Пәнге деген қызығушылық – оқып-үйренудегі жетістік негізі

61

Батыс Қазақстан облыстық Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы сауықтыру мектеп-интернатының алғашқы әскери дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушысы Сүлеев Ж.К.

 

Пәнге деген қызығушылық – оқып-үйренудегі жетістік негізі

 

Елдің ел болып, ұлттың ұлт болып қалыптасып, тарих сахнасына мәңгі  орнауына оның жалындаған, елін сүйген, ұлтын сүйген азаматтарының болуы кепіл. Ендеше, отансүйгіш ұландарды тәрбиелеуде Алғашқы әскери дайындық пәнінің берері мол дер едім.  Жас жеткіншектерге әскери білім мен ұлттық тәрбие беруде Алғашқы әскери дайындық пәні мен үйірмелер арқылы жүргізілетін жұмыстар ұстаз тәжірибесіндегі басты белсенді қызметтердің бірі болып табылады.

Алғашқы әскери дайындық пәнін оқытудағы оқу-тәрбие жүйесінің басты шарты — оқушының танымдық белсенділігін арттыру. Мектеп табалдырығынан бастап әрбір азамат өз Отанын қорғауда әскери ғылым тарихын оқып-үйрену арқылы пәннің толық бағдарламасын меңгеру қажет деп есептеймін. Өз тәжірибемде балаларға тек әзір білімді меңгертіп қана қоймай, олардың өз бетімен жұмыстануына, кездесетін кедергілер мен қиындықтардан шығу жолдарын үйретуге бағытталған жұмыстар жүргіземін. Бұл бағытта оқушыларға тақырыпты өмірмен байланыстыра отырып, техникалық құрал-жабдықтарды меңгерте жүргізген жұмыс өз тиімділігін береді. Пәнді тереңдете меңгертіп оқыту мақсатында оқушыларға теорияны практикамен ұштастыру үшін қаладағы әскери бөлімдерге, мұражайларға, БҚАТУ жанындағы әскери кафедраларға апарып көрсету және аталған мекеме қызметкерлерімен  кездесу кештерін өткізу жұмыстары өз нәтижесін береді. Алғашқы әскери дайындық пәні бағдарламасы негізінде жүргізілетін сабақтар тәрбие жүйесінде жүргізілетін әскери-патриоттық бағыттағы үйірме, сыныптан тыс жұмыстармен ұштасып жатса,өз нәтижесін береді деп есептеймін. Мысалы, 10 — сыныпта  «Атыс дайындығы» бөлімінде «Калашников автоматы және қол пулеметінің атқаратын қызметі, ұрыстық қасиеті, жалпы құрылысы, жұмыс істеу тәртібі», «Калашников автоматын, қол пулеметін бұзу және жинау» тақырыптарын  сабақта меңгерте отырып, «Мерген» үйірмесінің отырыстарында оқушылардың жеке жұмыстануына, яғни «Атыс негіздері», «Атыс құбылыстары» тақырыптарына хабарламалар жасап үйренуіне ықпал жасаймын.«Тирдегі ату жүргізу кезіндегі қауіпсіздік шаралар» тақырыптарына, сауалнамалық сұрақтарға жауап әзірлету, ату тәсілдерін үйретуді практика жүзінде меңгерте отырып жүргізу жұмыстары оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе білуге баулиды және мектеп бағдарламасындағы барлық пәндерді оқып үйренуде жетістікке жеткізеді деп айтқым келеді.

Әскери-патриоттық тәрбие беруде мектеп деңгейінде жүргізілетін жұмыс түрлері қала, облыс деңгейіндегі жоспарлы жұмыс түрлерімен жалғасын тауып жатады. Мектепте «Ұлан», «Алау», «Жас атқыштар», «Жігіт сұлтаны» атты әскери-патриоттық ойындары өткізілді. Осының нәтижесінде оқушылар қала, облыс деңгейіндегі «Кеңес Одағының Батыры Губарев Г.М. жүлдесіне арналған спартакиадада», Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова жүлдесі үшін жарыстар және Кеңес Үкіметінің қаһарманы И.И.Коняхиннің жүлдесі үшін болған жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша «Саптық дайындық» бөлімінде жүргізілген сабақтар жылма-жыл «П.А.Атоян» атындағы стадионда ҚР қарулы күштері күніне арналған салтанатты саптық шерудегі көріністермен және мектепте ұйымдастырылатын саптық шеру көріністерімен байланыстырылады. Бұл бағыттағы тереңдетілген жұмыс оқушының қызығушылығын арттырудағы тағы бір ерекшелік болып табылады. Алғашқы әскери дайындық пәніне деген оқушының қызығушылығын мектептегі психологтар қызметімен, олардың жұмыс жоспарымен байланыстыра отырып жүргізуде өз нәтижесін береді. Әрбір азамат қоғамның дамуы барысында өзінің күнделікті өмірін психологиялық жағынан жан-жақты жетілдіріп, өмірге деген құштарлығын, Отанды сүю, қорғау бағытындағы ой-өрісін кеңейтіп отыруы керек. Сондықтан да азаматтық қасиеттерді қалыптастыруда психологиялық қызмет көмегі әр уақытта қажет екендігін ұғындыру шарты — әрбір ұстаздың міндеті. Міне, бұл бағытта жүргізілетін жұмыс түрлері: сұрақ-жауап сағаттары, психологиялық тест сағаты, сыныптан тыс шаралар, тәрбие сағаттары өз нәтижесін береді деп есептеймін. Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы қызығушылықтың өзі оқу-тәрбие процесіндегі басты жетістікке негіз болады.Оқу процесіндегі жұмыстың тәрбие процесіндегі жұмыстармен ұштасуы не болмаса, осы жұмыс түрлерінің психологиялық қызметпен байланысуы өз тәжірибемде көрінісін тапты деп ойлаймын. ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандықтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жастарды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» деп көрсеткендей, барлық жүргізілетін жұмыс түрлерінде бір ғана мақсат, яғни жас өспірімде патриоттық, ұлтжандылық, азаматтық, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыра отырып, өз Отанын сүюге тәрбиелеу көзделеді,