Тұрсын ханның бүлігі

Есім ханның ел ішіндегі беделін, асқан абыройын іштей қызғанып жүретін Тұрсын Бұхара ханының ниетін тез түсініп, Сырдария жағасында екеуі астыртын келіссөз жүргізеді де, Есім ханды жоюдың жоспарын жасайды. Қазақ ханы бұл кезде моңғол билеушілерінің, қырғыз манаптарының өзара қырқысуын тыю үшін шығыс аймақтарда жүрген.Тұрсын ханның түп атасы түсініксіздеу. Толық есімі Тұрсын Мүхаммед-сұлтан. Орыс жазбаларында Шығай ханның ұлы, Есім ханның туысы делінген. Махмуд Уәли «Бахр Ал-аср» атты еңбегінде: «Ол Жалым сұлтанның баласы еді«, — дейді. Жалымды екі ұлымен бірге, жоғарыда айтқанымыздай, Ташкент билеушісі Баба сұлтан өлтірген. Бұл зұлым өзінің қайын атасы, қазақтың ұлы ханы Хақназарды да екі ұлымен қоса жансыздары арқылы жайратқанын білеміз. Ал Жалым сұлтан қайдан шықты — ол жағы тағы мәлімсіз. Кейбір зерттеушілер Әз Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның баласы болуы мүмкін дегенді айтады. Енді біреулер Шығай ханның ұрпағы, яғни Есім ханның туысы етіп көрсетеді. Қалай дегенмен Тұрсын сол тұста Ташкентті билеп, күллі қазаққа хан болуды армандап жүрген. Бірақ жолында Еңсегей бойлы Ер Есім тұр. (11)

Тұрсын жалғыз Ташкентте емес, Бішкек, Түркістан, кейде Сауран, Әндіжан, Шахрухийя сияқты үлкенді — кішілі қалаларға да қожалық ететін. Есім ханмен бірігіп соғысқанда өзінен әлденеше рет жеңілген Имамқұли көмектесем деген соң үміт оты жана бастағанды. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, Тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:

Ей, Қатаған хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді жылатып,
Жер тәңірісің, жатырсың,
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың!
Алтын тақта жатсаң да
Қазаң жетті қапылсың!
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Шашқалы тұр қаныңды,
Кешікпей содан қатарсың!


Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады. Есім хан Тұрсынның басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. Өзінің бақталасы, опасыз Тұрсынның өлгеніне қуанды ма, өлде Есім ханның өзінен қорықты ма — Бұхара ханы оған Ташкентті, Түркістанды, сол маңайдағы қорғаны бар ауыл-мекендерді «сыйлаған». Тұрсын өлген соң екінші рет ұлы хан болып қайта сайланған Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазалады. Тұрсын ханның бұл бүлігі тарих бетінде «Қатаған қырғыны» деген атпен қалды.

Сонымен, қазақ тарихына «Қатаған қырғыны» атанып енген қырғын Сайрамсуда басталып, Ханабадта аяқталды. Қатаған тайпасының «арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілініп, әйел заты түгел үлес-олжаға берілді, түрлі себеппен кешірім жасалған жекелеген топтары басқа руларға таратылады » (12).

Тұрсын ханның Қоңырбике, Айбике, Нұрбике атты қыздары  Арғын -Тобықты жігіттеріне тұрмысқа шығады.

«Қатаған қырғынының» туысқа туыс қол көтерген азамат соғысы екенін Сүлейменнің (Есім ханның батыры ) өзінің туған қайынағасы Айрылмасты (Тұрсын ханның бас батыры)  жекпе-жекте өлтіруімен көрсетеді.

«Қатаған қырғыны ―Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған тегіс ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай, қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш деп аталады» деп топшылайды М.Мағауин.

Ия, шынында да «Қатаған қырғынынан» есеңгіреп қалған қазақ, тек «Орбұлақ шайқасынан кейін ғана, еңсесін қайта тіктей бастады. Оған, 1628 жылдан «Орбұлақ шайқасына»  (1643ж.)  дейінгі деректердің мардымсыздығы куә. Шет жерлік дереккөздерді айтпағанда, осы кезеңде өзіміздің ақын-жырауларымыз да «үнсіз» қалған.

Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкеннен кейін өзінің Ордасы орналасқан Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында өз ажалынан қайтыс болады. Оның денесі Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына қойылып, қабірінің басына кішігірім мавзолей салынады. (15)


Деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады. Атақты Тәуке хан – Жәңгір ханның ұлы немесе Есім ханның немересі болып келеді.