1. Негізгі бөлім ……………………………………………………………….5
    • Қорқыттың өмірге келуі ……………………………………………….5
    • Қорқыт пен қобыз……………………………………………………….5
    • Қорқыт туралы зерттеулер …………………………………………….6
  2. Қобыздың құдіреті …………………………………………………………7
    • Нар қобыздың тағдары ………………………………………………8
    • Қобыз түрлері …………………………………………………………8
    • Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлері ………………………8
  3. Қорытынды …………………………………………………………………9
  4. Пайдаланылған әдебиеттер ……………………………………………….10
  5. Қосымша материалдар …………………………………………………….11


  1. АБСТРАКТ

 

Зерттеудің мақсаты:

Кеңес дәуірі тұсында көптеген қудалаушылық көрген, бақсы аспабы деп, ойнауға тыйым салынған қазақ халқының ұлттық саз аспабы қобыздың шығу тарихы мен Қорқыттың өміріне жасалған зерттеулерді зерделей отырып, скрипканың арғы атасы қобыз болса, қазіргі таңда оркестрде ойналып жүрген аспаптардың (контрабасс, альт, ішекті қобыз — прима) қобыздың түрі екендігін дәлелдеу жолдарын қарастыру.

Болжам:

Егер скрипканың арғы атасы – қазақтың қара қобызы екендігін мектеп жасындағы өзге ұлт өкілдері білсе, қазақ музыка өнеріне деген қызығушылықтары одан әрі дамып, музыка өнері арқылы қазақ ауыз әдебиетіне ынтасы артар еді.

Зерттеудің кезеңдері:

  1. Алғашқы даярлық кезең. Орта Азияда музыка өнерінің дамуы туралы материалдар жинақтау.
  2. Музыка өнерінің дамуындағы Қорқыт атаның орны және оның жасаған аспабы қобыздың шығу тарихын зерттеу материалдарын жинақтау.
  3. Шоқан Уәлихановтың «Тәңірі» (Алтыншаһарға сапар. Алматы: Атамұра, 2006 жыл 82-бет) мақаласындағы түсінде Қорқыт атадан бата алған Қойлыбай туралы зерттеу жасау.
  4. Шоқан Уәлихановтың мақаласы негізінде Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» поэмасын зерделеу.
  5. Жинақтаған материалдарды саралау, жүйелеу, ғылыми зерттеу кезеңі. Ғылыми жобалар сайысына даярлық кезеңі.

Зерттеудің жаңалығы және дербестік дәрежесі:

  1. Орыс тілді мектептерде қазақ әдебиеті пәні мен музыка сабағын кіріктірудің тиімді тәсілдері.
  2. Музыка өнері арқылы өзге ұлт өкілдеріне қазақ ауыз әдебиетінің құндылықтарын жеткізу.
  3. Скипка аспабының арғы атасы қазақтың қара қобызы екендігін ділелдеу.
  4. Қазақ ауыз әдебиетіне ғылыми зерттеу жасаған қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың ғылыми зерттеулерімен Мағжан шағармаларының сабақтастығы.

Зерттеудің нәтижесі мен практикалық қолдану салалары :

  1. Күтілетін нәтиже оқушыларға этномәдениттанудан білім беру нәтижесінде қазақ халқының музыка өнерінің бастауы аты аңызға айналған Қорқыт ата дәуірінен бастау алып, қазіргі күні кеңінен белгілі болып отырған скрипка аспабы – қобыздың бір түрі екендігін мойындату.
  2. Мектептерде музыка және қазақ әдебиеті пәндерін оқытуда.
  3. Музыка мектептерінің қобыз және скрипка сыныптары үшін.
  4. Оқушыларға эстетикалық және этномәдени тәрбие беруде.

 


КІРІСПЕ

 

Музыка (грек. muzike, тура мағынасы – музалар өнері) – негізінен әр биіктіктегі дыбыстардан (тондардан) тұратын, адамға өзінің белгілі мен әсер ететін, өмір шындығын дыбыстық көркем образдар арқылы бейнелейтін өнердің бір түрі. Онда дыбыстардың биіктік және ырғақтық-ритмдік қатынастары өте қатаң тәртіпке келтірілген. Музыканың әдебиеттен, театрдан айырмашылығы сол, ол образдарды түгелдей дыбыстық үн құралдары арқылы суреттейді. Ол адам сезімін, ойын, оның ерік-күшін дыбыстық формада суреттейтін қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Музыка бүкіл адамзат тарихында қоғамдық-идеялық, мәдени-тәрбиелік және берік ұйымдастырушылық роль атқарады. Музыканың тарихи эволюциясы әлеуметтік дамудың жалпы заңына бағынады. Музыка алуан құбылыстарды суреттеп, олардың эмоциялық ауқымын аша отырып, қалың бұқараның рухани өмірін қалыптастыру құралы ретінде үлкен роль атқарады.

Қазақ халқының музыка аспаптары ғасырлар бойы келе жатқан мәдени мұра. Қазіргі кезде олардың 50-ден астам түрі белгілі. Әр аспаптың өзіне тән үні (әуенділігі мен саздылығы), орындаушылық дәстүрі бар. Көптеген музыка аспаптардың аттарын халқымыздың жыр-аңыздары мен дастандарынан, 15-19 ғасырдағы орыс және шетел саяхатшылары мен ғалымдарының еңбектерінен кездестіруге болады. Ертеде музыка аспаптарын жасауға ағаш, қамыс, қурай, малдың терісі мен сүйегі, мүйізі мен қылы қолданылған. Музыка аспаптарын ерте кезден халыққа хабар бергенде, жорыққа ұран салғанда, саятшылықта, сондай-ақ ән-күйлер орындағанда, бақсылар сарынында пайдаланып отырды. Музыка аспаптары ішекті (2 және 3 ішекті домбыралар, қобыз, жетіген, шертер), үрлемелі (саз, қос, қамыс және мүйіз сырнайлар, сыбызғы, адырна, ұран, керней), шалып ойнайтын (шаңқобыз), соқпалы (даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың көптеген түрлері) болып бірнеше топқа бөлінеді. Музыка аспаптарының үнін жақсарту мақсатымен 1932 ж. Алматыда, 1947 ж. Осакаровкада (Қарағанды обл.), 1957 ж. Алматы консерваториясының жанында шеберханалар ашылды. Халық аспаптар оркестрінде домбыра мен қобыздың жаңартылған үлгілерін пайдаланған А.Қ.Жұбанов болды. Музыка аспаптарын жасаушы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, И.Э.Романенко, О.Бейсенбаев, А.Аухадиев аспаптардың оркестрге арналған үлгілерін жасады. Музыка аспаптарының көптеген көне түрлері Москва, Ленинград, Алматы, Семей т.б. қалалардың музейлерінде сақтаулы.

Қобыз — ол тар жол, тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негiз бола алатын, ұлтымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерiне жан бiтiрiп, оның құнды қалпын сақтауға негiз болған, өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын күрделі аспап. Қобызды жасап шығарған Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңіне қатысты түрлі ғылыми жорамалдар бар.

Бұл зерттеуде қобыз аспабының шығу тегіне тоқтала келе, оны сақтау, қорғау, дамыту, насихаттау шаралары туралы ой қозғалады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

  • Қорқыттың өмірге келуі

Ұлы Даланың ұлы перзенттерінің бірі – Орта ғасырларда өмір сүрген ірі ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата. Оның соңында қалған әдеби және музыкалық бай мұра ұлағатты ұрпақтар арқылы кезеңнен кезеңге ауысып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Енді ол кім болған, қандай мұралары бар дегенге келейік.

Қазақ халқының атадан балаға тараған шежіресі бойынша музыка өнерінің тууы Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесі, күй атасы. Ел аузындағы аңыздардың бірі Қорқыттың елден ерекше болып дүниеге келуі және оған Қорқыт есімінің берілуі. Қорқытты туарда анасы құланның жаясына жерік болыпты. Жыл сайын бір рет толғатып, баланы үш жыл тоғыз күн көтереді. Бір күні нәрестенің дүниеге келер сәті жетеді. Анасы, туарында тоғыз күн толғатыпты, сол сәтте жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қара жаңбыр, дауыл соғып, біреуді біреу көре алмай, қорқыныш басыпты.

Бала анасынан туа тіл қатып, сөйлей бастайды. Шілдеханасына жиналғандар: «Бұл          ерекше қасиетті болып өмірге келуі арқылы біздің бәрімізді қорқытты ғой, сондықтан аты Қорқыт болсын», — деп нәрестенің атын Қорқыт қояды.

Қорқыт туған кезінде,

Қара аспанды су алған

Қара жерді құм алған

Ол туғанда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған – деген өлең жолдары Қорқыттың өмірге келуі жайында жыр. Міне осы ғажайып жағдайда туған Қорқыттың ер жеткеннен кейінгі іс-әрекеттері де ешкімге ұқсамайды. Ол жиырмаға толғанда түсінде біреулер аян беріп, «қырықтан артық жасамайсың» депті. Міне, осыдан кейін Қорқыт дүниенің  көп ойлап, өлмеудің жолын іздестіреді, түйесі Желмаяға мініп, әлемнің төрт бұрышын аралайды. Ол қайда барса да, қазулы көрді көреді… бұл кімнің көрі, —  деп сұрағанда «Қорқыттың көрі» деп жауап алады. Ақырында өзінің туған жері Сырдария бойына келеді, қарағайдан қобыз жасап, өлмес өмір күйін тартады. Қазақта «Күй атасы – Қорқыт» деген аңыз осылайша пайда болады. Ол Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күй тартқанда дүниедегі жан иесінің бәрі де құлағын елжіретіп тыңдаған.

  • Қорқыт пен қобыз

Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде де керемет ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам және жануарлардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанды. Қарғай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жасап жатқан қобызың алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған түйенің терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен», — деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна сала, осы айтылғандардың бәрін жасап

„Қарағайдың түбінен

Қайырып алған қобызым,

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым,

Желмаяның терісін

Шынақ қылған қобызым,

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған қобызым,

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған қобызым,

Құлағыңды бұрайын,

Осы айтқаным болмаса,

Қайырып жерге ұрайын“ – деп жырлайды.

Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жиһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт 95 жасында жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек… Бүгінгі күні Қорқыт бабамыздың оннан астам күйлері белгілі болып отыр.

 

  • Қорқыт туралы зерттеулер
  • ХVІІ ғасырлық тарихшы Әбілғазы Бахадүр хан өзінің «Түрік шежіресінде» баят руынан шыққан Қорқыт атаның оғыздардың елбегі (ел министрі) қызметін атқарғандығын және 95 жасында қайтыс болғандығын жазады.
  • Шоқанның көзқарасынша, «Қорқыт – қазақтардың бірінші бақсы-шаманы, елге қобыз үйретуші ұстаз, күйші, өлең сазының шебері».
  • «Қорқыт ата кітабы» 1815 жылы неміс ғалымы Х.Ф.Диц Дренден кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» 12 жырдан тұратын нұсқасын тауып бастырды.
  • Итальяндық ғалым Е.Р.Россидің де еңбегі ерекше. Ол Ватикан кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасын тауып, 1956 жылы оны итальян тіліне аударды. Эпостың аудармалары және мәтіндері Лондонда, Белградта, Бакуде, Мәскеуде, Анкарада, Стамбұлда, Прагада, Алматыда т.б. қалаларда жарық көрді. 1999 жылы «Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдығы дүние жүзінде кеңінен атап өтілді.
  • Қорқыт ата мазары — ІХ-ХІ ғасырларда тұрғызылған күмбез. Қазіргі Қызылорда облысы Қорқыт теміржол станциясынан 3 шақырым жерде болған. ХІХ ғасырдың аяғында сүйегі басқа жерге көшірілген. Сырдария арнасының ауытқуынан Қорқыт мазарының қалдығы 1960 жылдары шайылып кеткен.
  • «Қорқыт ата кешені» — 1980 жылы Бек Ыбыраев аэродинамикалық эффектіні пайдаланып тұрғызған. Дала желінің екпінімен қобыздың үні естіліп тұрады. Ішкі жағы “түйетабан” өрнектерімен нақышталған. Қазақстандағы ең үздік тарихи ескерткіш.

 

  1. Қобыздың құдіреті

Қыпшақ Қойлыбай Әбдурахпанұлы – атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған. Аңыздарда да, тарихи шығармаларда да Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі аталады. Ақын Хамитбек Мұсабай өзінің «Қойлыбайдың қоштасу күйі» деген дастанында Қойлыбайдың қобызы мен киелі қасиеттері туралы былай жыр толғайды:

Қарт Қойлыбай – қобызшының абызы,
Шежіредей сайрап жатыр әр ізі.
Қатар жүрер қос анардай қашанда,
Замананың ақиқаты, аңызы.
Ол қобызбен – қара тасты сөйлеткен,
Ол қобызбен – тал бесікті тербеткен.
Ол қобызбен – селді буып сұрапыл,
Ол қобызбен – шу асауды үйреткен.
Ол қобызбен – қара бұлтты қақ тілген,
Ол қобызбен – ақбоз үйді тіктірген.
Ол қобызбен – тілін кесіп жыланның,
Ол қобызбен – ханға тізе бүктірген.
Ол қобызбен – жанған өртті өшірген,
Жөнге салған ессіздерді есірген.
Киіз үйді жиһазымен жиюлы,
Арғы беттен – бергі бетке көшірген.
Ол қобызбен – қара нөсер жаудырған,
Ол қобызбен – жан ләззатын қандырған.
Ол қобызбен – тоқсан тоғыз күй шалып,
Ол қобызбен – мәңгіге атын қалдырған.

Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, түсінде Қорқыт атадан бата алған қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған кезі – XV ғасырдың алғашқы ширегі. Ол Қойлыбайды «бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: «Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады» деп жазады. Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай қобызын бәйгеге қосып бас бәйгені жеңіп алады. Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанын жазған.

Қобыздың тағдыры бақсылардың тағдарымен бірге. Бұл жөнінде Әлкей Марғұланның өзі былай деп жазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ –ХІХ ғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид ад – Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады.

  • Нар қобыздың тағдыры.

Қобыз аспабы Кеңес дәуірі тұсында көптеген қудалаушылық көрген, бақсы аспабы деп, ойнауға тыйым салынған аспап. Дегенмен де өнер адамдарының, халықтың арақасында 20 ғасырдың 70 жылдарында қайтадан жаңғырған.

  • Қобыз түрлері

Нар қобыз, қыл қобыз, шаң қобыз болып бөлінеді. Қыл қобыз — ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек.

  • Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлері

Қобыз-бас, қобыз-прима, қобыз-контрабас,  4 ішекті прима қобыз, қобыз-альт.

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Ұлттық болмысымызды, ұлттық өнерді қадірлейік.

Қазақ музыкасына арқау болған әр түрлі музыкалық аспаптар заманымызға сай түрленіп, жаңа ұғымда, жаңа мазмұнда пайдаланылып, қазақ өнерін әлемге танытып келеді. Демек, қазақтың музыкалық аспабының қай түрі болмасын көнермейді деген сөз, керісінше ол заман ағымына сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді.

Қазіргі кезде музыка әрлеушілері түрлі музыка жанрларын домбыраға, қобызға және т.б. музыка аспаптарына сәйкестендіріп, ұлттық нақышта, жаңа әр беріп, жоғары талғамда орындалуын көздейді.

Бүгінгі таңда қайта көркейген, жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізден өзінің лайықты орнын алған бұл музыкалық аспап, өткеннің ескерткіші ғана  емес, күнделікті  мәдениетімізді дамытатын, ажарын ашатын, рухани құндылық ретінде  сақтауымыз керек.

Саналы адам баласы табиғи дарынымен ерекшеленсе, асыл мұраларамыз ата – бабаларымыздың өнерімен, өнегесімен бағалы.

Бүгінгі күні Қазақстанда Қорқыт атаның ізбасарлары аз емес. Бабалар мұрасын жалғастырушылар Қорқыттың күйлерін бізге жеткізіп отыр. Қорқыттың «Қобызым» әні әнші Жанар Айжанованың орындалуында өз тыңдаушыларын тапқан. Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы Қорқытқа арнайы жазылған «Қорқыт — қобыз» әнінің өзі бір тарих. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қоңыр», «Тәңір күй», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін тартылады.

Скрипканың арғы атасы – қазақтың қара қобызы екенін әлем музыканттары мойындап та, дәлелдеп те үлгерді. Дәлелдеген – еуропалықтар. Мойындатқан – қазақтың ару қыздары. Бұл ұмытылуға жақын қалып, қудалау көрген аспапы Еуропаға халқымызды соғыс жылдары қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев танытты. Қазір дүние жүзіне танылып отырған қыл ішектің шеберлері — Марат Бисенғалиев, Арман Мырзағалиев, Ақан Мейірбеков, Айман Мұсақожаева, Гауһар Мырзабекова, Меруерт Тұяқбаева, Жәмилә Серкебаева, Лана, Бұл орындаушылардың мүмкіндіктері мен жоғары орындау мәнеріне Штраус, Брамс, Шуберттердің отаны алақандары қызарғанша қол соғып, жоғарғы мәртебелі ханшайымдар, корольдер, императорлар мен графтар арнайы шақыртулар жіберетін, қазақстандық музыканттардың гастрольдік сапарын асыға күтетін болды. Ұлыбританияның,  Паганинидің отаны Қорқыттың отанына жол бере бастады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. «Қазаққа өнер қалай қонған» Шолпан ҚҰРМАНБАЙ
  2. «Паганини Қорқытқа жол бере бастады» Мұрат Әуезов
  3. «Қорқыттың қобызы» М.М.әуезов
  4. «Қыпшақ Қойлыбай бақсы» Мақсұтбек Сүлеймен
  5. «Алтышаһарға сапар» Шоқан Уәлиханов
  6. «Қойлыбайдың қобызы» Мағжан Жұмабаев
  7. «Эхо» Узбекали Джанибеков
  8. Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия 4-том 376-бет
  9. Қазақстан балалар энциклопедиясы “Ежелгі Қазақстан” “Аруана” баспасы, 2004, 165-168 беттер