ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

МАЗМҰНЫ:

І. Кіріспе


Түркі әлемінің ғұламасы – Қорқыт ата

ІІ. Негізгі бөлім

  1. «Қорқыт ата» кітабыбүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ аса көрнекті жазба ескерткіші
  2. Қорқыт Атаның нақыл сөздерінің тағылымы және                             тәрбиелік  идеялары
  3. Қорқыт атаның нақыл сөздері мен қазақ мақал-мәтелдерінің арасындағы ұқсастық

ІІІ. Қорытынды

Қорқыт атаның даналық сөздерінің қазіргі замандағы тәрбие мәселесіндегі алар орны

 

Кіріспе

Менің    ғылыми  жобамның тақырыбы — «Қорқыт  атаның  нақыл  сөздерінің  тәрбиелік  мәні».  Осы   тақырыпты таңдау  себебім Қорқыт Ата мұрасындағы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмыс хақындағы әлеуметтік-тұрмыстық толғаныстарының қазіргі таңдағы өзектілігін таныту болып табылады. Оның дидактикалық тұрғыдан берілетін нақыл сөздерінің, оның ішінде ата-салтын қастерлеу, жалпы адамзаттық, адамгершілік құндылықтар туралы айтқан қағидалары бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Нақыл   сөздердің   тәрбиелік  мәні   теренде  жатыр.


Қорқыт атаның нақыл сөздеріне талдау жасамас бұрын Қорқыт ата кім, қандай тарихи тұлға деген сұраққа жауап бере кеткім келеді.

«Қорқыт» сөзі ертедегі түркілердің «Хұр – кісі» және «хыт – құт» сөздерінен шыққан. Ол «Құт әкелуші кісі» деген мағынаны береді. [1]

“Қорқыт” сөзінің этимологиясын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе [2] , С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады.

    Қорқыт Ата –түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл,жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария  бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ  тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде»  оның тегі баят екендігі, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист  ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ  ұлысынан шыққан айтулы бақсы. Екіншіден –күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты.

Қорқыт туралы аңыз көп тараған. Бір аңызда: оның ерекше туу тарихы, анасының оны үш жыл көтергені, ұзақ толғатқаны, сәби дүниеге келер кезде аспанды қара бұлт басып, найзағай ойнағаны, нөсер жаңбырдың құйғаны, адамдардың бұл құбылыстан қатты қорқып, балаға Қорқыт деп ат қойғаны, бала туған кезде аспан шайдай ашылып, әлемге күн сәулесінің төгілгені, сәбидің бірден сөйлеп кеткендігі айтылады. Тағы бір аңызда Қорқыт желмаяға мініп алып, өлмейтін жер іздеу үшін дүниенің төрт бұрышын түгел аралайды. Бірақ оның алдынан шыққан көк майса «қурап солдым» деп, аспанмен тілдескен асқар тау «бұрын сәулетті едік, мыжырайғыш біттік» — деп мұңаяды. Жапырағы сарғайған қара орман қайғымен басын шайқайды. Ол қайда барса да көр қазып жатқандарға кездеседі. Қорқыт өлімге қарсы ем іздеуге әрекеттенеді, бірақ ол еңбегінен де ештеңе шықпайды. Соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген қорытынды жасап, өмірінің кейінгі кезін қобызда мәңгіліктің күйін тартумен өткізеді. Өлмеуді, мәңгі өмірді қобыз үнінен іздейді. Ол күйлерін толассыз тартып, дүниеден өтеді. [3]
Қорқыт бабамыз асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән — күй өнерінің атасы. Күйші қобызы бірде тағдырдың қайғы — мұңын шертіп, ботадай боздайды, бірде мәңгілік өмір мен сұлулық жырын төгіп, аққудай сызыла сұңқылдайды.
Қорқыт — түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы болып табылады.

Мен ғылыми жобамның негізгі бөлімінде «Қорқыт ата» кітабына тоқталып, Қорқыт атадан қалған нақыл сөздердің мағынасын ашып, оның тәрбиелік тұрғыда құндылығын танытқым келеді.

«Қорқыт ата» кітабы — бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ

аса көрнекті жазба ескерткіші

Ғалымдардың айтуынша, «Қорқыт ата кітабының» қос қолжазба нұсқасы бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Оның біріншісі — Дрезден (Германия) қалалық кітапханасының сирек қолжазбалар қорында көрінеді.
Ал мұқият сақталған екінші нұсқа — Италиядағы Ватиканның Аростолика кітапханасында.
Алғашқы нұсқа 12 жыр, яғни 12 оғыз-намеден тұрады. Екінші қолжазба — бар болғаны 6 жырдан құралған.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтың дәлелдеуінше, аталған шығарма «…VII-VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында дүниеге келіп, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған-рухани қазына…» [4]
Сондай-ақ, осы ғалымның айтуынша, Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасы-

нан,   әкесі Қарақожа оғыздарынан екен.
«Міне сондықтан да Қорқыт ата қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын мекендеген оғыздар арасында, екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар» дейді ғалым Немат Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты еңбегінде. [4]
Ғалымның осы тұжырымына «Қорқыт ата кітабының» «Жырдың кіріспесі» деп аталатын бөлімінен дәлел келтіріп көрелік:
«Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз келген.
…Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын істе болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін, билігін Бұлжытпай орындаған», — деп жырланған жыр кіріспесінде.
Тайға таңба басқандай келтірілген бұл үзінді Қорқыт атаның тарихи тұлға екендігіне-бұлтартпас дәлел.
Бұл тұжырымды ғалым Әуелбек Қоңыратбаев одан әрі шегелей түседі:
«Қорқыттың нақыл сөздерінде…» «Бұл жырды Қорқыт айтқан»… деп отырады. Сонда Қорқыт әулие емес, оғыздардың үлкен ойшылы, эпос ақыны боп көрінеді. Сонымен бірге Қорқыттың өзін де барлық жырдың бас кейіпкерінің бірі ретінде көрсетеді», — дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.
Біздің ойымызша, демек Қорқыт атаның осы дастандар ауторы ретінде көрсетілуі оның Жаратушы айрықша дарын берген ел перзенті екенін айғақтаса керек.
Ал Қорқыттың 12 жырдың өн бойындағы негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде сипатталуын, бабалардан бізге мирас боп қалған осынау жазба жауһарларымызға, яғни «Қорқыт ата кітабына» Халық деген талантты ұлы автордың қосқан шығармашылық үлесіне дәлел деп қарағанымыз жөн болар.
Осынау тарихи құнды еңбекті зерттеу ісіне академик Әлкей Марғұлан мен филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақов та өлшеусіз үлес қосқан.

Қорқыт Атаның нақыл сөздерінің тағылымы және тәрбиелік  идеялары

Рухани өміріміздің тарихында бір дәуірдің болмыс-бітімін, таным- түсінігін айшықтай түсетін айрықша тұлғалар болды. Солардың бірі, бірегейі-түркі халықтарының арасында есімі ежелден танымал-Қорқыт ата. Шығыс Түркістаннан бастап Кіші Азияға дейінгі түркі халықтарының ауызша да, жазбаша да жәдігерлерінен ойып орын алған Қорқыт бейнесі бір ғана көркемдік дүниенің жемісі еместігі, мұның астарында берісі нақтылы тарихи тұлға, арысы тұтас қоғамдық-әлеуметтік, саяси, діни дүниетаным тамыр тартып жатқан дәуірлік құбылыс жатқандығы даусыз. Байыптап қарасақ, исламнан бұрынғы идеология мен таным-түсінікке қатысы бар тұлғалардың қуаттысы да, жұртшылыққа кеңінен мәшһүр болғаны да — Қорқыт есімі. VІІІ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт Ата — ежелгі түркілердің көрнекті ағартушысы, ойшылы, әрі ақын, сазгер, әрі күйші, тарихта ерекше рухани із қалдырған, халық даналығын жинаушы. Өзінің философиялық толғамдарында өмір мәселелерін көтерді. Мәңгі өлмеудің жолын қиялымен іздестіреді. Қорқыт ата поэма, күйлер шығарып, оны қобызда орындайтын болады. Сол себепті де «Қорқыт ата шығармаларын» «Қорқыт Ата кітабы» деп атайды. Себебі, Қорқыт Ата айтқан жырлар, дастандар жинақталып, 12 тараудан тұратын кітапта батырлық, елдік, адамгершілік туралы оқиғалар жырланады.

«Қорқыт Ата кітабы»- бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ аса көрнекті жазба ескерткіші. Бұл еңбекте тәлімдік мәні күшті афоризмдер, қанатты сөздер мен тағылымдық-танымдық идеялар, өсиет сөздер көптеп кездеседі. Кең даланы еркін мекендеп, салтанатты, салауатты өмір кешкен көшпенділер “Адамзат өмірінің мәні неде?” деген философиялық мәселеге ұрпақтар сабақтастығы адамзат тіршілігінің мақсаттарының бірі екендігі туралы түсінікке әкеліп салған. Қорқыт Ата мұрасындағы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмыс хақындағы әлеуметтік- тұрмыстық толғаныстарына алып келеді. Онда халқының болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, тәлім-тәрбие, ата салтын, дәстүрін құрметтеу мен қастерлеу мәселелері өз болды. Қорқыт Атаны жалпы түркі халықтарының мәдени-дәстүрінің негізін салушылардың бірі деп қарастыруға болады. Қорқыт ата дана-ақылшы ретінде, біріншіден, даналық толғаныстары мен тұжырымдары, өсиетнамалардан, ғибратнамалар арқылы көрінсе, екіншіден, жырларының идеясы мен ішкі формасынан, үшіншіден, әрбір жыр соңындағы қорытынды сөздерінің ақыл-кеңестері мен батасынан сезімдік сипатты тәлімдік-тәрбиелік ой толғаныстарынан байқатады. Қорқыттың этикалық әлемі-бұл қазақ халқы қоршаған табиғатқа, ұлы Отанға және оның батырлық өткеніне деген сүйіспеншілігін жиған ұрпақтардың жалғастырушы желісі, әдептілік дәстүрлердің тірі жалғасы, болашаққа сеніммен қараудың таусылмас қайнар көзі және даналықтың қазынасы. Ойшыл- сәуегейге жас та, кәрі де және одан өмірлік ауыртпалықтардан айығуға, жанына тыныштық және жүрек теріне жылылық таба білді. Қорқыт ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан: «Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Кавказ арғымағын мінгізуден келер пайда жоқ. Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп серп етпе. Жер қадірін ел біледі, ер қадірін ел біледі. Құлын құдыққа түссе құрбақа құлағында ойнайды. Көп қорқытады, терең батырады. Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үгіт алмас. Ежелгі жау ел болмас, ескі мақта жіп болмас, қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы. Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды», т.б.[3].

Қорқыт Ата философиясында ұрпақтар сабақтастығы қағидасына ерекше мәнберген. Ұрпақтар сабақтастығы адамзат болмысының басты қағидасы бола отырып, қазіргі заманғы кейбір өркениетті елдердегі бұл қағиданың бұзылуы олардың болмыссыздығына әкеліп, адамгершілік өлшемдерге қайшы келеді. “Салор қазан үйінің шабылғаны туралы әңгімесінің баяны” жырында ұрпақтар сабақтастығы қағидасының тәрбиелік-тәлімдік мәнін төмендегіше суреттейді: Қарлы таулар қартайса, шөп бітпес, Арналы өзендер қартайса, су келмес, Биелер қартайса, құлын бермес, Ей, кәпір әйел қартайса, ұл бермес.

Баланың өмірге келуін салтанатты түрде атап өтуі және адамзаттың әлемнің бөлшегі ретіндегі тұтастық туралы дүниетанымдық көзқарастары тұжырымдалды. Осы жерден көне Рим философы Цицеронның да: «Бала болмаса, адам мен адамның табиғи байланысының болуы да мүмкін емес. Бұл байланыс жойылса, ортақ тіршілікте ұштасып жатқандығын байқау қиын емес»- деген ойымен Қорқыт сөздерінің ұқсастығын көреміз.

Оның дидактикалық тұрғыдан берілетін нақыл сөздерінің, оның ішінде ата- салтын қастерлеу, жалпы адамзаттық, адамгершілік құндылықтар туралы айтқан қағидалары бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Мәселен, ата дәстүрі мен салты, жанұя тәрбиесі, тәрбиедегі үлгі-өнеге туралы өсиетнамалары мен қатар жырларында да жақсы айтылады. «Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас», «Ұл атадан көрмейінше сапар шекпес», «Ата малынан не пайда, баста дәулет болмаса».

Қорқыт атадан қалған тағы бір нақыл сөздерінен мысал келтірсек: «Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады». «Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардың өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басы құрап, үйінен дәм беруге де жарымайды», «Ананың көңілі балада болар», «Ақылсыз баладан ата дәулетінен қайран жоқ», «Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі», «Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы», «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», «Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікші болғаннан, жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық».

Қорқыттың ой-пікірін философиялық тұрғыдан тұжырымдайтын нақыл сөздер, өсиеттер, қанатты сөз тіркестері өте көп. Қорқыт ата есімімен байланысты осындай үлгі-өнеге сөздер ел аузында көп сақталған. Мәселен ата салты, оның сабақтастығы мен өмір сүру тәсілі: қабылдап алу, сақтау, кейінгіге жеткізу сияқты уақыт бойынша ұрпақтар алмасуының кезеңдеріне негізделген үш сатысы туралы өсиетнамаларымен қатар жырларынан да көрінеді. Оны Қорқыт атаның өсиет-нақыл сөздерінен көз жүгірткенде анық байқаймыз. Отбасындағы әйел рөлін түсінуге қатысты қызықты идеялардың өзара алмасуы мен ой толғаулардың үндестігін Қорқыт Атадан да байқауға болады. Қорқыт бойынша, әйел-үйдің тірегі, «ондай әйел өзінің күйеуі аңға шығып кетіп, үйге түзден қонақ келсе, ол қонақты тамақтандырады, шөлін қандырады, дем алдырады да жібереді. Бұл Айша мен Фатима тектілер, мұндайлардың тіпті мыңы өсе берсін, ондай әйел сенің ошағыңа да келетін болсын» Қорқыт кітабының кіріспе сөзінде әйел төрт түрлі болады, оның басы құт әйел, соңы – қанағаты жоқ әйел, одан қалса елін ығыр қылытын кесір әйел, тірлігін ұқсатпайтын салақ әйел деген.

«Әйел төрт түрлі болады», — депті Қорқыт. «Оның бірі – ниеті қураған әйел, екіншісі – ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел». Әйел біткеннің ең жаманы – сол.

Отбасының құты болған әйел даладан қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңдап өссе де, көп емес, бәлкім аз. Сіздің ошағыңызға осындай әйелдер кез болсын.

Одан соңғысы – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап жылана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйге мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген башпағым болмады, бетімнен перде түспеді. Ерім өліп басқа біреуге тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», — дейді. Хан ием, ондай әйел мың болса да, өсіп өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін.

Одан соңғысын салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті-қолын жуады, шатырдың ол шеті мен бұл шетіне қарайды да, күбіні апыл-ғұпыл пісіріп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шүу!» — деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе, үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, қорада байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылихам, Зүбайрам, Рубайдам, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна-Мәлік, Құтлы-Мәлік, қайда едіңдер?  Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы – тәңірі ақысы деген қайда?» — деп безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да, өсіп өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын.

Ең соңғысы – адам тілін алмайтын кесір әйел. Үйге түзден бір ұятты қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, жейік, қонағың да жесін» — десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ» — дейді. «Барыңды бер» — десе, әйелі «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмеймісің? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ оның не әкелері де белгісіз. Дастарханымды жемесе, өзге берерім жоқ», — деп бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне де жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын.[3, 22-23 бб].

Қорқыт ата   әйелдің түрлерін салыстыра сипаттап, әйел-ананың қоғам дамуына негіз болатындай ұлағатты болуын уағыздайды.

Қорқыт жырларында әйел ананың ақыл-ойы, ерге беріліп, ел үшін ерлік жасауы, ана абыройы қастерлене баяндалады

Жақсы әйел ерінің бар жоғын білдірмей, елге аға бола алады дейді. Мұнысы мақал емес, нақыл сөз. «Атаның атын былғаған жетесіз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырылдап тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», – дейтін ұлы бабаның нақыл-өсиет сөздерінде өткен заман кескіні, үй-тұрмыс жағдайы, ата-ана, ұл мен қыз, күйеу бала, табиғат көрінісі, хайуанаттар тіршілігінен түсінік беріп, өмір туралы философиясы мен ажалмен алысқан аңыздарында оптимистік сарын бар. Ұлы баба арманы, мұраты адамзатқа жер бетіндегі өмірдің мәнін ұғындыру, адамдар жүрегіне қайсар рух пен кемел ізгіліктің дәнін себу арқылы асыл қасиеттер дарыту.

Қорқыт ата өзінің жырлары арқылы ұрпақтарын алауыздықтан аулақ болуға, еңбекті құрметтеуге, ерліктің қадірін біліп, батырлыққа бейімдейді.

Дүниетанымдық, тәлім-тәрбиелік мәні зор ұлттық педагогикамыздың бастауы болып табылатын Қорқыт атаның жырлары мен өсиет сөздері, күйлері мен аңыз әңгімелері жалпы адамзаттық тәрбие ұлағаттарына үлкен үлес болып қосылады. Қорқыт ата- халық ұстазы болды. Әулие атамыздың асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, қасиетті еңбегінің қадірін арттырып, қастерлей береміз. Өйткені, ол- этностық тәлім-тәрбиенің алатын бастауы.

«Қорқыт ата кітабында” және «Қорқыт жырларында” Қорқыт айтқан афористік қорытындылар да бар. Мысалы:

 «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Ақын тілді, ат тұяқты келеді»,  «Ескі темір біз болмас, ескі мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас, өткен өмір оралмас, өлген кісі тірілмес», «есекті жүгендегенімен жылқы болмас», «қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ” .

Қорқыт ата- дана, ақылгөй ата болуымен бірге дарынды жырау, майталман күйші, қазақтың музыка аспаптары қобыз мен домбыраны алғаш жасаушысы, өз заманының кемеңгер ойшылы. Қорқыт ата өз ел-жұртының аянышты ауыр халін көріп, одан елді құтқаруды, мәңгі бақи өлмейтін бақытты өмірді аңсайды, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Бірақ көктемде жапырағы жайқалып шешек атқан шөптердің қүз келісімен сарғайып солғанын, бір заманда аспанмен тілдескен асқар таулармен мыжырайып шөгіп бара жатқанын, мәуелі ормандардың жапырағы төгіліп, қайғымен қамығып бас шайқағанын көреді; адамзат, жан-жануардың мұң-зарын естиді. Ол қайда барса да көр қазып жатқандарға жолығады, ол ең ақырында: дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ, «сынбас темір жоқ, өлмес өмір жоқ” деген қорытындыға келеді де, өлмейтін өмірді халықтан іздейді. Өмірінің соңғы кезін домбыра-қобыз тартып, күй шығарумен өткізеді. Ең ақырында қобыз күймен көз жұмып, артындағы ұрпаққа өлмес күйлерін қалдырады».[5] «Қорқыт күйлері” дейтін күйлер қазақ халқы арасында күні бүгінге дейін ардақталып, ойналып келеді. Қорқыт жырының қорытындысы: «өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмтылмайтын нәрсе адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дегенді аңғартады.

Баланы балғын шағынан бастап оқытып, жақсылап тәрбиелеу, яғни кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ата-ананы қастерлеуге үйрету. Қорқыт атаның асыл сөздерінің көбінде тәлімдік идеялар ұшырасады. Өскелең ұрпаққа ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беруге ерекше көңіл бөледі.

Қорқыт қобызды алғаш жасаған және сонымен күй тартқан адам екен. Қорқыт жырында қобыздың қандай заттардан және қалай жасалатыны былай суреттеледі:

Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Ақ қайыңның безінен
Қағып алған қобызым.
Әзегінен қара емен
Ойып алған қобызым.
Қыл құйрығын тұлпардың
Ішек қылған қобызым.
Таутекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым.

Қорқыт аңыз бойынша, желмаясына мініп алып, өзінің, елінің өмірін тілеп жүргенде көз жеткізгені — өзекті жанның бөрінің де ерте ме, кеш пе, бұл өмірден озатындығы. Содан қазақта Қайда барсаң да Қорқыттың көрі деген нақыл қалған. Ақыры Қорқыт:
“Өлімді тоқтатса, тек өнер ғана тоқтатар ”, — деп, Сырдың суына кілем жайғызып, бірнеше күн мен түн бойына отырып, өзінің Өмір деген күйін тартқан, деген   аңыз бар.

Қорқыт күні-түні тоқтамай күй тартқанда, өлім де бір сәт тоқталыпты деседі.  Күні-түні күй тартып әбден шаршаған Қорқыт бір сәт қалғып кетеді. Сонда судан бір қарашұбар жылан шығып, Қорқытты шағып алыпты-мыс. Бұл аңыз-жырдан біз не ұғамыз?

Біріншіден, Қорқыт — шамандық дін өкілі.
Екіншіден, бұл аңызда адам баласының мәңгілік өмір жөніндегі арманы жатыр.
Үшіншіден, өмірді ұзартса, артында қалатын өнері ғана ұзартады деген идея жатыр.

Осы  аңыздан Қорқыт атаның  өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік етуді аңсағандығын білеміз.

Қорқыт атаның нақыл сөздері мен қазақ мақал-мәтелдерінің арасындағы ұқсастық

Қорқыттың кеңестері далалықтардың қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарды, олар күні бүгінге дейін халық даналығы шоғырланған мақал мен мәтелдер ретінде қабылданады. Оның қанатты сөзге айналған нақыл сөзі мынадай: «Қар қалың жауса да, көктемге дейін қалмайды, жайқалып өскен көк майса күзге дейін қалмайды. Ескі мақта мата болмас, ескі жауың дос болмас. Сулар тарам-тарам болып, қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен- жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас болмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды».

Осындай қанатты сөздерін қазақ мақал-мәтелдеріне ұқсатып мазмұнына қарай тақырыптарға бөлдім:

  1. Қорқыт атаның тұрмыстық қажеттіліктерге

байланысты  нақыл сөздері:

  • Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес
  • Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас,

Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды

  • Алла, алла демейінше іс өнбес, қадір тәңірі демейінше ер байымас
  • Баба малынан не пайда, баста дәулет болмаса
  • Қонақ келмеген қара үйдің құлағаны игі
  • Шабуын білмеген оқалы (үкілі) қылыштан шоқпар артық
  • Жалған сөз бұл дүниеде болмаса игі
  • Күн жадында жұма көрікті
  • Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізуден пайда жоқ
  • Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді
  • Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас
  • Тәкаппарды тәңір сүймес
  • Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді
  • Өтірік сөз өрге баспайды
  1. Қорқыт атаның  ана  туралы   нақыл   сөздері:
  • Ана — ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы
  • Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман
  • Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас
  • Ниеті құрыған әйел, нысапсыз әйел, кесір әйел
  • Ананың көңілі балада  болар
  • Ақ сүтін тоя емізсе, ана көрікті
  • Ұлдың кімнен туғанын ана білер
  • Қыз анадан көрмейінше үгіт алмас     
  1. Тәлім-тәрбиеге байланысты қанатты сөздері:
  • Қыз ақылды ескермес-ана үлгісін көрмесе

Ұл жарылқап ас бермес-әке үлгісін көрмесе.

  • Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басы құрап, үйінен дәм беруге де жарымайды.
  • Ақылсыз баладан ата дәулетінен қайран жоқ.
  • Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиелеген адамға көрдім-білдім деген де сөзді айтпас.
  • Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып,

ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы.

  • Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.
  • Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікші болғаннан, жарық көріп, өмір сүрмеген  көп артық.
  • Құл – төбе болмас, күйеу бала – ұл болмас.
  • Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді.
  • Көңілі пасық ерде дәулет болмас
  1. Өмір мен өлім туралы қанатты сөздері:
  • Өмір барда өлім бар, өзгеру бар.
  • Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады.
  • Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес.
  • Өлген адам тірілмес.
  • Мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі.
  • Өлген адам тірілмес, шыққан жан қайта келмес.
  • Әзелден жазылмаса, құл басына қаза келмес, ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.
  • Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді.
  • Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді.
  • Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді.
  • Өлімді тоқтатса, тек өнер ғана тоқтатар
  1. Туған жер, елге арналған қанатты сөздері:
  • Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі
  • Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды
  • Ат қиналмай жол шалмас
  • Қар қаншама қалың жауғанмен — жазға бармас
  • Қарлы таулар қартайса, шөп бітпес,
    Арналы өзендер қартайса, су келмес
  • Шолақ сулар тасыса да, теңіз болмас
  • Опа, опа қар жауса да жазға жетпес, гүлді көгал күзге жетпес.
  • Ат жемеген ащы шөптің біткенінен, бітпегені игі.
  • Отты жерді жергілікті түз құстары білер, тегіс жердің көгалын құлан білер. Айыр, ауыр жолдар ізін түйе білер. Жеті сала иісін түлкі білер.
  • Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы
  • Жердің соны шөбін киік білер, Жайылым жердің көкорай шалғынын жылқы білер
  • Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды
  • Қанша қалың жауғанмен, Қар көктемде қалмайды. Гүл жайнаған қалың да, Қара күзге қалмайды.
  • Құстың қонар жерін су білер, Малдың барар жерін ну білер

Мен мақал-мәтел ретінде оқып қарап жүрген кейбір мақал мәтелдердің Қорқыт атаның сөздері екенін білдім. Атап айтқанда :

  1. Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе

Ұл жарылқап ас бермес — әке үлгісін көрмесе

  1. Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті.
  2. Өлгендер қайтып келмейді, Шыққан жан қайтып енбейді.
  3. Құстың қонар жерін су білер, Малдың барар жерін ну білер.
  4. Топырақ тау болмайды.
  5. Ескі киімнің биті ащы, Жетім баланың тілі ащы.
  6. Ана көңілі балада, баланың көңілі далада.
  7. Өмір барда өлім бар
  8. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман
  9. Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді
  10. Өтірік сөз өрге баспайды
  11. Көк шүйгінін киік білер.
  12. Бас аман болса бөрік табылады.
  13. Дәулетті ұл – ошақтың қоры,
  14. Дәулетсіз ұл – атаның соры.
  15. Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса,
    Ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса.

Міне «Қорқыт ата кітабы», « Бес ғасыр жырлайды», «Қорқыт ата кітабы. Жырлар», «Қорқыт ата: Оғыздардың батырлық эпосы»  кітаптарындағы қанатты сөздерді теріп жазып, оларды мазмұны бойынша саралағанымда, Қорқыт мұраларының ақыл-нақылға құралған шешендік нақыл сөздерінің аз кездеспейтінін байқадым. Нақыл сөздерінде ырғақ, ұйқасқа құралған мазмұны терең ұшқыр да ұтымды ой анық аңғарылып, бүгінгі күнде де өз тәрбиелік мәнін жоғалтпаған. Ғасырлар сынынан өтіп, бізге жеткен Қорқыт ата қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі және ол тудырған «Қорқыт ата кітабы» бүгінгі жастар үшін оғыз, қыпшақ дәуірінің ұлы мұрасы қазақ эпикалық дәстүрінің алғашқы баспалдағы ретінде жасай бермек. Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі-адамилықты жоғалту. Қорқыт көтерген мәңгілік мәселесі -өмірсүйгіштікке шақыру және өмірді сүйген адам ғана өз ұрпағын адамгершілік негізінде тәрбиелейді, сол арқылы жалпы халықтың болашағы алдында өзінің жауапкершілігін түсінеді және перзенттік борышын барынша парасаттылықпен, ыждағатты түрде орындауға тырысады. Адамның тектілігі де, намысының негізгі кейпі де осында жатыр. Тектілікке, атаққа іліну немесе байлық пен мансап құру жатпайды, керісінше, дүниенің сырын, оның терең мәнін жүрегіңмен түсініп, ақылыңмен екшеп, айналаңа жылуыңды шаша жарқын өмір сүруді жатқызуға болады. Адам жақсы істің жалғасын біліп, дүниені көркейтуге өз үлесін қосуы, дарынын шабытпен шалқытып, адамдарды біріктіре білсе тектілік танытқаны. Бұл болмыста өмір сүре білу дегеніміз әлеуметтік шындықтағы қиындықтарды белсенді түрде жеңе білу, мүмкіндігінше тіршілікпен үйлесімділікті орнатуға атсалысуы. Бұл іс- әрекеттегі ұқыптылық -адамның үлкен өмірдің алдындағы жауапкершілігі. Қорқыт жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлылық пен төзімділік-біздің бәріміздің ата-бабаларымызды қандай қиын сыннан да алып шыққан түркілік қанымызда бар қасиеттер.

 

Қорытынды

Осы тақырыпты ғылыми жобаға негіз етіп алғаннан кейін тек кітап, журнал көрсем нақыл сөздерді көзім шалып қалса жазып алумен болдым. Осылай кітапханадағы кітаптардан алған және интернеттен алынған мәліметтер өоры жиналып қалған кезде анам Қорқыт атаның жатқан жері Қызылорда облсына барып, бұдан да құнды мәліметтер алаиынымызды айтты.

Қысқы каникулда Қызылорда облысы Қармақшы ауданына анам екеуміз барып,  Жосалы станциясынан 18 км қашықтықта орналасқан Қорқыт ата кесенесіне бардық. Алыстан мұнартып қобыз үнінің сарыны естіліп тұрған биік облиск кешеннің негізгі элементі. Авторлары – Б.Ә.Ыбыраев, С.И. Исатаев.

Қорқыт Ата ескерткіші темір бетоннан жасалған, биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен  үндес дыбыс шығарады. Әрбір стеланың  үшкілдене біткен төбесі күмбезге ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан.

     Анам екеуіміз ескерткішпен, оның жанында орналастырылған амфитеатрмен, Қошқар ескерткішімен таныстық.  Мемориалдық кешен 2015 жылы қазан айында күрделі жөндеуден өтіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі келіп ашып беріп кеткен екен.

Анам екеуміздің Атыраудан әдейі  Қорқыт ата туралы тың деректер табу үшін келіп отырғанымызды естіген Қорқыт-Ата кесенесінің меңгерушісі – Әлиев Мағауия ағай Қорқыт ата мұражайын ашып өзі ондағы экспонаттармен таныстырды. Қорқыт ата туралы көптеген мәліметтер берді. Кетіп бара жатқанымда: «Қорқыт бабаңның әруағы сені әрдайым желеп-жебеп жүрсін, зерттеу  еңбегіңнің жемісін көр» — деп ағалық батасын берді. Және Қорқыт ата кешені туралы жасалған буклет-альбом мен «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» деген кітапты сыйға тартты. Қармақшы ауданының орталығында орналасқан аудандық кітапханаға да барып, Қорқыт атаға байланысты жасалған стендпен таныстық. Қойылған көрмедегі кітаптар мен газет-журнал материалдарын ксерокске түсіріп ала кеттім.

Осы тақырыпты алып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенде өзіме біраз ой түйдім.

Қорқыт ата мұрасы ертеңгі зиялы азамат ретінде елінің шын патриоты болып өсуімізге ықпалы зор, сондықтан Қорқыт атаның нақыл сөздерін әр жастағы адам өзінше оқиды, өзіне керегін алып, өмірлік тәжірибеде қолданады. Осы болмысымыз бен дүниетанымызды келер ұрпақтарымыз да мәңгілікке жалғастырып, адамзат өркениетінің тарихында лайықты орнымызды иелену үшін біз Қорқыт Ата мұрасын зейін қоя оқып, өзімізден кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге етуіміз қажет. Қорқыт ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер ғана емес, түркілік дүниетанымның мәйегін жасап кеткен ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өз орны бар философ-гуманист айтты деген мақалдар мен нақыл сөздердің өзінің мәнін жоймағандығы соншалық, оның кейбірі әлі күнге дейін қазіргі қазақ өмірінде қолданылып келеді.

Қорқыт Ата мұрасына бүгінгі ХХІ ғасырда өмір сүретін ұрпақ ерекше мән беріп, ұлттық тәрбие мен білім беру жүйесінде кеңінен пайдаланылып келеді.

«Қорқыт ата кітабын» дүниежүзілік әдеби, тарихи мұраның алтын қорына жатқызуға болады, ол түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып есептеледі.

Қорқыт  атаның  нақыл   сөздері   мақал-мәтелдерге   айналған. Қорқыт  атаның  нақыл   сөздері оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Сондықтан ананы құрметтеу, ананы аялау, ананың абыройын ардақтау — кісіліктің белгісі, ердің инабаты, ұлттың  ұлағатты қасиеті деп біледі Қорқыт атамыз. Осы ойын жырларына өзек етіп, ұрпағын ананы ардақтауға баурайды. Дүниетанымдық, тәлім тәрбиелік   мәні  зор  ұлттық  педагогикамыздың  бастауы  болып  табылатын  Қорқыт  атаның  жырлары мен  өсиет  сөздері,  күйлері мен аңыз әңгімелері жалпы адамзаттық  тәрбие  ұлағаттарына  үлкен  үлес  болып  қосылады.

Қорқыт ата- халық  ұстазы  болды.  Оның  асыл  мұраларын  — этностық  тәлім-тәрбиенің   алтын  бастауы  деп  білеміз.

Қорқыт атаның нақыл сөздерінде  түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан.

Қорқыт  ата  тұлғасы халқымыздың мәдениетінің дамуындағы көп ғасырлық желісі жалғастырып, оның мұрасы арқылы өткен ұрпақпен рухани байланысқа түсе аламыз.  Әсіресе , тарихи дамудың бабамыз өмір сүрген дәуіріндегі салт-дәстүр, құндылықтар мен мінез-құлық қалыптарының өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру тұрғысынан алып қарағанда «Қорқыт атаның  нақыл  сөздерінің  тәлім- тәрбиесі тарихындағы алатын орны айтарлықтай орын   алғаны  және  осы  нақыл  сөздерді  күнделікті  өмірімізде   әлі  күнге   дейін қолданатымызды  дәлелдедік.

Қорқыт Ата- нағыз көсем  ретінде көріністерге, дінге көзқарастарына кейбір қайшылықтар,зорлық, зомбылықетек алған кездегі ел жайын суреттеу, жақсылыққа, әділеттілікке  жетелейді.

Қорқыт атаның асыл сөздерінің көбінде тәлімдік идеялар ұшырасады. Өскелең ұрпаққа ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беруге ерекше көңіл бөледі. Баланы балғын шағынан бастап оқытып, жақсылап тәрбиелеу, яғни кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ата-ананы қастерлеуге үйрету.

Қорыта айтқанда, «Қорқыт ата кітабы» — әр  түрлі  жырларының   тәрбиелік   мәні ұшан теңіз  екендігін  дәлелдеу.
Әдебиеттердегі  берілген анықтамалардан көңілге түйгеніміз —
мектеп  жасындағы оқушылардың  білім алуында Қорқыт  атаның  нақыл   сөздерінің  тәрбиелік мәні зор.

Қорқыт Ата мұрасындағы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмысымызды  және  әлеуметтік-тұрмысымызды    көрсетеді.   Қорқыт  жырларында  халқымыздың   болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, тәлім-тәрбие, ата салтын, дәстүрін құрметтеу мен қастерлеу мәселелері үлкен  орын   алған. Қорқыт Атаны қазақ, жалпы түркі халықтарының мәдени-дәстүрінің негізін салушылардың  атасы  деп  білеміз.
Қорқыт Ата дана-ақылшы ретінде оның тағылымдық көзқарастары ең алдымен даналық тұжырымдар арқылы берілетін өсиетнамалардан, ғибратнамалардан тұрады. Әрбір жыр соңындағы қорытынды сөздерінің ақыл-кеңес пен батасы, тәлімдік-тәрбиелік ой толғаныстарынан байқалады.
Біздің  ғылыми   жобамызда  Қорқыт  ата   жырларындығы   нақыл   сөздер  мен баталардың    тәрбиелік    мәні   жайлы   кеңінен   таратып   зерттеу   жұмысын   жүргіздік.  Қорқыт  атаның   нақы    сөздерін   қанша  ғасыр   өтсе   де ,  бүгінгі  күні   де  тұрмысымызда   қолданамыз.  Қазіргі   күні сөз етіп отырған әлеуметтік құндылықтар бүгінгі күннің туындысы.
Қорқыт  ата  нақыл  сөздерін  ізгілік  қарым-қатынас пен әдептілікті орнықтыру бағытындағы тәрбиелік жұмыстарда қолдануға болады.

Біздің келешектегі   жоспарымыз:

  1. Қорқыт ата  жырларының  тәрбиелік   мәні   бар    көп , деректер   жинау.
  2. Орыс тілінде    білім  алатын мектеп  оқушылары   арасында қазақ  әдебиетіне  деген  қызығушылығын  арттыру.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» Алматы, 1994 ж 24-25-бет
  2. Ә.Қоңыратбаев «Қазақ фолклорының тарихы» Алматы, 1991 ж 90-бет
  3. «Қорқыт ата кітабы» Алматы, 1986 ж 126 бет
  4. Н. Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» Алматы, 1991ж 264 -бет.
  5. «Қорқыт жыры», «Мұра журналы, 1982ж. №4-саны
  1. Айдосов А

Қорқытнама. Алматы: Бастау, 1997. – 68 бет.

  1. Көшербаев Е.

Тәуекел. Үшінші кітап. Қызылорда. «АSU» баспа үйі, 2015. – 288 бет.

  1. Қорқыт ата кітабы. Жырлар. – Астана; Фолиант, 2008. – 608 бет.
  2. Қорқыт және Ұлы Дала сазы. – Алматы, Апта. Kz. 2011. – 292 бет
  3. Түркі дүниесінің кемеңгер ойшылы. – Қызылорда: Тұмар. – 1998. – 156 бет

«Қазақ тарихы» журналы 1993 ж №1 24 бет

Ә.Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» Алматы, 1985 ж 208-бет

Ә.Диваев тарту 1992 ж 200-бет

З.М.Бабыр «Бабырнама» Алматы, 1993 ж 4-бет

«Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» Қызылорда, 1995 ж 122-бет