Кішкене әлем

47

Кішкене   әлем

Бала – жас шыбық. Оның түзу, әдемі өсуі ұстаз-бағбанның үлесіне тиетін міндет. Жас шыбық – баланы білім нәрімен сусындатып, оның жасыл желек жаюына себеп болатын ұстаз-бағбанның алдында, қазіргі ақпараттар ағымы көбейген уақытта үлкен жауапкершілік тұрғаны анық.

Қазіргі кезде бала ұғымында күнделікті оқудан гөрі, көше ағымына икемделу, күнделікті тіршілік қамымен айналысу, компьютер алдында қажетсіз ойындармен шұғылдану сияқты жат түсініктер қалыптасқан. Әрине бұл баланың қателігі емес, қазіргі уақыт көрінісі. Бала болашағын болжай алмай, бір күндік тамағының тоқтығын ойлайды, ал кейбірі «осындайды» қызық көреді, үлкендерге еліктейді, өзінше «ешкімге» тәуелсіз өмір сүргісі келеді.

Міне осындай шақта мұғалім алдындағы міндеттердің бірі – бала бойында білімді, болашаққа деген нық сенімді қалыптастыру. Баланы білім алуға қызық- тыру, білім беруді жаңаша ұйымдастырып, баланың пікірін тыңдай отырып, ол болашақта өмірде алған білімін іске асыруына көмектесу үшін бар күш – жігерін жұмсау.

Өз заманына сай қазақтың әдет – ғұрыпын, ана тілін есепке ала отырып, ешкімге еліктемей болашақ түрлі есептегіш машиналармен еркін жұмыс істей алатын білімдінің болашағы деп үйрету – басты міндет.

Жалпы мен өз тәжірибемде бала өте ұғымтал екеніне көзім жетті. Олай дейтін себебім өз пәнім – география басқа пәндерге қарағанда көп жағдайда қалтарыс қалатын.Мен ең алғаш балалар бойында осы пәнге деген салғырттықты сезгеннен кейін «қалай қызықтырсам екен?», «географияның өзге пәндер секілді өмірде өте қажет екенін қалай ұғындыруға болады?» деген сауалдар туындағаны анық. Бұл алғашында. Кейін география адамдар арасындағы  ортақ тақырыптың арқауы екендігін айттым. Ол үшін баламен балаша ойлап, өз табаны тиген топырақ пен өзі ат қып мінген шыбықтан бастап, аспандағы Ай мен Күнге, одан қалды өз үйіне, күнделікті дастарханға, төрдегі телевизорға  саяхат жасаудан бастадым. Бала табиғат пен өзінің арасындағы байланысты, қазіргі экономиканы (бала дастарханға нанның қалай келетінін) түсінеді. Міне осыдан кейін оның бойында табиғат – Анаға деген сүйіспеншілік, жанашырлық пайда болып, қалыптасады, пәнге деген көзқарасы өзгеріп,болашақтағы оның алатын орнын түсінді.

Жалпы мұғалімнің жұмысы қаншалықты ауыр болса, соншалықты қызық  жұмыс. Үнемі үзбей оқуды, үзбей ойлауды талап етеді.

Бала – зерттеуші, бала – тәрбиелеуші, бала өзіндік салмақ, бояуы бар пікір иесі, өйткені бала дүниеге келе салысымен өзінің іс – қимылымен, әрекетімен өзгелерді тәрбиелей де, өзгеге үйрете де алады. Мысалы: жөргектегі жаңа туган бала да үйретуші. Ол өзінің жылауы, күлуі, ыңырсуы, уілдеуі арқы- лы анасына, жанұясына өз бұйрығын жүргізуді үйренеді, сол арқылы бұйрық

беріп,орындауды үйретеді.Олай болатын болса балада жөргектен бастап жалпы адами құндылық пайда болады,ал кейбірі ата – анадан дариды. Қалай десекте адами құндылық бар.Осы құндылық бала өсе келе дамиды. Бала бойында табиғаттағы, қоғамдағы құбылыстар арқылы осы құндылық молаяды, ақпарат жинайды. Бала зерттейді, ойланады. Мысалы: жаңбыр неге жауады?  Неге жапырақ түседі? Неге мысық миялайды? тағы сол сияқты.

Ал осы ақпараттарды жүйелеп қорыту үшін ол  ізденеді. Балабақшаға барады,

Тағыда балаға таныс емес «дүниелер», тақпақтар – Отан, туған жер, мереке тағы басқа.

Міне осы уақытта педагогика ғылымы бала өміріне араласып, оған көмектеседі. Мұғалім балада жиналған ақпараттарды дұрыс жүйелеп, қорытындылау үшін оның бойындағы табиғи, адами  құндылықтарға  әкеліп ғылыми құндылықтарды  пайдалану арқылы  балаға көмектеседі. Ол үшін бала әлеміне әдемі гүл  егіп, түрлендіру үшін, бала әлемін  қызықты  ету үшін, бала әлемі үлкен  Жер әлемінде  орнын тауып орналасу үшін  мұғалімнің мықты  болуы  шарт.

«Сен  жақсы мұғалім  болуың  үшін  ең алдымен  өз ісіңе деген сүйіспеншілік,  төзімділік,  еңбекқорлық керек.  Бала, ол бала! Баланы тәрбиелеп, оқыту  үшін  баламен  біргеойлайсың, баламен  бірге  ойнайсың, балаша күлесің,  балаша  ренжи де аласың,  бірақ балаға жұмыстың  қаншалықты ауыр, қиын  екенін сездіруге  тиіс емессің.  Бала сенің  қиналғаныңды  онсыз да сезеді. Бала алдында  өзіңнің табиғи қалпыңда  сақтауың керек» — деген еді  бірде  институттағы  оқытушы – ұстазым.  Кейде тығырықтан шыға алмай  қиналған  кезімде  жай ғана көппен  бірге ілесіп, жүре бергім келеді, бірақ алдыма келген баланың  өмірге  деген  құштарлығын  көргенде  өз  парысымызды,  өз  міндетімді  мойындай  алмай  тұра  алмаймын.

Қазіргі  таңдағы  дағдарыстан, сәл  ауыртпалық  қыспағынан  шығудың жолын  түсіндіріп,  бала санасындағы  сенім  мен  үмітті  жоғалтпаса  екен  деймін.  Жалпы өз  басым аз ғана  жоқшылықты  балаға сездірмесек деймін,  онсызда  бала сезімтал  келеді.  Бала  күнделікті  тұрмыс – тіршілігінен  көріп  отыр. Кейде балаға не сұраса да  «жоқ»  немесе  «болмайды» деген  бір ауыз  сөзбен  құтыламыз.Менімше бұл қате  сияқты,  өйткені ол «үнемі  жоқ, оны  құрастырып  табуға, үлкендердің  әлі  келмегенде  біздің  әліміз  жете  ме?» — деп  ойлауы мүмкін  ғой.  «Жоқ» дегенше,  бар мүмкіндігімізше  олардың  талабын  орындап,  қалай  орындалғанын  түсіндірген  ақылдырақ  болар  еді.

Жоғарыда  айтқанымыздай  бала  бойында  туған  жеріне,  Отанына,  туған  табиғатына  деген  сүйіспеншілікті  дамыта  отырып,  патриоттыққа  тәрбиелеуде  география  пәнінің  орны  ерекше.

Жерін  құрметтеп,  елін  ардақтайтын  әрбір  жан  туған  даласының,  туған  жері  мен  өз  Отанының  қай  бұрышы,  қай  қалтарысы  қалай  өркендеп,  дамығанын,  өзгергенін  көргісі,  сезінгісі,  білгісі  келеді.  Міне,  осындай  жайларды  үйрету,  бала  санасында  туған  жерге,  табиғатқа,  жалпы  Жер – Анаға  деген  ілтипаттылықты  үйрететін  осы  география   пәнінің  еншісіне  тиетіні  анық.  Сондықтан  география  пәні  мұғаліміне  бар  білім  мен  ғылымның  бастау  алар  негізі  табиғат  туралы  оқытуда  үлкен  жауапкершілік  пен  зор  міндет  жүктеледі.  География  пәнінде  табиғат  құбылысы,  ел  экономикасы,  елдің  саяси  жағдайы  жан – жақты  қамтылатындықтан,   ол  жолдағы  жолаушымен,  үлкен  бас  қосу  отырыстарындағы  сұхбатта,  жиындарда  айтылатын  әңгіменің  өзекті  негізі.  Сондықтан  бүгінгі  мұғалім  алдындағы  баланың,  ертеңгі  ел  азаматының  сауатты  болып,  кез – келген пікірталас  пен  жиындарда  дүниетанымының  кеңдігін,  шоқтығының  биіктігін  көрсетуіне  көмектесетін де  осы – география  пәнінен  алған  білімі.  Осы  орайда  мұғалім  алдындағы  жас  өркенге  жан  -жақты,  тиянақты  білім  бере  отырып,  олардың  экологиялық  мәдениетін  қалыптастырып,  дамытуы  қажет.

Экологиялық  тұрғыда  ойлау  үшін  экологиялық  білім  қажет. Ал  экологиялық  білімнің  іргесі  осы  география  пәнінде  қалыптасады.  Бала  алғашында  «Көкті  жұлма,  көктей  соласың.», «Суды  шашпа,  араз  боласың.»,  «Ақты  төкпе.»,  Құс  ұясын  бұзба!», « Құмырсқаның  илеуін  бұзба!»  тағы  сол сияқты   тыйым  сөздер  айтылып,  ұлттық  салт – санамен   тәрбиеленеді. Ал  мектепке  келген  соң  сол  әрбір  тыйым  сөздер ғылыми   тұрғыда  түсіндіріліп,  мәні  ашылады,  сөйтіп  бала  экологиялық  ұғымдардың  ауадан  емес,  күнделікті  қоршаған  орта,  туған  үйі – табиғаттан алынатындығын  ұғынады, қадірін  түсінеді.

География  пәнінде  оқушы  өз  елінің,  өзге  елдің экономикасын  оқу  арқылы  өз  отбасының  экономикасын  жүргізуді  үйренеді,  өз  елі,  өз  жерінің байлығын  бағалауды,  үнемдеуді,  ұқсатып,  пайдаға  жаратуды  үйренеді.  Сонымен  бірге  ішкі  және  сыртқы  саяси жағдайдың  даму,  тұрақтану  үлгілерін  өзге  елмен  салыстыру  арқылы  бейбіт, тыныш  өмірді  сақтауға,  қадірлеуге  үйренеді.  Бала  бойында  ұлтжандылықтың,  әлемдік  үйлесімділіктің  дамуы  үшін  қызмет  ететін  география  пәнін  оқыту  мұғалім  үшін  көп  күш – жігерді талап  етеді. Өйткені  мұғалім  өз  елі  мен  өз  туған  жерінің  патриоты  бола  отырып,  сол  ел  мен  жердің  бір  бөлігі,   кішкене  әлемі – баланы  сүю,  құрметтеу  керек.  Сонда  ғана  мұғалім  еңбегі  жемісті  болмақ.

Мұғалім – барша  мамандықтың  көш  бастаушысы, мәртебелі  мамандық.  Мұғалім  алдында  өте  нәзік,  қалай  бейімдесең  солай  икемделетін,  болашақтағы  өз  өмірін  мұғалімге  тапсырған  әлемнің  кішкене  бөлігінің,  баланың  тәлім – тәрбиесі мен  саналы  білім  алуы.