Қазақстан тарихындағы хандық дәуір

Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңде, яғни Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастап Тәуке ханға дейінгі екі жарым ғасырдай созылған уақыт ішінде қазақ мемлекетін 20-ға жуық хандар басқарған екен. Осы кезеңде Қазақ хандығына көршілес болған көптеген мемлекеттер өз дамуының ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты саяси тізгінінен айырылып, басқа біреудің жетегінде кетсе, ал кейбіреулері бірнеше рет өздерінің билеуші әулеттерін өзгертеді.

Ал қазақ мемлекеті болса, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы тарихтың әр түрлі сыны мен тезіне төтеп беріп, жаңа заманның табалдырығына аяқ басады. Ұлттық сипаттағы ортағасырлық феодалдық мемлекеттің жаңа заманға дейін жетуі көп жағдайда оның саяси тізгінін қолында ұстаған билеушілердің жеке басындағы ерекше қасиеттерге, сондай-ақ олардың уақыт талабына сай жүргізген ішкі және сыртқы саясатына байланысты болатыны баршаға аян.

Осы тұрғынан алып қарасақ, ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда билікте болған қазақ хандарын шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа – қазақ мемлекетін құруда, нығайтуда, сыртқы жауларға қарсы күресте жетекші рөлдер атқарған, ішкі бірлік пен тұтастықты сақтауда көп еңбек сіңірген хандарды жатқызсақ, екінші топқа – өздерінің билігі тұсында қазақ мемлекетінің саяси, әскери, экономикалық қуатын әлсіретіп алған хандарды енгіземіз. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым, Хақназар, Тәуекел, Жәңгір, Тәуке хандармен бірге осы топтың ішінде Есім хан да өз орнын ойып алады. Мамаш, Тахир, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым хандар екінші топқа енеді.