«Ілияс Жансүгіров шығармаларының лексикасы»

363

Қазақстан  Республикасының ғылым және білім министрлігі

Шығыс Қазақстан облысы

 

 

Бағыты:  Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары

Секциясы: Тілі бөлімі

Тақырыбы: «Ілияс  Жансүгіров шығармаларының лексикасы»

 

 

 

Авторы: Жобалаева Шынар, Советбеков Ерасыл,   9-сынып, «№ 23ЖОББМ» КММ, Семей қаласы

 

Жетекшісі: Жакупова Анар Орахғалиевна, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Ережепова Жадыра Мураткановна, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«№23 ЖОББМ» КММ, Семей қаласы

 

Кеңесшісі: Жумагулова Алия Матаевна, филология ғылымдарының кандидаты, журналистика және практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Семей қаласы

 

 

 

 

 

 

Семей қаласы, 2014 жыл

Мазмұны

 

Кіріспе…………………………………………………………………………………………………………….. 3

1-тарау.  Ілияс Жансүгіров шығармаларының лексикасы…………………………… 4

1.1.  Көнерген сөздер. Архаизмдер, тарихи сөздер……………………………………. 4

1.2.  Кірме сөздер…………………………………………………………………………………… 10

1.3.  Дисфемизмдер мен эвфемизмдер……………………………………………………. 18

1.4. Табу………………………………………………………………………………………………… 21

1.5. Диалект сөздер………………………………………………………………………………… 22

2-тарау. Этнографизмдердің қолданылуы…………………………………………………… 23

2.1. Түсінігі қиын сөздер……………………………………………………………………….. 23

2.2. Фразеологизмдердің қолданылуы……………………………………………………. 25

Қорытынды………………………………………………………………………………………………….. 30

Әдебиеттер тізімі…………………………………………………………………………………………… 31

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Сөз зергерлерінің шығармашылық мұраларының тіл кестесі қазіргі қазақ әдеби тілінің шығарма тілі деп аталған саласының даму, қалыптасу жолын айқындап, дәлелдейді. Көркем шығармалар әдебиеттану ғылымында тақырып, мазмұн, идея жағынан талданып танылса, қаламгер шығармаларының лексикасы, сөзжасамы, көрікті сөз қисыны, тілдік қолданыс үлгілері, морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылымдары лингвистикалық талдаулар арқылы айқындалады.

Көркем шығарма тілі, яғни қаламгер тілі екі аспектіде қарастырылады: біріншіден, әдеби тіл фактісі ретінде; екіншіден, авторлық даралық стиль тұрғысынан.

Қаламгер шығармаларының тілін әдеби тіл фактісі ретінде қарастыру арқылы шығарма жазылған тұстағы ана тіліміздің сөздік құрамы, сөз қолданыс ерекшеліктері танылады. Авторлық   даралық стиль тұрғысынан қарастыру арқылы  әр қаламгердің «сөз саптауы, сөйлем құрастыру, сөзіне өзінше мән беру, ана тілі негізіне сүйене отырып, жаңа бір тыныс жасау, сөйлемдегі сөз тіркестерінің дағдыдағы қалпын өзгерту, кейде архаизм, кейде неологизм, кейде шет сөз ауыстыру, кейде инверсия, элипсистер арқылы мүлде күтпеген жерден әдебиетте бұрын кездеспейтін бір жаңалықтарға» қол жеткізгені анықталады,  яғни ,әр қаламгердің өзіне тән стилі танылады.

І. Жансүгіров шығармаларының тілін осы екі аспектіде қарастырған жөн, өйткені, ол – қазақ әдеби тілін қалыптастырушылардың бірі, сөз қолданысы даралығымен  ерекшеленетін суреткер.

Ақын шығармаларының лексикасы бай, ол ана тілін, оның тілдік құрылым – құрылысы мен заңдылықтарын, дәстүрлі сөз саптау үлгілерін жетік білуімен қатар, «асыл сөздің алтын, жезін ақтарып» керектісін өз кәдесіне өз мәнерінде қолданды, ой теңізіне батыратын қуаты бар? Енді Ілияс лексикасының байлығын аңғартатын көздерді сараптайық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-тарау.  Ілияс Жансүгіров шығармаларының лексикасы

 

  • Көнерген сөздер. Архаизмдер, тарихи сөздер.

Көнерген сөздер. Қазіргі қазақ тілі тұрғысынан алғанда қолданыста сирек кездесетін немесе мүлдем қолданылмайтын, қолданыстан шығып қалған сөздерді – көнерген сөздерге жатқызамыз.  Ілияс Жансүгіров шығармалары XX ғасырдың 20 – 30 жылдары жазылғандықтан әрі эпикалық шығармаларына XVIII – XIX ғ. оқиғалары арқау болғандықтан, сол қоғамдағы, сол замандағы тіл фактілері мен үлгілері жиі кездеседі: Кім дейсіңдер мынау? Керек сайыс, лау. Мен бүгінгі құдайың, біліп қойғын пақыр-ау. («Елге шыққанда…не айтады?»)

Сол үшін тау пәлені басына үйген, тартқан ол тауқыметті болыс, биден.(«Құлагер»)

Шумақтарда кездесетін лау, болыс, би – көнерген сөздер. Лау – архаизм сөз, мағынасы – тығыз қызмет бабымен жүрген адамдарды бір ауылдан екінші ауылға жеткізіп салуға әзірлеп қойған көлік; болыс, би – тарихи сөздер. Болыс – жанжалға бітім айтып, төрелік жасаушы, ел ішіндегі әділ қазы, қазіргіше судья. Сәлем айт Әлімқұлдай датқа – бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. Аруағы Абылайдың болды разы. Әлімқұл өзі қылған бұл билікке. Білемін аруағымды сыйлағанын, аулын  Кене ханның қимағанын от жақпай арасына хан – қараның. («Күйші»)

Датқа – Қоқан мен Бұхара хандықтарындағы полковник дәрежесіне тең лауазым, атақ;  бек —  феодалдық қоғамдағы ру басы, ел билеушісі; хан – феодалдық дәуірдегі кейбір түрік және моңғол халықтарында болған Елбасы; қара –  бұқара халық. Мысалдардағы көнерген сөздер шығарма оқиғасының шынайылығын  арттыра түскен.

Ілияс Жансүгіров шығармаларында көнерген сөздерді тақырып жағынан былай топтастыруға болады:

Қару-жарақ атаулар;

Салт — сана, әдет – ғұрыпқа қатысты сөздер;

Мата атаулары;

Киім-кешек атаулары;

Тұрмыстық зат атаулары;

Әр түрлі ұғымға қатысты архаизмдер;

Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер.

І.Жансүгіров шығармаларында қазіргі тіл тұрғысынан көнерген сөздер деп танылып отырған элементтер өз заманында актив лексика болғанымен, әлеуметтік – қоғамдық жағдайларға байланысты пассив лексикаға айналған. Ақын көнерген сөздерді шығармаларының тарихилығын арттырып, заман шындығын нанымды көрсету мақсатында арнайы қолданады. Ақынның 1915 – 1916 жылдары  жазылған  алғашқы  өлеңдерінің бірі «Қазақ үйдің тұрмысы» атты өлеңінен көнерген сөздер мен кірме сөздерді молынан кездестіруге болады.

І.Жансүгіров шығармаларында көнерген сөздер, оның ішінде архаизмдер қатарына жататын жоғарыдағы тақырыптық түрлерінің біршамасы кездеседі. Мәселен, мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер:

         Ілініп ханның байлау, матауына,

Азат бас айналды оңай ата құлға.

Күйшіні ертіп келіп есік ашты,

Мақпал бау, манат ойған отауына. («Күйші»)

Мақпал – тығыз тоқылған, түкті,жұмсақ,қалың мата, барқыт; манат – барқыт тәрізді сырткиімдік бағалы шұға.

Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер:

Қойшыға мен мінгізіп қояр едім,

Семіртіп мен соғымға сояр  едім.

Кемпірдің азасына әкеп салып.

Бата оқып, ет, қымызға тояр едім .(«Құлагер»)

Аза – өлім-жетімге байланысты қайғы-қасірет, мұң-шер;  бата оқу-қайтыс болған адамға бағыштап оқылатын дұға; соғым сою – қысқы азығына арнап семіртілген мал.

Ол емес және өзінің малын баққан,

Жалшы емес және байдың отын жаққан.

Кісіні ит етінен жек көретін,

Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан. («Құлагер»)

Арыз айту – наразылық білдіру, шағым;биге шағу – биге шағымдану;   дау қуу – cөз қуу, дауласу.

Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер:

     Жан – жақтан ағытылды сабаны артып,

Түсіріп, дүрілтетіп жүр табақ тартып.

Кісіге шыпылдады ақ ордалар,

Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жұлт.(«Құлагер»)

Саба – жылқының бітеу терісінен жүнін қырқып илеп, ыстап жасалған, қымыз ашытатын сыйымды ыдыс.

Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,

Қалтырап жынданғандай қолы, басы.

Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,

Топтақтай тоқсан төртке жетіп жасы.(«Құлагер»)

Саптыаяқ – ағаштың безінен шауып жасалған аяқ, ыдыс.

 

Діни ұғымға қатысты архаизмдер:

         Молда айтқан ұшпақтағы қор қызы ма?

Періште, әлде пері, әлде жын ба?

Құлпырып қыздың беті албырайды,

Ұқсаған алтай түлкі жондығына. («Күйші»)

Ұшпақ – пейіш,жұмақ; пері- діни сенім бойынша, аспанда, су ішінде тіршілік ететін жамандық пен зұлымдықтың күш иесі; Жын – діни сенім бойынша көзге көрінбейтін жын-шайтан, әзәзіл, пері.

Жағымды және де өзі Қоқан жаққа,

Мансапты жинап зекет апармаққа.

Дулаттың бір түсетін төбесі деп,

Кене хан келген жанап осы аруаққа. («Күйші»)

Зекет – шариғат бойынша жоқ-жітік, кемтар, кедей адамдарға берілетін садақа.

 

Әр түрлі ұғымға қатысты архаизмдер:

«Дат!» — деді ханның өжет Қарашашы,

Немере, хан Кененің қарындасы.

«Ханша, не датың бар?» — деді Кене,

Аңырып тұрып қалды айналасы.(«Күйші»)

Дат – тілек, өтініш айту мағынасын білдіретін қаратпа сөз.

Барымта – ел шулатып жылқы қуған,

Әупілдек батыр шыққан әр рудан.

Ел құнға жұма сайын бір жығылып,

Қара нар, қалы кілем бітім қылған. («Құлагер»)

Барымта – жауласқан екі рудың бірінің – бірі мал-мүлкін іштен тартып алып, кек қайтаруы; Құн – кісі өлтірген адам тарапынан би кесімімен төленетін айып мал; төлем.

Ол күнде қазақ мұндай жасармаған,

Құл мен күң қожасынан аса алмаған.

Жарлыға, жалғызға да дес берді ме,

Жыландай ысқырынған зәһар заман. («Құлагер»)

Құл – құлдық дәуірде басында еркі жоқ, иесіне бүтіндей бағынышты шаруа адамы;  Күң – бас бостандығынан айырылған басыбайлы әйел.

Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,

Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.

Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр,

Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған. («Құлагер»)

Тоқал – қатын үстіне алған екінші әйел.

 

Тарихи сөздер. Тарихи сөздер дәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған сөздер. І.Жансүгіровтың шығармаларындағы тарихи сөздерді де бірнеше топқа бөлуге болады:

  1. Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер: хан, ханыша, сұлтан, ауылнай, т.б.
  2. Әскери атақ пен қару – жараққа қатысты тарихи сөздер: садақ, жақ, жебе, дулыға, т.б.
  3. Күні кешегі Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер: нарком, губком, совдеп, ревком, отарба, колхоз, совхоз, райком, партком, т.б.

Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер:

Қамаудың  хан ауылы қыр жағында,

Аңқытып ақ орданың бір жағында,

Күйші отыр домбыраны  дүрілдетіп,

Құмар ғып тартқан күйдің ырғағына . («Күйші»)

Немесе: «Тыңдасын домбырамды хан тағында» — деп келген сорлы күйші атағына. Айтылып хан жарлығы кете берді, қақтығып орданың бір шатағында . («Күйші»)

Хан – феодалдық дәуірдегі кейбір түрік және моңғол халықтарын дара билеген Елбасы.

Қоршаған хан қасында қошеметші,

Даяшы,төлеңгіті, би, жендеті.

Ауылы Бақанастың өлкесінде,

Арқадан Алатауға ауған беті. («Күйші»)

Даяшы – қожайынның жарлығын орындап отыратын басыбайлы қызметші; Би – дау –жанжалға бітім айтып, төрелік жасаушы, ел ішіндегі әділ қазы;  Жендет – өлім жазасын орындаушы, баскесер.

Қарашаш ақылы дария, алтын басы,

Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы.

Өз басын мың қараға теңгермейтін,

Кененің кеңесінде ақылдасы. («Күйші»)

Ханзада – арғы заты, шыққан тегі хан тұқымынан тараған тақ мұрагері.

Сырттан қыз сілкінгендей беріп сыртын,

Талайдың айбынымен алған сұрқын.

Иілді «Алдияр!» деп хан алдына,

Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым.

Немесе:

«Алдияр!» аузына әзер түсті,

Алақтап алды-артына назар түсті.

Кіргендей болып кетті бір сарайдағы,

Алтын мен жібек жайған базар түсті. («Күйші»)

Алдияр – ханға, төрелер мен сұлтандарға өтініш айтарда олардың дәрежесін ұлықтап, кішірейіп, назарын аудартар сөз.

Ақ отау іші- сырты зер кестелі,

Бір тозаң тимегендей ел көшкелі.

Қазына – жібек, жанат, алтын, күміс,

Не патша, не хандардың берместері.

Немесе:

Арманды ел ақ патшаға арыз қылған,

Арыздан борыш басып, қырғыз қуған.

Жер мұңын, елдің шерін өлең қылып,

Арыздан борыш басып, қарыз қуған.

Жер мұңын, елдің шерін өлең қылып,

Ақан да жанның бірі жаны ауырған.

Патша – революцияға дейінгі Ресей монархының титулы.

Төпелеген тағы шапты дүбірлетіп,

Ақсады тайтырақтап, кібірлетіп.

Түсінген күй тіліне ханшайым , —

«Қой-күйшім,жетер!» — деді жымың етіп. («Күйші»)

Ханшайым – ханның тұқымынан шыққан әйел жынысты адам, ханның қызы, қарындасы.

Тұрмаймын құса болып бұл қылыққа!

Итшілік,  жігітшілік, тырқылыққа.

Сұлтанныңсүйегіне лайық па,

Ханзада қалай шыдар бұл қорлыққа?

Сұлтан – Шыңғысхан  ұрпағынан жергілікті билеушілердің лауазымы.

 

Әскери атақ пен қару – жараққа қатысты тарихи сөздер:

Келелі кеңестер не? Ақ найза не?

Не тоқтау толқып жатқан айдын көлге?

Көтерген Абылайлап ала жалау,

Шақыртқы ту бола ма тозған елге?… («Күйші»)

Найза – ұшына темір істік кигізілген , ұзын ырғай сапты ескі соғыс құралы, сүңгі.

Ат сайлап,  қылыш қайрап сарбаз ерлер,

Зеңбірек атанға артқан найзагерлер

Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,

Алатау берік қорған,  жұмақ жерлер. («Күйші»)

Қылыш – болаттан соғылған, екі жүзді өткір, ұзын, сапталған алмас қару.

Сарбаздар саңлақ мінген шоғырланған,

Жасақтар жалаң қаққан жауға арналған.

Семсерлі сері, талай найзагерлер,

Болаттар тас тілуге ожарланған. («Күйші»)

Сарбаз – жасақшы қол; әскер, жауынгер; семсер – болаттан істелген екіжүзді кішірек қынға лайықталған өткір қару.

Тізіліп сапқа тұрған сірі садақ,

Ақ сары алдаспандар  жалақ – жалақ.

Сықылды Ержан, Науан  ерлер де жүр,

 

Мұз балақ, қаңтардағы қырау қабақ. («Күйші»)

Садақ – ағаштан иіп жасалған соғыс құралы, жақ; Алдаспан – сабында көлденең салынған болат қалқасы бар семсер.

Өмірде  солардайын қорлық тартқан,

Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.

Жаралап ер жүрегін жау қанжары ,

Ысқырып жылан өмір жанын шаққан .(«Құлагер»)  Қанжар – белге байлап жүретін, қос жүзді үлкен пышақ(қару).

І.Жансүгіров шығармаларында кездесетін архаизмдер мен тарихи сөздер сан жағынан мол. Ақын көнерген сөздерді қолдану арқылы баяндалып,суреттеліп отырған оқиғаның,оқиғаға қатысушы кейіпкер тілінің нанымды, сенімді болуын ескерген.

Діни сөздер. І. Жансүгіров шығармаларының ендігі бір қабаты – дін, дінге қатысты сөздер. Діни сөздердің көпшілігі XX ғасырдың 90 жылдарына дейін көнерген сөздер, қолданыстан шыққан сөздер есебінде болды. Тіл – жанды құбылыс, қоғамдық құбылыс, сондықтан да ол бірде «тіріліп», жаңа мағына, жаңа үрдіске бейімделіп қолданысқа қайта оралуы да мүмкін.

Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,

Ұры емес ауыл торып, ел шулатқан

Молда емес, мешіт салып, зекет алып,

Нәжісін дүниенің бойға жаққан

Ақанды сол күндегі сопы  десек,

Әсем тау оған құбыла мекеге есеп

Ән- азан , сөз – намаз болып,

Кітап боп көңілін ашқан гүл- бәйшешек. .(«Құлагер»)

Мұны оқытқан кім екен?

Ғазазыл ма екен, жын ба екен?

Таңырқаймын, тамсанам,

Дандыға құл қу ма екен?(«Алдымда»)

Қырда атақты шал өлсе,

Бір қобырап қалмай ма?

Пидиялап мал берсе,

Молда жалаң қақпай ма?(«Дала»)

Құран, аруақ, құдаймен

Бұқараны байлармыз

Бай, зиялы бұлармен

Орындаймыз ұранды. («Далада»)

Үзінділерде берілген діни сөздердің мағыналары түсінікті болғанмен, қолданылу жиілігі тең емес: молда, мешіт, азан, құран, аруақ сөздері жиі қолданылса, ғазазыл  (араб сөзі) – қазақ тілінде көбінесе әзәзіл түрінде қолданылады, шайтан, ібіліс сияқты қаскөй рух, ауыс мағынада – азғырушы, алдамшы ретінде санамызға сіңген. Ақын қолданысындағы пидиялапсөзі – підия: Ислам діні бойынша өлген адамның күнәсі көтеріліп алу үшін молдаларға берілетін (мал, зат т.б.) зат мәніндегі сөздер сирек қолданылады.

Ілиясты шығармалары негізінде атеист деп танимыз, оның себебі өмір сүрген ортасы,  саясат соны талап етті. Сондықтан да ақын шығармаларындағы дін иелері, олардың іс- әрекеті халық мүддесімен  сай емес, қанаушы таппен ниеттес деген тұрғыда суреттеледі.

Қазақ  өмірі арқау болған «Мақпал», «Рүстем қырғыны» поэмаларында  әзірейіл, періште, перизат, ақирет, ораза, намаз, т.б. діни ұғымға қатысты сөздер кездеседі. Олар суреттеліп отырған  оқиғаға байланысты қазақ өмірімен астастырыла қолданылады.

І. Жансүгіров шығармаларында мұсылман  дінінің ұғымдары мен догмаларына қатысты сөздер молда (мулла) – ислам дінінің рухани қызметкері; мешіт (мәджет)- мұсылмандардың намаз оқуға жиналатын үйі; зекет(зәкат)-ислам діні шариғаты бойынша қожа мен молда, хан мен имамдарының  пайдасына халықтың мал-мүлкінен жыл сайын алынатын салық үлесі; пері, сайтан, жын, аруақ т.б. араб-парсы тілінен енген кірме сөздер. Олар біздің тілімізге ислам дінін қабылдауға байланысты енген, қазақ даласына араб шапқыншылығынан қалған тарихи ескерткіш.

 

  • Кірме сөздер.

Халық лексикасы ежелден тілімізде қолданылып, тіліміздің негізгі сөздік қорын құрайтын төл сөздерімізбен  ғана бай емес, сонымен қатар, тілімізде өзге тілдерден түрлі тарихи оқиғалар мен кезеңдерге байланысты лексикалық қабаттан орын алған кірме сөздер арқылы да кеңейе түскен.

Кірме сөздер – тіл-тілдің лексикасын байытудың аса өнімді жолы; мемлекет пен мемлекет, халық мен халық арасындағы экономикалық,саяси, мәдени байланыстардың нәтижесі. Қарым-қатыныстар арқылы бір тілден екінші тілге көптеген сөздер ауысады. Бір тілдің сөздері екінші, үшінші, төртінші бір тілге тікелей де, жанамалап та, екінші бір аралық тіл арқылы да, ауызша, жазбаша нұсқалар арқылы  да ауыса береді. Қазір дүние жүзі тілдерінің бәрінде де кірме сөздер бар.

І.Жансүгіров шығармаларында кездесетін араб-парсы тілдерінен енген сөздер сөздік қорға еніп, төл сөзімізге айналғандар, олардың этимологиясына арнайы үңілмесе,  кірме сөздер екендігін байқау қиын. Кейбір сөздер фонетикалық (дыбыстық) тұрғыдан өзгеріске ұшырағаны болмаса, кірме сөздердің лексикалық мағынасы сақталған. Мысалы; Апта (һәфте)  бір жеті, бір жұма.  Ұзақтығы жеті күн тәулігіне тең уақыт өтілімі. Жұма (джұмға) – мезгіл, күн аттарынан бесінші күні. Аспан (асман) – төбедегі кеңістік, көк, әуе. Асылы, бұл сөдер тек фонетикалық өзгеріске түскен, мағыналары сақталған. І.Жансүгіров шығармашылығында аталған сөздер халықтық тілмен бірегей қолданып, төл сөздерге айналған. Кірме сөздің автордың баяндау тілінде, кейіпкер тілінде ана тіліміздің төл сөзі ретінде көрінеді. Тура, ауыс мағыналарында қолданылып, белгілі бір стильдік қызмет атқарады.

Мәселен, нан, ақыл,айуан,қиял,құмар, тұмар, мал, жын, халық, апта, сауда, азап, табиғат, боран, жан, шаруа, мәжіліс, жендет, халық, ел, мазақ, батыр, құрмет, арыз, заман, аруақ, зеңбірек, найзагер, батыр , батыл, қошемет, аспан, тарих, ақын, асыл, бұлбұл, жұма,ел, әдет, маржан, меруерт, пері, молда, мешіт, зекет, дау, арыз  т.б. көптеген сөздер.

Тәрбие мен білім беру саласы бойынша қазақ тіліне араб-парсы тілінен енген сөздер. І.Жансүгіров поэзиясының лексикалық қабатынан көрініс тапқанына көз жеткізу үшін мысалдарға көз жіберейік:

Дегендей, тазша-ау мені тақымдама,

Тап берме, таяғыңмен жақындама.

Өзің құл, өзің- дағы мен сықылды,

Ұрмастан ойла соны! Ақыл бар ма? («Күй») Мұндағы ақыл (ақыл)-  адамның ойлау қабілеті; сана-сезімі. Қашаннан қазақ көшкен тарих көші, таланып жаудан, жұрттан жеткені осы.

Көсемі көш алдында басшы болып,

Бақыттың жайлауына қонған тұсы.(«Күй») Мұндағы тарих (тарих) – халық басынан кешкен оқиғалар.

Күйіндей домбыраның құлдырасын,

Суындай Алатаудың сылдырасын.

Сөздердің асыл,  көркем тасын қала,

Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын.(«Құлагер») Мұндағы асыл(«әсел») – жақсы, таза, құнды деген ұғым береді.

Соларды әдетім еді айту аздап,

Ескіге ендігі елдің кегін қозғап;

Ескі күн – елдің жылап өткен күні,

Ескі ән, күй соңдықтан қалған боздап. («Құлагер»)   Әдет сөзі (ғадәт) – дағды, жол-жора, үйреншікті салт, ғұрып мағынасына ие. Мұндағы «ақыл»  сөзі абстрактілік ұғым. Кейіпкерді ойландыру, есіне келтіру мағынасында жұмсалса, «асыл»  сөзі де ауыспалы мағынада, құнды, таза деген ұғымды білдіреді, ал «тарих» сөзі халықтың өткені мен бұрынғысын көрсету мақсатында қолданылған сөздер, бұл сөздер тарихи төркіні тұрғысынан кірме сөздер болса да, төл сөз ретінде қабылдаймыз. Себебі, біздің сөздік қорымызға еніп, ақыл+шы, тарих+шы, тағы басқа жаңа сөз тудыру дәрежесіне жеткен сөздер.

Ілияс туындыларындағы астрономиялық ұғымдарды білдіретін сөздер:

Күннен күн, аптадан ай, айлар өтті

Төлежіп, түгі түлеп, желін жетті.

Күн бітті, боз інгенше боталапты,

Ботасы алтын басты, күміс көтті.

Апта(һәфте) – бір жеті, бір жұма. Апта – ұзақтығы жеті күн тәулігіне тең уақыт өлшемі екені мәлім. Демек, «апта» — «жеті» деген сөздің баламасы.

Халқымның қуанышты бұлбылымын.

Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.

Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,

Жүлде алар жұма  сайын туды күнім.(«Құлагер») Жұма (джұмға) – мұсылман күнтізбесіндегі бесінші күн. Жұмадан жұма жеті күн, бір жеті деген ұғымды да береді. Жоғарыдағы поэма үзіндісіне «жұма» сөзі аптаның күніне меңземейді, жүлдені жиі алатындығын көрсетеді.

Ақынның туындыларында қазіргі қазақ тілінде әлеуметтік, қоғамдық, саяси өмір саласына қатысты еніп, қазақ тілінің ішкі зандылықтарына толық бағынып, қалыптасып кеткен араб сөздері де көптеп кездеседі: Жұрт жиып Бағлан айтты:

«Елім – халқым,Іңгенім қайымайды,көңіл салқын.

Әулие көп ауызы, не айтасыңдар,

Барлар жан бар ма ішінде мұның парқын?»

Мұндағы халық (хәлқ) – жиын, топ, көпшілік деген мағына беріп тұр.

Қалмақты қақты қара жорғасына,

Айналды ақ алмастар қорғасынға.

Мәжіліс міне ,осындай болып жатты

Бір кеште хан Кененің ордасында. («Күйші») Мәтіндегі мәжіліс (мәджелес) сөзі – белгілі бір мәселені талқылау үшін бас қосқан жиналыс, кеңес отырыс мағынасында жұмсалған.

Қоршаған хан қасында қошеметші,

Даяшы, төлеңгіті, би, жендеті .

Ауылы Бақанастың өлкесінде,

Арқадан Алатауға ауған беті. («Күйші»)  Жендет (джәллад) баскесер, қанішер.

Төренің тұсындағы қасына ерген,

Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.

Жерлерді тоқты сойған топыр қылып,

Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген. Құрмет (хүрмәт) біреуге көрсетілетін сый, қадір,ізет ,қошемет.

Ат сайлап, қылыш қайрап  сарбаз ерлер,

Зеңбірек атына артқан найзагерлер.

Жарқылдап сыбызғылы күй тартқанда

Алатау берік қорған, жұмақ жерлер.(«Күйші»)  Зеңбірек (зәнбәрәк) алысқа атылатын үлкен соғыс құралы; найзагер(нәйзэгер)— найзашы.

Көңілден керуендеп күй көшкендей,

Әркімнің өз көңілімен тілдескендей.

Батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да –

Бәрі де домбыраға мінгескендей.(«Күйші») Қошемет (хошамед)— біреуге сый, құрмет, ізет көрсету.

Тілісің, теңіз көңіл, батылысың,

Өткір ой, сезгір сезім батырысың:

Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,

Өлеңнің өзені бір сапырылсын. («Құлагер») Батыл(бәтыл) – ер жүректі, қаһарман.

Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,

Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.

Мақұлық жерде, көкте маужырады,

Қарахан бір жан болмай шаруасына. («Күйші») Шаруа(чәруа) – іс, жұмыс; жан(джан) –ауыс. Кісі, адам.

Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың;

Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың;

Баласы бақытты елге, түс майданға,

          Халқыңның қайратысың, ақылысың. («Күйші») Ақын(ахун) – өлең шығарушы, өлең түріндегі шығарманың авторы.

Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,

Көңілі судай тасып, оттай маздап.

Ескі күн елім көрген енді ойласам,

Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ («Құлагер») Мазақ(мүзақ)— кеміту, қытығына тию үшін айтылатын әзіл, ажуа, күлкі, келемеж.

Мұндағы әлеуметтік, қоғамдық, саяси өмірге қатысты сөздер көбіне «Күйші», «Құлагер» поэмаларында кездеседі, Ақын заманның көрінісін, шындығын бейнелеудегі зор еңбегіне, шеберлігіне, оқырмандардың назарын аударуды мақсат еттік.

І.Жансүгіров шығармаларында да мал шаруашылығына қатысты сөздер қатары қалың. Мәселен: түйе,тұлпар, тоқты, теке, сиыр, серке, өгіз, нар, лақ, қошқар, қой, қозы, жылқы, бұқа, бесті, ат, арғымақ т.б. Бірақ олардың басым көпшілігі халқымыздың төл сөздері. Ал, араб-парсы тілдерінен енген мал атауларына қатысты сөздер саны аз:

Мен дауасын айтайын: Құлақ салып тыңдасаң.

Тойыңды жеп қайтайын,

Егер мені сыйласаң,

Жын, аруақ не берсін, өлтіресің қинасаң.

Көпке ортақ айуан мал. («Күй») Айуан парсы-араб тілінде  — жан-жануар, хайуана деген мағынаны білдіреді.

Бура сан, бұқа мойын, түкті қара,

Күмбездей көрінеді күпті қара.

Борбаңдап жолбарыстай жонып бері,

Майданға бір тізелеп шөкті қара. («Құлагер»)

Бұқа – (мойын) сиыр малының тартылмаған еркегі, аталық ірі қалың мал. Бұл жерде бұқа мойын мықты, берік, алып күштің иесі деген мағынаға меңзеп тұр.

І.Жансүгіров шығармаларындағы қазақ тіліндегі жанұя тұрмысқа қатысты енген кірме сөздер.  Қазақ тілінде жанұя-тұрмысқа қатысты атаулар, негізінен, өзінің байырғы, төл сөздері болып келеді. Әйтсе де күнделікті тұрмыста, үй шаруашылығында қолданылатын ұсақ-түйек бұйымдардың атаулары ішінде араб және парсы тілдерінен енген сөздер де бірқыдыру.

Көкшетау жер жанаты жеке біткен,

Бұл сұлу кең дала бойын күткен.

Жомарт тау дастарханды, момақан тау.

Шипа тау тазаратын барлық дерттен.(«Құлагер») Дастархан(дәстәрхән)— үстіне ас-тағам қою үшін жайылатын қалың мата. Ауысп.  Жеміс-жидегі, берері мол деген мағынада. Мұнда бұл сөз осы екінші, ауыспалы мағынасында қолданылып, Көкшетаудың жемісті, ырысты, берекелі екендігін көрсетеді.

Көк кілем, балаусасы балбыраған,

Көк жібек жапырағы жалбыраған.

Ақ қант аспандағы сонда жауып,

Бақ бұлақ таудан, тастан арғылаған. («Құлагер») Кілем(келим) – түрлі-түсті жіптерден өрнек сала тоқылып, еденге я қабырғаға пайдаланатын үй жиһазы. Ауысып. Түрлі-түсті гүл, көкорай шалғынымен құлпырған жер. Поэма жолдарындағы кірме сөз екінші, яғни ауыспалы мағынасында көріктеу амалы қызметін атқарады.

Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая,

Дамылсыз дастарханды жүрген жая.

Жігіттер тынымы жоқ, табақ тасып,

Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая. («Құлагер») Табақ(табәк)- тағам салатын үлкен, дөңгелек жайпақ ыдыс. Табақ сөзі – ет тағам (бешбармақ) мағынасында метонимиялық қолданыста жұмсалғаны байқалады.

Шаң шықты, басты тұман Жыланды жақ,

Сол шаңнан шығып жатыр ат қылмаңдап.

Тұмарлап, үкілеген өңшең жүйрік,

          Жиылды жұрт алдына сүмбе саңлақ. (Құлагер) Тұмар (түмар) – тіл, көз тиюден сақтайды деген ұғыммен құран сөзі жазылған үшбұрышты мата не былғарымен тысталған дұғалық қағаз. Үкі – баскиімге, тағы басқа нәрсеге сәндік үшін қадайтын, үкінің үлпілдек қауырсыны.

Қызыл шыт тартып берік баласына,

Көп аттың қоя берді арасына.

Алдыңа бір екі –ақ ат салып отыр.

Келгенше сонау жердің шамасына. («Құлагер») Шыт(чит) жұқа мата.

Шүйделі, шоқтығы өргек , шідерлігі

Серке сан, желмаяқтай тілерсегі.

Тау желін тартса жұтқан талыс танау,

Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі. («Құлагер») Шідерлік немесе шідер (чедар) аттың сирағының шідер салатын жері. Шоқтық – малдың екі иығының түйіскен тұсы, иықтық. Мұндағы кірме сөздердің  екеуі де тура мағынасында қолданылып, малға байланысты ұғымдарды білдіріп тұр.

І.Жансүгіров шығармаларында орыс тілінен енген сөздер де жиі кездеседі. . Орыс және түркі халықтарының арасындағы ежелгі тығыз қарым-қатынастардың өзіндік әлеуметтік-қоғамдық себептері болды. Бұл халықтардың территориясы бір-біріне  жақын, көршілес, ауылы аралас, қойы қоралас. Оның үстіне, орыс және түркі халықтарының өзара сауда экономикалық қатынас жасап тұруы  өмір талабынан туған  қажеттілік болатынды.  Сол қажеттілік бұл екі халықтан бір-бірінің тілін білуді талап етті.

Орыс және қазақ тілдерінің өзара ықпалы, әсіресе, Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін мейлінше үдей түсті. Орыс тіліне ертеден енген көне түркі сөздері  бірте-бірте әбден сіңіп,  орыс тілінің фонетикалық заңдары мен нормаларына сәйкес едәуір өзгеріске ұшырап,  олардың сөздік қорына енді. Сондай-ақ орыс тілінің элементтері де қазақ тіліне жол тауып,  қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық нормаларына сәйкес өз тұлғасын өзгертіп, тума тілге айналғаны мәлім. Әсіресе, қазақ даласында жаңа  әкімшілік жүйенің орнауына, орыс әскерінің келуіне, екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық үстемдік тереңдей түсуіне байланысты орыс тілінің элементтері қазақ тіліне көбірек енді. Бірақ біздің тілімізге енген орыс сөздерінің сыр-сипаты мен игерілуі дәрежесі әрқашан да біркелкі болмаған. Сол себепті орыс тілінен  ауысқан кірме сөздер екі кезеңге бөліп қарастырылады:

А)1917 ж. Қазан революциясына дейінгі кезең;

Ә) Қазан революциясынан кейінгі кезең.

І.Жансүгіров шығармаларында екінші кезеңде енген сөздер жиі кездеседі. Мысалы: машина, инженер,право, биржевой, авто т.б.

Бірге өскен бала күннен құлын, тайым,

Тор құнан көшке мінген күн-күн сайын.

Автода ағарса да сақал, шашым,

Атымды не бетіммен ұмытайын!

Автода – авто орыс тілінен енген. Автокөлік деген мағынада.

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы.

         Пормыңа төңкеріліп, жайдым қанат

Шарықтап ақиықтай Оралдағы(Ақан сері)

Порм —  порым форма дегенді білдіреді. Үлгі нысан, пішін.

Бұл күнде автом да бар, атым да бар,

Бәйге алу самолетпен салтымда бар.

Бізде жоқ Сағынайдың сасық асы.

Тойына октябрьдің атың шабар.

Самолет – орыс тілінен енген сөз. Аспан арқылы адам және жүк таситын автомашина, ұшақ.

Бағалар сом темірді соққан қатты.

Тас, шойын қорып отқа, қайнап ақты.

Иіріп жүн-жұрқадан жіңішке жіп,

Машина қоңыр самал күйін тартты.

Машина – іштен жанатын қозғалтқыш арқылы механикалық қозғалысқа түсетін көліктің жалпы атауы. Бұл жерде жіп иіретін техника санатында қолданылады.

Ақтарып асыл сөздің алтын жезін,

Салатын дүкеніме бар мінезім.

Ақтарған Арқа астын инженермін,

Ал жұртым, керегіңе тұрса сөзім, («Құлагер»)

Инженер – техникалық жоғары білімі бар маман. Ауыспалы мағынасында жер қыртысын атқарған маманы деген мағынаны білдіреді. Мұнда бұл сөз сол тілдің қазынасын атқарған шешен, ауыспалы мағынасында қолданылған.

Шат елдің шешенімін, даңғылымын,

Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.

Астанам Алатаудан саңқылдасам,

Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым. («Құлагер»)

Право – құқығым деген мағынаны білдіреді.

Әйтеуір әудім жерге шаба алатын

Бұл астан қалдырған жоқ қазақ атын.

Қалмастан қаладағы биржевойлар,

Саудагер қалдырған жоқ тағалы атын. («Құлагер»)

Биржевой – (1)- биржа иесі деген мағынада.

Сонымен қатар, Қазан революциясына дейінгі кезеңде енген сөздерге старшин, болыс, керуен т.б. сөздерді айтуға болды.

Шығының, шаңырақ ақын мұнша дескен,

Бір үйде старшындар құлақ кескен. («Құлагер»)

Старшин (1) – старшын (орыс тілінен енген старшина) – дәрежесі болыстан төменгі  лауазым.

Дегенге түсінсін бе, құл көнсін бе?

Құл қашып қожасынан құмда өлсін бе?

Құл айдап, түн жамылып, інген зарлап,

Керуен кете берген Үргеншіге…» — («Күй»)

Керуен – алыс жерге жүк тасуға немесе сауда жасап бара жатқан арбалар немесе тоғанақты түйелер сап түзеген тізбегі.

Орыс тілінен енген сөздердің молынан кездесуі  шығарма жазылған кездегі идеологияға тікелей байланысты. Мәселен, офицер, адъютант, атаман, автоном, пионер, товарищтар, электр оты, винт, трактор, солдат, газет, радио, шкаф, патрон, гармон, тағы басқа. Сөздердің тілімізден орнын сайлауы – сол заңдылықтың жемісі, екіншіден, І.Жансүгіров шығармаларының «гүлденуі», яғни қазақ елінің өткені, бүгінгі,ертеңі туралы  ақын толғанысы осы кеңестік кезеңге сай келеді, сондықтан да экономика, саяси- әлеуметтік өмірге қатысты сөздер тілімізге келіп қосылуы еш  таңдандырмайды. Олар ауызекі сөйлеу тілінде, публицистика, іс- қағаздар тілінде, көркем әдебиеттен орын алды. І.Жансүгіров шығармаларының шынайлығын арттыру  мақсатында орыс тілі және орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді сапалы түрде қолданады. Ақынның 1820 жылдарға дейінгі жазылған өлеңдерінде орыс тілінен енген сөздер кездеспейді десе де болады.  Керісінше, кеңес дәуірі кезінде, қазақ халқының сол  кезеңіндегі өміріне қатысты шығармаларында орыс тілі арқылы енген кірме сөздер жиі қолданылады. Оның себебі – бірнешеу:  1. Идеологиялық қысымынан; 2.қазақша баламасы балмағандықтан; 3. Белгілі бір стильдік қызметте жұмсағандықтан.

1930 жылы Қазақстанның 10 жылдық (Автономиялық республика болуы) жылдығына арналған «Дала» поэмасында ұшырасатын кірме сөздерге назар аударалық, поэманың «Арнау»,«Таңда», «Ақтабан»,«Құл көгені», «Құрбандық», «Сандал» бөлімдерінде орыс тілінен енген бірде-бір сөз қолданылмайды, оның себебі, бұл бөлімдерде қазақ халқының өткен өмірі суреттеледі де кірме сөздердің қажеттілігі сезілмейді. «Толқын» бөлімінде 1916 жылы патша өкіметінің (16-49 жас аралығында) майданның қара жұмысына қазақ жастарын еріксіз алуына байланысты туған халық толқуы баяндалады. Пулемет, поез (поезд), зайімке (зайем) сияқты кірме сөздер балапандай бастайды. Ары қарай комитет, жорнал, съезд, кәзит(газета)депутат, автоном, Колчак; Дутов(адам Анненков), зайімке, пулемет, адвокат, мұжық, избушка, большевик, Антон, Черкасс(жер атауы), переход, адъютант, атаман, большевик, Антон, алло, пионер, товарищтар, радио, миллион, машине, винттер, трактор, список, социалдық, солдат, совхоз тәрізді сөздер тізбегі көш түзуіне қарап-ақ, поэманың келесі бөлімдеріне арқау болатын тақырыпты болжаймыз. Әрі ақынның бұл кірме сөздерді қолдануға мақсаты да айқындалып қалады. Мысалы: «Кәмпеске» поэмасында: полномоч, кәмпеске, билет, комиссия, медаль, шірет (очередь); «Мәйек» поэмасында:партия, коммунист, совет, приговорлап, коммуна, землемер, кооператив, бент, шопыр, кәнтірәктеп, т.б. өріп жүрудің уақытына қарай еш әбестігі жоқ. Демек, І.Жансүгіровтің кеңес дәуірінде жазылған, кеңестік қазақ елінің өмірін бейнелейтін шығармаларында орыс тілінен енген сөздердің жиілей түсуі идеологиялық талаптың ызғарына да қатысты деп білеміз.

Қазақ тілінің моңғол тілімен қарым-қатынасының екі түрлі заңдылығы бар. Бірінші, қазақ тіліне монғол тілінен тікелей ауысып келген сөздер бар. Бұған, ең алдымен, екі халықтың ғасырлар бойы көршілес тұрып, бір-бірімен тікелей ауыс-күйістігі себеп болған тәрізді. Қазақ тіліне монғол тілінен кірген сөздер, негізінен, әкімшілік, ел билеуге қатысты: ұлыс, нөкер,жасақ, ноян, құрылтай, аймақ,жарлық т.б. Жер-су атауларына байланысты: Тарбағатай(суырлы), Қандағататай (бұғылы), Толағай (бас), Мұқыр (шолақ, қысқа), т.б. көбірек ұшыратамыз. Екінші, қазақ тіліне монғол тілдерінен ауысқан сөздерден  басқа олардың бірінен біріне ауысты деуге келмейтін, екеуіне де ортақ сөздердің қатары қалың, қазақ лексикасындағы моңғол тіліндегі сөздермен тұр-тұрпаты, мағыналары ұқсас,  үйлес сөздер, әсіресе зат есім, сын есім, етістікті көбірек кездестіреміз. Мысалы: малға байланысты: қой (қон), қойшы(қончын),бура (буур), т.б. аңға байланысты: бұғы  (буга), барс  (барс),  аң  (аң), т.б. шаруашылыққа байланысты : тебен (тэбне), алтын (алтан), домбыра( домбор), т.б; Туыстық атаулар: құдағи( худагы), ер (эр), абысын (авьсан) т.б. Бұл сияқты сөздер тек қазақ тіліне емес, түркі тілдерінің көбіне тән, олар түркі тілдеріне  монғол тілдерінен ауысты ма, әлде керісінше, монғол тілдеріне түркі тілдерінен  енді ме – ол жағы әзір бұлыңғыр. Сондықтан ондай сөздерді түркі (қазақ) – монғол тілдеріне ортақ сөздер деп  атаған жөн.

І.Жансүгіров шығармаларында монғол тілінен енгенімен, «кірме» екені белгісіз, төл сөзге айналғандар  кездеседі:

Қаққанда деген күйді «Терісқақпай»

Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай;

Домбыра айналаға дүбір салды,

Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай. («Күйші»)

Домбыра қазақ халқының екі шекті музыкалық  аспабының атауы, төл сөзге айналған.

 

Жайлауда ала қарлы, Аман текше,

Қарлатып, жаңбырлатып нөсер төксе,

Тоқсыртып кәрі аршаны, от маздақтан

Шал үйін сағынушы ек біз ерекше.(«Күй»)

Боздатып саулы інгендей  күңірентіп,

Нөсердей нөпір төккен жауындатып,

Қазандай қарсы соққан дауылдатып,

Қамыстай дауыл жаққан сауылдатып. («Әнші»)

Нөсер – шелектеп құятын  өткінші жаңбыр.

Сөз төркіні тек монғол тілі деп шамалауға болады, «нүсэр»  тұлғалы сөз монғолдарда «қиын,ауыр» мағыналарында кездеседі. Сөздіктерге жүгінсек, бұл сөз монғолдардың өзінде сирек қолданылатын тәрізді. «Нүсэр» сөзінің орнына оның синонимі «хүнд» жиі кездеседі. Жауған жаңбыр сипаты- «нүсэр» сөзін анықтауыш ретінде қолданылуымен де беріледі. Өйткені жаңбырдың  күштілігі қиындыққа ұшырататыны да белгілі. Осы себептен де алғаш «нөсер жаңбыр» (қиын жаңбыр мағынасында) тіркесі пайда болып, кейінгі кездерде «нөсер» жеке тұрып та жауынның күштілігін аңғартарлық дағдыға айналуы мүмкін.

Тоңқалаң топ басынан асқан тумақ,

«Бәлілеп» бас тұқырған төмен құлап.

Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап,

Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ. («Күй»)

Сергек – сақ деген ұғым береді. Монғол, тунгус- манчжур тобындағы тілдер дерегіне назар аударғанда, «сергек» сөзінің бізде қолданылып жүрген мағынасының кейін пайда болғандығын байқау қиын емес. Монғол тілінде біздердегі «ояту», «ояну» деген мағыналарды «сергеге», буряттарда – «сэргээ» , қалмақша – «сергәх» сөздері береді. Осы тілдердің қай-қайсында болса да көрсетілген дыбыстық құрамдағы сөздердің туынды, ауыспалы мағыналары дәл біздегі сияқты – «ширақ, жеңіл» іспеттес ұғымдар да қолданыла береді. Сөйтіп, «сергек» сөзінің алғашқы мағынасы ұйқыдан ояну іс-әрекетімен  байланыстылығын байқадық. Сөздің тұңғыш тұлғасы мен мағынасы монғол, тунгус-манчжур тобында ғана сақталған. Үзіндіде сақ ұйықтайтын,  құс ұйқы мағынасында қолданылған.

Батқанда қырдың түні тұмандатқан,

Қатқанда Сырдың суы бұлаң қаққан.

Күл көрпе, қорда төсек, қолға байлап,

Үкілеп қара таспен тұмарлатқан. («Күй»)

Төсек — адам жатып, тынығатын орын. Түркі не монғол тобындағы тілдерден «төсектің шығу » төркініне қатысты тілге тиек етерлік дерек ұшырамады. Аталмыш сөздің алғашқы түбірі – «дэ», ол монғол тобындағы тілдерге өткенде «дэ»-  «де», одан әрі түркі тілдерінің бірі туваларда  — «дө» қалпына дейін өзгерген. Қазақ тілінде сөз түбірі – «тө» тұлғасына жеткен. Тува тілінде – жек қосымшасы жалғанғанындай, бізде – сек жұрнағы қосылып, «төсек» пайда болған. Сөйтіп, «төсек» сөзінің тура мағынасы – «жататын» (орын) болмақ.

Кірме сөздердің аралас түрін (араб-парсы, монғол, орыс тілдерінен енген сөздерді) ақынның «Қазақ үйдің тұрмысы » (1915-1916 ж.ж.) мен «Жетісу суреттері » циклді өлеңінен кездестіреміз. Мәселен, тарелка,гормон, патнос, шкаф, машина, жәшік(ящик ), самаурын, үстел, тағы басқалары – орыс; домбыра, төсек-монғол; кілем, ақын, меруерт- араб-парсы тілдерінен енген сөздер. Заттар қазақ тұрмыс-тіршілігіндепайда болып, қолданысқа түскендіктен, олардың атаулары тілімізге сіңісті болды.

Ақынның шығармаларынан тұрмыстық-қарапайым сөздерді жиі кездестіруге болады. Қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін,  мінез-құлқын, дәстүр- салтын суреттейтін өлең жолдарынан балбырап, жалбырап, қақсау, зарлау, мыңқылдау, қыңсылау, тойтаңдау, қайызғақ, бит, сірке, ұлу, мөңіреу, боздау, т.б. сөздерді жиі кездестіреміз. Суреттеп отырған қазақ өмірін шынайы көрсету үшін ақын күнделікті өмірдің болмысын аттап өте алмайды.

 

 

1.3. Дисфемизмдер мен эвфемизмдер

Қарапайым лексиканың бірі – дисфемизмдер, яғни дөрекі сөздер. Көбіне кейіпкер тілінде кездесіп, оның мінез- құлқын, тәлім-тәрбиесін, білім-мәдениетінен хабар беретін тілдік элементтер. І.Жансүгіров шығармаларынан байқағанымыз, дисфемизмдер ақынның баяндау тілінде де жиі қолданылады. Ол әрине, оқиғаның салмағына, кейіпкер душар болған жайға да қатыстылығынан болады. Кейіпкер тіліндегі дисфемизмге мысал: Сол кезде ханшаның дауысы сарт етті: -жетеле, жексұрынды алдыма, тарт! Немесе – Тауып бер өз қолыма жазалыны! Таныдым. – Әлімқұлдың шолжақ ұлы; Бұл «Күйші» поэмасынан үзінді. Хан Кенненің бір сөзін екі етпейтін, ерке де ержүрек қарындасы Қарашаштың сөзі . Сапақты бірде жексұрын, бірде, шолжаң, бірде албасты, мұңғыл деп кемсіту тек Қарашаштың ғана қолынан келеді, оған қарсы тұрар хан да , қара да жоқ. Кейіпкер тіліндегі дисфемизмдер арқылы намысын таптап, қорлағысы келген есер жігіттің есін кіргізетін өр кеуде, Қарашаштың қатыгез қыз екенін дәлелдемекші ойынан туған. Демек, көрініс, оқиғаны жеріне жеткізе, шындықтан ауытқымай суреттеуде ақын дисфемизмді тиімді жүзеге асырған; ойдың образдылығын күшейтуге пайдаланған:

 Қылқиып  қыры кеткен Қызылауыз,

Кетпен мен Кенеу кербес жатыр алшың,

Томпиып томағадай Сарытау тұр.

Қарасай – ер қапталы атқа салсаң. («Жетісу суреттері»)

Былжыр күз

Тұнжыр қабақ.

Қылжыр көз

Қыр қызықсыз

Тау түрсіз

Су сұрықсыз,

Сүйкімсіз.(«Жүдеу жүрек»)

Киімсіз, жайсыз, жалаңаш,

Қабағы салық, қарны аш .

Сүмірейген сулы көз. («Қыс»)

Ақын қолданысылындағы дөрекі, құлаққа жағымсыз сөздер бірде жыл мезгілінің көріксіз адам баласына жағымсыз сөздер бірде жыл мезгілінің көріксіз адам баласына жағымсыз сәттерін суреттеуде, бірде күздің сұрқы кеткен, құлазыған кезін адам жүдеп-жадауымен шендестіре беру мақсатында қолданылған. Қылқиып, былжыр, қылжыр, сүмірейген тәрізді дисфемизмдердің өлең мазмұнын аша түсуге сіңіріп тұрған қызметі қомақты.

Ақын қолданысындағы дөрекі сөздер жағымсыз іс-әрекеттің иелеріне қатысты. Ақын өзінің ішкі жан дүниесіне жақпаған  құбылыстарды суреттеуге дисфемизмдерді  ұтымды қолданады:

Шалдары былш-былш қақырынған

Сар қымыз салқын үйде сапырылған.(«Құлагер»)

Бұл шалдар кім? Әрине, олар ақын сипаттауында ел сыйлаған қазыналы қарттар емес екені анық.

Поэманың «Ас» бөлімі «Арқада Ерейменді мекен еткен, Керейде Сағынайдың болыпты  асы» деп басталады да,  Сағынайды оқырмандарына  таныстырады:

Қаудырап, аппақ қудай  сақал, шашы,

Қалтырап жынданғандай қолы, басы.

Сағынай саптыаяққа  сиіп өлді,

Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.

 

…Жоқ, болмас, бірі ғана құры байдың,

Өзі нән болса керек,  руы – айдын.

Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады

Болғанын әлде қайда сұмырайдың.

Іріңдеп, сығырайып, екі көзі.

 

Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.

Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті,

Айтқанда Керейлерше «Дәудің өзі».

Оларша – жердің белі, таудың құзы.

Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.

Біздерше – хат білмейтін бір қатты шал,

Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.

Дисфемизмдер Сағынайдың портретін де, мінез-құлқын да, алжыған жасын да тайға басқандай көрсетіп тұр. Поэмада дисфемизмдер «әр елдің бұқалары, өгіздері , Қызыл көз , саба құрсақ — семіздері», «Сойылды талай мертік, талай шартық », «Итініп ет үйлерге ит пен жетім », «Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді , …көк ешкінің жыртық көзі. Алтайдың ар жағынан бақылдаған, көк сақал, азбансынған бұл кім өзі?» болып, тізбектеле береді. Ақын мақсаты да осы болса керек. Үстем тап деп танылған байлар мен би- болыстар осылай суреттеледі. Сол кездегі идиология тұрғысынан дұрыс деп танылғанымен, ақынның қазіргі тұрғыдан сынға ұшыраған тұсы да – осы.

Дисфемизмдер кеміту, қорлау, іске алғысыз ету, ұнатпау ұғымдарын тудырады. Ал, І.Жансүгіров дисфемизмдерді мысалы, поэманың бас кейіпкері, «Жігіттің бір кездегі Көкшетауы, Күрсінткен көп сұлудың «Көркем-ауы » -яғни ақынның аянышты халін сипаттауға, «Сақал-шашы қуарып, Серіксіз, елсіз, малсыз» » тентіреп тауда ұдайы, таста қаңғып қалған Ақанға деген оқырман аяушылығын тудыру үшін пайдаланады:

Шүйке шал, аузы ұрадай опырылған,

Су мұрын, қу мұрт, ұрты шұқырайған.

Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,

Шал отыр қу қайыңда мықырайған.

Келсаптай тұзды түйген бас ағарған,

Түздегі қу бастайын жақ қуарған

Бетіне ел көшкендей сүрлей түсіп,

Шөлдегі шыңыраудай көз су алған.

Бұл шумақтағы дисфемизмдер аяушылық сезімін тудыру үшін, өмір тауқыметінен қажыған Ақан портретін жасауда мінсіз қызмет атқарған.

Эвфемизмдер – дисфемизмдерге қарама-қарсы  құбылыс, яғни «кейбір нәрсенің не құбылыстың атын айту дөрекілеу,қолайсыздау болып көрінгенде, олар басқа сыпайы, «майда» сөздермен ауыстырылып айтылады».  Эвфемизмдер табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілікке, әдептілікке негізделеді.Мысалы: Қарғалар қызыл көрген анталап жүр, Май шайнап, жамбастарды жаңқалап жүр . Итініп ет үйлерге ит пен жетім , «Қай жерден қағамыз» деп байқап — ақ жүр.

«Қызыл» — қан-жын, «Қай жерден қағамыз» — қай жерден ебін тауып, ұрлаймыз деген ұғымда жұмсалған. Бұл құс, ит, жетімге қатысты айтылғандықтан, яғни құс пен иттің жаратылысынан қан-жынмен қоректенуі, жетім өмір тауқыметінен амалсыз ұрлыққа баратын болғандықтан, аса бір жиіркеніш тудырмас үшін осылайша «жұмсақтау» қажет деп табылған.

Жылатқан жолаушыны жүрген жалғыз,

Біз, қазақ, бұл қорлыққа шыдамаймыз.

Ұрыға азу басып іздеді жұрт.

Қолға бер Құлагердей қызылдаймыз!… («Құлагер»)

Ақын Батыраш ісіне ашынған, кектенген, қарақшыға  тісін қайраған ел-жұрт – халық аузына «Өлтіреміз,бауыздаймыз.қан қыламыз, т.б.» дөрекі сөздерді салмайды. Халық олай десе, несі халық?

Құлагер құлыныңнан досым еді,

Баспанам – тауға тіккен қосым еді.

Қандай сор Ерейменге айдап келген?!

Қазанның жеткен жері осы ма еді?!

Қуанышпен бәйгеге қосып, үміттеніп тосып тұрған Ақан шекесінен шүмектеп қан бұрқырап,танауынан қан ағып бара жатқан Құлагеріне «ажал»  деген қарғыс атқыр сөзді айта алмайды, Ілияс та айтқыза алмайды сондықтан «ажал» сөзі «қаза» сөзімен  ауыстырылады.

 

1.4. Табу

Мифтік ескі наным бойынша атын тура  айтуға тыйым салынған сөздерді тіл білімінде табу деп атайды . Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста қолданбай, басқаша айтуға мәжбүр болған. Тыйым сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде бар. Әсіресе, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының, өмірінде де кең таралған. Келіннің қайын жұртын өз аттарымен атауына тыйым салынған. Бұл – табу. Табудың ендігі бір түрі табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, жыртқыш, қатерлі аң – жәндіктермен тікелей байланысты. Осындай құбылысының ұшқынын Ілияс Жансүгіров шығармаларынан көруге болады.

Қиынның жынысында бар деседі, Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан. Кәдімгі қасқыр, серек, қарақұлақ, Шуылдайды шибөрі үйі («Жетісу суреттері: Жетісу жәндігі») Қасқыр – жыртқыш аң. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқы бұл жыртқыштан талай тауқымет көргендіктен, атын атаса, ауыл ториды деген ырыммен оны бөрі, шибөрі, сирек, қарақұлақ деп атағаны белгілі. Ақын осы дәстүр бойынша «қасқыр» сөзіне  табу тәсілі арқылы жасаған синоним сөздерді бірыңғай  мүше түрінде қолданады.

 

1.5. Диалект сөздер

Диалект сөздер — жалпы халықтың сөз байлығына енбейтін сөздер. Жергілікті халықтың сөйлеу тілінде ұшырасатын сөздер, сондықтан көркем шығармада аталған сөздердің авторлық баяндауда жиі қолданылуы құптарлық жайт болып есептелмейді. Дегенмен, І.Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Кәмпеске», «Дала», «Құлагер» поэмаларындағы авторлық баяндауында ұйытқы – ашытқы ; сым-шалбар; кепсер-кәкпір; гәп-кәп; сұры-түр, ажары; пейіл-бейіл; дәнішпан-данішпан; дажал-тажал; ғашық-асық; түз-дүз; там-үй сияқты диалектілердің жұмсалғандығын байқаймыз. Мысалы:

Осыған екідай боп елеуресті,

Үйткені етке тойып, қымыз ішті,

Құтыртып қораз дайын қырқыстырып,

Дағдырын қос аусардың сүйтіп шешті .

 

 

Түрілді, анталап жұрт, ел құлаған.

Ортаға төрт баланы алды дағы.

Ішінде сол топырдың дұспан да бар,

Деп тұрған: «ат жығылып өлді дағы?»

 

Қолына я бөрік, я тұмақты алып

Ақтаған ат үстінен сияқтанып,

Жаршылар жағы сембей, зар қағып жүр,

Жұрт жатыр әр хабарды құлақтанып.

І.Жансүгіровтің бұл қолданысындағы үйткені, дағдырын, сүйтіп, дұспан, тұмақ сөздері – диалект сөздер, оның ішінде тіл білімінде бұл сөздер фонетикалық диалектіге жатқызылады. Әдеби тілде бұл сөздер тағдыр, сөйтіп, дұшпан, тымақ түрінде жазылады. Ақын болса оларды өз аймағындағы айтылуы бойынша қолданған деп білеміз. Диалект сөздердің көркем шығармалардағы орны  —  кейіпкер тілінде кездесуі. Көркем сөз бүкіл халыққа арналып жазылатындықтан, жергілікті тіл ерекшеліктері – диалект сөздер тек кейіпкер тілінде ғана мақсатты жұмсалғаны орынды болып табылады.

 

2-тарау. Этнографизмдердің қолданылуы

 

Этнография дегеніміз белгілі бір халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениет ерекшеліктері, ал этнографизмдер – осы құндылықтарын атайтын сөздер мен сөз  тіркестері.

І.Жансүгіровтің ұзақ сарынды поэмалары қазақ өміріндегі елеулі кезеңдерді , ел басынан өткен тарихты, әр заманда өмір сүрген ел адамдарының тағдырын суреттеуге арналады. Халық өмірінің небір қырларын көркем сөзбен кестелеген шығармаларында этнографизмдердің молынан кездесуі – заңды құбылыс. Мәселен, ақынның «Құлагер» поэмасы желісі тарихта болған оқиға негізінде құрылған, сондықтан халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты сөз, сөз тіркестерін молынан кездестіреміз: ас беру, сауын айту, бата қылу, табақ тарту, бәйге тігу, бәйге алу, хабар айту, ердің құнын кесу, құдайдан сұрау, кесік кесу, жесір дауы,  «Күйшіде» тоғыз айып, құмалақ салу, ерулік, жамбы атысу; «Рүстем қырғынында» ақсарбас айту,топырақ салу;Мақпалда-бата бұзу,атастыру,қарсы құда барымта, әмеңгерлік, құрт қайнату, т.б. кездеседі. Қазақ халқының болмыс-бітімін, психологиясын, тұрмыс-тіршілігінде орын алған салт-дәстүр, әдет-ғұрып ырымдардың аталған шығармалардағы орны ерекше. Шығарма мазмұн-желісіне қарай этнографизмдер туындының тарихилығын арттыра түседі, қазақы менталитеттің ұрпақ тәрбиелеудегі маңызын мойындатады.

 

2.1. Түсінігі қиын сөздер.

Ақын шығармашылығы – күрделі құбылыс. Шығармаға арқау болған оқиға, кейіпкер, суреттеу, баяндау  яғни оның тілі, кейіпкерді «сөйлету »мен авторлық «әңгімелеудің» түрлі амал-тәсілдері бар. Шығарманың шынайылығын да, көркемділігін де көрсететін – оның тілі . І.Жансүгіров шығармашылығы осы тұрғыдан бағаланады да. І.Жансүгіров шығармаларында , атап айтқанда, поэзиясында қазіргі таңда мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздер ілуде – бір кездеседі. Олардың бәрін көнерген сөздер немесе диалект сөздер деп түсінуге болмайды. Тілдік қорымызда бар, бірақ сирек қолданылатын сөздер қатарына жатқызамыз. Екіншіден, ақынның ана тілінің бар байлығын сарқа пайдалана алған шеберлігі деп білген жөн. Мысалы, «Ұршық» өлеңіндегі «Оймышты ұшқат, ырғай сап, Ұршығым, сені қолға алам» жолдарында «ұшқат» сөзін түсіндірейік.

Ұшқат —  ұсақ жапырақты қара қошқыл түсті бұтағы бар өсімдік. Ұршықтың сабы осы аталған бұтадан немесе ырғайдан, яғни тобылғы тәрізді топтасып өсетін, қоңыр сұр қабықты жіңішке бұтадан жасалған. Осы өлеңде «Қыла ма жалқау жарлылық , Қылмаса ділгір жүн азы » жолдарында   «ділгір » сөзі бәрімізге таныс емес. Ділгір– мұқтаж , зәру, қат деген мағынаны білдіреді. Сонда әңгіме иірілетін жүннің аздығы мұқтаждық  туғызатындығында болып отыр. Ақын «ылат » сөзін жиі қолданады.

Мысалы : «Жүдеу жүректе » өлеңінде «Былапыт. Ылат.Былжыр күз». «Көңілдің жүгірісінде » : Кейде қайғы, кейде шат, кейде тұнық, кейде ылат .

Өлең сөздерінің мағынасына қарай бұл сөзді «лай», «лайсаң» мағынасында қолданған деп түсіну керек. «Дала» поэмасында: — Хурият та! Хурият! Құрылтайға бармақпыз ! Ұсынбақпыз шарият,  Мүфти, қазы, хазірет! Құрылтайдың шарына, — деген шумақ бар.

Бүгінгі тіл тұрғысынан «хурият» сөзі – түсініксіз, қолданылмайды, бірақ ол әдеби тілімізде бар сөз, үрият – бостандық, еркіндік, теңдік мағынасында жұмсалатын сөз. Немесе, «Ауған, Қытай қайда ?» деп, Қызыл табан болды үркін. Түсінігі көмескілеу сөз – «үркін», бірақ байырғы қазақ сөзі. «Үрік» — етістігінен туған зат есім. Мағынасы – жаудан үріккен, зорлық-зомбылықтан қашқан ел дегенге саяды. Ақынның «Шым-шытырық » және «Қалпымыз» өлеңдерінде «жансар» сөзі қолданылады.

Бозбала ауар

Ақылы жансар.

Қартаймастан алжиды.(«Шым-шытырық»)

«Аусар – алаң,

Жансар— жаман.

Қашан жан боп түзелер?» («Қалпымыз»)

Қазақ  тілінің 10 томдық (ҚТТС) түсіндірме сөздігінде меселде   з.е. – көңіл, пейіл, күйірке – сырластық, мұңдастық; мақсым – дін оқуының шәкірті білімді, есті деген түсінік беріледі. Берілген түсінік бойынша оқылғанда, өлең жолдары түсінікті бола түседі.

Оқырман түсінігіне ауырлау, анықтамалық не сөздіктер негізінде ғана түсінуге болатын сөздер баршылық. Мәселен, «Қыс мезгілінде»

Сырты ажарлы , іші – жау тәрізді жаман тамақсау.

Азығы, шөбі аздарға.

Құлқынды қожа, оңаза – жинақты жылпың шаруаға.

Жем , шөбі көп қораға, Қожаның аузы ораза.

Өлеңдегі қожа – қыс. Түсінігі ауыр сөз – оңаза. «Оңаза»  көп мағыналы сөз: 1. Қомағай, ашқарақ, тамақсау; 2. Ауыспалы. Ындыны құрыған, аңсары ауған. Өлең жолында «тамақсау» сөзі бір рет қолданылған, оны қайталамас үшін сирек айтылатын синонимі- «оңаза» араны ашылған деген мағынада қолданылған. Осы шумақтағы «жинақты» сөзі – « жинақы» болуы керек. Себебі «жи» түбірінен тарайтын түбір сөздерде «жинақты» кездеспейді. Әрі «жинақы» сөзінің ұқыпты деген мағынасы – «жылпың» шаруаға үйлесімді. «Мәйек»поэмасында мәуірттеніп, «Рүстем қырғынында» деркері – (қанішер), «Далада» инаяттап – (ластап) , жемеңгер, кеуір – (кәпір) сөздеріне түсінік беру қиынға соғады.

«Қалпымыз» өлеңіндегі «Киіңкі көңіл, қу үміт, пәреге басты бір сүңгіт » жолдарындағы «киіңкінің » мағынасы – киіп – жарып кететін, кимелегіш. Ақын бұл сөзді ауыс мағынада, яғни алға жетелеген, ұмтылған деген мағына үстеп ауыс мағынада қолданған деп түсінген жөн. Оқырманға түсінігі қиын сөздер болып есептелгенімен, ана тіліміздің сөздік қорында бар әдеби тіл үлгісі саналатын бұл сияқты сөздер мен сөз тіркестері – Ілияс ақынның ана тілі мүмкіндіктерін барынша әрі орынды қолдана білген шеберлігінің айғағы.

 

2.2. Фразеологизмдердің қолданылуы.

Фразеологизмдер тіліміздің байлығын, болмыс-бітімін, рухани мәдениетін, халық даналығын танытумен қатар ақындардың тіл ерекшеліктері мен шеберліктерін көрсетеді. Тіліміздегі ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс болып саналатын фразеологизмдер көркем шығарма тілін жандыратын, астарлы да бейнелі суреттеудің дайын құралы. Фразелогизмдерді ауызекі сөйлеу тілінде болсын, жазба әдеби тілде болсын ойды айшықтау үшін, оқырман мен тыңдаушы көңілін елең еткізу үшін қолданылатыны белгілі. Ақынның көркем шығармада фразеологизмдерді пайдалануы өзіндік стилін қалыптастырудағы бірден-бір тәсіл болып табылады. Өйткені, жазушы – ұлттық сөз мәдениетін жасаушы, оны алға апарушы. Ол өз дәуіріндегі халық тілін пайдалана отырып, творчествосының түпкі мақсатына лайықтап, ана тілінің түрлі амал-тәсілдерін таңдап, іріктеп, жаңғыртып, жинақтап жұмсайды. Көркемдік тәсілдер арқылы туындаған фразеологизмдер көркем әдебиетте көркемдегіш құрал ретінде жұмсалады.

Жеке жазушының шығармаларындағы фразеологизмдерді талдағанда, оның қолдану әдіс-тәсілін, пайдалану принципін, талғау-таңдау амалын көркем композицияның элементі ретінде орынды жұмсалу заңдылығына  көңіл бөліп, бүркенгенін ашып , бүгілгенін жазып айқындап көрсету қажет. Жалпы фразеологизмдер қай шығарманың тіліне болсын көрік, ұтымды мазмұн, ұлттық бояу береді. Тұрақты тіркестер қолданылуына қарай әр түрлі функция атқарады: образ жасауда, суреттеу мен мінездеуде, іс- әрекетке байланысты айтылуда , тұжырым, түйін жасауда.

Бейнелеу тілінің халықтық үлгілерін мол да орынды пайдаланған ақын – І.Жансүгіров. Поэтикалық тілінде метафора, эпитет, теңеудің, мақал- мәтел мен тұрақты сөз тіркестерінің жиі кездесуі ақынның өзіндік бетін танытады. Ақын қолданысындағы төрт жүзге жуық тұрақты сөз тіркесін «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіне » енуі тегін емес, оның жартысына жуығы «Күйші», «Құлагер» поэмаларының еншісінде. Ілияс ақын тіліміздегі фразеологизмдердің образ жасау, кейіпкерді мінездеу, белгілі бір жайды қорытындау, баяндау функциясын өз қажетіне мүмкіндігінше жарата білген деуге болады. Фразеологизмдердің портрет жасаудағы орны ерекше, оның мәнерлегіштік, көркемдік бояуы қанық келетінін мына мысалдардан байқаймыз. Ілияс Жансүгіровтың жалпы адам портретін жасаудағы ерекшелігі кейіпкердің кескін – келбетін жеке -дара суреттеуден гөрі, портреттік мінездеулері басым, көбіне кейіпкер характерін ашу мақсат етіледі.

…Иесі Батыраш бір кеппе кеуде, ұр кеппе, томырық мінез, намыс берме. Немесе: Болмайтын Батыраш бір көкайыл шал, оның да жігітіне жел қайысар. Ер тұқымынан теріс азу Алтайда адам пішінді аю шығар, — бол мысалдардағы тұрақты тіркестер ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылуымен қатар, жағымсыз кейіпкер бейнесін бірден танытып, ақындық көзқарасты да аңғартады. Ақынның портрет жасаудағы тағы бір ерекшелігі – портрет толық екі , үш шумақта берілмейді.Ол живопистік портрет жасауға құмбыл. Мысалы, «Күйшідегі» Қарашаштың портреті бастан – аяқ бір немесе бірнеше шумақта суреттелмейді. Поэма бойынан термелей отырып , Қарашаштың толық портретін көз алдына елестету оқырман үлесіне қалдырылады. Оқырман бұл жолы да талай тұрақты тіркестерді кездестіреді. Мысалы, «Алғандай жерден пішіп», (жерден пішіп алғандай – өте сұлу ) , «Суындай әбілхаят-шөл қандырлық (Әбілхаятауы-дария суы) ».

Ақын тұрақты сөз тіркестерін тиімді қолдану арқылы шығармаларының ұлттық бояуын, ұлттық нақыштарын күшейте түседі.

 

Қара қас, қылаң қабақ, кербұла қыз,

Қара шаш, алма сағақ, құралай көз.

Сырықтай ордадағы сымдай бойы,

Талшыбық қыпша белдің өзі нағыз.

Назарда ұстарлық жай, Ілияс шығармаларындағы кейбір фразеологизмдердің мән-мағынасын контекске қарап пайымдаймыз, бірде «Түсіндірме сөздікке» де жүгінуге тура келеді. Бұл – ақынның ана тілі – қазақ тілінің қыр-сырын жете біліп, тереңінен көсіп ала алғандығының айғағы.

Ілияс Жансүгіровтың аттың сынын беруде өзіндік ерекшелігі бар. Кескіндеуге пайдаланылған тұрақты тіркестер «Сөздікте» Абай қолданған сөз тіркестерімен бара-бар, қатар тұр. М.Дүйсенов өзінің «Ілияс Жансүгіров» атты еңбегінде бұл мәселеге тоқталып, Абай мен Ілияс арасындағы ұқсастық пен ерекшеліктерді көрсеткен. Ілияс ат кескіндеуіндегі тұрақтанған тіркестерді тізбектесе «Сом аяқ,быртық бақай, болат тұяқ, тәует бас, қамыс құлақ, құлан жалды, қаншыр мойын, қой жұтқыншақ, ит өндіршек, қоян жон, құс топшы, түлкі төс, тазы тізе, талыс танау, салпы ерін, үңгір сағақ» болып келеді. Абайды тамсандырған ат-жүріске шыдамды, адамға жайлы, көзге көрікті ат. Ондай ат көптің арманы, сондықтан теңеу, тіркестер халық арасына молынан таралған. Ал Ілияс кейіптеуіндегі Құлагер ат – өрен жүйрік. Ақын қолданысындағы теңеу, тұрақты тіркестер «жүзден жүйрік», «мыңнан тұлпарға» байланысты айтылатын тіркестер, сондықтан оларды сирек естіп, аз қолдануымыз да мүмкін.

Кейіпкердің ойын, жай-күй, ішкі толғаныстан беруде ақын диалог , монолог сияқты мотивтерді жиі қолданады. Монолог кейде автор атынан, кейде кейіпкер атынан айтылып отырады да , адам психологиясын тұрақты тіркестер арқылы жинақтай береді:  Шырқырап Ақан отыр ат басында, шығарып шерлі дауысын   құлындағы. («Құлагер»)

Басына түскен қайғы Ақанның «шерлі дауысын», «құлындағы дауысын » еркінен тыс шығарады. Ақанның атының айырылғандағы күйзелісті жай-күйі адам айтқысыз, Құлагердің өлімі оны сең соққандай етті. Оның дәл сол сәттегі іс-әрекеті табиғи, оны ақын оқырманға шашыратпай,  тәпіштемей – ақ шебер жеткізіп отыр. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, өжет те өткір, сұлу да ақылды Қарашаш аузынан естілетін мына бір шумақтағы тіркестің оқырманды ойландырары анық: «Қамалым, хан данышпан, Кенем – құтым , менің де сыртым бүтін, ішім түтін Ордадан бұдан артық тілемеймін, бер маған осы адамды басы бүтін»… Осы шумақтағы «сыртым бүтін,ішім түтін» тіркесін ақын кейіпкер аузынан  неге салды? Не айтпақ?

Бөрі отыр бөлтірікке беріп ырық,

Алар деп өз абыройын өзі – ақ жығып.

Балқаштың тұңғиығы толқын бермей,

Тымырсып терең жатыр іштен тұнып.

Қарашаш Әлімқұл ауылын шаппақшы болып дабыл қағып, бірі қорқытып – ел сабылғанда, хан Кене «үй арасының жанжалына» араласпай, «іштей тұнып » отырады.  «Іштей тұну» тіркесінің астарында қаншама мағына жатыр. Сапақтың қылығы оны да «өртеп отыр». Не істеу керек? Қарашаштың әрекеті дұрыс па, қоштау керек пе, тоқтату керек пе  — ойы астаң – кестең. Бірақ сол хан Кененің «іштей тынып», сырттай бақылауының өзі – ақ бүкіл Дулаттың зәре- құтын алып тұр. Тоқсан сөзді тобықтай түйінмен беру – сөзді үнеммен, қажетіне қарай жұмсау шеберлігін көрсетуге келтірілген бұл мысалдар, әрине, аздық етері сөзсіз…

Адамның түрлі жағдайларғы байланысты көңіл-күйін дөп басып беру үшін экспрессивтілігі басым «екі езуі екі құлағында», «жан шақырды », «жер шұқылап» т.б. тіркестерді қолданумен қатар, ақын фразеологизмдердің бейнелеудегі ұтымдылығы қалт жібермей пайдаланады. Мысалы: Күрес алаңына шығудың да, шықпау қалудың да ретін таппай толқып отырған балуандарды:… Салбырап бет моншағы балуандардың теп-тегіс төмен қарап, болды күйеу,  -деп, суреттей отырып, өз қылықтарынан өздері ұялғандарды мысқылдап та өтеді. Ұялу ұғымын екі бірдей тұрақты тіркес арқылы жеткізе білген.

Ақынның фразеологизмдерді қолдану тәсілдерінің де алуан түрлі екендігін байқауға болады. Тәсілдің бірі – тіркестерді қаз қалпында қолдану. Мысалы, дікең қақты, бата алмады тіркестері «Балуаны шешінген жақ дікең қақты»… «Жанына жақындауға бата алмады» жолдарында айтылуы бойынша пайдаланылған.

Ақын тұрақты тіркестерді сөз кірістіріп, стилистикалық қызметін күшейте, бояуын айқындай түсуді де ақын көздейді. «Көзден таса болу», «омақаса жығылды», «несінен айырылды» тіркестері былай инверсияланады:… Көзінен неге таса қылсын Ақан, Іргені ат жақтағы түргіздірді…  Жығылды жерге ол ат омақаса жаныштап жерге иесін, үстін баса…

Аталған шығармаларда фразеологиялық варианттар да, жеке сөздерге синоним ретінде қолданылған фразеологиялық бірліктер де кездеседі.

Оларды синоним ретінде қолданудың ұтымдылығы мағыналық жағынан емес, экспресивті- эмоционалдық бояуын күшейтуінде. Автор бұл тәсілді де өз мүмкіндігіне жарата білген.

Ілияс қолданысындағы фразеологизмдер әр түрлі қызмет атқарады: образ жасауда, суреттеу мен мінездеуде, тұжырым, түйін жасауда т.б. «Күйші», «Құлагер» поэмалары – халық ортасында туған өнер иелері, өнердің өмірлік сыры, эстетикалық қасиеті жайлы шығармалар, олар халық болмысы жайлы туындылар болғандықтан, қолданылған тіркестер көбіне ауызекі сөйлеу тіліндегі фразеологизмдер болып келеді: тоғыз айып тарту, түн ұйқысын төрт бөлу, аруақ қолдады, енеден екі туды, мойнына құрым ілу т.б.с.с. Мысалы:

…Қорғады мұны халық азарлады,

Әркім – ақ тұс-тұстан бажаңдады.

Кесілсін  ердің    құны Құлагерге!

Тартатын тоғыз айып сазаң бар-ды.

Немесе: Құлагер құлыныңнан маған біттің, төрт бөліп түн ұйқымды баптап, күттім. Тағы да:

Көгеріп жатыр балуан қаны қашып ,

Көргеннің бәрі аясты жаны ашып.

Балуаны жыққан арғын шуылдап жүр,

           «Аруақ қолдады» деп көңілі тасып, — деген тіркестерді «Құлагерден» оқысақ, «Күйшіде»:… Енеден екі тудың Сапағым деп мәз болып Үйсін, Дулат кетті тарап. Немесе: Ол итке кигіз арнап құл киімді, күйе жақ, мойныңа іл құрымды. Әкеліп Қарашашты үш айлаңдыр, мықтап тақ мойнына шылбырыңды , — болып жалғасып кете береді.

Сонымен қатар, «Құлагер» поэмасында ауызекі сөйлеу тілінде көп қолданылатын тілек, алғыс- қарғыс мәндес тіркестерді де ұтымды қолданады. … Жанашыр ел, жақын көңіл тілектес боп,  «Бәйгелі болсын!»  деп жүр бір-біріне… Немесе: Жалғыз-ақ жылқышы құс көңіл айтып, «Жоғыңның болсын оралғысы!»  «Күйші»,  «Құлагер » поэмаларындағы жиі кездесетін тұрақты тіркестерінің қатарына «жан» және «көз»  тілек компонентті тіркестерді жатқызуға болады.

…Осылай Ақан зарлап жатты,

Қайтсін ол жыламасқа жанға батты.

Жарлының жалғызы өлсе жанын ұрар,

Дәл сондай жақсы атына Ақан жылар.

Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап,

Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.

Атты артық көрген еліміз мінген тақтан,

Қызық – ақ біздің бәйге қырда шапқан.

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

         Аттарға шаң шығарып келе жатқан.

«Жанға батты, жанын ұрар, жанын аялаған, жаны ұшу тіркестері «Құлагерде » болса, «Жан терге түсіп отыр мынау дуда», «Уһ» деп, күйші байқұс жан шақырды» тәрізді тіркестерді «Күйшіден» кездестіреміз. «Көз» сөзіне байланысты көз байланды, көзге күйік болу, көз тартты, көзден таса қылмады, көз тиді тіркестері де айтылмақ ойға орай орын алған.

Тіліміздегі есім тобындағы тіркестер көбіне кейіпкерді мүсіндеу, портрет жасауда қолданылса, экспрессивті түрде мінездеме, баға беруде де етістік тұлғасындағы заттанған фразеологизмдерді жұмсаудың үлгісін Ілияс қолданысынан байқауға болады.

Жер беті қағып ұшқан құстай шүйгіп? 

Ардақтап барған сайын шықты жүйрік.

Төртеудің мың үш жүзден мойны озық

Құлагер келе жатты тістеп құйрық.

Буынсыз он саусағы күй қағуға,

Көңіліне тыңдағанның от жағуға.

Бал тамған бармағынан домбырашы,

Жан терге түсіп отыр мына дуда.

Бұл сияқты суреттемелердің оқушыға, тыңдаушыға эмоциялық әсер туғызары анық, әрі көркем шығарма тіліне жанды үн, әрлі түр береді. Ақын тұрақты сөз тіркестерін өз мақсатына лайықтап қолдану арқылы шығармаларының тіліне ұлттық бояу, ұлттық нақыштар бере отырып, фразеологиялық тіркестерді көріктеу тәсілдері ретінде пайдаланады. Ақын жеке-жеке сөз тіркестерін қысқартып, сиыстырып бір тіркес ретінде жұмсайды:

«Біреудің тіл мен көзі тимесін» деп,

Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.

Алдына әлі күнге жылқы салмай,

Бақытын бар жүйріктің байлап-ақ тұр.

«Тіл тию, көз тиді» тұрақты тіркестері өзара мәндес тіркестер, ақын үнемділік әдісімен екі тіркестен жаңа бір тіркес жасайды және қалыпта «алдына жан салмау тіркесін » — «алдына жылқы салмау» деп қолданып, еркін тіркеске айналдырады.

Немесе:  Үйіне сүйретіліп келген мерген, үні жоқ, сөз айтуға тіл күрмелген. Жиылды жасақ сізбен жауласуға, ел емес, жау деп күдер үзгені үшін.

Ауызекі сөйлеу тіліндегі «үн  жоқ, түн жоқ » тіркесінің екінші компонентін қысқартып, синонимдес «тіл күрмелгенмен» сыйыстыра қолданады. «Бұл жерде үн жоқ» пен «тіл күрмелген» абсолют синоним емес, мағыналық реңкі бар, бірақ «сөйлемеді», «сөйлей алмады» деген мәндес ұғым екі тіркесті сыйыстыруға мүмкүндік береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Сонымен, шығарма тілінің идеясының айқындалуы, тілінің көркемдігі, үйлесімділігі мен әуезділігі, шеберлігі онда қолданылған бейнелі фразеологизмдерге тікелей байланыстылығы байқалады.

Қорыта келгенде, ақынның поэзиялық шығармаларының лексикасы ана тіліміздің сөздік қоры мен құрамына енген сөздерді қамтиды. Қазіргі қарым-қатынас тілінде қолданылмайтын көнерген сөздер мен түсінігі қиын сөздер, туынды шынайылығын түптей түсетін этнографизмдер, кейіпкер тіліндегі діни сөздер мен портрет жасаудағы дисфемизмдер, адам көңіліне ауыр тиетін сөздерді «жұмсартатын» эвфемизмдер І.Жансүгіров шығармаларында молынан ұшырасады және осы топтардағы сөздер мен тіркестері белгілі бір мақсатта жұмсалып, шығарманың мазмұны мен көркемдік келбетін аша түседі, стильдік қызмет атқарады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

  1. Дүйсенов М. І.Жансүгіров. А., Ғылым 1965
  2. Жансүгіров І. Шығармалар. ІІ том. А., 1960
  3. Иманғазинов М. І.Жансүгіров шығармашылық лабораториясы. Автореферат. А., 1998
  4. Иманғазинов М. Қазақ поэзиясының құлагері//Егемен Қазақстан, 1993, 13 ақпан
  5. Кеңесбаев І. «Қазіргі қазақ тілі»
  6. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977
  7. Қаратаев М. І.Жансүгіров. А., Жазушы 1961
  8. Ысқақов А. 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»