Неліктен маған және менің мектебіме өзгеріс қажет?

65

Неліктен маған және менің мектебіме өзгеріс қажет?

2000 жылдың қыркүйек айында 189 елдің мемлекет басшылары мен үкіметтері мыңжылдық дамудың жаһандық  мақсаттары анықталған 2015 жылға дейінгі Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық Декларациясын қабылдады.Айқындалған сегіз мақсаттардың екіншісі болып білім беруді қамтамасыз ету аталды. Әлемдік білім беру жүйесі үнемі өзгеріс үстінде.

21 ғасырда барлық әлем елдерінде негізгі қағидат, адамзаттың тіршілігінің негізі — білім болып табылады. Дүниежүзі елдері қайтсе де бір-бірінен біліммен, білімді ұрпақпен озбақ болып жаталасып, білім беру жүйесіне рефомалар енгізуде. Ол үшін әр мемлекет басқа елдердің білім беру жүйесіне көз тігіп, зерделеп, озығын өңдеп, тозығын жетілдіріп, өздерінің экономикалық, әлеуметтік дамуы мен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тәрбиеге негіздеп жатыр.  Себебі, болашақ өмірде білім, идея, технология басты мүдде болмақ. Барлық болмысты автоматтандыру кезінде , яғни нано технологияларды енгізуде  қоғамға  осыны жүзеге асыратын  жаңа идеялы, білімді ұрпақ керек. Ол ұрпақты біліммен қаруландыратын ең бірінші  баспалдақ –ол мектеп, жүзеге асыратын мұғалім. Қазіргі кезде Қазақстан білім беру жүйесіне оң өзгерістер қажет. Оны өз басым І деңгей курсына келгенде түсіндім.

Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бірінші деңгей бағдарламасының (бұдан әрі – Бірінші деңгей бағдарламасы) мақсаты – мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мұғалімдерге мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Бұл мақсат күрделі болуымен қатар, көп еңбек етуді талап етеді, алайда дұрыс тәсілдер қолданылған жағдайда бүкіл мектеп шеңберінде өзгеріс жүргізілуіне ықпал ете алады

Қарап отырсақ, әлем  бір орында тұрмай күнде өзгеріске ұшырауда. Атап айтқанда:жаһандану мәселесі, нано, IT, IQ технологиялар, демографиялық ахуал, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері күн санап өзеріске ұшырауда. Қазіргі кезде Қазақстан білім беру жүйесі осындай жаһандық мәселерлерден тыс қалмай, өза түсуге жағдай жасау мақсатында Ұлыбританияның Кембридж Университетімен бірлесіп, 3 деңгейде мұғалімдер білімін жетілдіруде. Білім беру жүйесіндегі ең маңызды мәселе ол оқушылардың білім мен дағдының екеуініңде маңыздылығын түсіну. Яғни, кез-келген оқушы алған білімін аумалы-төкпелі өмірде кез-келген жағдайда колдана білуі маңызды болып отыр. Ол үшін мұғалімдер оқушының білімі мен дағдыларын дамытумен қоса, әр баланың бойында метасананы – қалай оқу керектігін үйренуді қалыптастыруға мән бере отырып, оны тұлға ретінде дамытуда икемділік танытулары тиіс (Schleicher, 2012).[2]

Жалпы білім беруде білім негізі бастауыштан басталады деген тұжырым қалыптасқан. Ал Жапония, Корея т.б елдердің білім беру жүйесін қарасаңыз білім беру бала-бақшадан басталады. Көп елдерде бала-бақша – мектеп-лицей- колледж- бакалавриат- магистратура кешені жұмыс істейді. Қазақстанда елбасының тапсырмасымен балаларды балабақшамен қамту мақсатында «Балапан» және «Тәй-тәй» бағдарламалары жұмыс істейді. Біздің ауылда да елбасының тапсырмасын орындау мақсатында 2008 «Жұлдызша» шағын орталығы ашылды. Үйде отырған, әсіресе, ауыл балаларының дамуына, қызығушылығын оятуға, мектепке бейімделу үдерісіне оң әсерін тигізді.

Біздің елде өзгеріс енгізудің бір жолы ретінде 12 жылдық білім беру жүйесін айтуға болады деп ойлаймын. Себебі, дамыған елдердің көбінде 12 жылдық білім жүйесі. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі — әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Менің пайымдауыша, мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі өзекті талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби шеберлік.

Демек, 12 жылдық білім берудің мақсаты қоғамның мүддесіне өзін-  өзі белсенді етуге дайын, жаңа өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Қазақстанда 12 жылдық мектептердің бастауыш сатысы 4 жылдық болады.  Тарихқа көз салсақ, Қазақстанда әр жылдары мектептегі оқу мерзімінің жоғары сатыдан ұзарып отырғанын көреміз. Ең бірінші, елімізде 4 жылдық бастауыш мектеп құрылған. Содан кейін барып, екі сатылы 7 жылдық мектептер ашылды. Ал, соңғы 50 жылда жалпы білім беретін мектептер 7 жылдықтан 8 жылдыққа ауысты, одан соң 9 жылдық, 10 жылдық, 11 жылдық мектептер құрылды.http://www.tarbie.kz/

Қазіргі кезде Еуропа кеңесінің (1992) Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне дүниежүзінің 138 жуық мемлекеттері енген. Олардың ішіне дамыған елдерден АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т. б. кіреді. ТМД елдерінен 12 жылдық орта білім беру мерзімін Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Молдова таңдады. Қазақстанда 12 жылдық білім кеңістігіне ену 2015 жылға жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ҚР 107 мектебінде 12 жылдық білім беру үдерісі эксперимент түрінде енгізілді. 12 жылдық білім беру жүйесін енгізуде Қазақстан әлем елдерінің ең озық іс-тәжірибелерін жинақтап алған.

Жалпы орта білімнің құрылымы балалардың психологиялық – физиологиялық тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес болады. Жалпы алғанда, дүниежүзі елдерінде орта мектеп 3 сатыдан тұрады: бастауыш оқу 3-6 жылдық, негізгі (немесе кіші) орта мектеп 3-6 жыл және жоғарғы орта мектеп 2- 4 жыл.

Менің ойымша, әлем елдері тәжірибесінде әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әр қайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Әлемнің  дамыған елдерінде–Америка Құрама  Штатарында, Англияда, Швейцарияда, Норвегияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда 14 жыл,  ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл.

Дүние жүзінде орта, жалпы білім беру төмендегідей  бағыттарда жүзеге асырылатындығын саралауға болады: білімнің барлық деңгейдегі балаларға, жастарға бірдей берілуі, білім алудың қолжетімділігі, ашықтығы; оқу бағдарламасының  баланың тұлға ретінде жеке басының дамуына негізделгендігі, оның функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталғандығы; оқушының қабілетін барынша дамыту көзделгендігі; жастардың күнделікті қоғам өмірінде болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жол сілтеу болып табылады; әрбір оқушыға сол социумға сәйкес тарихи қалыптасқан, ең тұрақты рухани, дүниетаным және мәдени құндылықтарының таратылуы және бекуі.

Әр елдің білім беру және тәрбие саласында өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы, тіпті кемшілігі де болады, осы себепті де біз Қазақстан  Республикасындағы оқушыға білім беру мен тәрбиені жан-жақты дамыту мақсатында шетелдік 12  жылдық білім берудің тек оң  және тиімді жақтарын алуымыз қажет. Мысалы, АҚШ пен Францияның балаларды  мектепке дейінгі дайындау тәжірибесіне, Германиядағы бейіндік оқытуда пәндерді блоктарға (модульдер құру десе де болар) біріктіру тәжірбиесіне, Қытайдың мектеп оқушыларын адамгершілікке, әлеуметтендірілуіне көп көңіл және ғылыми жұмыс әдістеріне баулуына, Скандинавия елдерінің оқу үдерісін демократияландыруына ( мұны ең озық үрдіс деп санаған дұрыс) баса назар аударған абзал болар еді. Сондай-ақ, Жапониядағы сияқты орта білімнің жоғарғы сатысында бейіндік оқыту бағыттарын  кеңейту мүмкіндігін қарастырған да жөн болар.  Сонымен қатар, білім саласына өзгерістер енгізу үшін оны елдің тарихи дәстүріне, мақсатына, өндірісі мен мәдениет сұранысына бейімдеу керек. Малайсары орта мектебінде бейіндік оқытуды жүзеге асыру 10 сыныптарда гуманитарлық бағытта, 11- сыныпта жаратылыстану-математикалық бағытта білім алуда. Бұл сыныпты бітірген оқушылар  болашақта филолог, журналист, физика, математика салаларының мамандары болады.

Еліміз егемендік алғаннан кейін білім негіздерін демократиялық, интеграциялық принциптерге орайлас әр баланың жеке-дара ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқытып, тәрбиелеу талап етіліп отыр. Бойында ерекше  қабілеттері бар балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер сияқты мектептің жаңа түрлері ашылды.

Елбасы Н.А.Назарбаев «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтік жаңғырту барлық салаларды, оның ішінде білім беруді де  қайта құруды талап еткен болатын.[5] (Н.Ә.Назарбаев)  Оқу-тәрбие үрдісін жаңғыртудан  не күтуге болады. Оқу-тәрбие үрдісі білім беру үрдісінің өзегі әрі негізі болып табылады, сондықтан оны қайта құру қашанда маңызды. Жаңғырту жөніндегі негізгі жұмыстар орта білім беру жүйесінде жүргізіледі.

Білім беру үрдісінің негізі — оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту болып табылады. Бұрынғы кеңестік аумағында  Қазақстанда тұңғыш рет  функционалдық сауаттылықты дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жұмыстар жоспарын бекітті. Ол оқушыларда құзырлылық дағдыларын, алған білімді нақты өмір жағдайында табысты қолдана білу қабілетін дамытуды көздейді. Білім беруді жаңартудың маңызды басымдықтарының бірі – 12 жылдық оқытуға көшу.

2013 жылдан бастап оқу  жоспарында қазақстандық барлық мектептерде ағылшын тілін 1 сыныптан бастап енгізілді.

Барлық облыс орталықтарында білім саласының түрлі бағыттарында халықаралық тәжірибеде табысқа ие болаған жаңалықтарды жүзеге асыру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мектептері ашылуда. Мұнда оқушылар  физика, математика, химия, биология пәндер бойынша терең білім алуда.

Одан басқа, жан-жақты дамыған, шығармашылық ой-өрісі кең, өзінің кәсіби жолын таңдай алатын және бүкіл ғұмырын оқып-үйренуге сарп етуге дайын   Қазақстан азаматын құруға бағытталған Ұлттық жоспар әзірленген. Бұл құжатта тәрбие жұмысын күшейтуге аса маңызды көңіл бөлінген.

Қазақстан мектептерінде өзгеріс енгізу қажет пе? Неліктен қажет? Қандай өзгеріс енгізу қажет? Қажет екенін бәріміз түсінеміз. Әсіресе, 3 деңгейлі курс өткен мұғалімдер. Өз басым пән мұғалімі болғандықтан, мектебімнің білім сапасын қалай көтерсем екен деген сауалға жауап таба алмай жүр едім. Курсқа да сол толғандырған сұраққа жауап ала алам ба деген үмітпен келдім. Мектептегі тәжірибе кезеңінде мектепке өзгеріс енгізетін басты тұлға мұғалім екендігін түсіндім. Себебі, мұғалім білім алушы тұлғамен, яғни, оқушымен тікелей тығыз байланыста қарым-қатынас жасайтын адам. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім (Strong, Ward & Grant, 2011).[6] Осы тұжырымның дұрыстығына тәжірибе кезеңінде мектеп мұғалімдерінің тізбектелген сабақтар өткізгенде көзім жетті. Өйткені, бірінші сабақ пен төртінші сабақтың оқыту нәтижесі екі бөлек. Бірінші сабақта аузын ашпаған, қорқып тұрған оқушылар болса, төртінші сабақта барлық оқушы бір адамдай жұмыс істеп, сабақтың қорындысын өздері шығарды. Сонда әрбір мұғалім оқушыларға қалай оқу керектігін үйреніп  құзырлы оқушы қалыптастыру қажет[7]. Өзгермелі қоғамның жаңа тұрпатты мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға.

Мектепте өзгеріс енгізу үшін  іс-әрекеттерді басқару үшін Синектің НЕГЕ? ҚАЛАЙ? НЕ? көшбасшылық конустық метафорасын басшылыққа алдым.  Бұл өзгерістерді енгізу үшін мектеп жағдайына қысқаша талдау жүргізу дұрыс деп ойлаймын.

Білім беру сапасы мұғалімдердің сапалық құрамына байланысты болады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін біліктілігі жоғары деңгейдегі мұғалім білім беру жүйесінде маңызды роль атқарады. Білім алушылардың оқудағы жетістіктері ұстаздардың санаты мен шеберлігіне, олардың педагогикалық және кәсіби қабілеттерінен тәуелді.

Мектептегі мұғалімдердің саны азайды: 2010 жылы – 31 мұғалім, 2011 жылы – 27 мұғалім, 2012 жылы – 27 мұғалім, 4 адамға азайды. Азаю себебі жас мамандардың тұрақсыздығы.

Педагог кадрлардың білімділік деңгейі сапалы түрде артты. 2010 жылы 83,8 % болса, 2012 жылы 96 %-ды құрап отыр, арнаулы орта білімді мамандардың үлесі 12%-ға кеміген. Бұл көрсеткіштің оңтайлы арту себебі, мұғалімдердің жоғары оқу орындарын сырттай аяқтауы, жоғары білімді жас мамандардың келуі. Мұғалімдердің кәсіби деңгейінің негізгі көрсеткіші оның санаты. 2012 жылы жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің үлесі 39 %-дан 56 %-ға дейін артты. Мұғалімдердің сапалық деңгейін өсірудің жолы ретінде іс-тәжірибе алмасу семинарлары мен біліктілікті арттыру курстарын атап өтуге болады. Шет мемлекеттерде біліктілікті арттыру басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау арқылы,аспирантура,  коуч, тренер, менторлардың жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Мұғалімдердің сапалық көрсеткіштері жоғарылады: облыстық, аудандық олимпиадаларға қатысу (2010-8, оның ішінде облыстық олимпиадада 3-орын, 2011-7, оның ішінде аудандық олимипадада 3 жүлделі орын, облыстық олимпиадада 3-орын, 2012 жылы-6, оның ішінде аудандықта 2 жүлделі орын, облыстық олимпиадада 1 қатысушы), ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу (2010-6, 2011-5, 2012-6), республикалық әдістемелік журналдарға мақалалардың басылып шығуы (2010-1, 2011-3, 2012-4, 2013-2), бастапқы әскери дайындық мұғалімі облыстық сайыстың 1-орын (2012 жыл), бастауыш сынып мүғалімі Облыстық педагогикалық оқуларының 3-орын (2013 жыл), қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ертіс өңірінің компоненті облыстық сайсының 3-орын (2013 жыл) иегері атанды. Жалпы үш жылда түрлі облыстық, аудандық әдістемелік, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары- 12.

Көрініп тұрғандай сапалық құрам бойынша төменгі көрсеткіш 2010 жылда. Санаты жоқ мұғалімдердің санында оңтайлы динамика жоқ (2010 жылы – 25%, 2011 жылы – 32%, 2012 жылы – 29%). Бұл көрсеткіштің тұрақсыздығы жыл сайын мектеп ұжымы жас мамандармен толықтырылатындығымен түсіндіріледі. Ауылға келген жас мамандарды қолдау үшін әр түрлі әлеуметтік бағдарламалар іске асырылуда, олардың қатарында – жас мамандарға бөлінетін көтерме ақы, жеңілдетілген несие (ауылдық жерге жіберілген білім беру саласындағы жас мамандарға көтерме ақы белгілеу және төлеу ережелері облыстық маслихаттың 20 қазан №88/21 шешімімен бекітілген).

Сапалы білім берудің бағыттарының бірі мұғалімдер біліктілігін көтеру жұмысы болып табылады. 2011-2013 жылдар аралығында 100% мұғалім түрлі тақырыптардағы білімдерін жетілдірді. Оның ішінде жаңа форматтағы ІІІ деңгейдегі  курсты  2 /7%/ мұғалім өтті.  Жоғарыдағы талдауға қарап отырсақ,  жалпы мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамы жаман емес. Алайда,  мектептегі білім сапасы қатерлі деңгейде. Білім сапасын көтеру үшін  мектептің әрбір мұғалімі жоқ  дегенде  3 деңгейдегі жаңа форматтағы курстан өтіп, оқыту үдерісіне оң жаңалықтар енгізу керек. Сыныптағы барлық оқушымен сабақ барысында жұмыс істеп, баланың алған білімін өмірде пайдалана білуге,  бақылай және бағалау дағдыларын қалыптастыру керек. Оқушылардың білім сапасын көтеру үшін, оқыту үдерісіне өзгеріс енгізу қажет. Яғни, мұғалімдер 7 модульді  пайдаланып, сапалы дайындық жүргізіп, сабақ жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі уақытта менің ойымша, біздің мемлекетің алған бағыты дұрыс деп ойлаймын. Оқушыларға көптеген ақпарат беріп, жан-жақты дамытып жатқанымыз дұрыс бағыт, себебі, әлем  соқпағы көп шырғалаң жол, сондықтан біз барлық қиыншылықтарға төтеп беретін ХХІ ғасырға дайын тұлғаны қалыптастыруымыз керек.

Курстың бірінші күннен бастап, І деңгей мұғалімдерін оқыту мақсатын оқып білгенде адаспағанымды білдім. Ал тәжірибе кезінде оған көзім жетті. Мен енді мұғалім ретінде емес көшбасшы ретінде мектепте өзгеріс енгізуіме болады. Тәжірибемнің бірінші күні мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналармен кездескенде курстың мақсат- міндеттерімен таныстырғанда көптеген мұғалімдердің көздері жанып, өзгеріс қажеттігін түсінгенде, өзімнің сол өзгерістерді енгізудің көшбасшысы болатыныма қуандым.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. І деңгейлі мұғалімге арналған нұсқаулық
  2. Н.А.Назарбаев «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламасы
  3. http://www.tarbie.kz/ Кұзжанов Б.аға оқытушы, ТарГПИ

Джантлеуова Р.У. аға оқытушы, ТарГПИ, Джантлеуова Ж.Б. магистрант, ЖГТУ  (12 жылдық  білім беру  үлгісіне көшу мәселелері)

І деңгейлі мұғалімге арналған нұсқаулық-4 бет).

 

деңгейлі мұғалімге арналған нұсқаулық-5 бет

Н.А.Назарбаев  «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламасы

 

І деңгейлі мұғалімге арналған нұсқаулық-7 бет

І деңгейлі мұғалімге арналған нұсқаулық-7 бет