«Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесі.

283

Сабақтыңтақырыбы: «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесі.
Сабақтыңмақсаты:

  1. Білімділік:Ақанобразынжан — жақтыашу, “Құлагер” өлеңі мен әнініңшығутарихына шолу;
    2. Дамытушылық:Шығарманыталдауарқылыоқушыныңсыниойлаудағдыларын, біліктілікқабілеттерін, тілін,шығармашылыққұзіреттіліктеріндамыту,оқушылардыңсөздікқорынмолайту.
    3. Тәрбиелік: Өнер адамына, еліне, тілге, табиғатына деген ұлтжанды сезімін ояту. Адами қасиетті оқушы бойына дарыту.
    Сабақтың типі:
    Бекіту сабағы
    Сабақтың түрі:топтық сайыс
    Сабақтың әдіс — тәсілі: сұрақ — жауап, жатқа айту, ойтолғау жазу, іздену, мәнерлеп оқу, талдау
    Сабақтың көрнекілігі:

1) І.Жансүгіров, Ақан сері суреті.

2) Дәйексөздер.

3) көрініс

4) Слайдтар, бейнепроектор

5) Бағалау парағы.

6)Құлагер суреті мен стикерлер

7) кітап сөресі

Пәнаралық байланыс: тарих, музыка
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі (1,5-2 мин)
1. Ұстаз бен оқушылардың өзара  сәлемдесуі

Сәлеметсіздер ме, отырыңыздар.

  1. Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру. (Кезекші тұрып күнді, оқушылар санын, үй тапсырмасын айтады.)
    3. Сыныптың сабаққа әзірлігін тексеру. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.

Балалар, бүгінгі сабағымыз топтық  сайыс түрінде өтетіндіктен  бүгінгі күнге  дейін жұмыс істеп жүрген топтардың топ басшылары өздерін таныстырады  және өзін-өзі бағалау парағына бағаларын қояды. (таныстыру топ басшылары, жауап беру)
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. (5-7 мин)

Балалар, естеріңізде  болса өткен сабақтаІ.Жансүгіровтың өмір жолы мен шығармашылығын хронологиялық кестеге түсірген болатынбыз. Олай болса қазір «Жылдар сөйлейді» көрнекілігіненазар аударайық. Қане,бірінші сұраққа қай топтан  жауап береді?

1894ж  1905-1911жж     1916ж     1920ж    1925ж     1928ж     1934ж    1936ж  1938ж
1)1894ж Талдықорған облысы, Ақсу аулында дүниеге келген.
2)1905-1911жылдары алғашқыда әкесінен хат танып,содан соң молдадан оқып, Қарағаштағы татар үлгісіндегі мектепте дәріс алады.
3)1916ж «Әншіге» өлеңін жазады.
4)1920ж Алматыға келіп,үш айлық мұғалімдік  курсын  бітіреді.
5)1925ж Мәскеудегі журналистика институтына түседі.
6)1928ж Елге келіп « Еңбекші қазақ» (қазіргі, «Егемен Қазақстан») газетінде
қызмет атқарды. «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы жарық көрді.
7)1934-1936 жылдары Қазақстанда көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады.
8)1938 ж Зұлмат қолына ілігіп,ату жазасына кесіледі.

Білімдеріне қарай өздерін-өзі бағалау.
ІІІ Өткен материалдар бойынша білімдерін тексеру кезеңі

Балалар, Ілияс Жансүгіровтің қандай шығармаларын білеміз?

өлеңдері           прозасы             пьесалары              сатирасы           поэмасы
«Бұлбұлға»     «Жолдастар»       «Кек»                  «Ала бие »           «Күйші»
«Әншіге»         «Жол аузында»  «Түрксіб»         «Некешілдер»        «Күй»
«Арман»           «Жарыс» т.б        «Исатай-Махамбет»  «Құлагер»

— Иә, дұрыс айтасыңдар! Ілияс Жансүгіров әдебиет тарихында бірнеше туындыларды жазып қалдырды. Соның ішінде атап айтар болсақ, «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық поэмалар жазып, ақындық шыңына көтерілді. «Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік сапа табады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүниетану қалпы, ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас – барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады» — деген Мұхтар Әуезовтың ұлы сөздері де бар.

«Құлагер», «Күй» мен «Күйші» туған шақта,
Кенелгенін білмепті — ау елің баққа!
Осылайша қаламын ұштап, өнерін шыңдаған Ілияс «Құлагер» поэмасын атақты Ақан сері әншіге арнаған екен.Қазақтың әнші – ақындарының ішінде өмірімен де, өнерімен де ерекше тұлға Ақан Қорамсаұлы – халық мәдениетінің көрнекті өкілі. Ақан серінің шын аты — Ақжігіт. Ата — анасы Ақан деп еркелетсе, елі сері деп ат берген өнерпаздың тұлғасы әркез биік. Ақан жақсылық, жамандық, адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік, дүние, қоғам, жаратылыс жайын, жүрек мұңын сырлы әнмен жеткізген суреткер, әнші, ақын — сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы, әнші, күйші, сазгер Ақан өмірін көптеген ақын — жазушылар шығармаларына арқау еткен. Бүгінгі тақырыбымыз ақынның өмірі мен өнерін төгілте жырға қосқан Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесі.

Бірінші кезең:Ақан бейнесін жан — жақты ашудағы «шығармашылық ізденіс»  деп аталады. Алдымен, әр топ өзіне тақырып таңдайды,  біраз дайындалып алған соң жауап берулеріңізге рұқсат.

І топтың тақырыбы —  Ақан – тарихи бейне.
«Туғаны Арқадағы Арғын елі, Өскені Көкшетаудың шалғын жері» деп ақын жырлағандай аты аңызға айналған Көкшетау өңірінің Қоскөл деген жерінде 1843 — 1913 жылдар арасында өмір сүрген тарихи тұлға. Зілқараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген тазыны алады. Осы кезде Ақанның қолына Көбей — қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан, алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер арқаның талай астарында аузымен құс тістеген талай жүйріктерден озып жүреді. Ақан мен Құлагер аты елге жайылады. Ақан 1876 жылы Керей руының паң Нұрмағанбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға ас беретін болып, сол асқа Ақан Құлагерді бәйгеге қоспақ боп алып барады. Бәйгеге қосылған жүйріктерден дара шығып жұлдыздай ағып келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақанмен өштесіп жүрген Батыраш деген бай соққыға жығып өлтіреді. Қанатынан айрылған Ақан зары, Ақан қайғысы «Құлагер әнін туғызды. Өркөкірек, тарпаң байларға қарсы қарапайым халықтың қайраты жетпейтін заман шындығын, күштілер өктемдік жүргізген заманның мұңды сазын шерткен тарихи жыр дүниеге келеді.

ІІ топтың тақырыбы — Ақан – трагедиялық кейіпкер. 
Сағынайдың асында атынан қапыда айрылып жүрегі қан жылаған ақын естен танды. Құлагер ер қанаты ғана емес, Ақанның рухани медеу тұтқан серігі еді. Құлагердің мерт болуымен бірге Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырады. Құлагер өлгенде Ақан «Ел бетін қалай көремін» депті. Ақанның жан күйзелісін осы бірауыз сөз ұқтырып тұрғандай. Көл еркесі аққу, көк еркесі сұңқар – Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айрылды. Елінен, жерінен безді. Жалғыз өзі елден жырақ күй кешті. Құлагер өлімі жаралы жанын күйреткен, аяусыз соққы болды. Қиянат пен әділетсіздіктен жапа шеккен Ақанның халін Ілиястың бейнелеуінде «құлазып күздігүні Көкшетаудай, Қызықтың көшіп кеткен саржайлауы» дейді. Ақан жан жолдасын қолымен өлтіргендей күйінеді. «Мал да болса адамнан есті жануар — ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жас бұршақтап тұрды — ау. Осы сұмдықтың болатынын білген екен ғой» деп өкінеді, қайғыдан жүрегі қарс айрылады.

Ақан – аңыздық кейіпкер.
Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт және 15 — 20 жігітті өзі тәрбиелеп нөкер қылып алады, сол жігіттердің алдында қолбасындай өзі оқшау отырады. біресе боз атқа мініп ақ киген, біресе қара атқа мініп қара киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында домбыра, аузында — ән.
Міне ғажап! Ертегі өмір емес пе?! Өмір айдынында аққудай жүзіп, үкідей үлпілдеп жүрген Ақанды бірақ күнде мұң шалды. Құлагерінен айрылып, қанаты қайрылып былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай оны алып барып періге балайды. Дұшпандары неше саққа жүгіртіп, өсек, өтірікке таңуы әділетсіздіктің бір көрінісі еді.
ІІІ топтың тақырыбы — Ақан – композитор
Аққудың әсем үніндей жаныңды жадыратар, жүрегіңді елжіретер, құлақ құрышыңды қандырар майда көмей әннің ырғағына елтіген халық Ақан жанынан кетер емес. Әншіге деген халықтың ықылас — пейілі Ақан дұшпандарының іштерін күйдіреді, ән сазына өздері де елжіреп ынтыға түседі. Оның әндері беріктік пен адалдықты, махаббат еркіндігі мен сұлулықты жырлайды. Ол – адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын тілейді. Ақан – нәзік жан, асқан өнер иесі. Бірнеше әннің авторы. «Балқадиша», «Сырымбет», «Үш тоты» т. б. әндері – халық арасында ұмытылмас, мәңгілік мұра. Ақан әнімен мәңгі жасайды. «Құлагер» поэмасында ақынның негізгі айтпақ ойы — өнердің өшпейтіні, өнерліге өлім жоқ деген тұжырым. Ақан мерт болған пырағы Құлагерге арнап әлемде кездеспейтін ән шығарған, өзіне өзі мәңгі тозбас ескерткіш соққан.
 Ақан – айтыс шебері.
Ақан талай арқалы ақындарды тулақша сіліккен, қара өлеңді орып айтқан айтыс өнерінің дүлдүлі болған. Ол – Жүсіп Төре, Орынбай, Тезекбай сияқты ақындармен айтысқан. Мәшһүр Жүсіп және Есмағұл Қодығабаласымен хат арқылы айтысқан. Ақан жұмбақтар да шығарған. Табан астында тауып айтатын тапқыр, суырып айтар шешен болған. Ақанның тапқырлығы туралы ел ішінде мынадай әңгіме бар екен. Ақан серінің Құлагерден айрылып қайғырып жүрген кезі екен. Қылышбай деген біреу: — Сағынайдың асына жүреріңде менің қара шаңырағымнан дәм татып кеткеніңде дүлдүлің аман қалатын еді — дейді. Сонда Ақан: — Қанды сүргінде жүріп Әзірет Әлінің торға, тұлпарының орға жығылғаны сенің үйіңнен дәм татпағаннан болған екен ғой, — деп тұтқиылдан жауап беріпті. Ақанның жүрген жерлерінде алуан түрлі сөздер қалған екен.
Ақан – сері.
Ақан билік айтқан, дау қуған, мал жинаған адам емес, астында – жүйрік аты, қолында – қыран, серілік өнер қуған, өмір айдынында қаздай қалқып, қудай жүзген, сұлуды сүйген. Мұны ақын шебер суреттеген. Халықтың сал — серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің ерекше, бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, заманның көркем бейнесіне айналған асқақ тұлға.
ІІІ топқа да рахмет, еңбектеніп ізденгендеріңіз  көрініп тұр. Осы кезең бойынша сіздерге қай сыныптастарыңыздың  жауабы ерекше ұнады?  Арамызда өз ойын айтам деушілер бар ма екен?

Екінші кезең:  поэзия сәтінде Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасынан үзінді оқылады.

(3оқушы поэмадан үзінді оқиды. Әсерлі шумақтарын іріктеп таңдап алу.)

Білімдеріне қарай өздерін-өзі бағалау.

Өлең оқитындар дайындалғанша мектеп кітапханашысы Перизат апайларыңа сөз берейік.

Балалар, сіздердің ойларыңызша, дауыс ырғағымен, мәнерлеп айтуымен ерекше әсер қалдырған кім болды екен?

Келесі  сергіту сәтіне кезек берейік. Қазір сіздер «Құлагер» кинофильмінен және сонымен қатар алдарыңызда өз сыныптастарыңызТаланттың шеберлікпен орындауында Ақан Серінің  Құлагерін жоқтаған жерінен үзіндіні тамашалай аласыздар.

Көрініс:  орындайтын  —  Құмалқан Талант

(“Құлагер” киносынан аттың келе жатқанын, мерт болғаның көрсету т.б. көріністер таңдау. Содан кейін Ақан сахнаға шығып зарлы күй кешеді. Зарлы күй қосу.)

 

Ақан: — Мен бақытсыз бейбақпын бүгін. Кеше кім едім. Аты мен атағы алты алашқа жайылған, ел еркесі сері едім. Ақан атым қазақтың үш жүзі елінде Құлагермен қатар ауызға алынатын еді. Жұрт Ақан десе Құлагерді, Құлагер десе Ақанды қоса әңгіме етер еді. Ақтотымнан бір айрылып, Құлагерімнен екі айырылып, қайғы жұтып шерменде болып қалдым. Қайғымды немен басармын, шерімді қалай тарқатармын. Ештеңемен басылмайды бұл қайғы. Адамның жауыздығында шек жоқ екен — ау. Неткен сұмдық?! Бәйгеде жұлдыздай ағып озып келе жатқан тұлпарды айбалтамен соғып өлтіруге қалай дәті барды екен? Адам емес, екі аяқты айуан ғой нағыз. Осындай айуандар арамыздан қашан да табыла кетеді. Солардан қашан арылар екенбіз?. Әй, арыла алмайтын шығармыз. Қайран, Құлагерім, сені жоқтап, Ереймен елін еңіреттім. Өмір бойы сені жоқтап қазақ даласын еңіретемін. Ел тыңдай атырып, Батыраштар мен Қотыраштарға лағынет айтсын. Көрінде өкірсін, деп қарғыс айтып жатқандар қаншама.

-​ Қалың елім, қазағым, қалың қарауылым. Бұл әнім Құлагерді жоқтау ғана емес. Бұл ән – Батыраш, Қотыраштар секілді барша залымдардың зұлымдықтары мен жауыздықтарына қарсы атылған оқ-нәлет, сондай зәнталақтарды айыптау! Қазақ даласында енді мұндай сұмдық болмасын, деген тілек! Күншілдікке, көралмаушылыққа қарсы айтылған лағынет- қарғыс! Тұлпарлар сорға, таланттар орға жығылмасын!

 

Күншілдікке де, жүзшілдікке де лағынет, лағынет! “Құлагер” әнінің мағынасы сондай, халайық. Бұл жалғыз Ақанның зары емес, түсініңдер, әлеумет. Осындай жауыздықтардан, күншілдік, зорлық – зомбылықтардан жапа шегіп жүргендер қаншама. Жамандықтар жойылып, жақсылық салтанат құратын әділетті заман орнайтын күн болар ма екен? Әй қайдам, болмайтын шығар. (Ақан сахнадан кетеді.)

 

Бұрын-соңды бұл фильмді көрген бе едіңіздер? Жалпы фильмнен, сыныптарыңыздың  сал-серісі Таланттың өнерінен қандай әсер алдыңыздар?

 

Үшінші кезең: Ойтолғау жазу

Алланың атыменен  аталатын

Дүниенің бар қасиет- махаббатын

Бөктеріп құлагердің аш бөріне

Жалғаннан шауып өтті

Ақан ақын, — дегендей

Келесі кезекте  жаңағы тамашалаған көріністен, фильмнен  алған әсерлеріңізді  және  Ақан сері ақынның жан дүниесінің толғанысын, сол сәттегі көңіл-күйі мен ұшан-теңіз сезімін, қайғы-қасіретін  көз алдымызға келтіріп, сондай-ақ жалпы поэмадағы Ақан бейнесі жайлы «Халқының ардақтысы – Ақан сері» тақырыбында ойтолғау жазайық.

Ақанның қыран құсы — Қараторғай, жүйрік тазысы — Базаралы, ел аузында аңыз болған сәйгүлігі – Құлагер болса сол тұлпарының маң — маң басқан жүрісіне көңілі толып, Ақан «Маңмаңгер» деген ән шығарған екен. Қазір сіздерге ойтолғау әсерлі жазылу үшін «Маңмаңгер» әнін тыңдауды ұсынамын.

1 топтан 1 оқушы  ғана оқиды, ойтолғау жазуға берілетін уақыт 5 минут.

(3 оқушыға ойтолғау оқытамын)

Білімдеріне қарай өздерін-өзі бағалау.

Ойтолғау жазу бойынша ойын ерекше сұлу сөздермен жеткізе білген кім деп ойлайсыздар?

IV. Соңғы кезеңтүйін сұрақтары бойынша біраз өз көзқарасымызды, ойымызды ортаға салайық.Барлығы 2 сұрақ ғана. Бәрі түсінікті болса сұраққа назар аударайық:

  1. Ақынның сұм заманнан соққы жеп, жан серігі — Құлагерден айырылу себебі неде?
    2. Батыраш, Қотыраштарға ауыл ақсақалдары өз үкімдерін берді.
    Ал, сіздер қандай үкім шығарар едіңіздер?

 

Сабағымызға арқау болған әнімен, өнерімен аты қалған Ақан серінің жаздырып қалдырған «Құлагер» әнін, қанекей, кім бізге мәнерлеп оқып береді.

 

Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушым, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін.

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.
Атығай – Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім.

Құлагер құнанында керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Ат қоса Ерейменге барғанымда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді.

 

Құла  өлді, Ақан  жаны  жараланды, бірақ өнер өлмейді. «Құлагер» әні  дүниеге  келді. Ілияс  өнерге, өнерліге өлім жоқ деген түйін жасайды. Өйткені «Құлагер» әні жалпақ  сахараға  қанат қақты.
Батыраштар дүниеге  келе береді, кете береді, бірақ олардан із жоқ. Ал Ақан «Құлагер» әнімен мәңгі жасайды, өнер  өмершең, Ілияс нысанасы да – осы.

Олай болса,  сахараға қанат қаққан, тарихта аты қалған ән сіздердің де құлақтарыңызда жүрсін
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Ақанның өмір жолы қызықты әрі ерекше. Өмірінің соңғы кезінде жалғыздықпен мұңдасты.
Оның бұл қылығы өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар ақынның бейнесін танытады. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті. Сондықтан да Ілияс:
«Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған», — деп кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай, ашық айтқан.
Ақан өмірі — өнер адамының, жалпы адамның рухани тазалығының үлгісі, өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұрғанының белгісі. Қанды қол жеткенде таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагердей» ән шығарып, халқына таратқан Ақан — өз кезіндегі әнші — ақындар тобының аса көрнекті өкілі. Әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау еткен Ақан өнерімен де, ерлік өмірімен де кейінгі ұрпаққа, туған халқына үлгі болды.
«Халық жадында Ақан мен Құлагер есімі егіз ұғым болып мәңгі қалмақ!» деген ұранды сөздермен сабағымды тәмамдаймын.

 

Бағалау
Топ басшылары топ мүшелеріне қандай баға және неліктен қойғандары жайлы қысқаша айтып берсеңіздер деймін. Енді бағалау парағына көңіл аударайық. Оқушылардың өзін-өзі бағалауы  бойынша қорытынды бағасы шығарылды.
Үйге тапсырма
1. Поэманың құрылысына, поэтикалық тіліне талдау. Күнделіктеріңізге жазып алыңыздар.

 

Кері байланыс ретінде  –  құрметті сабаққа қатысушы қонақтар, алдарыңыздағы стикерлерге өз ұсыныстарыңыз бен  сабақтан алған әсерлеріңізді жазып, арнайы орынға, яғни Құлагердің суретінің айналасына жапсыруларыңызды сұраймын.

Назарларыңызға рахмет!!!