Сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану арқылы оқушылардың тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігін қалыптастыру

63

Сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану арқылы оқушылардың тұлғалық өзін-өзі  дамыту құзіреттілігін қалыптастыру

Бегентаева Ғалия Әлайдарқызы, №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Л.Н.Гумилов атындағы Евразия ұлттық университетінде «Инновациялар мен оқу –білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына » лекциясында : «Соңғы 10-15 жыл бойында бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшемі пайда болды: салмақ  жаһандық экономикалық  жаңа сапаға –« білім экономикасына өтуіне түсіріледі»-деген болатын. Яғни, білім беру саласының алдында жан-жақты дамыған , білімді, адамдармен қарым-қатынасты құра алдатын азаматты тәрбиелеу міндеті тұр.

Осы стратегияларды іске асыру үшін еліміздің білім саласында 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге көшу жүзеге асады.12 жылдық білім берудің мазмұны- оқушыларға дайын білім беру емес, оқушының өздігінен білімді табуға,  жан-жағында болып жатқан жағдаяттарды өздігінен талдай алатын күнделікті проблемаларды шеше алатын, өздігінен шешім қабылдай алатын  оқушының құзіреттілігін қалыптастырып, оны дамытып отыру-яғни өзі білімді ала алуы  және оны өз өмірінде пайдалана алуы-саналы түрде оқуына жағдай жасау–бүгінгі мұғалімнің міндеті.

21 ғасыр педагогикасының негізі-жеке тұлға. Оқыту процесінде әр баламен жеке жұмыс жасау,оның қабілеттерін аша білу, мінез-құлқының ерекшелігін ылғи да ескеріп отыру, баланың «Мен»концепциясың қалыптастыру-мұғалімнің міндеті.Осы міндеттерді өз жауапкершіщігіне алатын мұғалім-яғни, 21 ғасыр мұғалімі-өз ісінің шебері, жан-жақты дамыған, кәсіби білімі мол маман болуы керек.

21 ғасыр оқушысы- өзіндік пікірі бар, жан-жақты, орасан зор мағлұматтан өзіне қажеттісін ғана алатын , дұрыс шешім қабылдай алатын тұлға.Осындай тұлғаны тәрбиелеу үшін қазіргі педагогикалық технологиялардың ішіндегі оқыту қажеттіліктерін өтей алатын технологиялардың бірегейі-«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясы деп ойлаймын. Өйткені бұл технология өмірді тануды үйрету технологиясы болып табылады.

20 ғасырдың басында Николай Жевахов былай деп жазған еді: «Жақын кезеңде білім берудің мақсаты-оқушының өз сана сезімін ояту, яғни өз ойына сыни тұрғыдан қарап үйренуге үйрету» болады десе, Иммануил Канттың : «Ойға үйретпей, ойлауға үйрету керек» деген сөздері осы уақытта да өз даналығын көрсетіп отыр.Оқушыны ойлауға үйрететін бірден-бір тәсіл-сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.

Ал енді сын тұрғысынан ойлау  дегеніміз-өз тәжірибесіне негіздеп, дұрыс шешім қабылдау.Сын тұрғысынан ойлау технологиясы дегеніміз- барлық оқушыларға кез-келген мазмұнға  сын тұрғыдан қарап,бір пікірді таңдауға,саналы шешім қабылдауға үйрету тәсілдері.Соңғы кезде «құзіреттілік» терминін көп қолданып жүрміз. Құзіреттілік деп -жеке тұлға бойындағы білім, білік, дағды, іскерлік, әрекет тәсілінің жиынтығы.Ал оқушылармен байланысты айтатын болсақ, құзіреттілік дегеніміз-оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір мәселелерді шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі.

Өзім осыдан бірнеше жыл бұрын «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясы бойынша оқу курсынан өттім. Орыс тілі мен әдебиеті сабағында осы технологияның кейбір стратегияларын ғана пайдаланып жүрдім. Жақында 3 айлық Кембридж тәсілдері бойынша оқыту курсынан кейін сабақтарымды тек СТО технологиясы бойынша құратын болдым. Байқағаным: біріншіден, оқушылар жоғары деңгейлі  сұрақтар бойынша  жауап беруге үйренді. Осы уақытқа дейін Кім? Не? Қашан ? деген қысқы жауапты білдіретін сұрақтарды оқушыларға көп қоятынмын, ал қазір «Неге?»,  «Не үшін?», « Қалай?»  Түсіндірмені қажет ететін  және өз ойын, өзінің қатысын  білдіретін сұрақтарды көп қоятын болдым. Алдымен оқушылар қандай деңгейдегі сұрақтар екендігін анықтайды.Егер де осы уақытқа дейін бір оқушыға сұрақ қойып , оған оқушы жауап бере алмаса, ол сұүрақты басқа оқушыға қойып, тек жауап алсақ болды деп  ойлайтынбыз . Ал қазір сол сұрақты екінші рет ,бірақ басқа оңайлатылған формада қойып, түрлендіріп, сол бастапқы оқушыдан жауап алуға тырысатын болдым. Мүлдем жауабын білмеген жағдайда  ғана ол өз сыныптасынан көмек сұрауына немесе мұғалім басқа оқушыдан сұрауына болады.Орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында көбінесе мәтінмен  жұмыс болғандықтан сұрақтар оқулықтағы сұрақтардан басқа мұғалім шығармашылығын талап ететін жұмыс болары белгілі. Оқушы өзіне қызықты , яғни өз тәжірибесінде  кездескен немесе өміріне байланысы бар сұрақтарға жауапты тез әрі  мазмұнды ,басқалардан өзгерек жауап береді. Сұрақтармен жұмысты әрі қарай дамытуды оқушылардың өздеріне жоғары деңгейлі сұрақтарды дайындау және ол сұрақтарға өздері жауапты дайындауды тапсыратын болдым. Ол үшін оқушы тек оқулықтағы мағлұматпен шектелмей, басқа дерек көздеріне жүгінетін болды.Өздігінен іздену- өзін-өзі дамытудың бір тармағы дер едім.Оқушылар өз ойын айтуға именетін кез болған еді. Ал қазір сол оқушылар өз ойын ашық айтуға және білдіруге үйренуде. Оқушылар кері байланыста былай деп жазады: «Тек білім алып қана қоймай, өз пікірімізді қорғап та үйреніп жүрмін» немесе «Қалайша осы уақытқа дейін өз ойымды білдірмей келгенмін?»Осы уақытқа дейін мен сабақтың тақырыбы мен мақсатын өзім қоятынмын. Ал қазір тапсырмалар , сұрақтар арқылы өткен сабақ тақырыбымен байланыстырып  сабақтың мақсаты мен тақырыбын  оқушылардың өздері түйіндейтіндей ойластырамын. Осы жерде «Білемін, білгім келеді, білдім» таблицасы көп көмектеседі.

Әдіс-тәсілдерді қолданғанда жұмысты  оқушылар өмірімен байланыстыру- оқушылардың жауабын өз тәжірибесіне негіздеуге әкеледі.Сонда ғана оқушылардың қызығушылығы пайда болады.Қызығушылық бар жерде әрине, нәтиже болады.Сто технологиясының стратегияларын  қолдану-жеке тұлғаның төменде аталған қасиеттерін-өз пікірінің болуы, еңбек пен оқуға жауапкершілікпен қарауы, өзіне деген көзқарастың өзгеруі, өзіне деген сенімділіктің пайда болуына ,яғни, өзін-өзі дамытуына әкеледі.Осы жерде өзін өзі тәрбиелеу- тәрбиенің ең жоғарғы сатысы екенін барлығына мәлім.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану- тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігін қалыптастырудың кепілінің бірі деп ойлаймын.

Қорытындылай  келе мына жайтқа көңіл аударғым келеді:  көп педагогикалық технологияларға қарағанда «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғыдан ойлау » технологиясымен жұмыс мұғалім үшін ыңғайлы және мүмкіндіктері көп,мұғалімнің оқыту процесінде алдына қойған мақсатын шеше алуға көмектеседі.Ал енді оқыту процесінің негізі-жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан , мазмұнды әрі мағыналы жұмыс ұйымдастырылуы қажет.Мұғалім мен оқушылардың жеткен жетістіктері мен оқыту нәтижелері бұл технологияның табысты екенін көрсетеді.

Қолданылған әдебиет:

1.Н.Назарбаев «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына»  Астана, 2006 жыл

2.Қазақстан Республикасының 2015  жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы «Егемен Қазақстан», 26.12.2003