Поэзия, менімен егіз бе едің? …

49

Поэзия, менімен егіз бе едің? …

( 9 сыныбында өткен поэзия кеші)

С. Ғаббасов атындағы жалпы орта білім беру мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жамауова Алтынжан

 

 

Білімділік мақсаты : Жыр дүлдүлі, ақиық ақын, ғасыр ақыны Мұқағали                                                 Мақатаев өлеңдерінің мазмұнын терең ұғындыру.

Тәрбиелік мақсаты: Ақын шығармалары арқылы елін, туған жерін,

Отанын сүйе білуге, адамгершілікке, мейірімділікке тіл, сөз өнерін қадірлеп                                         қастерлей білуге, ақынжандылыққа тәрбиелеу.

 Дамытушылық мақсаты: Поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, сөйлеу        мәдениетін қалыптастыру, ақын өлеңдерін сүйе білуге үйрету.

Түрі: поэзия кеші

Көрнекілігі: Ақын портреті, (ванердегі ) слайдттар,  тірі дауыста өлеңдерінен үзінділері, « Жазылар  естеліктер мен туралы »  ақынға арналған естеліктер мен бағалар, кітап көрмесі.

Өту барысы: 1 жүргізуші : Құттыбаева Әйгерім

                          2 жүргізуші: Амангелдина Ақерке

 

1ж: — Қайырлы күн, құрметті көрермендер!

2ж: — Армысыздар, ардақты қонақтар , ұстаздар мен оқушылар!

Жыр дүлдүлі, ақиық ақын, ғасыр ақыны атанған Мұқағали    Мақатаевтың «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты поэзия кешіне қош келіпсіздер!

Поэзия кешін бастамас бұрын назарларыңызды  ақын өмірі мен шығармашылығына арналған слайд- суреттемеге аударсақ .

1ж: —   Мұқағали 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының, қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы.Бір топ жерлестерімен әкесі майданға аттанғанда ол небәрі- он жаста- тұғын.

Алаңсыз күлкісін соғыс ұрлаған өзге де құрбы – құрдастары тәрізді Мұқағали да тағдырдың ащы дәмін тым ерте татты.

Нағиман апаның айтуынша үйдің тұңғышы болған соң ба, әжесі Тиынның бауырында өсіп, анасын жеңге есебінде санаған .

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

     Өліге мен өзіңді телімегем

     Ақ кимешек көрінсе, сені көрем

     Ақ кимешек жоғалса… нені көрем,-деп өзі жырлағандай  Мұқағали өр мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген.

« Менің анкетам»     

 2ж:   Айтылар естеліктер мен туралы,

             Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

            Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

            Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы. Иә, естеліктер де жазылуда, пікірлер де айтылуда. Жыр боп ақтарылған ақиық ақын өлеңдерін үлкен де, кіші де сүйсіне оқиды, тамсана оқиды, таңырқай оқиды. Ақын өлеңдерінің өміршеңдігі олардың мағынасы мен терең мазмұнында, кез келген адамның жүрегіне қона кетер қарапайымдылығында жатса керек. Мені өз өлеңдерінен бөліп қарамауларыңызды өтінем.Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы мен аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай. («Жазылар естеліктер мен туралы »)

 Қыздар тобының орындауында би.    

 

1ж:    Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, жеті жылдық мектептің мұғалімі болды. Республикалық радиоға диктор болып жұмысқа тұрды. 1962 жылы Алматыға көшіп келеді де, « Социалистік Қазақстан» газетінде, « Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істейді. « Жұлдыз» журналында қызмет атқарады.

 

  2ж:  —  « Сырым да осы, жырым да осы, алдыңда,

               Байқашы бір бықсыдым ба, жандым ба?

              Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты-

              Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп ақиық ақын- Мұқағали ұрпақтарға ұлан-ғайыр мұра қалдырып кеткені баршамызға мәлім. Анасының естелігіне жүгінсек, Мұқағали 14-15 жасынан-ақ өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. ( «Мен өскен лашық бір бөлме»)

 1ж: — « Жыр басы Қарасаздан басталған Мұқағали бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау аспан әлемінде шырқап барады (Ән Құмған алған ).

Мұқағали жырларының тақырыбы әр алуан. Әр өлеңнің өзі – жаңа дүние. Ал табиғат аясында туып-өскен әрбір ақынның бұл тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жердің, оның табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Мұқағалидың да өзі туған жері мен еліне арналған өлеңдері қаншама. («Алыс болып барасың ауыл маған»,« Туған жерге»)

2ж:—  Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі 12 жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады.

Қай күні менің тәмамдалады дастаным?

           Бітпесе екен, жаңада ғана бастадым – деп жанұшыра үн қатады.

Үлкен қалада үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, Мұқағали «алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан, бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан, шырақтардан, оттардан, жалаулардан, тіпті жоғалған замандардан да» өзі тағат таппай іздеген поэзияға деген шексіз махаббатына деген адалдығына,тұрақтылығын сақтап қалды.

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?

         Сен мені, сезесің бе, неге іздедім деп поэзиямен егіз жаратылған ақын кие жырдың шапағатына бөлене білді, сол жырларымен бүкіл қазақтың жүрегінің түкпірінен орын алды, жыр сүйер қауымның піріне айналды.

«Поэзия өлеңі »

 

  1ж: — Тұрмыстағы жайсыздық пен жағдайсыздық, жұмыссыздық, әдеби ортаның жорта шеттетуі, ақын көңіліне кірбің, денсаулығына сызат түсірмей қоймайды. Таланты өзінен әлдеқайда төмен базбіреулердің том-том кітаптары есепсіз данамен басылып жатқанда Мұқағали жинақтарының пышақтың қырындай ғана көлемде, әрі болмашы тарлыммен шығуы үлкен әділетсіздік болатын. Мұның бәрі ақынды жүйкелетті де, торықтырды да. Ол содан да: « Бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін өз ырқыммен – ақ қиып кете салғым келеді» дейді бір мезетте амалсыз. Десек те Мұқағали ешқашан өлген емес, Ұлы ойшыл Абайда Өлді деуге сыяма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған демеп пе еді. Ендеше, Мұқағали жыр сүйер ұрпағы бар да мәңгі тірі. Ол бүгін де, ертең де, келешекте де қалың қазақ қауымымен бірге өмір сүреді. Мұқағалиын ардақтаған халық оның өз дауысың тот баспас алтындай аялап, сақтап келеді. Ендеше, Мұзбалақ ақынның дауысын тыңдап көрейік.(Мұқағали Өмір туралы өз дауысынан өлеңін  тыңдау) Мұқағали көзі тірісінде атақтан құр қалыпты. 1973 жылдан кейін құзырында тиянақты қызмет те болмады. Тірісінде алған жалғыз жүлдесі

« Лениншіл жас» газетінің өлеңдерге жарияланған « Менің атым-жиырма бес!» атты бәйгесіндегі алған II орны.

 Отыз бес жыл өмірді кезіп келем,

               Енді – отыз бес бола ма сезіктенем,— деп өмірінің қысқа болатынын аңғарған сияқты. ( « Жоқ дәрігер», « Шаршадым білем» , « Соқ жүрек»,

 « Майгүліме» )

2ж: Міне, тағдырдың тауқыметін көріп, өмірдің соқпақты кезеңдерін басынан кешірген Мұқағали нағыз табиғаттың құнды сыйы. Оның тұлғасы мен өлеңдері тот баспас алмас қылыштай жыл өткен сайын жарқырай береді.Адам мен табиғат егіз деген сөз қандай кереметтілікпен айтылған сөз десеңізші. Ақынның туған жерінде өткен 80 жылдық тойы бүкіл иісі қазақты таңқалдырды. Оған куә табиғаттың өзі жасаған тау мүсін. Ақынның өз келбетін нақты айшықтау еді. (Енді мына бейнесуретке назар аударыңыздар.)

                  Шешем менің- иілген сұрау белгі,

                 Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді

                 Қалай ғана қалпына келтіресің,

                 Дауылдар майыстырған мынау белді.

Бұл ақынның анасы Нағиман Батанқызына арнаған өлеңдерінің бірі еді. Осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп сылынып сала берді. Пәтер жалдап бірталай жыл әуре-сарсаңға түстік. «Еркелеп кететін кезін де көрдік.»Түнерген аспандай мұңлы сәті де болатын. Қуанса өлең үшін, шыққан жаңа кітабы үшін қуанатын.    

  1ж: — Ана -өмір сыйлаушы, бала бағбаншысы. Анаға деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі жырдың алтын арқауы болмақ. Ендеше, ақынның ана тақырыбына арналған әні « Шеше сен бақыттысың»

  

: — « Жалғасы бар жырымның жалғасы бар

             Жырларым жылдарыммен жалғасыңдар

             Сел-жырым ақтарылса арнасынан,

            Селкілдеп тау мен тасың зорға шыдар

            Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар» деп тебіренген ақын жырының жалғасындай болып, Мұқағали жырларынан үлгі алып, өз сезімдерін жырмен өрнектеп жүрген ақындар баршылық. Жұмыр жердің қай түпкіріне барсақ та, Мұқағали алдымыздан шығады. Өйткені халықтың жыры да, пірі де Мұқағали.

             Сен өмірге басқа жолмен бас қадам,

            Әкең жүрген соқпақтардан қаш балам! – депті, бұл ақынның тұңғышы Жұлдызға берген ақылы екен. Жұлдыздың бойында да ақындық бар. Ол өзінің әкесін сағына еске алғанда қаламынан мына бір өлеңі туындапты. ( «Тұршы әке, жетер енді жатқаның»)

1ж: Білемін, керемет бір күні келеді,

         Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді

         Көремін, керемет бір күн кешемін,

        Болашағым сенімен бірге өсемін,— деп өз заманымен ғана емес, болашағымен бірге өмір сүретінін ақын білді, ол жырларының болашағына сенді.  Өйткені таза, баладай сенгіш, көңіліне секем алмайтын осынау жанды жақсы көрмейтіндер жоқ шығар, сірә. Әдебиетте бірінші, екінші орын деген жоқ. Абай бастаған ұлы жыршылардың қатарынды қасына Жұмекен мен Төлегенін ертіп, Мұқаң да кетіп бара жатады.

Өзімнің есебімде

            Жасым менің қырықтың бесеуінде,

            Сарқылып өсегің де, есебің де,

           Ұйықтап кетсем жарар еді төсегімде, деп жырлаған ақын 45-інде ұйықтап кетіпті. Ақын қалай дәл болжап кеткен десеңізші!

1976 жылы 27 наурызда « қалғып кеткен» сәтінен бастап, сәл мызғыды да, поэзия әлеміндегі мәңгілік жаңа өмірі басталды. Қазірде талай жайсаңдар мен жақсылардың мәңгілік мекені болған Қеңсайдың құшағында жатыр.

2ж:Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынмен  даралаған ақиық ақын әр қазақтың алпыс екі тамырымен бірге соғып тұратыны бүгінде шындыққа айналды.Қазақтың хан тәңіріндей асқақтаған ақынның бір өлеңі болса да жатқа айтпайтын ұрпақ жоқ. Өлмес тұлға, өлмес жыр деген осы –ақ болар.   Өмір атты бір нәзік сәулеге деген шексіз іңкәрлікке, жарық пен жақсылық атаулыға деген ұлы сағынышқа толы Мұқағали жырларына үңілген әрқайсымыздың жансарайымыз кеңіп сала берері анық . Оның поэзиясы жан дүниесімен егізденіп, жыр боп өріледі, ән болып төгіледі.

( « Есіңе мені, алғайсың» Тірі дауыста ақынның өзін тыңдау) Ақын өзі жырлағандай кешіміздің соңын ақынды сағына еске ала отырып,сіздермен қосыла « Есіңе мені, алғайсың» әнін шырқайық.