Саяси құқықтар мен бостандықтар

244

Тақырыбы: Саяси құқықтар мен бостандықтар

Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері:

Білімділік: Оқушыларға саяси құқықтар мен бостандықтар туралы жүйелі білім беру    

Дамытушылық: Сабақ барысында оқушылардың тарихи танымдық ойлау, талдау, салыстырып, қорытынды жасау және қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Оқушыларды өздігімен жұмыс істеуге және жауапкерлікке тәрбиелеу

 Сабақтың түрі:1)жаңа материалды меңгеру;2) біліктерін,іскерлік пен дағдыларын жетілдіру және пысықтау;3) Алған білімдерін тиімді пайдалану;4)меңгерілген материалдарды жүйелеу,қорытындылау;5)аралас;6)іздену,ой-қорытындылау

Сабақтың әдісі:  1)сұрақ — жауап;2)баяндау;3)әңгімелесу;4)ізденіс;5)топпен  жұмыс; 6)проблемалық;7 )ойын сабағы;

Құрал – жабдықтар:  оқулық

Сабақтың барысы:І. Ұйымдастыру кезеңі:1)Амандасу;2)Оқушылардың сабаққа қатысу деңгейін анықтау;3)Ынта-зейіндерін сабаққа аудару;

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау: өткен тақырып бойынша үй тапсырмасын тексеру

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру және сабақ жоспары:

Азаматтардың сайлау және сайлану құқықтары. Азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарына азамат пен мемлекет арасындағы қатынастардан туындайтын, азаматтың билікке қатысу жағдайларының айқындалуынан көрініс беретін құқықтар мен бостандықтар жатады. Олар басқару және демократия мәселелерімен тығыз байланысты. Азаматтардың ауыл, аудан, облыс, республика көлеміндегі саяси оқиғаларға араласу, мемлекетті басқаруға қатысу мүмкіндіктері неғұрлым мол болса, қоғамның демократиялану ауқымы да соғұрлым кең деп санауға болады. Демократиялық мемлекет құру мақсатымен Қазақстан азаматтарының саяси маңыздағы кең көлемдегі құқығына, бостандықтарына кепілдік берілген.

Мемлекетті ұйымдастырудың ең маңызды мәселесі — өкілетті органдарды құру. Төменнен жоғарыға дейін қалыптасатын өкілдік органдарды құруға азаматтар көбіне тікелей, кейде жанама қатысады. Өкілетті орган­дарды сайлау жалпы азаматтарга бірдей болып табы­лады.

Саясатты жасайтын саясаткерлер — мемлекеттік билікті жүзеге асырушылар, демек, президент, парламент пен жергілікті билік органдарының депутаттары, үкімет және сот органдарының басшы және жауапты қызметкерлері, түрлі деңгейлердегі өкімдер.

Азаматтардың саяси құқығына мемлекеттік органдарда қызмет ету мүмкіндігі де жатады. Мемлекеттік қызмет туралы мәселе конституциялық деңгейде алғаш рет көтеріліп отыр.

Мемлекеттік қызмет, оған кадр ұсыну және орналастыру құқықтарын билік басындағы адамдардың, топтардың иеленіп алуына жол беруге болмайды. Кадрларды таңдау және іріктеу олардың іскерлігіне, саланың технологиясын жете меңгергендігіне, қабілеттілігіне, кәсіпқойлығына, мәдениеттілігіне, адамдарды басқара білу өнеріне, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара алатындығына қарай жүргізілуі керек.

Қоғамдық бірлестіктер өздерінің жарғылары бойынша жұмыс істеп жатса, заңды бұзбаса, онда ешбір мемлекеттік орган олардың жұмысына бөгет жасай алмайды. Егер қоғамдық бірлестік, оның басшылары өзінің жарғысында көрсетілген қызметтерінен тыс шаралармен айналысса немесе заң қағидаларын бұзса, онда құқық қорғау органдары оларды қылмыстық, әкімшілік және материалдық жауапқа тартады.

Саяси мақсаттар көздеп құрылған қоғамдық бірлестіктер (саяси партиялар, қозғалыстар т.б.) — прокуратуралар мен соттардың жанында, қарулы күштер бөлімшелерінде, мемлекеттік кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдардың жанында өздерінің бастауыш ұйымдарын құра алмайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары азаматтардың құқығы мен бостандығын жариялай отырып, оларды іс жүзіне асыруды да қарастырады. Құқық пен бостандықтың кепілдіктері түрлі шектеулерді жою арқылы жасалады. Азаматтың құқығы мен бостандығына шек қою тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана, оған өкілеттігі бар органдар арқылы жүзеге асырылады. ҚР Конституциясы бойынша азаматтардың құқығы мен бостандығына мынадай жағдайларда шек қойылуы мүмкін:

а) азамат басқа азаматтың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірсе, құқық тәртібін бұзғандығы үшін жауапқа тартылады.

ә) қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан шаралардың іске асырылуы барысында азаматтардың кейбір қүқықтары мен бостандықтарына уақытша шек қойылуы мүмкін

б) заңға сәйкес конституциялық құрылысты, азаматтықты немесе мемлекеттікті қорғау мақсатымен, әскери құпияны сақтау үшін кейбір жағдайларда азаматтардың кейбір құқыгы мен бостандығы шектеледі.

Сабақты қорытындылау: тақырып бойынша пысықтау

Оқушыларды бағалау:

Үйге тапсырма беру: §36