Халықтық педагогика математика сабағында

48

Халықтық педагогика математика сабағында

 

К. С. Исмайлова,

Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі,

№ 58 мектеп- гимназиясының  мұғалімі

 

Қай пәннен болса да оқу-тәрбие ісінде халықтық педагогиканы ұлттық тағылымды негізге ала отырып, білім беру еліміздің ертеңі үшін аса маңызды болмақ. Қазақ халқы қашан да өз ұрпағының тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген және халықтық салт-дәстүрі ұлттық тәрбие кешені сараланып, ғасырлар талқысынан сүрінбей өткен. Халықтық педагогика ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершілікке, өнерге, өмірге икемдеуге тәрбие құралы ретінде пайдаланылып келеді. Тегінде ең берекелі, ең парасатты тәжірибе – халық түйген тұжырымдар дамыған даналық дәстүрлер. Өткен мен бүгінгіні салыстырып, зерттеп, халықтың рухани мәдениетін жас ұрпаққа жеткізуде үлес қосу әр ұстаздың парызы. Халқымыздың осындай асыл тәрбиелік мұраларын күнделікті сабақ мазмұнымен байланыстыра оқушыларға жеткізіп отыру – жас ұрпақтың таным дүниесін кеңейтіп, ұлттық тәлім береді. Математика сабағында ғылым материалды халқымыздың ұлттық танымына сай мысалдар көрнекіліктер арқылы сіңіре отырып, сабақтың мазмұнына сай мақал-мәтелдер, жұмбақ, қара өлең үлгілерін тиімді пайдалануға болады. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дей отырып, оқушының зейінін арттыруға, сабырмен тыңдай білуге баулимыз. «Көп сөз  күміс, аз сөз алтын», «Ақылдының сөзі қысқа, көпке нұсқа» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, математикада қысқа, дәл, нақты сөйлеуге оқушыны дағдыландыру қажет. Геометрия сабағында сызба жұмыстарды орындау барысында «шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген» деген мақал мәтелдерді пайдалана отырып, оқушыларды ұқыптылыққа тәрбиелейміз. Математикалық ұғымдарды түйіндеу, бекіту кезеңдерінде халық педагогикасының элементтерін қолдана оқытудың сапасын біршама жақсартады. Халық педагогикасының тиімді әдістерін пайдалану арқылы оқушы бойында өз халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятып, ұлттық танымын тереңдетуге болады. «Натурал сандар» тарауын өткенде «Қасиетті сандар», «Мүшел жасты есептеу», «7 санына байланысты халық даналығы» сияқты халықтық ұғымдармен байланыстыра оқыту өте тиімді. «Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас», «Бес саусақ жиналса, жұдырық болады», «Бір тал кессең, он тал ек», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жарайды» деген мақал-мәтелдер оқушылардың ар-ождан тазалығын сақтауға, достық пен татуластықты сақтауға тәрбиелейді, сонымен қатар балалар әр сөздің мағынасын ұғынып, келешекте үлгі тұтады. Бұл кезде оқушы натурал сандарды меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық танымын да біршама тереңдетеді. «Кесінді»,  «Кесіндінің ұзындығы», «Өлшем бірліктері» тақырыптарын өту барысында қазақ халқының өз тілі, өз ғылымы, өз мәдениеті болғанын айта келіп, қазақтың бұрынғы өлшем бірліктерін атап өту керек. Мысалы:

Бармақ –  2,54 см;

Мысқал – 4,44 см;

Шақырым –  1,066 см;

Қадақ –  409,5 г;

Қолдық қары –  0,9144 см.

Ата-бабамыздың қазақ халқына қалдырған мұрасының бірі – киіз үй. Киіз үй – халық даналығының, ғасырлар бойғы тәжірибесінің жиынтығы. Олай болса, сол даналықтың қыр-сырына үңілу біз үшін парыз. Киіз үйдің құрылысын таныту арқылы оқушыларға халқымыздың данышпандығын таныта аламыз. Геометрия сабағында көрнекі құрал ретінде «Бұрыштар», «Параллель түзулер» тақырыбында кереге, көздерінің арасындағы бұрыштар  «Аудан», «Шеңбер және дөңгелек» тақырыбына әр түрлі қанатты киіз үйлердің ауданын табуға түрлі есептер құрып шығартуға болады. Міне, осылайша қазақ халқының даналығының, ғасырлар бойғы тәжірибесінің жиынтығы  — киіз үймен танысып, сол даналықтың қыр-сырына үңіледі.     Қазақ халқының ұлттық ойындарын математика сабағында қолдану оқушыларды пәнге деген қызығушылығын, белсенділігін арттырады. Ойын сабақтары өткен тарауды пысықтау, бекіту, қайталау кезеңдерін сапалы өткізуге, материалды толық меңгерулеріне көмектеседі. Халық баланың ойлау жүйесін дамыту үшін санамақтар мен жұмбақтарды көп пайдаланылған.

Санамақтар

Бір дегенім – білеу;

Екі дегенім — егеу;

Үш дегенім – үстік;

Төрт дегенім — төсек;

Бес дегенім — бесік;

Алты дегенім — асық;

Жеті дегенім — желке;

Сегіз дегенім — серке;

Тоғыз дегенім — торқа;

Он дегенім — оймақ;

Он бір қара жұмбақ.

 

Жұмбақтар

Тал басында тізіліп

Он жапырақ тұр еді.

Жел соқты да үзіліп

Ұшып кетті біреуі.

Ізінше оның үзіліп

Түсті тағы бесеуі.

Тұр әлі де тізіліп

Жапырақтың нешеуі?

 

Бес бұтақты ағашта

Бұтақ сайын бе алма

Біреуін бер Омашқа

Үшеуін бер Құрмашқа

Төртеуін бер Алмашқа

Қалады сонда неше алма?

Төрт бұрышта төрт мысық,

Әр мысықтың алдында үш мысық.

Болады сонда неше мысық?

 

Қорыта келгенде, пәндік ұғымдарды түсіндіру, бекіту кезеңдерінде халық педагогикасының қосар үлесі ұшан теңіз.