Отбасылық тәрбиенің адамгершілік негіздері.

328

Отбасылық тәрбиенің адамгершілік негіздері.

 

Елімізде білім берудің бүгінгі жайы қоғамдық өмірдің барлық салаларына түбегейлі өзгертуде маңызды мәнге және оның дамуы жалпы мемлекеттік саясаттың басты буыны ретінде қарастырып отыр. Өйткені экономикалық қоғамдық жаңарудың қазіргі аяқ алысында білім беру жүйесінің алдында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруге негізгі тірек болатын білімді азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр.Бұл үшін білім беру саласы халықаралық деңгейдегі сатыға көтерілуі тиіс. Міне, осы талап тұрғысынан қарасақ бала тәрбиесі отбасынан басталады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы  — адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» — деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе?

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.

Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі- ұрпақ әкелу, екіншісі-дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру — әрбір ата-ананың қасиетті борышы.  Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан отбасы өте қажетті, басқа ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.

Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, берекелі-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады. Мәселен, отбасы мүшесінің мәдени деңгейі баланың түрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне игі әсерін тигізеді. Отбасы тәрбиесінде балаларды білімді, ізгілікті, жан-жақты жетілген, өз өмірінің құндылығын жете түсінетін етіп тәрбиелеуді қажет етеді. Ата-ана баланың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны өмірге қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің қандай түрі болса да атқаруға психологиялық даяр болуға, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп отыруға тәрбиелеу қажет. Жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың балаға деген мейірімділігі мен махаббаты қажет. Бала отбасында жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтанда халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған.

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.

Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді.

Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Отбасы  — бала жанына жақын, жеке туысқандық қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Үлкендердің балаға шексіз сүйіспеншілігі емін-еркін сөйлесу, аялау, еркелету қалыптасқан отбасылық дәстүрлер әдет және т.б. тағылымды тәрбие негізін қалайды.

Әрбір отбасының өзіне ғана тән ерекшеліктері бар: олардың ішінде жас ерекшелігі және туысқандық қатынастар бойынша құрамының әртүрлі болуы, отбасы өмірінің стилі, материалдық пен рухани құндылықтарды пайдалану мүмкіндігі, отбасының ересек мүшелерінің әлеуметтік кемелдігі т.б. Бұның барлығы баланың күнделікті өмірін ұйымдастыру және оған тәрбиелік ықпал жолдарын анықтайды. Жеке тұлғаның қалыптасуы отбасы өмірінің тұрмыс тіршілігін ұйымдастыру көңіл-күй адамгершілік тынысы қалыптасқан отбасылық дәстүрлері сияқты барлық саламен тығыз байланысты. Міне, сондықтанда баланы тәрбиелеу , оның өмірін ұйымдастыру, ата-ананың өзін-өзі тәрбиелеу, отбасы өмірін дұрыс ұйымдастыра білу, жылы да бейбіт микроклиматты қамтамасыз ететін ізгілікке құрылған үй ішілік қарым-қатынасты орнықтырудан басталады. Ал отбасылық микроклиматтың дұрыс болуы көбінесе педагогикалық ықпалдың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, яғни өзара құрмет, достық, сенім атмосферасында өскен бала жетекке оңай жүріп, тәрбиелік әсерге көнгіш келеді.

Сонымен, отбасының тәрбиелеу ықпалы деңгейін былайша анықтауға болады:                           

  1. Отбасының әлеуметтік құндылығы.

Бұл отбасының беріктігімен, оның мүшелерінің адами, рухани жан сауығымен, ортақ іске қызығушылықтың болуымен анықталады.

  1. Балаға оны тәрбиелеуші ересек адамдардың тарапынан қойылатын бірлігі.

Отбасының барлық ересек мүшелері бала үшін тәрбиеші, олардың тарапынан болатын талаптың бірлігі өте маңызды.

  1. Отбасылық өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы.

Парасатқа құрылған әке-шеше қатынасы баланың адамгершлік сапаларына жетудегі теңдесі жоқ үлгі өнеге.

  1. Отбасылық дәстүрлер.

Отбасының рухани байлығы мен  тәрбиелік мүмкіндіктерін  онда қалыптасқан дәстүрлерге қарап анықтаймыз.Уақыт сынынан, өмір елегінен өткізілген отбасылық дәстүрлер бала тәрбиесіне аса зор ықпал етеді.

  1. Отбасындағы еңбекке қатынас.

Үйдегі барлық отбасы мүшелеріне ортақ жұмыстарға үлкендермен бірге араласа отырып бала әркімнің өзіндік міндеті бар екенін, оны орындау қажеттілігінің маңызын байқайды.

Отбасындағы қарым-қатынастар шын ниетпен, кең пейілмен құрылған болса, онда балалар басқа адамдармен араласу барысында осындай жақсы қасиеттерді сақтауға тырысады. Отбасында өзара көмек көрсету кішілерге үлгі өнеге болу, бірін-бірі қолдау, үлкендерге сый құрмет көрсету, бірлесе істеген еңбек нәтижесінде ортақ жетістіктер қуанышына бөлену, бірлесе өткізген демалыс уақыттары – барлығы бастауыш сынып жасындағы балалар жүрегінде ерекше із қалдырады.

Ата-аналар балаларды белсенділікке ынталандырулары, оларды тек бағынышты субъектке айналдырмай, оның тұлғалық қасиеттерін ескеріп, еркін дамуына, ішкі қабілеттерін ашуға жағдай жасаулары қажет. Педагогикада  ата-аналардан балаға тек бала деп қарамай, оны өздерімен тең құқылы қарым-қатынасқа қатысушы деп бағалап оның идеяларымен, көзқарастарымен, қызығушылықтарымен санасуларын талап етеді. Ата-аналар үшін қарым-қатынас өнерін меңгерулері балаларды ашық әңгімеге шақыруларына, олардың сырларын , құпияларын сақтай алуларына байланысты болады. Осындай сенімді қарым-қатынастар ата-аналардың өз балаларының ерекшеліктерін дұрыс білуге оған артқан сеніммен негізделеді. Егер де ата-аналар өз сөздерінде тұрмаса, берген уәделерін орындамаса бала жүрегінде сенімсіздік пайда болады, бала сырын көп ашып айта беретін болмайды, ал ата-аналар өз абыройларын төмендетеді.

Әрбір ата-ана өз баласын «Менің қуанышым, бақытым» дейді, өз махаббатының нұрына бөлейді. Бала үшін олар барлық күш жігерін жұмсайды. Сондықтан әке мен ана баласының  келешегін ойлап, отбасындағы сабырлы мінез үлгісін еңбектегі қол жеткен табыстар нәтижелерін көрсете отырып, оны адалдыққа, шындыққа, еңбексүйгіштікке, ұжымдылыққа тәрбиелейді. Салмақты, ілтипатты,тәртіпті, еңбекқор, білімдар әке мен ананы бала жанындай жақсы көреді, бас иеді, сыйлайды. Ол өзінің әкесі мен анасының бойындағы жоғары адамгершілік қасиеттерді қатты бағалайды. Ата-аналардың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктердің барлығын байқауға болады. Қайсібір ата-аналар: « менің міндетім баламды киім және тамақпен қамтамасыз ету, білім, тәрбие беру мектептің ісі»,- деп түсінеді. «Адам болатын бала айтқанымды екі етпейді, өздігінен оқиды, білім алады», — деушілер де бар.

Ал балаларын шамадан тыс еркелету үшін олардың орынсыз талаптарын  бұлжытпай орындаушы, шексіз еркелететін ата-аналар да кездеседі. Кейде баласын орынсыз сөгіп, «Сен топастан ештеңе шықпайды»,-деп сағын қайтаратын ата-аналар да болады. Бұндай теріс ұғымдар баланың келешегіне зиян келтіреді, ал орынсыз балағаттап баланың абыройын төгу ата-аналардың беделін түсіреді.

Отбасы —  ең үлкен, мықты тәрбие ошағы. Себебі келешек әулет барыстары сонда тәрбиеленеді, адамның жеке басының бастапқы басқышы пайда болады, мінездің негізі қаланады, және адами қасиеттер мен әдептілік қалыптасады. Демек, баланың келешекте қандай болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты болмағы күмәнсіз.

Өз тәжірибемде ата-аналармен кездескен кезде міндетті түрде отбасы тәрбиесіне, бала мен ата-ана қарым қатынасына, мектеп өмірі жайлы баяндамалар  оқылып, талданады, тренингтер өткізіледі. Олар өз ойларымен бөліседі. Мысалы: «Бақытты жанұя» моделін құру, «Тілек шамы», «Кері байланыс»жаттығуы, «Ой-түйін» рефлексиясы.

Қорыта келе мен баяндамамды атақты педагог В.А.Сухомлинский сөздерімен аяқтағым келеді.

«Өз балаларыңызды  сүйе отырып,  оларды сізді де сүюге үйретіңіз, үйретпесеңіз – қартайған шағыңызда көз жасыңызды  төгесіз».

 

 

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі:

1.С. Ғ.Тәжібаева  Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Оқу құралы. Алматы,Білім,2008

  1. О.К. Трубецкая Балалардың рухани- адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы №12(48) 2012
  2. Л. Омарова Адамгершілік тәрбиені қалыптастыру мәселелері // Бастауыш мектеп № 2 2004