Дулат Исабеков «Ата үміті» хикаяты. («Дермене» повесінен үзінді.)

 

         Сабақтың тақырыбы: Дулат Исабеков «Ата үміті» хикаяты.

(«Дермене» повесінен үзінді.) Сабақтың білім беру мақсаты:

а) білімділік: Дулат Исабеков өмірімен таныстыру (оқушыларға жазушы өмірі туралы іздестіріп, жазып келу тапсырылған);

ә) дамытушылық: оқушыларды «Дермене» повесімен таныстыру (өздеріне оқып келуге тапсырылған). ойланту («Ұрлық түбі — қорлық». Қылмыс соңы жауап күтеді. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек.)

б) тәрбиелік; елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: сот сабағы

Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.

Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер, сотқа арналған киімдер, сабаққа қатысты жазылған сөздер. Халық .мақалдары: «Ар қайда болса, ұят сонда», «Ұрлық түбі — қорлық». «Ең жоғарғы сот — ар соты» (В.Гюге). «Тәрбесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ». (Сәйф Сараи).

Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу. Сабақтың типтері:ұйымдастыру кезеңі, жаңа сабақты түсіндіру, қорытындылау,

Сабақтың барысы:

а)  Ұйымдастыру кезеңі.

  1. Сәлемдесу.
  2. Кезекші мәлімдемесі.
  3. Журнал бойынша түгелдеу.
  4. Жаңа сабаққа дайындық.

ә) Үй тапсырмасын сұрау.

  1. М.Мағауиннің өмірі, шығармашылығы жайлы сұраймын.
  2. «Бір атаның балалары» хикаятының мазмұнын сұраймын.
  3. Қосымша сұрақтар қойып, өткен тақырыпты қорытындылаймын

б)  Жаңа сабақты түсіндіру.

Бүгінгі жаңа сабақта оқушыларға Дулат Исабековтің өмірі, шығармашылығы, «Ата үміті» хикаяты («Дермене» хикаятынан үзінді) жайлы толық түсінік беремін.

Омаш қылығын жазалау, яғни істеген істері үшін Омашты жазалау.

Сот сабағы.

Сонымен, балалар, естеріңде болсын, істеген бұзықтық үшін адам бірінші ар алдында, екінші сот алдында жауап беру керек.

Шығармада Омашты жазалады ма?

Жоқ, ендеше, оны біз жазалаймыз. Ал шығармада Омашты неге соттамады?

Балалар жауабы:Тоқсанбай оны жауапқа тартқызбады, шағымданбады.

Сонымен, бүгінгі сабағымыз — сот сабағы.

Хатшы: Тұрыңыздар, сот келеді.

Сот: Отырыңдар. Біз бүгін Қазақстан Республикасының азаматы Омашты қылмыстық кодекстің бабына сәйкес қылмыс жасады деген айыппен осы істі қарауға кірісеміз.

Хатшы: Айыптаушыға сөз береміз.

Айыптаушы: Сіз неге дерменені ұрладыңыз?

Омаш: Жұмыс жоқ. Тұрмысым нашар болды.

Айыптаушы: Сіз сонда өз еңбегімен тапқан дерменешілер жайлы ойлаған жоқсыз ба?

Омаш: Жоқ, менің ол кезде ары қарай өмір сүруім үшін, күнделікті жейтін тамағым үшін ақша керек болды.

Айыптаушы: Сонда сіз нағыз өзімшіл болдыңыз ғой.

Ақтаушы: Қарсымын. Жеке басының намысына тиіп отырсыз.

Сот: Қабылдаймын.

 

Айыптаушы:  Онда сұрақты былай қояйын, сіз сонда жеке басыңыздың қамын ойладыңыз ғой.

Омаш: Иә.

Айыптаушы: Менің сұрағым бітті.

Хатшы: Ақтаушы, қояр сұрағыңыз барма? Ақтаушы: Жоқ.

Айыптаушы: Онда куәгерді ортаға шақыруға рұқсат етіңіз. Сот: Рұқсат.

Ақтаушы: Сіз есекті Омаш ұрлағанын көрдіңіз бе?

Малшы: Жоқ.

Ақтаушы: Оңда есекті Омаш ұрлағанын сіз қайдан білесіз?

Малшы: Мен күндіз жұмыс істеймін де, түнде есегімді жайылымға жіберемін, түн ортасында тұрып қарап келетінмін, бірақ сол жолы шықсам есегім жоқ болып шықты. Ұзап кеткен шығар деп бақылап жүрдім. Сонда мен баланың есекпен арбаны жегіп қойып кетіп бара жатқанын көрдім.

Ақтаушы: Сіз сонымен есекті Омаш ұрлағанын сеніммен айта алмайсыз ғой, сіз оны көзбен көрген жоқсыз гой?

Малшы: Толық сеніммен айта алмаймын.

Ақтаушы: Менің сөзім бітті.

Айыптаушы: Енді ортаға тағы бір куәгерді шақыруға рұқсат етіңіз.

Сот: Рұқсат.

Айыптаушы: Сіз Омашты көрдіңіз бе?

Қырманшы: Иә.

Айыптаушы: Сағат нешеде?

Қырманшы: Білмеймін, есімде жоқ.

Ақтаушы: Қарсымын, қырманшының дәлелі жеткіліксіз. Оның қылмысын кім дәлелдеп береді?

Сот: Қабылдаймын.

Қырманшы: Тоқсанбай қарт дәлелдеп береді.

Айыптаушы: Онда Тоқсанбай қартты шақыруға рұқсат етіңіз.

Сот: Рұқсат.

Айыптаушы: Сіз Омашты қайдан білесіз?

Тоқсанбай қарт: Біз дермене шабуға келгенде Омаш бізді қорқытып, келісімімізсіз-ақ бірге тұрды.

Айыптаушы: Сіз неге немереңізді ондайға жібердіңіз?

Қарт: Өйткені біз Омаштан қорқатынбыз. Ол бізді «Ағашқа байлап қоям, суға батырамын» деп қорқытты.

Ақтаушы: Омаш, сіз қарттың айтқанына келісесіз бе?

Омаш: Иә.

Ақтаушы:Сіз Омаштан қорыққаннан заң орындарына хабар-ламадыңыз ба?

Қарт: Иә.

Ақтаушы: Менің сұрағым бітті.

Айыптаушы: Сіздер көріп отырғандай, бұл адам -қылмыскер. Қорғансыз қарт пен немересін жәбірледі, қорқытты, бұл да — қылмыс. Біреудің есегін ұрлады. Бұдан кейін бұны қалай қылмыскер демейсің?! Омаш қолымен істегенін мойнымен көтерсің. Егер сіздер Омашты ақтап жіберсеңіздер, ол енді жаман іске жуымаймын деп уәде беріп, ертеңінде осы істерін қайталамайтынына кім кепіл?! Менің ойымша, оңай ақша тауып, жалқаулыққа бой ұрған адам түзелмес. Омаш — ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп үйренген адам. Жазасын өтесін.

Ақтаушы: Сіздердің ойларыңызша, мына отырған адам -қылмыскер, бірақ біз бұны басқа жағымен қарасақ, бұл -адам, яғни Омаш тағдыр тәлкегіне түскен. Соғыстан кейінгі жағдайды өздеріңіз мен айтпай-ақ білесіздер. Жоқшылықты көрген, тұрмыс жағдайы нашар адам, бұл адамды да түсінуге болады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, өмірінде бір рет көп ақшаны қолына ұстап көруге, қиыншылық пен жоқшылықтан құтылмақ болады, бірақ Омаш оңайлықпен ақша табам деген қате болғанын біледі.

 

Тағы да айта кететін жайт: ол өз қателігін мойындап отыр, сондықтан да оның жазасын жеңілдетесіздер деп ойлаймын.

Хатшы :  Сот ақтық шешім шығару үшін үзіліс жариялаймын.

Сот шешімі: Бүгін біз Қазақстан Республикасы азаматтық заң кодексі бойынша осы Республика азаматы Омашты 3 жыл бас бостандағынан айырамыз, еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтейді.

Қорытынды. Естеріңде болсын, балалар, біреуге істеген жамандық, Омаш сияқты адамның арамдығы айналып алдына келеді, өйткені «Адам білмегенді Алла біледі», сондықтан ар тазалығынан артық бақыт жоқ.

Осы сабақты салыстырмалы түрде 2 жыл қатарынан өткіздім, біреуінде ақтаушы, біреуінде айыптаушы мықты болды, ақтаушы (оқушы) мықты болған сыныпта Омашты ақтап алды, айыптаушы (оқушы) мықты болған сыныпта Омаш бұзық қылықтары үшін жазаланатын болды.

Үйге тапсырма: Омашқа мінездеме.