Оқу үрдісінде оқыту әдістерін тиімді қолдану

1399

Оқу үрдісінде оқыту әдістерін тиімді қолдану

 

  1. Оқыту әдістері туралы түсінік

Оқыту әдісі дидактиканың негізгі бір құрамды бөлігі болып табылады. Себебі, оқьпу процесі оның мақсаты, мазмұны, әдістері және ұйымдастыру формаларының біртұтастығы болып табылады.

Әдіс деген сөз гректің «metodos» деген сөзінен шыққан. Метод деген ұғым белгілі ақиқатқа, шыңдыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді. Оқыту әдістері туралы әрбір автор өз анықтамасын береді.

Қысқаша психологиялық-педагогикалық сөздік «әдіс» — мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған іс-әрекет»- деген анықтама береді.

Оқыту әдісі — оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары — деген де пікір айтылады.

Оқыту әдістері — оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, оның арқасында білім, іскерлік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігі артады.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру.

«Әдіске» қатысты анықтамаларда бәріне ортақ пікір: «белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас және іс-әрекет».

Олай болса оқыту әдістері — оқытудың мақсат-міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы болып табылады. Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады.

Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-тәсілдерімен қатар оның құралдарын да пайдаланады.

Оқыту үрдісінде оқушыларға ғылым негіздеріне сай терең де тиянақты білім беру, оларды адамгершілік рухта тәрбиелеу және дамыту міндеттерін шешудегі мұғалімнің басшылық ету тәсілдері, амалдары мен құралдарының біртұтастығын оқыту әдістері демекпіз.

 

 

  1. Оқыту әдістерінің көптүрлілігі, оларды топтастыру

Оқыту әдістері педагогика саласында талас тудыратын күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Соған орай бүгінгі таңда оқыту әдістерінің анықтамасы және оларды топтастыру мәселесінде ортақ пікір қалыптаспаған.

Бұл мәселені зерттеуші авторлар (С. Й. Архангельский, С. И. Зиновьев, Н. В. Кузьмина, Т. А. Ильина, Н. Д. Никандоров т.б.) оқыту әдістеріне түрліше анықтама беріп, оларды әр түрлі негізде топтастыруды ұсынады. Ғылыми педагогикалық әдебиеттерде топтастырудың жиырмадан астам түрі бар екен.

  1. Оқушылардың таным   белсенділігіне   қарай (М. Н. Скаткин, И. Я. Лернер):

— түсіндірмелі хабарлау әдісі;

— репродуктивтік әдіс;

— проблемалық баяндау әдісі;

— эвристикалық әдіс.

  1. Оқытудың мақсаттары мен құралдарына қарай (М. А. Данилов, Б. П. Есипов,Т. А. Ильина);

— жаңа білім беру әдісі;

— біліктер мен дағдыларды қалыптастыру әдісі;

— Техникалық құралдармен жүмыс істеу әдісі;

— Өзіндік жұмыс істеу әдісі;

— білімді тексеру әдісі;

— проблемалық, программаланған оқыту әдісі.

  1. Түтас педагогикалық әрекеттің тәсілдеріне қарай (Ю. К. Бабанский):

— оқу-танымдық әрекеттерді ұйымдастыру;

— оқуға ынталандыру;

— оқытудағы бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері.

  1. Әдістің логикалық және психологиялық сипатына қарай (Р. Г. Лемберг):

— ауызша баяңдау әдісі;

— есеп шығару әдісі;

— өнер құралдарын пайдалану әдісі.

  1. Мұғалім мен оқушылардың жасайтын әрекетінің ерекшеліктеріне қарай (В. Оконь):

— жаңа білімді игеру әдісі;

— өзіндік білім әдісі;

— проблемалық әдіс;

— практикалық әдіс;

-көркем әдебиет пен өнер құралдарын пайдалану әдісі. Солардың ішінде ең көп тарағаны — білім берудің көздеріне сәйкес (И. Т. Огородников.С. И. Перовский, Е. Я. Голанг):

сөздік немесе ауызша баяндау әдісі;

— көрнекілік әдістер;

— тежірибелік әдістер.

Бұл әдістің ерекшелігі: егер мұғалім оқу материалын ауызша баяндаса, онда білім алу көзі мұғалімнің сөзі болып табылады немесе мұғалім оқушыларға білім беруде көрнекіліктерді қолданса, онда білім алу көзі көрнекіліктер болып есептелінеді т.с.с.

 

  1. Оқыту әдістеріне жалпы сипаттама

Білімді меңгерту қандай жолдармен немесе тәсілдермен іске асса да, оқьпу әдістерін таңдау негізінен, білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттары және міндеттеріне сәйкес анықталады.

Оқу үрдісінде білім берудің көздеріне қарай қолданылатын әдістер:

Сөздік әдістер: түсіндіру, әңгіме, әңгімелесу, лекция, кітаппен жұмыс.

Көрнекі әдістер: иллюстрация және демонстрация. Тәжірибелік әдістер: лабораториялық, практикалық, графикалық, әр түрлі жаттығу жұмыстары.

Оқыту үрдісінде ең көп тараған дәстүрлі әдіс — сөздік немесе мұғалімнің ауызша баяндау әдісі. Бұл әдіс оқыту процесіңде басқа әдістерге қарағанда жетекші роль атқарады. В. А. Сухомлинский: «Сөз — ең маңызды педагогикалық құрал, оны еш нәрсемен ауыстыра алмайсың…»- деп оның маңызына ерекше назар аударады

Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сондай-ақ дауыс ырғағы мен мимикасы мәнерлі және бай болғаны қажет. Бұл ойымыз дәлелді болу үшін Ы. Алтынсаринның пікірін келтірейік:»Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кіналамай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлеп, шүбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек».

Бұл әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға білім берумен қатар олардың таным белсенділігін арттыруға (зейін, қабылдау, ойлау т.б. үрдістерін) байланысты да әрекет. жасайды.

Көрнекілік әдістер оқу материалын оқушылардың көзімен көріп, нақтылы түсінулеріне мүмкіңдік береді.

Бұған демонстрация, иллюстрация және бақылау тәсілдері жатады.

Демонстрация (көрсету) оқушыларды құбылыстар, процестер және заттардың нысанасымен табиғи жағдайда таныстыру барысында қолданылады. Әдістің бұл түрі оқылып отырған құбылыстың қозғалысын анықтау, заттың ішкі құрылысы және сыртқы көрінісімен немесе бірыңғай заттардьщ орналасу жағдайымен таныстыруды көздейді.

Табиғи нысананы көрсету негізінен сыртқы көрінісінен басталады (көлемі, түсі, формасы, өзара байланысы т. б). Келесі кезекте оның ішкі құрылысы немесе жекелеген құрамы бөлініп көрсетіледі. Заттың үлгісі және көркем туындылар оқушылар тарапынан біртұтастық жағдайында қабылданады.

Демонстрациялау көбінесе оқушылардың практикалық оқу әрекетімен ұштаса жүргізіледі. Приборлар мен нысаңдарды демонстрациялау нәтижесінің табысты болуы бірнеше жағдайға байланысты болады:

— көрсетіліп отырған нысана барлық оқушыларға жақсы көрінуі тиіс;

— оқу материалын түсіндіру кезінде көрсету жұмыстары жүргізіліп, соңынан нысана алынып тасталуы керек. Оны оқушыларға алдынала керсетуге болмайды;

— көрнекі құралдарды бақылау барысында әрбір оқушы мұғалімнің нұсқауы бойынша жұмыс істеуі тиіс;

—  көрсету кезінде мұғалімнің ауызша баяндауы оқушылардың бақылауын дамытуға және көркем сөйлеуін орнықтыруға ықпал етуі тиіс;

—  оқушыларды бақылау жұмыстары нәтижесіне қорытынды жасай білуге дағдыландыру т. б.

Оқытуды бұлай ұйымдастыру оқушылардың оқу материалын жеңіл әрі терең ұғынуына мүмкіндік туғызады, олардың ойлау әрекетін жандандырып, қосымша ақпараттар береді.

Оқушылардың құбылыстарды, процестерді және нысандарды өздері белсенділік танытып оқып үйренсе, шын мәнісінде бұл әдіс нәтижелі болмақ. Олар тарапынан мұндай қарым-қатынас оқытуда проблемалық және ізденушілік жағдайға итермелейді.

Сабақ барысында оқытудың демонстрациялау әдістерінен қолдануда оқу киносы, диапозитив, диафилъм, магнитофон, радио, үнтаспа, киноскоп, эпидиоскоп, теледидар, видеофильм секілді техника құралдары көптеп пайданылады.

Заттар мен құбылыстарды, кейбір жағдайда қажеттігіне сай табиғи ортада көрсетуге болады (Мысалы, табиғат, оның құбылыстары, жан-жануарлар, өсімдіктер, ауылшаруашылығы техникалары, өндіріс құралдары т.б.).

Иллюстрация — демонстрация әдісімен тығыз байланыста болады. Бұл әдісті иллюстративті құралдарды (плакаттар, картиналар, суреттер, чертеждер, портреттер, картограммалар, модельдер) көрсетуде қолданады.

Иллюстрация әдісінің нәтижелі болуы, негізінен оның қолдану тәсілдерін мұғалімнің қаншалықты меңгер-геніне байланысты болып келеді. Соның негізінде оқушылар мен мұғалімге оқу материалын табысты меңгеруге айтарлықтай көмек бере отыра, ғылыми ұғымдарды жеңіл меңгеруге септігін тигізеді.

Мектеп тәжірибесі көрсеткендей сабақта иллюстрациялы материалдарын көптеп қолдану, оқушылардың назарын нақтылы оқу материалынан ауытқуына әкеп соғады. Сондықтан, көрнекі құралдарды пайдаланудың дидактикалық қолданысын және таным процесінде олардың рөлін алдын-ала жақсылап ойластырып алу қажет. Бұған қосымша мұғалімдер көрнекі құралдардың тиімді көлемін де анықтауы қажет.

Бұл әдістердің ішінде ең басты рөл атқаратыны — бақылау әдісі. Ол барлық оқу пәңдерін оқытуда кеңінен қолданылады.

Бақылау әдісі сабақта нақты заттар мен көрнекі және техника құралдарын көрсету кезінде, экскурсияда, лабораториялық жұмыстарда, еңбек операцияларын орындау барысында ерекше орын алады. Бақылау мұғалімнің басшылығымен сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта мұғалімнің тапсырмасына байланысты немесе оқушылардың өздерінің қалауы бойынша кеңінен іске асырылады. Дұрыс қолданған бақылау әдісі оқушылардың байқағыштық, логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.

Бақылау әдістерін қолданудың тиімділігі мынандай тәсілдерді қолдана білуге байланысты:

— байқаудың мақсатын анықтау;

— қабылдайтын нәрселердің мөлшерін белгілеу, салыстыру арқылы олардың кептеген белгілерінің ішінен ең негізгі, бастыларын ажырату;

-оларды топтастырып, қортындылар мен тұжырымдар жасау.

Байқайтын нәрселердің, бейнелердің ерекшеліктеріне байланысты бақылау әдісінің негізгі түрлері:

— демонстрациялық бақылау;

— экскурсиялық бақылау;

— лабораториялық бақылау;

— техникалық бақылау;

— оқушылардың өздігінен дербес бақылауы. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың күшті құралы — бақылау. К. Д. Ушинский «Бақылау-логикалық ойлаудың негізі»,- деп жай айтпаған. Ұлы педагог логикалық ойлауға үйрену үшін, ең алдымен, балаларды жан-жақты бақылауға үйрету керектігін де ескертеді.

Бақылау өткізудің негізгі әдістемелік талаптары:

  1. Мұғалім оқушыларды белгілі нәрсені жан-жақты бақылауға, оның неғұрлым көп және әртүрлі қасиеттерін, ерекшеліктерін, мүмкіндігінше, көру, есту, дәм, иіс т.б. сезім мүшелерін қатыстыру арқылы зерттеуге бағыт беруінің маңызы зор. Бақылау тек көру т. б. сезім мүшелерінің жүмысымен ғана емес, ол адамның ойлау әрекетімен тығыз байланысты болуы керек.
  2. Мұғалім бақылауда оқушыға анализ бен синтез арқылы заттардың негізгі қасиеттерін ажырату, топтастыру, қорытындылау сияқты ойлау процестерін қолдануға басшылық етуі қажет.
  3. Мұғалім оқушылардың бақылауын ұйымдастыру үшін, ең алдымен, бақылаудың мақсатын, байқайтын нәрселердің мөлшерін немесе көлемін анықтап, жоспарын жасап беруі керек.

Тәжірибелік әдістер. Оқушылардың сабақта алған теориялық білімдерін, біліктілік пен дағдыларын тереңдету және жетілдіре түсу мақсатында олардың практикалық жұмыстарының маңызы ерекше.

Оқытудың негізгі дәстүрлі әдістерімен қатар мұғалім оқушылармен бірігіп сабақта, оқу-тәжірибе участігінде оқу приборлары және техника құралдары көмегіне сүйеніп оқу тәжірибелерін жүргізеді.

Оқытудың зертханалық тәсілі негізінен биология, химия, физика пәндерінде жиі қолданылады. Аталған пәндердің мазмұны зертханалық жұмыстарды қажет етеді.

Зертханалық жұмыстар жаппай түрде немесе оқушының жеке-дара орындауы арқылы жүреді. Жаппай түрде жүргізгенде сыныптағы оқушылардың бәрі бірыңғай тәжірибе жасайды, ал жеке оқушылар орындағанда әрқайсысының жасайтын тәжірибесі әр түрлі болады да, кейін ол жинақталады.

Оқушылардың зертханалық жұмыстары мектеп жанындағы оқу-тәжірибе учаскесінде жүргізілетін тәжірибелермен де тығыз байланысты. Олар дайындау, өткізу, қорыту кезеңі болып бөлінеді.

Дайындау кезеңінде оның мақсаты белгіленеді, жоспары жасалады және оқушыларды қажетті аспаптармен, реактивтермен, басқа да оқу құралдарымен, жұмыс істеу принциптерімен таныстырады.

Өткізу барысында мұғалім әр оқушының қойған тәжірибесін мұқият бақылайды және қажет болған жағдайда оларға көмектеседі.

Қорыту кезеңін бірнеше тәсілмен өткізуге болады.

Біріншіден, әр оқушы өзінің орындаған жұмысын хабарлайды, екіншіден, ұжымдық түрде орындалған жұмыстың нәтижесі туралы әңгіме өткізіледі, үшіншіден, зертханалық жұмыстардың нақтылы қорытындыларын мұғалімнің өзі жинақтап, оқушылар орындаған жұмыстардың нәтижесін қорытып баяндайды

Графикалық жұмыстар барлық пәннен орындалады. Бұған кестелер жасау, диаграммалар құру, сызбалар сызу секілді оқушылар әрекеттері жатады. Графикалық жұмыстар география мен тарих, сурет сабақтарында кеңінен пайдаланылады.

Тәжірибелік әдістердің ішінде ең көп қолданылатыны — жаттығу әдісі. Бұл әдіс оқушыларда біліктер мен дарындыларды қалыптастырады. Оқу барысында теориялық ережелер мен қағидаларды қайта пысықтап, тиянақты меңгеру жаттығу арқылы орындалады. Соңдықтан, бұл әдіс барлық пәндерді оқытуда кеңінен қолданылады.

Жаттығу жұмыстары негізінен тіл мен математика, сонымен бірге, шет тілдерін оқу пәндерінде көбірек жүргізіледі. Оқушылар осы пәндердің мазмұнына қатысты теориялық білімдерін пысықтау барысында практикалық жұмыстарын атқарады. Мысалы, есеп сабақтарында жазбаша есеп шығару, тіл сабақтарында диктант жазу, грамматика және фонетика жұмыстарын орындау т. б.

Жаттығу оқушылардың оқу жұмысын өздігінен орындау белсенділігін арттырады. Өзіндік жұмыстарына оқушылардың шығармашылықпен атқаратын реферат, шығарма жұмыстары да жатады. Оқушылардың осыңдай жұмыстары жазбаша жаттығу деп аталады.

Ауызша жаттығу оқушының оқу материалын ауызекі баяңдауға дағдылану мақсатын көздейді. Бұны негізінен үш түрге болуге болады. Біріншісі — ғылыми пәндердің ережелері мен қағидаларын жатқа айта білу. Екіншісі — оқу материалының мазмұнын ауызекі баяндау. Үшіншісі — көркем әдебиеттерден жатқа үзінділер оқу, баяндамалар жасау немесе өздерінің жазған шығармаларын ауызша айтып беру.

Оқыту әдістері — оқыту процесінің барлық кезеңдерінде оқытудың түрлі мақсат-міндеттерін орындау барысында оқушылардың таным әрекетін арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан, оқыту процесінде оқушылар-дың таным әрекетінің белсенділігін арттыруға септігін тигізетін әдістерге айрықша назар аудару қажет.

 

  1. Оқыту әдістерін жетілдіру және мұғалімнің сабақтар жүйесінде оларды таңдай білуі

Оқыту әдістерін жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оқыту әдістерінің тиімділігін арттырып, оқытудың жана формалары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі. Алайда, оқыту әдісін қайта құру — күрделі процестің бірі. Кейбір әдістерді қолдануда біржақты асыра сілтеушілікке жол бермеу керек. Тіпті әр тақырыптың өзі де оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Сондықтан, оқытуда әртүрлі әдістерді қолдану қажет.

Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқу әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады.

Олай болса, оқыту әдісін мұғалімнің таңдап алуы белгілі шарттарға байланысты болып келеді.

  1. Оқыту әдістерін оның мақсат-міндеттеріне, окушылардың жас және таным әрекетінің ерекшеліктеріне сай қолдану.
  2. Қолда бар нақтылы көрнекі және техника құралдарын, кабинет жабдықтарын ескеру.
  3. Мектептің географиялық орналасуын ескеру. Мысалы, оқытуды қала мектептерінде оқушылардың өндіріс орындарына экскурсия жасау мүмкіндігімен, ал ауыл мектептерінде мектеп жанындағы участкелерге, табиғатқа, ауылшаруашылық өндірісіне бару жағдайымен байланыстыру.
  4. Мұғалімнің іс-тәжірибесінің шығармашылық сипатына, оның шеберлігіне тікелей байланысты шараларды іске асыру.

Оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыруда әр түрлі әдістер қолданылады. Оқу әдістерін таңдауда және қолдануда информатика мұғалімі әдістердің мақсаты мен оқытудың міндеттеріне және әрбір нақты пәнге сәйкес, оқу материалының мазмұнына, оқушылардың жас ерекшеліктеріне, мұғалімнің мүмкіншіліктеріне және оқу барысында кездесетін жағдайларға тәуелді.

 

 

Өскемен қаласы