Ағылшын және қазақ тілдеріндегі тұрақты тіркестер мен еркін сөз тіркестерінің берілу ерекшеліктері

Ағылшын және қазақ тілдеріндегі тұрақты тіркестер мен еркін сөз тіркестерінің берілу ерекшеліктері

         Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі; 2) мағына тұтастығы; 3) тіркес тиянақтылығы. Фразеологизм дегеніміз – құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын тұрақты сөз тіркесі. Еркін сөз тіркесі дегеніміз – сөздердің емін-еркін тіркелуінен жасалатын тіркестер. Еркін сөз тіркестері құрылымы жағынан фразеологиялық тіркестермен ұқсас келеді. Еркін сөз тіркестері фразеологиялық тіркестердің көптеген түрлерінің жасалуына негіз болады. Екінші сөзбен айтқанда фразеологиялық тіркестердің ішінде еркін сөз тіркесінің құрылымы, үлгісі бойынша жасалғандары ұшыраса береді. Мұны мына мысалдарды салыстырудан көруге болады: шалқасынан жату – шалқасынан  түсу; таудан биік – сүттен  ақ, судан таза; есік пен терезенің арасында – қас  пен көздің арасында; қол жуып – қол  қусырып, ағылшын тілінде: to keep in hand — to keep in mind; to draw the picture – to  blacken the picture; to fall from the tree – to fall from the moon; to be on the seventh floor – to  on the seventh heaven және т.б. Бұлардың алдыңғылары – еркін  сөз тіркестері де, соңғылары – еркін  сөз тіркестерінің құрылымдық үлгілері бойынша жасалған фразеологиялық тіркестер.

Алайда, фразеологиялық сөз тіркестері мен еркін сөз тіркестерінің арасында түбірлі айырмашылықтар бар. Жек сөздердің даяр тұрған бірлік ретінде сөйлем құрамына енетіні сияқты, фразеологиялық  бірліктер де бұрыннан жасалып қойған, даяр тұрған бірліктер ретінде еркін сөз тіркесінің немесе сөйлемнің құрамына енеді. Мысалы: one’s blood freezes – жаны мұрнының ұшына келу; one’s hair stands on end – төбе шашы тік тұру; to walk on air – көңілінің қанаты алып ұшу тәрізді фразеологиялық тіркестер олардың құрамындағы жеке сыңарлардың (сөздердің) сөйлеу кезінде емін-еркін тіркесуінен жасалған тіркестер емес, бұрынан тіркесіп қойған, әбден қалыптасқан, даяр тұрған тіркестер ретінде қолданылады.

Фразеологизмдердің даяр қалпында жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады. Мәселен: Асан қалаға жүрейін деп отыр деген бір сөйлемді әркім неше жаққа жүгіртіп өзгерте беруіне болады. Мысалы: Асан қалаға жүрмекші, Асан жақын арада қалаға бармақшы, Асан қалаға барам ба деген ойда, Асанның қалаға жүрем бе деген ойы бар, т.б. Бұл сияқты еркін сөз тіркестері қатынас жасау процесінде әркімнің өз қалауы бойынша жасалады. Ал тілдегі фразеологизмдер бұлайша етуге, құбылтуға көнбейді. Мәселен, төбесі көкке жетті дегенді төбесі көкке жетейін деп тұр, төбесі көкке жетпекші деп өзгертуге болмайды. Оның сыртқы құрылым-құрылысы еркін тіркеске ұқсағанымен сөйлем ішінде қолданғанда біртұтас даяр күйінде жұмсалады. Ешкімнің ырқына көнбей, даяр тұрған құрылыс материалы сияқты қызмет етеді де, сол қалпында сөйлемнің құрамына енеді. Еркін сөз тіркесінің әрбір сыңары мағыналық дербестігін сақтап, сөйлемде әр басқа мүше ретінде жұмсалады. Синтаксистік сөз тіркесі белгілі бір үлгілері (модельдері), ережелер бойынша сөйлеу кезінде жасалады. Демек, фразеологизмдердің даяр қалпын сақтай отырып қолданылуы оның еркін сөз тіркестерінен ерекшелігін білдіретін белгілердің бірі екенін көреміз.

Еркін тіркес пен фразалық тіркесті бір-бірінен ажыратудың түрлі амалдары болады. Мысалы: ағылшын тідінде мына төмендегі after having rolled up her sleeves, she began to wash the floor сөйлемде to roll up one’s sleeves – жеңін түру деген еркін сөз тіркесі. Жалпы сөйлем Жеңін түріп алып, ол еденді жуа бастады, бұл сөйлемде әр сөздің өзінің жеке мағынасы бар және белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Ал мына сөйлемде Everybody worked rolling up their sleeves – құлшына кірісіп, бұл жерде фразеологиялық сөз тіркесі жалпы бір мағына білдіреді, мағынасы «бүгіліп қатты жұмыс істеу».