Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – өмір талабы

130

Оқушылардың  функционалдық сауаттылығын дамыту – өмір талабы

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі барысында маңызды қадам болып табылады. Мұндай стратегиялық міндетті шешу жағдайында белсенділігі жоғары, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алу қабілеттілігін, өмір бойы білім алуға дайын тұратын тұлғаның ең басты функциялық сапаларын қалыптастыру орта білім беру жүйесіне жүктеліп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген функционалдық сауаттылықтың мақсаты – оқушылардың білімдерін өмір­де тиімді қолдануға үйрету. Со­нымен қатар, ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбе­гейлі өзгертудің негізі болып табылады.

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60 жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді. Сондықтан білім белгілі бір сауаттылық деңгейін қамтамасыз ететін құрал және нақты іс-әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады. Ендеше, еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқытуда білімнің түпкі нәтижесі деп саналатын құзіреттіліктердің біртұтас бірлігі ретіндегі функционалдық сауаттылықтың мәнін, рөлін айқындау, оны мектеп тәжірибесіне ендіру уақыт талабына сай келеді.

Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.

Функционалдық сауаттылық тұжырымдамасына негізделген анағұрлым танымал халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қолдауымен өткізілетін
15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (Programmer for International Student Assessment – РІSА) болып табылады. РІSА 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды.
РІSА зерттеулері қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында алынған деректер тұтастай оқытудың мазмұны мен әдістері ретінде, сондай-ақ контексті факторлардың (басқару моделі, оқыту тілі, отбасының және т.б әлеуметтік мәртебесі) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне әсері ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтауға негіз болады.

Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың негізгі бір тетігі-оқу нәтижелерін бағалау жүйесін өзгерту. Яғни бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау- оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты өлшеміне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ал сырттай бағалау дегеніміз — әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне сәйкес (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.), сондай-ақ халықаралық зерттеулерге (TIMSS, PISA және PIBLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Сыртқы бағалау белгілі бір мамандық иелеріне қатысты болса, іштей бағалау көбіне білім алушыларға қатысты.
Функционалдық сауаттылықтың тағы бір тетігі ретінде қосымша білім мен мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызуға болады.  Жалпы білім беретін мектептегі және мектептен тыс ұйымдардағы әртүрлі бағыттағы үйірмелер, секциялар желісін кеңейту есебінен балаларды қосымша білім берумен қамту ұлғайтылады. Басты назар ғылыми-зерттеу жобаларына, техникалық шығармашылыққа, өнертапқыштыққа, модельдеуге, нанотехнологияларға, робот техникасына, легожобалауға және т.б. аударылады.
Функционалдық сауаттылықтың тағы бір тетігі-ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Ата-анасы баланы жас кезінен адами құндылықтар дарытып, саналы өмір сүруге баулуға борышты. Ата-ананың бала тәрбиелеуде функционалдық сауаттылығын көтеру мектеп мұғалімдерімен олардың тығыз байланыс жасап, екі жақты әріптестік әрекетінің негізінде қалыптасады. Яғни ата-ананың баласының ерекше қасиетін тануы, оны түрлі жағдаятта түсініп, қол ұшын беруі, олардың қабілетін дамытуға, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруға, жағымсыз мәнез-құлық, әдеттерден арылуға көмек беретін функционалдық сауаттылық ата-ана бойында да болуға тиіс. «Балаға берілген дұрыс тәрбие-бұл бақытты кәрілік, қате тәрбие біздің келешектегі сорымыз, біздің көз жасымыз» деген С.А.Макаренконың сөзін ата-аналарға берілген кеңес деп есептеймін.

Тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыруды, қызығушылығын, қабілетінің дамуын ескере отырып, функционалдық сауаттылығына қол жеткізуді қамтамасыз етіп, жан-жақты дамыған, мектепте алған білімін өмір бойы пайдалана алатын тұлға өсіру – білім беру мамандарына жүктелген үлкен міндет деп түсінгеніміз жөн. Сөзімді қорыта келе, Марк Туллий Цицеронның «Барлық нәрсені біліп, анализ жасай білу аз. Сонымен қатар, соған байланысты сауатты қадам жасай білу керек» деген қанатты сөзімен аяқтағым келеді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1.  Н.Ә.Назарбаев. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты

бағыты. — 2012 ж. «Ана тілі» газеті, № 5. – 7-8 бет.
2. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға

арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. ҚР Үкііметінің № 832 қаулысы. 2012 жылғы 25

маусым, Астана, Үкімет Үйі.
3. ҚР Білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы.