Шал мен бала. Бердібек Соқпақбаев

57

Пәні: Әдебиеттік оқу

Сыныбы: 4

Сабақтың тақырыбы: Шал мен бала. Бердібек Соқпақбаев

Сабақтың мақсаты:

  1. Мәтіннің мазмұнын ашуға, негізгі ойды ұғына білуге жағдай туғызу, мәтіннің авторы туралы және мәтін жайлы әңгімелей отырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің әдептілік екенін түсіне білуге жол ашу.
  2. Оқушылардың тақырып, мәтін бойынша талдау жұмыстарын, сөздік жұмысын өз бетімен, жұпта, топта жүргізе білу қабілеттерінің дамуына ықпал ету.
  3. Үлкендерді сыйлауға, бір-бірін тыңдауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі: «Болжау» әдісі, «Екі түрлі жазу күнделігі» стратегиясы, «РАФТ» стратегиясы, топтық пікілесу, танысу картасы.

Сабақтың көрнекілігі: мәтіннің желісі бойынша салынған сурет, «Сырсандық», мәтіндегі оқиғаға ұқсас кинофильмнен үзінді. («Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетуге болады.)

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Үй тапсырмасын қорытындылау.

І. Қызығушылықты ояту.

Мұғалім жаңа сабақта «Кім кінәлі?» мәтінін оқып береді. Оқушылардан мәтін мазмұнын зейін қойып тыңдау сұралады.

Кім кінәлі?

Алмас пен Думан тату достар еді. Екеуі сыныптас, бір партада қатар отыратын.

Үзіліс кезі. Мектеп ауласында доп қуып жүрген Алмас байқамай ағаштың бұтағын сындырып алды. Бұл уақытта күзетші атай осы маңда болатын, сынған бұтақты көріп, Алмастың жанына келді:

  • Бұтақты сен сындырдың ба? – деді.
  • Мен емеспін… – деді Алмас бірден.

Неге екенін, оның жанындағы тұрған Думан өз-өзінен қызарып кетті.

Күзетші енді Думаннан:

-Әлде, сындырған сенсің бе? – деп сұрады.

Ол үндемеді.

  • Онда кінәлі сен болдың ғой, мойныңа алуға батылың жетпей тұр — ә? – деді күзетші Думанға тесіле қарап.

Думан кінәлі досына бір қарады да, бұрылып жүре берді.

Досын ренжітіп алған Алмас қатты қапаланды. Оның соңынан:

  • Тоқтай тұршы… – деді дауыстап.

Күзетші кімнің кінәлі екенін іштей сезді. Бірақ үндемеді.

— Оқыған мәтіндегі болған оқиғаға баға бере отырып, Алпамыстың бойында сол сәтте қандай қасиет табылмай қалды деп ойлайсың? Қолыңдағы қағазға өзің жоғары санайтын бір ғана қасиетті жаз. (Мысалы: адалдық, батырлық, батылдық, ар-ождан, шыншылдық.)

Өздері таңдаған қасиеттері бойынша топтарға бөлінеді.

  1. Топқа бөлу.
  2. Топ басшыларын сайлау.
  1. Әр топ өзінің таңдаған атына қысқаша түсініктеме беріп өту, таңдау себептерін айту. (Әр сыныптың жұмыс жасау әрекетіне байланысты жұмысты күрделендіруге болады.)
  2. Осы таңдаған топтың атауларына байланысты қандай ақынның өлеңін білесіңдер? Осы асыл сөздер қай өлеңде кездеседі? Бұл кімнің өлеңі? Бұл өлеңді не үшін таңдадың? (Бұл өлеңнің негізгі идеясы сенің тақырыбыңды ашып тұр ма?)
  • Ендеше бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбы не туралы болады деп ойлайсың? Осы өздерің таңдаған тақырыптардың негізінде, яғни адам бойынан табылатын адами қасиеттер туралы болмақ.

Мәтінмен, автормен таныстыру.

  1. Мағынаны тану.
  1. Автор туралы әңгімелеу.

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы Алматы обласы Нарынқол ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педогогика институтын бітірген. «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында қызмет еткен. «Менің атым Қожа» повесі оқырмандардың сүйікті шығармасына айналса, осы повесті бойынша түсірілген фильм 1967 жылы Канн фестивалінің жүлдегері атанды.

Жазушының «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» повестері, көптеген әңгіме, өлеңдері балаларға арналған.

«Менің атым Қожа» фильмінен үзінді. (Жантасқа сиямен атқан жерінен.)

  • Адам бойындағы қандай жақсы қылықтарды айта аласың?

—   Ендеше, осындай жақсы қылықтар біздің басты кейіпкерімізде бар ма екен және қандай қылықтары бар екен?

Топпен жұмыс істеу арқылы осы жақсы қылықтарды «Сырсандыққа» жинақтау. Кімнің жақсы қылықтары көбірек болар еді?

Мәтінді «Болжау» әдісі арқылы оқу. (Ол үшін мәтінді алдын ала бөлімдерге бөліп алу).

1-бөлім. Көмек.

2-бөлім. Жол көрсету.

3-бөлім. Сыныптас.

4-бөлім. Алғашқы кездесуді еске алу.

1-бөлімді оқу.

— Мәтіннің басты кейіпкерлері кімдер?

— Бала неліктен шалға көмек берді?

— Қалай ойлайсың, әңгіме әрі қарай қалай өрбуі мүмкін?

2-бөлімді оқу.

— «Бейтаныс баланың көргенділік қылығы шалды сүйсіндірді» — осы сөздердің астарында не жатыр, қалай ойлайсың?

— Бала шиені ұрушылар жөнінде естігенде, неліктен міңгір ете қалды?

— Қалай ойлайсың, ары қарай оқиға немен жалғасуы мүмкін?

3-бөлімді оқу.

— Оқиғаға  тағы кім қосылды?

— Осындай жағдай саған таныс па? Сенің басында осындай жағдай болды ма? Қалай жол таптың?

— Осы жерде сен үшін ең қызығы не болып тұр? (сен нені тезірек білгің келіп тұр?)

«Екі түрлі жазу күнделігі» стратегиясы бойынша дептермен жұмыс.

Баланың әрекетіне баға беру.

  • Әңгіме немен аяқталуы мүмкін? Сенің олай ойлауыңа не себеп?

4- бөлімді оқу.

— Ақсақал қандай ой түйіндеді? Мәуленнің ұрлығын кешірді ме? Неліктен? Қалай ойлайсың?

«Жақсылыққа жақсылық — әр кісінің ісі ғой» дегенді қалай түсіндің? Бұл сөздің мәтіндегі оқиғаға қандай қатысы бар? Дәптеріңе жазып ал.

  • Мәтіндегі негізгі ойды қандай сөзбен түйіндеуге болады?
  • Осы нақылдың ішіндегі негізгі ойды білдіріп тұрған сөзді дауыс ырғағымен ерекшелеп айтып көр.
  • Ал, сен тақырыпқа қандай ат және эпиграф таңдап алар едің? (Дәптермен жұмыс).

Мәтіндегі басты кейіпкерлерге сипаттама беру. (Әр топ өз қалауы бойынша таңдап алады және таңдау себептерін атау керек)

Сергіту сәті.

Сынып оқушылары жұптасады. Жұптағы оқушының бірі- мүсінші, екіншісі-мүсінделуші саздың рөлін атқарады. Мүсінші саздан тәртіпті баланың бейнесін жасап шығаруы керек. Ал саз болса, кез келген икемге көнуі керек. Сонсын орындарын ауыстырады. Кімнің мүсіні әдемі шыққанын атап өту керек.

Осы жасалған мүсіндердің ішінен жақсы деген үшеуін таңдап алу. Оларды біздің басты кейіпкерлерімізге балау. «Сырсандыққа» салған жақсы қылықтарымыздың қайсысы кімнің бойынан табылып отыр деп ойлайсың?

Сол жақсы қылығымызды басты кейіпкерлерге стикермен жапсыру.

  • Мінеки, балалар, бүгін біз мүсін жасап шығардық. Әрқайсысымыз осы кейіпкерлеріміз сияқты болуға тырысайық. Бұл барлығымыздың қолымыздан келеді деп ойлаймын, себебі, бұл мүсіннің авторы өздерің!
  • Бүгінгі сабағымызға қандай нақыл сөз, мақал-мәтел сай келуі мүмкін?

Дәптеріңе тізіп ал.

  • Әңгіменің авторына қандай сұрақ қойғың келеді?
  • Осыған ұқсас мәтін оқығың келе ме? Қандай тақырыпты қалар едің?
  • Мүмкін, өз басыңнана өткен оқиғаны достарыңа жазып ұсынарсың.
  • Ал сенің сыныптастарыңның ішінде Саша мен Мәулен сияқты достарың бар ма? Жалпы, сыныптастарыңды жақсы танисың ба? Ендеше біз бүгін «Танысу картасын» толтырып көрелік.

Танысу картасы

 

Сыныптың еркесі (Мөлдір) Батыр жігіт (Ризабек) Суретші (Ержан) Ең адал дос (Гүлназ)
Қыс айында туған(Мұхаммед) Үздік оқушы (Дінмұхаммед) Өте жақсы билейді (Алтын) Ұқыпты жан (Аягөз)
Көп оқиды (Ақнәзік) Спортпен шұғылданады (Бекзат) Мәнерлеп сырғанайды (Айзере) Бастауыш сыныпқа сабақ беретін (Эльмира апай)

(Кестені әр сынып оқушыларының мінез-құлқына, т.б қасиеттеріне байланысты өзгеруге болады.)

III. Толғаныс.

Сабақты қорытындылау. Мәтін соңындағы сұрақ-тапсырмаларды орындау. Осы мәтіндегі кімнің орнында болғанды қалар едің? Неліктен?

Үйге тапсырма. Мәтінді оқу, сыныпта айтылмай, мән берілмей қалған қандай жайттар бар екен қарастырып келу.

Өзің таңдаған топтың атынан кез-келген жазу түрін таңдау арқылы «РАФТ» стратегиясы бойынша сыныптастарыңның ішінен көңілің толмай жүрген көршіңе арнау жазу.