Қазақ тарихындағы Есім хан

Есім ханның хан ретіндегі тарихи тұлғасын терең зерделей келе, одан бірнеше ерекшеліктерді байқауға болады. Біріншісіне – 20-ға жуық хан ішінде Қасым хан мен Тәуке хан секілді оның «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын енгізуі жатады. Ал екінші ерекшелікке – оның хандық билікте екі рет болуын жатқызамыз. Басқа елдерде хандық билікте бір тұлғаның екі немесе одан да көп болғаны белгілі, ал қазақ мемлекеті үшін бұл жағдай ерекше болып саналады. Үшінші ерекшелікке – Есім ханнан бастап Йасы қаласы жаңа атауға – Түркістан атауына ие болып, Қазақ хандығының астанасына айналады да, қазақ хандары Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Сөйтіп Есім ханнан бастап Түркістан қаласының киелілік маңызымен қатар саяси-әкімшілік және рухани орталық ретіндегі маңызы артады да, бірнеше ғасыр бойы қазақ еліне қызмет етеді. Олай болса, төменде Есім ханның тарихи тұлғасы туралы тарихшылардың пікірлері мен өз ойларын ортаға салып, оның қазақ тарихындағы рөлін ашып көрсетуге тырысайық.

Есім хан – ХІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған Шыңғыс әулетінің өкілі. Шыңғыс ханнан Есім ханға дейін он алты ата болған. Оны былайша беруге болады: Шыңғыс хан — Жошы хан — Орда Ежен – Сартақтай – Қоныша – Баян – Сасыбұға – Ерзен – Шымтай – Орыс хан – Қойыршақ – Барақ хан – Жәнібек хан – Жәдік хан – Шығай хан – Есім хан.(1) Оның ата – бабаларының бәрі дерлік билікте болып, Алтын Орда, Ақ Орда секілді мемлекеттердің тарихында ерекше рөл атқарған.

Есім ханға келсек, ол – Шығай ханның он екі ұлының бірі, Сейітқұл сұлтаннан, Ондан сұлтаннан және Тәуекел ханнан кейінгі төртінші ұлы. Анасы шағатайлық Яқшым бике (Жақсы бике болуы да мүмкін). Тәуекел хан екеуі бір анадан туған.(2) Оның толық есімі – Есмұхаммед (Ишмұхаммед), бірақ жазба дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетіндегі материалдарда, сондай-ақ тарихи әдебиеттерде Ишим, Ашим, Есим, Есім түрінде кездеседі. Т.И.Сұлтановтың дәлелдеп көрсетуі бойынша ортаазиялық халықтар мұндай қоссөзден тұратын ұзақ атауларды өз тілдерінің ерекшеліктеріне сай икемдеп алып отырған. Мысалы, Досмұхаммед деген есімді – Достымға, Хажымұхаммедті – Қажымға, Шахмұхаммедті – Шағымға, Жолмұхаммедті – Жолымға өзгерткен.(3) Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, қазақ тілді қазіргі тарихи әдебиеттерде бұл есім – Есім хан түрінде кездесетіндіктен, тарихшыларда осы нұсқаны одан әрі қолданады.


Есім ханның нақты қай жылы дүниеге келгені белгісіз, бірақ оны шамалап айтуға болады. Қадырғали Жалайыр дерегіндегі Оразмұхаммедке қатысты «Сегіз жасында атасы Шығай ханнан айырылады. … он үш жасында өз әкесі Ондан сұлтан шахит болды. … Он алты жасында бүкіл христиан падишахы Борис Федоровичке қызмет істеуге дайын болды» деген мәліметтерден Есім ханның ағасы ондан сұлтанның 1555 жылы туып, 1585 жылы қаза тапқанын білгеннен кейін, інісі Есім ханды шамамен 1560 жылдың о жағы мен бұ жағында дүниеге келген деп есептейді тарихшылар.

Есім ханның есімі жазба деректерде 1598 жылдан бастап кездесе бастайды. Ал оған дейін ол Дешті Қыпшақтың көптеген сұлтандарының қатарында айтылады. «Шараф наме – йи шахи» еңбегінің авторы Хафиз Таныш 1579 – 1580 жылдары Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдағы оқиғаларды баяндай отыра, қазақ билеушілерінен Хақназар ханды, жолым сұлтанды, Шығай сұлтанды, Достай сұлтанды нақты атап өтіп, олардың жанындағы басқа сұлтандарды «олардың ұлдары мен інілері» деп жалпылама атап өтеді.(4) 1598 жылғы Орта Азиядағы оқиғаларды және соған байланысты Қазақ хандығының жүргізген саясатын баяндайтын деректерде Есім сұлтанның есімі алғаш рет нақты кездесе бастайды. Бұл кезде Есім сұлтан ағасы Тәуекел ханнан кейінгі ең беделді, ең атақты сұлтандардың бірі болатын. Оны жазба деректер де дәлелдейді. Есім сұлтанның осы кезеңдегі тұлғалық бейнесін ашып көрсету үшін сол жылдардағы оқиғаларға тереңірек үңіліп көрелік.

1598 жылы Орта Азияда шайбанилық ІІ Абдулла, көп ұзамай сол жылдың жаз айларының бірінде оның ұлы, әрі мұрагері Абд ал-Мумин хан өлтіріліп, билікке үміткерлер арасында күрес басталып кетеді. ІІ Абдулланың белгілі әмірлерінің бірі, әрі оның жақтасы, Абд ал-Муминді өлтіруге қатысқан Абд ал-Уаси би деген әмір Тәуекел ханға хабар жіберткізіп, оны қолдайтынын білдіреді де, Орта Азияны бағыдыруды үгіттейді. Осыған байланысты Тәуекел хан тез арада 100 мыңдық әскер жинап, аумақты жаулауға аттанып кетеді. Тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов Тәуекел ханның Орта Азияға жорығын Искандер Муншидың деректеріне сүйеніп баяндайды. Бұл жорықтың тек қана Есім сұлтанға қатысты жерлерге тоқталып өтетін болсақ, Тәуекел хан көп қиындықсыз аз уақыт ішінде орта Азияның Ташкент, Түркістан, ахси, андижан, самарқан сияқты ірі қалалары мен өңірлерін басып алады. Самарқанда 20 мыңдық әскермен інісі Есім сұлтанды қалдырады да, өзі 70-80 мың әскерді басқарып шайбанилар әулетінің астанасы Бұхараға бет алады. Тәуекел хан қаланы қоршап алады, бұхаралықтар қала бекінісін нығайтып, жан аямай соғысуға бел буады. Он бір күн бойы алма-кезек ұрыстар болып тұрады да, он екінші күні Бұхара әскері қаладан шығып қазақтарға шабуыл жасайды. Таң атқаннан күн батқанға дейін шайқас болып, нәтижесінде қазақ әскерлері шегінуге мәжбүр болады. Мұндай хабарды естіген Есім сұлтан ашуланып ағасына мынадай сипатта хабар жібереді: «Соншама әскермен азғантай ғана Бұхара әскерінен жеңіліп, шегіну деген ұят және өте қатты ұят нәрсе, егер хан Самарқанға келсе, бұл жақта да Бұхара жақтағыдай самарқандықтардың бізге бағынбауы мүмкін. Хан шегінісін тоқтатып, кері оралсын, мен оған өз әскеріммен қосыламын». Тәуекел хан інісінің кеңесін құп алады да, қайтадан Бұхараға бет алады. Көп ұзамай оған Есім сұлтан келіп қосылады. Бұхараға да Балхтан көмекке күш келіп жетеді. Екі жақ арасындағы шайқастар қайта жалғасып, бір айдай уақытқа созылады. Соғысушы екі жақ түпкілікті жеңіске жете алмайды. Осындай бір сәтте Тәуекел хан әскерді өзі бастап ұрысқа түседі. Қарсыластар жағынан көп әскер шығынға ұшырап, бұхаралықтардың ең беделді және танымал адамдары қаза табады. Осы шайқаста Тәуекел ханның өзі де ауыр жарақат алады. Хан жараланғаннан кейін қазақ әскерлері Ташкентке оралады. Ал көп ұзамай Тәуекел хан қайтыс болады.(5) Міне, осы келтірілген дерек мәліметінен Есім сұлтан туралы бірнеше пікір айтуға болады. Біріншіден, ол Тәуекел ханнан кейінгі билеуші әулет ішіндегі ең көрнекті тұлғаның және әскер басылардың бірегейі болса керек. Екіншіден, көп әскермен Бұхара түбінен шегінген Тәуекел ханға айтқан сөзі және сөзін ханға тыңдата білуі оның қайсарлығын, өжеттілігін, намысшылдығын, табандылығын білдірсе керек. Тарихшы Т.И.Сұлтанов Есім ханды 1598 жылдың күзінде хан тағына отырды дей келе, Тәуекел ханнан кейінгі қазақ сұлтандары ішінде лайықтысы Есім сұлтан болатын деген пікір айтады