Дәстүрлі күйшілік өнер

207

Дәстүрлі күйшілік өнер

Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Өйткені Шығыс Қазақстан (Семей, Шыңғыстау, Шұбартау, Аягөз, Тарбағатай), Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, сонымен қатар, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарының күй мұралары осы дәстүрге жатады. Бұл өңірдегі, негізінен, архаикалық үлгідегі аңыз-күйлерден тұратын күйшілік, домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады. Әсіресе, теріс бұрауда (квинта) тартылатын «Шыңырау», «Тауқұдірет», «Ақсақ марал», «Ақсақ қыз», «Ақсақ аю», «Бұлғын-сусар», «Балжыңгер», «Сұрмерген» сияқты күйлер – аңыз-әңгімелерімен астасып жатқан көне жәдігерлер. Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің «Сары өзен», «Беласар», «Қорамжан», «Ащы күй» сынды тағы бір бөлігі – қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи шығармалар. Ал «Салкүрең», «Телқоңыр», т.б. халық күйлері – өте ерте замандардан жеткен туындылар.
Қазақ халқының тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі – Кетбұға күйші. Қаһарлы Шыңғыс хан заманында өмір сүрген Кетбұғаның ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші ретінде есімі белгілі. Осы жинаққа енген «Кетбұғаның күйі» («Қара ала белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға») сол дәуірлерден жеткен тарихи туындылардың бірі.
Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіт күйші. Абылай хан заманында өмір сүрген күйшінің жоңғар шапқыншылығы кезеңіне арналған күйлерін белгілі жазушы, тарихшы М.Мағауин қилы кезең симфониясы, тайғақ кешулі жаугершілік заманның музыкалық шежіресіне теңейді. Жаугершілік заман тынысы ғана емес, бейбіт тұрмыс лебізі де сезілетін Байжігіт күйлерінің тақырыбы әр алуан. Оның «Көкбалақ», «Қайың сауған», «Шаңды жорық» сияқты күйлерінен жаугершілік заманның елесі көрініс берсе, «Ерке атан» күйі мұңды тарихымен есте қалады. Семей өңірінің Шұбартау ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өмір сүрген күйші мұрасы Шұбартау, Аягөз өңірінде сақталған. Біздің заманымызға Байжігіт мұрасының дені Жүнісбай домбырашы арқылы жетті. Байжігіт күйлерін жаздырып, насихаттап жүрген бүгінгі орындаушысы – домбырашы Таласбек Әсемқұлов.
Шығыс күйшілік дәстүрінің бір тармағы – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектептері. Алтай аймағында қалыптасқан күйшілік мектептің көрнекті тұлғаларының бірі Бейсенбі Дөненбайұлы күйлерінің тақырыбы сан түрлі. Бежең (ел арасында осылай атаған) туындылары Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында, Монғолияның Баян-Өлгий өлкесінде және Қазақстанның шығыс өңірінде кеңінен тараған. Бейсенбі күйлері осы жинаққа Уәли Бекенов, Ғабдылхақ Барлықов, Тайыр Белгібайұлы, Тұрсын Кәдейұлы сынды майталман домбырашылардың орындауында алынып отыр.
Сонымен қатар, жинаққа Алтай аймағында өмір сүрген Мүкей, Шақабай Шалап, Тайыр Белгібайұлы сияқты күйшілердің туындылары енгізілді.

Жетісу күйшілік
дәстүрі
(Әлімжанова Мөлдір)
Бұл өңірдің де аспаптық музыкасы қаншалықты қызықты, әрі стильге бай болғанмен, осы күнге дейін түбегейлі зерттеу нысанасынан тыс қалып келеді. Жетісу дәстүрі Шығыс күйшілік дәстүрімен өзектес. Жер жағдайы ұқсас, Алтай мен Алатау аралығында үзілмей, іркес-тіркес жалғасқан тау сауырын қоныстанған елдің мәдени кеңістігі ортақ болғандығы байқалады.
Еліміздің Жетісу өлкесінде ертедегі аңыз күйлермен қатар авторлары ұмыт болып, ел арасында сақталып қалған халық күйлері молынан кездеседі. Мысалы: «Аққу», «Аққудың зары», «Жеті атан – ерке атан», «Мұңлық – Зарлық», «Жетім қыз», «Жетім бала», «Жиренше шешен», «Тепеңкөк», «Шұбар киік», «Ақсақ қыз» сияқты көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді. Тамырын тереңнен тартатын Жетісу күйшілік өнерінде, бертін келе, үлкен екі мектептің қалыптасқандығын байқаймыз. Бұл мектептер дәулескер күйші-композиторлар– Байсерке Құлышұлы және Қожеке Назарұлы есімдерімен тығыз байланысты. Қожабек, Сатқынбай, Қатшыбай, Темірбек Ахметов арқылы бүгінге жалғасып келген Байсерке күйшінің көп мұрасынан, өкінішке қарай, кезінде жинақталып, жазылып алынбағандықтан, көз жазып қалып отырмыз. Осы бір ұлан-ғайыр күйшілік мектептің жұқанасындай болып жинаққа Байсеркенің «Ұран күй», «Толқытатын күй» деп аталатын туындылары ғана енді. Жетісу күйшілік өнеріне тоқталып, Байсерке күйшінің шығармашылығына қатысты «Ғасырлар пернесі» еңбегінде алғаш А.Жұбанов сөз қозғаған болатын.
Жетісу өңіріндегі тағы бір оқшау көзге түсетін мектеп – Шыңжаң өлкесі күйшілік дәстүрімен сабақтас, Қожеке Назарұлы бастаған домбырашылық үрдіс. Қожеке күйші Жетісудың төрі Қарқара жайлауында дүниеге келген. Қожекенің өмір сүрген заманы аумалы-төкпелі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағынбаған Қожеке тағдыр тауқыметімен Қытай асып кетеді. Ол жақта да қиын өмірді бастан кешіп, ақырында озбыр заманның саяси құрбаны болған Күйші мұрасы бүгінге өзінің ұрпақтары ұлы Рақыш, немерелері Шаңия мен Тұрсынғазы, Ясын, жиені Орынбек арқылы жетті. Жетісу күйлерін зерттеуші, күйші Б.Мүптекеев Қожеке күйлерін тақырыптық мазмұн жағынан бірнеше топқа жіктейді:
а) ежелгі жыр, аңыз, шежіре, ертегі сюжетіне құрылған күйлері («Мұңлық-Зарлық», «Қамбархан», «Жиренше шешен»);
ә) табиғат тыныс-тіршілігіне байланысты күйлері («Ағарсынның ақ толқыны», «Сарбарпы бұлбұл», «Сайрам көл»);
б) жеке бастың көңіл ауанына қатысты туған күйлері («Кертолғау», «Күй шақыртқы», «Сағыныш», «Шалқайма», «Нұрғазарын»).
Жинаққа Қожеке, Сыбанқұл мектептерінің өкілдерімен қатар, Бөлтірік, Қосдәулет, Омархан Керімқұлов, Елемес Таласбай сынды күйшілердің, Тіленді, Шортанбай сияқты Жетісу өлкесінде өмір сүрген белгілі тұлғалардың шығармалары да қосылды.

3. Арқа күйшілік дәстүрі (Садуақасова Перизат)
Қазақстанның шығыс, солтүстік, орталық аймақтарын алып жатқан байтақ өңірдің атымен аталатын Арқа күйшілік мектебінің ең көрнекті тұлғасы – Тәттімбет Қазанғапұлы. Шертпе күй саласында екі ішекті алма-кезек даралап қағу, бір ішекті бойлай шерту әдістерін көбірек қолданып, бұл тарапта жаңашыл бағыт, оқшау мектеп қалыптастырған Тәттімбет күйлерін терең ойға, философиялық толғамға толы шертпе күйлердің үздік үлгісі деуге болады. Небары 45 жас қана ғұмырында өшпестей мұра қалдырған, қазақтың күй өнерін жаңа саз, соны өрнектермен байытып, түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан аса күй шығарған Тәттімбеттің философиялық ой-толғамдарға құрылған «Қосбасар» (9 нұсқасы), «Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Бес төре» (І, ІІ түрі), махаббат сырын шерткен «Сылқылдақ», «Көш жанаған», «Балбырауын», тарихи оқиғаларға арналған «Айдос», «Алшағыр», «Азамат қожа», «Бозайғыр», т.б. күйлерін үйреніп, кейінгіге жалғастырған – өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай болған.
Тәттімбет күйлерінің басым көпшілігі белгілі күйші, домбырашы Әбікен Хасенов арқылы жетті. Ұлы күйші мұрасын Аққыз Ахметова, Әпике Әбенова, Жақсылық Омашев, Уәли Бекенов, Мағауия Хамзин сияқты саңлақ өнерпаздар да кеңінен насихаттады.
Ұлттық музыка өнеріндегі Тәттімбет бастаған жаңа дәстүрді оған ілесе шыққан Тоқа, Әбди, Сембек, Қыздарбек сынды күйшілердің өзінше жалғастыруы да – заңды құбылыс. Тәттімбет тәлімі дегенде, ауызға ең әуелі әйгілі Тоқа Шоңманұлының есімі ілігеді. Ел іші оны шыққан руына байланысты «Сайдалы сары Тоқа» атап кеткен. Тәттімбеттен он бес жас кіші Тоқа, ұлы күйшімен өнерде үзеңгілес жолдас бола жүріп, одан күйшілік өнердің қилы тағылымын меңгерген. Өзінің біліп, үйренгенін Тоқа айналасындағы ізбасарлары Қыздарбек, Әбди, Баубектерге табыстап отырған. Бұлардың барлығы дерлік Тәттімбеттің ізімен «Қосбасарлар» циклын жалғастырды. Қыздарбектің «Өткінші», «Мұң» қосбасарлары – шертпе күй мектебінің ең бір сыршыл, мұңшыл шығармалары. Бұл күйшілердің Кеңес дәуіріне тірі жеткендері көп қуғын-сүргін көрді, Әбди мен Сембек 30-жылдары атылып кетті. Күйлері көпке дейін жұрт назарына ұсынылмай, шетқақпай болып келді.Олардың мұрасын бүгінге жеткізушілер – Әпике Әбенова, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Манарбек Сағымбеков, Орал Исатаев сынды күйші-домбырашылар.
Табиғаттың бұла бір сәтін күй арқылы жеріне жеткізіп суреттеген Арқаның тылсым күйшілерінің бірі – Әшімтай еді. Оның соңында қалған бір ғана күй «Қоңыр қаз» деп аталады. Атақты Дайрабайдың да күйлерінің көбісі бүгінге жетпеген. Бұл екі күйшінің туындыларын елге табыстаған – әйгілі күйші Мағауия Хамзин.

4. Қаратау
күйшілік дәстүрі (Өтелбайұлы Ғалымжан)
Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға – Сүгір Әлиұлы. Шертпе күй шебері, қазақтың аспаптық өнерінде өшпес із қалдырған Сүгір өзіне дейінгі Тәттімбет Тоқа, күйлерін жете меңгере отырып, түр, мазмұн, көркемдік жағынан байытып, дамыта түсті. Әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлын өзіне ұстаз тұтқан Сүгірдің қобыз сазын домбыра күйімен қабыстыра білуі үлкен жаңашылдық болды, қобыздағы мұңды әуеннің Сүгір күйлерінде домбырамен астасуы күйшілік дәстүрге өзгеше рең берді. Ол өмір сүрген өңір – қарт Қаратау, көне Отырар, қасиетті Түркістан аймағы – тоғыз жолдың торабы, түрлі мәдениеттің тоғысқан жері. Сондықтан қазақ музыкасындағы озық жетістіктерді бойына жинаған Сүгір шығармаларында Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай, Батыс әуен-саздарының кездесуі кездейсоқ құбылыс емес. Оның күйлері мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекше. «Шалқыма», «Ілме», «Бес жорға» (5 тараудан тұрады), «Қаратау шертпесі», «Жолаушының жолды қоңыры» (2 тарау), т.б. туындыларының қай-қайсысын алсақ та, кемеліне келген көркемдік, мүлтіксіз жаңашылдығымен, соны сипатымен оқшау тұрады. Сүгір күйлерін алғаш республика жұртшылығына танытқан дарынды өнерпаз, қобызшы әрі домбырашы Жаппас Қаламбаев болды. Сүгірдің «Кертолғау», «Ілме», «Шалқыма», «Ыңғайтөк», «Аққу», т.б. күйлері Ж.Қаламбаевтың орындауында қайталанбас өрнегін тауып, қазақ музыкасының алтын қорында мәңгі сақталып қалды.
Сүгір күйлерін асқан шеберлікпен орындап жеткізушілер қатарында күйші, домбырашы Төлеген Момбековтің есімін айрықша атауға болады. Сүгірдің «Қосбасар», «Жолаушының жолды қоңыры» (2 тарау), «Бес жорға», «Қаратау шертпесі», «Телқоңыр», «Шалқыма», «Бозінген» сияқты күйлерін өзіндік мәнерімен орындап, өз жанынан да көптеген күйлер шығарған Төлеген Момбеков – Сүгір мектебінің көрнекті өкілі. Антологиядан Сүгір, Бапыш, Төлеген, Жаппас, Боранқұл, Айкен сынды қаратаулық күйшілердің туындылары қомақты орын алды.

5. Сыр өңірінің күйшілік дәстүрі
(Берік Жүсіпов)
Сыр бойы күйлері көпке дейін қазақ музыкасы саласында аз зерттеліп, насихатталуы кемшіндеу болып келгенімен, соңғы кездері кеңінен қолға алына бастады. Белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Жүсіповтың «Жиделі Байсын күйлері» (А., 2000) деген еңбегінде осы орындаушылық мектептің күйлері алғаш жинақталып жарық көруі де – сең қозғалуының бір көрінісі. Сырдың бойында ертеректе өткен Құрманай Төремұрат, Асан Көнек, Бекпенбет сынды күйшілердің мұралары көнеден көшкен керуендей жалғасын тауып келеді. Одан беріректе Сыр өңірінде өмір сүрген күйші-композиторлардың ішінде үш дәулескер күйшінің есімін атауға болады. Олар: Мырза Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бекпенбетұлы, Досжан Құрақұлы. Сыр бойы күйшілік дәстүріндегі көрнекті тұлғалардың бірі Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырза күйшінің «Асанқайғы», «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі», «Ташауыз» сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған жиырмадан астам күйлері белгілі болып отыр. Мырза күйлерінің басты ерекшелігі, көбінесе, транспозициялық формада құрылған. Күйдің өзі шағын 3 бөлімді шығарма іспеттес. Бұны «Жемнің ағыс күйі», «Ташауыз», «Бұғының күйі», т.б. күйлерден байқауға болады. Осындай құрылымдағы күйлер, көбіне, сағасыз болып келеді. Яғни, батыс күйлеріндегідей кіші, үлкен сағаларда үстіңгі ішектегі стереотип тартылмайды. Осы әдіс Сыр бойы күйлерінің көбіне тән.
Мырза күйлерін, сонымен қатар, Сыр бойында сақталған халық күйлерін, Құрманай Төремұрат, Жалдыбай күйшілер мұрасын шашау шығармай, ерекше нақышпен орындап, насихаттаушы – қазалылық дүлдүл домбырашы Нәби Жәлімбетов.
Жоғарыда аттары аталған күйшілердің шығармаларымен қатар, осы антологияға Жалдыбай, Қобылаш, Исламбек Ысқақов, Жалғасбай Аралбаев, Төлеген Қаражанов, Мұзарап Жүсіпов тәрізді Сыр бойында өмір сүрген күйшілердің туындылары да енгізілді.

6. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрі
(Нәби Әділбек)
Қазақтың күйшілік өнері өркен жайып, ерекше дамыған өлкелердің бірі – Батыс Қазақстан аймағы. Батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдері Махамбет, Боғда, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мәмен, Түркеш туындыларын қазақ өнерінің ғана емес, бүкіл түркі әлемі музыкасының жетістігі деп айтуға болады. Батыс күйшілік мектебінің қайнар көзінде күйші, әрі жырау, батыр бабамыз Махамбет тұр. Көнеден тамыр тартқан жыраулық дәстүр өкілі Махамбеттің күйлері айбынды жырларымен сарындас болып келеді. Ішкі Бөкей ордасында бүкіл ғұмырын өткізген Махамбет күйлерін сол Исатай бастап, өзі қостаған жорық жылдарының музыкалық портреті десе де болады.
Махамбеттің толғау жырларындағы тегеурінді сарындар осы мектептің теңдессіз тұлғасы Құрманғазы күйлеріне де жат емес. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Бөкей ордасында аса күшті домбырашылық мектеп қалыптасты. Екі үлкен бағытта дамыған Бөкей күйшілік дәстүрі Құрманғазы, Дәулеткерей есімдерімен тығыз байланысты. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрінің ең көрнекті тұлғасы, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы – әлемдік өредегі алып композитор. Құрманғазының аса күрделі шығармашылығы дыбыстық бояуларының қанықтығымен, алапат тегеурін, ырғақтық иірімдерінің алуандығымен ерекшеленеді.
Құрманғазының күйшілік тұлғасын, жан дүниесін толық танытатын, қуатты оттай бұрқыраған «Сарыарқа», «Төремұрат», «Кішкентай», «Серпер», «Терісқақпай», «Балбырауын» сияқты күйлерінің әрқайсысы – қайталанбас, кесек туындылар. Құрманғазының күйшілік дарыны сан қырлы. Оның «Адай», «Төремұрат», «Терісқақпай», «Серпер» сияқты күйлерінен асқақ батырлық рух сезілсе, «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол», «Айда, бұлбұл Айжан-ай», «Балқаймақ» сынды туындылары ой-толғам, сырлы сезім толғаныстарына құрылған.
Құрманғазы қалыптастырған күйшілік мектептің аса дарынды өкілі Дина Нұрпейісова – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр дәстүрін біріктірген, сондай-ақ, Құрманғазы мектебінің жігерлі екпінін, Дәулеткерей дәстүрінің фәлсәфасын, ақсүйектік нәзіктігін терең меңгерген күйші. Оның шығармашылығында Құрманғазы дәстүрінде басталған жанрлық және тақырыптық жаңашылдықтар жалғасын тапты.
Осы дәстүрді алға апарушылар қатарында дүлдүл күйшілер Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Төлеген Аршанов, Ғылман Қайрошев, Ғылман Әлжанов, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев сияқты күйші-орындаушылардың есімдерін атауға болады. Жинақтағы Батыс күйшілік дәстүріне арналған бөлімде әрқайсысы өз алдына бір төбе — Түркеш, Сейтек сияқты көптеген біртуар күйшілер шығармалары кеңінен орын алды.
Батыс күйшілік дәстүріндегі тағы да бір айтулы тұлға Дәулеткерей Шығайұлы – қазақ халқының күйшілік өнеріндегі айрықша тұлғалардың бірі. Қазақ күйлерінің бір парасының тартылу мәнеріне және әуендік құрылымына байланысты ел арасында «төре күйлері», «төре тартыс», «төре қағыс» деген ұғым қалыптасқан. Оқшау дәстүр – төре тартысқа жататын күйлер лирикалық әуезділігімен ерекшеленеді, психологиялық терең сезімге құрылып, адамның жан дүниесіне терең бойлайды. Бұл қағыстың тағы бір ерекшелігі, ауқымы, шеңбері қысқа алынғандықтан, биязы, жұмсақ болып келеді. Батыс өңірінде «қара қағыс» немесе «тентек қағыс» деп аталған Құрманғазы дәстүріне мүлде ұқсамайтын өзгеше, оқшау мектеп, дара дәстүр қалыптастырып, әуендік тұрғыда сазды, сұлу күйлер қалдырған Дәулеткерейді А.Жұбанов: «Төре күйлерінің атасы», – дейді.
Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелең», «Құдаша», «Ысқырма» «Керілме», «Ақбала қыз», «Бұлбұл», «Көркем ханым» күйлері лирикалық әуені басым, сырлы сезімге толы болып келсе, «Топан», «Салық өлген», «Охота», «Шолтақ», «Жігер» қатарлы туындылары терең ойға, философиялық толғанысқа құрылған. Орда төңірегінде Баламайсаң, Мүсірәлі, Байжұма, Арынғазы сияқты дарынды күйші-домбырашылар болды. Ал Дәулеткерейдің ізін баса шыққан Әлікей, Түркеш, Салауаткерей, Сейтек сынды дәулескер күйшілер Дәулеткерей алтын діңгегі болған осы бір күйшілік мектептің орнығуына өз үлестерін қосты. Дәулеткерей күйлерінің жеткізушілері – Науша, Махамбет Бөкейхановтар. Ал жеріне жеткізе орындап, жаздырып, насихаттап, кейінгіге мұра қылып қалдырған әйгілі домбырашы Қали Жантілеуов болды.
Қазанғап Тілепбергенұлы шығармашылығы ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақтың аспаптық кәсіби өнерінде үлкен орын алады. Күйшілік өнерде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған саңлақ күйші, әсіресе, «Ақжелең» деп аталатын тармақты күйлерді дамытуға айтарлықтай үлес қосып, оны түр және мазмұн жағынан байыта түсті. Қазанғап күйлері философиялық ой, терең сезімге толы.
Жинақтағы Қазанғап күйлері күйші дәстүрін жалғастырған ізбасарлары Жәлекеш Айпақов пен Кәдірәлі Ержановтың, елге танытып, насихаттауға көп еңбек сіңірген майталман домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовпен қатар, Б.Басығараев, Ж.Әлбетов, Қ.Жармағамбетов, І.Ілиясов, А.Райымбергенов, Р.Омаров, Н.Жанаманов, Ж.Асылхановтардың орындауында беріліп отыр.

7. Маңғыстау күйшілік дәстүрі
(Күзербаев Әлібек)
Бұл өңірде қалыптасқан күйшілік мектеп оқшау ыңғайда дамыған орындаушылық және шығармашылық әдістерінің ерекшелігімен көзге түседі. батыс күйшілік дәстүріне жататын Маңғыстау күйлері қағыс, тартысымен айрықшаланып, өз алдына бір мектеп болып қалыптасып кетті.
Маңғыстау өлкесінде аңыз-әңгімелерімен баяндалатын көне күй үлгілері, айтыс-тартыс, тармақты, тізбекті, тарихи күйлер мол сақталған. Әріден келе жатқан ескі күйлермен қатар, «Қазақ пен ноғайдың айырылысуы», «Ноғай сазы», «Бала ноғай сазы», «Алпыс тараулы Науаи» сияқты халықтық мұраға айналған домбыра саздары да аз емес. Осындай авторы белгісіз көне күйлердің бір шоғыры – «Науайы». Әйгілі күйші Өскенбайдың орындауында «Науайы» алпыс тараудан тұрады екен. Ал бізге Өскенбайдың өз баласы Мұраттың орындауында жеткені – «Қарт Науайы», «Бала Науайы», «Тел Науайы», «Шар Науайы», «Тамшы Науайы», «Қақпалы Науайы» деп аталатын алты күй. Ерте замандардан тамыр тартқан көне күйлердің бірі – Кетбұғаның «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйі. Бұл күй Мұрат Өскенбаевтың орындауында «Құлан сарыны», «Естірту», «Айдаһармен арбасу» деп салаланып келеді. Сол сияқты аңыз-әңгімесімен жеткен халық күйлерінің бірі – «Нар идірген». Шалдың, жігіттің, баланың тартқаны болып келетін осы үш күй «Өрелі мая» деп те аталады.
Абыл, Қартбай, Есбай, Есір, Құлшар, Қоңыр, Өскенбай, Шамғұл, Әлқуат, Мұрат сияқты Маңғыстау күйшілерінің есімдері қазақтың аспаптық музыка әлеміне әйгілі. Маңғыстау күйшілік дәстүріндегі көрнекті тұлғалардың бірі – Абыл Тарақұлы. Абылдың бізге жеткен «Абыл», «Нарату» күйлері – қазақ күй өнеріндегі шоқтығы биік, философиялық мәні терең, эпикалық сарыны басым кемел туындылар.
Маңғыстау күйшілік өнерінің тағы бір айтулы тұлғасы Есбай Балұстаұлы шығармашылығының айшықты бөлігі — «Үш ананың тартысы» деп аталатын циклді күйлерден тұрады. Маңғыстау түбегінде өмір сүрген саңлақ күйші Есір Айшуақұлының «Қос айырған», «Тоғыз түйеші», «Көктөбе», «Манатау», «Ақжарма» атты тармақты күйлері ұлы даланың симфониясындай сол дәуірдегі ел басынан өткен тарихи оқиғаларды сипаттайды. Айтыс, тартыс күйлерімен аты белгілі Құлшардың «Қыз қамаған», «Кербез керік», «Ат жортақ», «Сық-сақ», «Кебіс қалған» деп аталатын циклды күйлері қызғылықты әңгімесімен шағын театрлық қойылымға ұқсайды. Жинаққа Құлшардың бұдан басқа да әзілге құрылған «Тілемсек», «Жап та, қымта» атты күйлері енді.
Адайдың «жеті қайқысы» атанған өнерпаздар қатарында Маңғыстау күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі Өскенбай Қалмамбетұлының есімі ерекше аталады. Әйгілі «Жаңылтпаш» күйі – Өскенбайдың Құлбай бақшы деген түрікпен күйшісімен сайысқа түскенде шығарған күйі. Өскенбай күйшінің мұрасы, негізінен, бел баласы Мұрат Өскенбаев арқылы жетіп отыр. Ол Абыл, Есір, Құлшар, Өскенбай, Қартбай сынды күйшілердің туындыларын, ертедегі аңыз күйлерді, өз күйлерін қосқанда, ұзын саны, үш жүздей күй тартқан. Бұл антологияға Абыл, Есір, Есбай, Құлшар, Өскенбай сияқты аттары белгілі күйші-композиторлар күйлерімен қатар, Жолды, Қартбай, Қоңыр, Мұрат Өскенбаев, Айдарбай, Самиғолла Андарбаевтың шығармалары да толық еніп отыр.

8. Қазіргі заман күйлері
Қазақ музыкасының арнайы кәсіпқойлық жүйеде қалыптасуына, дамуына атсалысқан күйші-композиторлар шығармалары да осы жинаққа арнайы топтастырылды. Академик А.Жұбановтан бастап, С.Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, Х.Тастанов, Р.Омаров, Н.Тілендиев, К.Күмісбеков сияқты Қазақстан кәсіби музыкасының іргетасын қалауға үлес қосқан композиторлардың айшықты шығармаларымен қатар, осы буынға ілесе шыққан М.Әубәкіров, А.Мырзабеков, М.Қалауов, Ә.Есқалиев, С.Балмағамбетов, Ш.Әбілтаев, Қ.Ахмедияров, А.Жайымов, Қ.Тасбергенов, С.Тұрысбеков, т.б. композиторлардың туындылары және С.Құсайынов, Ә.Желдібаев, М.Сыдықов сынды күйшілердің кең тараған күйлері де жинақтан орын алды.
Қобыз және сыбызғы күйлері (Саян Ақмолда)
Күй жанрының мейлінше професионалдық сипат алуы, салқар дамуы домбыра аспабына қатысты және бұл – әсіресе, XVIII-XIX ғ.ғ. байқалған құбылыс. Алайда, ең көне күйлер қобыз бен сыбызғыда орындалғаны – даусыз ақиқат.
Қобыз – қазақ халқы алабөтен қасиет тұтатын аспап. Этномузыка саласының білгірі В.Бахманның пікірінше, қобыз – жер бетіндегі ең ежелгі шекті, ыспалы аспап болса керек. ХХ ғ. соңғы ширегінде европалық зерттеушілер В.Бахман мен С.Дончев қобыздың, Орталық Азия көшпенділерінің соған ұқсас аспаптарымен қатар, бүгінде Европа ғана емес, күллі әлемге таралған скрипка, виолончель сияқты сұлу, сиқырлы аспаптардың түп атасы, төркіні екенін бұлтартпас дәйектерге жүгіне отырып, дәлелдеп шықты. Бұл енді – ұзақ зерделеуді қажетсінетін, өте қызғылықты кеп.
Зерттеушілердің көпшілігі қобыз – көшпенді дүние танымының, оның Ғалам жайындағы түсінігінің бейнесі деген пікірге ден қояды. Қобызды Қорқыт Атаның жасауы, содан соң толассыз ағып жатқан дария үстінде отырып, күні-түні күй қайырып, күйдің тылсым күшімен ажалды бөгеуі, ақырында бір сәт қалғып кеткенде, ажалдың қарақұрт кейпінде келіп, шағып өлтіруі турасындағы ғажайып миф – осының айғағы деседі. Бір таңғаларлық жайт – қазақтың ежелгі бақсылары да, күйшілері де бірдей Қорқыт Атаға сиынып, бақсы – Қорқыт сарынын шалса, күйші – Қорқыт Атаныкі деп күй тартқан. Қазіргі уақытқа жеткен қобыз күйлерінің қомақты бір парасы – Қорқыт атына телінетін күйлер.
Қазір қобызды нарқобыз және қылқобыз деп екі түрге бөліп жүрміз. Қылқобыз – бүгінде жұртшылыққа әбден көзтаныс болған, күй тартуға арналған тұрқы шағын аспап. Ал нарқобыздың шанағы үлкен, сол үлкен шанақтың ішіне айна қондырылған, басына жезден иә темірден соғылған шылдырмақтар ілінген, үні күркіреген зор, жуан болып келеді. Деректерге сүйенсек, нарқобызды, негізінен, бақсылар шалған сияқты. Бақсы сарыны аталатын тұтас бір жанр ғасырлар бойы осы нарқобызда орындалып келген.
Ал пенденің жан сырын – түпсіз қорқынышын, берік сенімін, жалғызсыраған қамырығын, атойлаған серпінін, өмір мен өлім арасындағы тұңғиыққа шомған тебіренісін паш ететін қобыз күйі өз мүмкіндігінің шырқау биігіне, жоғары профессионалдық деңгейіне қылқобыз арқылы жеткен еді. Бұл арада атап айтар бір мәселе – бізге еміс есімдері ғана жеткен көнелікті қобызшылардың көбі абыз, жырау, бақсы болғандығы. Аттары қазақ эпосына, аңыздарына арқау болған Сыпыра, Кетбұғалардың жырау екендігін, Қойлыбай, Кербала, Қарақожа, Шүмен, Баубек, Жамансарт, Тілектердің абыз, бақсы болғандарын шамалаймыз. Қазаққа Қорқыт күйлері аталатын құпиялы, сырлы циклды мирастаған Соқыр Нышан – Нышан бақсының өнері қобызбен күй тарту саласындағы соны дәстүр болды.
Бірақ, қобыз күйі шынымен түрленген уақыт, «алтын ғасыр» – ХІХ ғ. еді. Бұл кезеңде Ханқожа, Ерден, Дүкен сынды үлкен қобызшылар өткендігі айтылады. Дегенмен, арқалы, ұлы күйші Ықылас ғана қобыз күйін мүлде жаңа тарапқа бағыттап, өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен еді. Ықылас әулетін қазақ арасында жеті атасынан қобызшылар ұрпағы деп атайды. Қорқыт әуенін, ежелгі бақсылар сарынын жеріне жеткізе меңгерген Ықыластың қобызы жаңаша тыныс ашты, күңіренген даусы кеудесінен керемет сырлы күйге айналып ақтарылды. Ықыластың әйгілі шәкірттері дегенде, жадымызға бел баласы Түсіпбек, сондай-ақ Әбікей, Сүгір күйшілер оралады. Осы күйшілерден тікелей дәріс алған Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев – Ықылас өнернамасын небір ауыр өткелектен аман алып өтіп, келер ұрпаққа табыстаған абзал жан, ірі қобызшылар.
Айналып өтуге, айтпасқа болмайтын тағы бір сөз – қобыздың, қобыз күйлерінің тағдыры хақында. Қобыз әуелі әсіре діндарлар тарапынан, кейін, Октябрь төңкерісінен соң қызыл өкімет тарапынан «жын шақыратын бақсы құралы» ретінде айыпталып, көп қудаланды. Жойылып кете жаздап барып, шерлі көшпендінің тірі рухы іспеттеніп қайта оралды. Бірақ көп қазына – санын ешкім санап болмас – мәңгіге жоғалды. Қазіргі кезде қобызда тартылып жүрген күйлер – бір заманғы ұлан-ғайырдың бір ғана жұрнағы, теңіздің тамшысы десек керек-ті. Соның өзі – дәтке қуат, көңілге медеу.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты бұл жинаққа күй атасы Қорқыттың атынан тартылатын күйлер және оның өнерін жалғастырушы Баубек, Көзбен, Тілеп сынды бақсылардың күйлері толығымен енді. Құрылымы аса күрделі емес Қорқыт күйлері қысқа сарынды болып келеді. VIII-IX ғасырлардан тамыр тартатын бұл сарындарды ең көне қобыз күйлерінің қатарына жатқызуға болады. Қорқыт шығармаларының ішіндегі ауқымы кең, мағынасы терең күйлердің бірі – «Қоңырды» жинақта Жаппас Қаламбаевтың орындауында бердік. «Қорқыт» күйінің келесі бір нұсқасын Дәулет Мықтыбаев орындаған. Қорқыттың «Желмая», «Ұшардың ұлуы», «Әуппай», «Елім-ай», сынды сарындары, бар қазаққа аты белгілі Баубек бақсының сарыны және оның «Қоңыржай» атты күйі, Тілептің «Бақсы» күйі белгілі қобызшы Мұсабек Жарқынбеков, Базархан Қосбасаров, Әлқуат Қазақбаев сынды белгілі қобызшылардың орындауында берілді.
Қазақтың қобыз күйлерін жаңа биікке көтерген – Ықылас Дүкенұлы. Ықыластың ең алғашқы күйлерінің бірі – «Ерден». Ақмола уезінің аға сұлтаны болған Ерден Сандыбайұлының жалғыз баласы Айменденің қазасына жұбату ретінде шыққан бұл күй қобыз күйлерінің тамаша бір үлгісінен саналады. Ықыластың «Кертолғау», «Ықылас», «Шыңырау», «Жез киік» атты күйлері жігерлі, жалынды келіп, жан дүниедегі буырқаныстарды бейнелесе, «Қазан», «Қамбар батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Айрауықтың ащы күйі» – эпикалық жырлардың әсерінен туындаған күйлер. Ықыластың бірнеше күйлері антологияға дәулескер күйшілер Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтың орындауында енді. Дәулет Мықтыбаев көптеген күйлерді Ықыластың баласы Түсіпбектен үйренсе, Жаппас Қаламбаев Ықыластың шәкірті, Қаратау күйшілік мектебінің көрнекті өкілі Сүгір Әлиұлынан тәлім алған. Ықылас күйлерінің біздің заманға жетіп, нотаға түсуіне себепші болған жандар – Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев ұстаз тұтқан Сағынтай Елепанов күйтабақтағы «Кертолғау» күйінің бір нұсқасын орындаған.
Қазақ дәстүрлі музыкасын ғасырлар бәйгесінен оздырған тағы бір сырлы аспап – сыбызғы. Тамылжып, сызылып, уілдеп, қыр көшпенділерінің сансыз буын, ұрпағының жанын тербеген қазақ сыбызғысы адам баласы ойлап тапқан үрлемелі аспаптардың ішіндегі ежелгілердің және ерекше әуезділердің қатарынан орын алса керек. Сыбызғының дәстүрлі үлгісі қурай өсімдігінен жасалады, аспапты жасауға қара қурай, өгіз қурай, қырлы қурай түрлері пайдаланылған. Сыбызғышылар сыбызғыны қурайдан өздері жасап алып тартқан және оны жасау әдіс-тәсілдерінде әрбір өнерпаздың өзіндік өлшемі, өз құпиясы болған. Бабымен жасалған сыбызғының сыртынан жаңа сойылған мал өңешінің ақ шелімен немесе жас төлдің аш ішегімен қаптайды. Мұндай сыбызғының үні таза, ыстық-суықтан айнымайды және ұзақ уақытқа дейін шыдайтын болады. Қурай сыбызғыны тартқанда орындаушылар қурайдың өзегін сумен бүркіп отырады екен. Себебі, қурайдың іші кеуіп, қаңсып кетуіне байланысты дыбыстың біркелкі шығуына, бояуына кедергі жасайды. Қурайдан жасалған сыбызғының дыбысы әуезді, жұмсақ, табиғи шығады. Сондай-ақ сыбызғының қурайдан басқа да ағаштан және жезден жасалған түрлері болады.
Сыбызғы, бір қарағанда, қарапайым аспап болып көрінгенмен, үрлемелі аспаптардың ішінде дыбыс шығаруы жағынан күрделілігімен ерекшеленеді. Сыбызғыда мүштік болмайды, ол – тіске қойылып тартылатын аспап. Сондай-ақ дәстүрлі сыбызғышылар күй тарту барысында үш түрлі дыбысты үндестіріп отырады екен. Бұл дыбыстарды кәнігі тыңдаушылар сыбызғының үн-дыбысы, ауыз жаңғырығы, сыбызғышы көмейінің дауысы деп ажыратады. Үрлемелі аспаптарға көмей дауысын қосып орындаушылық Сібір халықтарының қос дауысты ән-жыр салу дәстүріне жақын болып келеді. Бұл үрдіс қазақтың сыбызғышылық дәстүрінде маңызды орын алған. Осы тәсілді сыбызғыда пайдаланғанда көмей дауысы күйдің негізгі тонын созып ұстап тұрады, ал сыбызғының үні болса, күйдің әуенін жүргізіп отырады.
Сыбызғышылық дәстүр республикамыздағы Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай кең таралған.
Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі дегенде, жер бетіндегі әлденеше көне өркениетке алтын бесік болған, алып Алтай тауларының бауырында қанат жайған сыбызғы шалу өнерін айтамыз. Ілкіде тұтастай Алтайды жайлаған елдің кейін заман ығымен бір кездегі атақоныс, қазіргі Қытай, Мұңғылия жеріне екі бөлініп, қоныс аударуы себепті, аталмыш сыбызғышылық дәстүр қазір Қазақстанмен қатар сол елдерде де сақталып отыр. Алтай өңіріндегі сыбызғышылар арасында сыбызғы тартысып, күй жарыстыру, өнер сынасу салты ХVII ғасырда белгілі болғандығы жайлы деректер бар. Және осы бір оқшау үрдіс бертінге, ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін жалғасып келгендігі, оған Тілеке мен Жантелі, Шерубай мен Мұса, Оспанғали мен Шанақтың сайыстары айғақ болатындығы анық.
Шығыста кең тараған сыбызғылар көбінесе үш-төрт ойықты болып жасалады, дыбыстық обертондарға бай, дыбыс қатары мажорлы лад болып келеді. Күйлерінің сазы ән тектес, бірнеше әуеннің қайталануынан қалыптасқан. Бұл өңір күйлерінің ірі орындаушы, жеткізушілері – Кәлек Құмақайұлы, Шанақ Ауғанбаев, Бейілхан Қалиақпарұлы, Құсман Мақмырза, Талғат Мұқыш сынды сыбызғышылар.
Батыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі – Сармалай. Сармалай күйлерін бізге жеткізген сыбызғышы Ысқақ Уәлиев еді. Оның орындауындағы Сармалайдың бірнеше күйлерін ғалым Ахмет Жұбанов нотаға түсіріп, жарыққа шығарды. Бұл өңірдің тағы бір өкілі Мәкәр Сұлтаналиевтің күйлері өнертанушы Болат Сарыбаевтың орындауында жетті. Батыс Қазақстан өңірінің сыбызғы күйлерінің әуені баяу болып келеді, диапозонның кеңдігі, регистрлық мүмкіндіктерді мейілінше пайдаланғаны және дыбыс қатары минорлы лад сыбызғысында орындалуымен ерекшеленеді.
Жинаққа Шығыс Қазақстан өңірінің сыбызғышысы Шанақ Ауғанбаевтың орындауында «Балқурай», «Қылан батыр» күйлері, өнер зерттеушісі Болат Сарыбаевтың орындауында Батыс Қазақстанның сыбызғышылық дәстүрінің өкілдері Сармалай, Жәрекейдің және бірнеше халық күйлері, сондай-ақ бүгінгі сыбызғы тарту өнерінің көрнекті өкілі Талғат Мұқыштың орындауындағы көптеген күйлер еніп отыр.
Сыбызғышылық өнер Қытайдың Шыңжаң, Алтай, Моңғолияның Баян-Өлгий аймақтарында атадан балаға мирас болып, кейінге қаймағы бұзылмай жетті. Моңғолияда туып-өскен шебер сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының орындауында бірнеше халық күйлері мен Делдалдың «Жаяу Делдал», Құмақайдың «Кең жайлау» атты күйлері, Шыңжаң өлкесіне аты шыққан белгілі сыбызғышы Бейілхан Қалиақпарұлының, Жұмахан Шотпақұлы, Құсман Мақмырзаның орындауындағы халық күйлері де осы бөлімге топтастырылды.