ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАР

37

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАР

 

Бүгінгі таңда білім берудің тиімділігін арттыру үшін оқу үрдісін адамды қоршаған ортадағы болып жатқан өзгерістерді есепке ала отырып, ұйымдастыру қажет екендігі баршамызға мәлім. Қазіргі кездегі қоршаған ортадағы өзгерістер ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласында болып жатқаны белгілі. Бұл саладағы маңызды өзгерістер білім беру саласына да оң ықпалын тигізіп отырғаны бүгінгі білім ордасындағы ұстаздар қауымына кеңінен таныс. Жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың адам, қоғам өміріндегі орны туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында білім ордаларын жаңа технологиялармен қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіретіндігін атап өткен болатын.

Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар бүгінгі күні біздің қоғамымызға кеңінен енді. Бұл технологияларды төмендегіше жіктеп көрсетуге болады. Олар:

  • аудио және бейнетаспалар;
  • компьютерлер;
  • теледидарлар;
  • үнтаспалар;
  • арнайы мультимедиа техникалары;
  • қашықтан оқыту құралдары;
  • телефон-факс т.б

Жоғарыда аталған ақпараттық-коммуникативтік технологияларды мектептік білім базасында қолдануға көп уақыт берілмегені анық. Себебі жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану, негізінен, білім саласындағы математика-жаратылыстану сабақтарында жүргізіледі. Бұл тек қана математика-жаратылыстану бағыты деген түсінік бермейді. Қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытуда да пайдалануға болатыны мәлім. Осы жұмыстардың негізін жинау үшін, ақпараттық технологияларды қолдану аясын кеңейту үшін бүгінгі күні әр білім ордасында компьютер сыныптары жасақталды. Бұл сынпытардың негізгі мақсаты байланыс жүйесін пайдалана отырып, оқушылардың шығармашылық, танымдық, белсенділік қабілеттерін дамыту. Терең де мағыналы білім бере отырып, білімді сенімді тірекке айналдыру.

Бүгінгі ақпараттық технологияларды мектепке кеңінен қолдануға әлемдік аренаға шығу жолындағы негізгі бағыттардың алдын ала дайындығы деп білуге болады. Сол үшін мектептік білімге енгізуге мұғалімнің шығармашылық деңгейінің жоғары болуы шарт. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарды анықтау мен жетілдіру жоғарғы білім ордаларында қалыптастырады. Сол алған білімдерін жинақтай, толтыра отырып, маман ретінде жаңа ортаға бейімделу сипаттары жетілдіріледі.

Ғылым пен техника дамуының, ақпарат көлемінің үдеп өсуінің білім беру үрдесіне ықпалы зор. Жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тілдік сабақтарда қолдану үшін қандай дайындық жұмыстары қажет деген негізгі сұрақ баршамызға да қойылуы мүмкін? Бұл сұрақ төңірегінде жауап іздеп көргенде мынадай алдыңғы дайындық жұмыстарын жүргізу қажет деген пікір қалыптасады. Енді сол жұмыстарға тоқталып кетсек:

  1.        Ақпараттық-коммуникативтік  сауатын арттыру;
  2. Сауатын ашқаннан кейін өз пәніне қолданатын материалды іс жүзінде үйрету;
  3. Пән мұғалімі ақпараттық-коммуникативтік технологияның мәнін ұғыну қажет;
  4. Өзіне қажетті ақпараттық-коммуникативтік технологияны анықтау керек;
  5. Жаңа технологияны мұғалімнің өзінің меңгеруі шарт;
  6. Жоспарға сай өзіндік танымдық жұмысын жинақтау қажет;
  7. Сабақ жоспарын құру;
  8. Оқушыларды жұмысқа жинақтау;
  9. Сабақ жүргізу.

Бұл аталған жұмыстар қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында мұғалімнің ізденіс деңгейін анықтауға жол береді. Мұғалім осы жұмыстарды жасай отырып, оқушының танымдық, қызығушылық, ізденгіштік жақтарын жасауға негіз болады.

Жоғарыда атап өтілген ақпараттық технологияларды бір сабақ көлемінде пайдалану мүмкін емес. Сондықтан да мұғалім өзінің әр сабағын жаңа ізденіспен, тың жаңалықтармен жасақтап отырғаны шарт.

Сабақтың өтуінің негізгі шарты сабақта шығармашылық ахуал қалыптастыру болып табылады. Мұғалім әр оқушының сабақта белсенді әрі жақсы жұмыс жасау жағдайына жеткізу керек. Сонда оқу материалы терең меңгеріледі, білім сенімге айналады.

Тілдік сабақтарда жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану аясын кеңінен қарауға болады. Тілдік сабақтарда компьютер, проектор, телефон-факс, газет материалдарын қолдануға болады. Бұл технологияларды қолдануда мұғалім іздену, әрі материалды тиімді пайдалану жағын қарастырады.

Атап өтер болсақ, компьютерді мәтіндік жұмыстарды жазуда, олардың айырмашылығын ажырату барысында көруге болады, газет-журнал материалдарын ақпаратты өңдеу сабақтарында, жаңа өмірмен байланысты пәндік тақырыптарда қолданатын болсақ, теледидарды редакторлық жұмыстарды жетілдіруде пайдалануға болады. Редакторлық жұмыстар жүргізуде оқушы мен мұғалім, оқушы мен жаңа ақпарат, мұғалім мен жаңа ақпарат қамтылуы тиіс. Мұғалім өз жұмысын дұрыс жүргізуі қажет.

Оқытуды ақпараттандыруда келесі мәселені де есте сақтаған жөн деп ойлаймын.

  1. Компьютерді модельдеу бағытында үйрету;
  2. Оқушымен жұмысты белсендіру жағдайын жасау керек. Мұғалім сабақ әрекетінен тыс қалмау керек;
  • Мақсатқа жету ұстанымына пайдалану қажет;
  • Оқушының өзіндік іс-әрекетін жетілдіру керек.

Осы орайда қазақ тілі сабағынан 5 сыныпта өткізілген мына сабақ жоспарына тоқталып өтейін:

 

Тақырыбы: Мәтін. Мәтін түрлері.

Мақсаты:

  1. Білімділік: Мәтінді компьютер арқылы жазып, оның ерекшелігін ұғыну, сауатты, көркем тілмен жазуға дағдылану, термин сөздерді қатесіз жазу;
  2. Дамытушылық: Оқушылардың ойлау қабілетін істеген жұмысқа қорытынды жасау дағдыларын, компьютерде жұмыс жасау машықтарын дамыту;
  3. Тәрбиелік: Мектеп өміріне, жаңа қоғамдық өмірге белсене араласуға тәрбиелеу, кәсіптік бағдар беру.

Әдісі: Компьютерлік технология.

Құрал-жабдықтар: Инфрорматика кабинеті, принтер, факс.

 

Жүру барысы:

І. Қызығушылықты ояту.

Үйге берілген тапсырманы «Ана тілінің қыметі» тақырыбына арналған сұрақтарды «Жуан және жіңішке» деп алып, компьютерлік желі арқылы әр оқушыға қою. Жауаптарын компьютерлік ішкі желі арқылы тексеру.

 

ІІ. Мағынаны тану.

Жаңа сабақты «Топтастыру» арқылы компьютерге шығарып, проектор арқылы көрсетеміз.

  1. Мәтін дегенімі не?
  2. Мәтіннің қандай түрлері болады?
  3. Мәтін қандай бөліктерден тұрады?
  4. Мәтінге тән белгілер.

Оқушылардың жауаптарынан соң, толық түсінік беріледі.

ІІІ. Толғаныс.

Толғаныс сәтінде оқушыларға мәтін түрлері беріледі. Осы мәтін түрлерін жинақтай отырып, оқушылар өзіндік қорытынды шығарады. Мәтін түрлеріне әңгіме жазып, принтер арқылы басып шығарады.

Жазылған мәтінді мұғалім тексеріп, жақсы жазылған мәтінді баспа бетіне жіберуге дайындайды. Факс арқылы басылымға жолданады.

Жоғарыда көрсетілген сабақта жаңа оқыту технологиясы сен жаңа ақпараттық технология қатар қолданылады. Жаңа технологияларды қолданудың тиімді жақтарын саралап айтуға болады. Олар:

  • Икемділік: Оқушылар ыңғайлы орында бірыңғай, толық жұмыс жасай алады. Пәнге деген қызығушылық артады.
  • Модульдік: Сабақ жинақы түрде, барлық оқушыға бірдей беріледі.
  • Оқытушының рөлі: Танымдық рөлі артады. Оқылатын сабақ жан-жақты өңделеді.
  • Жаңа жетістік дағдылары қалыптасады: Оқушымен тиімді жұмыс жүргізіледі, білім сапасы артады, қажетті мақсатқа жету жолы қарастырылады, оқушымен жеке жұмыс жасалады, нақты жауап беру дағдылары жетіледі.

Тілдік сабақтарда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану кезінде оқушы мен мұғалімнің арасындағы қарым-қатынас деңгейі артады. Ойымды жинақтай келе тілдік сабақтарда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданудың өзекті тұсы мұғалімнің шеберлік, ізденгіштік деңгейінің негізі болып табылатындығын ұғынамыз. Осы мәселені әріге қарай сабақта қолдануды әріге қарай дамытуымыз шарт.

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  • Қазақстан мектебі. 2008 ж. №11 «Электрондық оқулықтарды пайдаланудың педагогикалық ұстанымдары»
  • Қазақстан мектебі. 2009 ж. № 8 «Электрондық оқытудың әдістемелік аспектілері»
  • Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауы;