Қазақстан табиғаты туралы шығарма

 

Қазақстан-қарашы туған өлкем, Табиғаты ажарлы -қандай көркем.

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы,көңілге қонымды естілетін салиқалы сөзге қаншама мазмұн, терең мағына, ұлағатты ұлы ұғым,  тұжырымы кең ой жатыр десеңші!


Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі,құт – берекесі. Ал  адам үшін табиғат ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені,адамның өзін дүниеге келтіретін аяулы анасы, сондықтан да адамның табиғатты «ана» деп құрметтеуінде өте үлкен ұғым жатыр.Қазақ халқының бар өмір тіршілігі табиғатпен тікелей етене байланыста өтіп жатыр. Сан ғасырлар бойы халқымыз сол өзін аялаған табиғат аясында тіршілік ете жүріп, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді және сол туралы орынды пікірлерге келді. Табиғаттың  қатаң жағдайына ,түрлі өзгерістеріне сай көшіп-қонып жүріп,өз шаруашылығын табиғатпен үйлесімді жүргізіп отырды және табиғатқа аялы алақан,жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық қажет екендігін ерте сезінді.Осыған орай халқымыздың да мінез-құлқы бірте-бірте қалыптасып,ондай қасиеттер атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізіліп отырды.

Қазақ халқының халық педагогикасындағы асыл мұралардың бірі-табиғатқа деген аса зор сүйіспеншілігі мен оған деген асқан  адамгершілік қасиеті болды. Халық ұғымында табиғат деген қасиетті сөз туған жер, өскен ел, атамекен, аяулы өлке, ауылым деген  тұла бойында нәр беріп, жүрегіңді шымырлататын аса қымбат  сөздермен қатар тұрады.Белгілі жазушы, әрі ғалым Ақсеуіл Сейдімбеков өз шығармаларында халқымыз бен табиғат арасында үндестікті, бірлікті,сабақтастықты ерекше атап өтті.« Көшпелі өмір салты табиғи географикалық дара бітімдегі биосфера бірден – бір үйлесімді.Ата – бабамыз туған жеріне кіндік қанын ғана тамызып қоймаған, қажет болса жүрек қанын да төге білген»-деп  жазушы табиғат пен халқымыз арасында  өзара байланысты жоғары бағалаған. Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың  көркем келбетін, ажарлы арайын  сұлу сымбатын көре, сезіне білуінен бірте-бірте  қалыптасқан.Табиғат сұлулығынан,әдемілегінен ,әсемдігінен бойына қуат, жүрегіне шуақ алып, аса зор іңкәрлік  сезімге бөленген және табиғаттың сұлулығының алдына бас иген.Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр  да , батыл ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы атамыз «сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық сол гүлдерде біз сұлу емессің деп айта алмаймыз.Ол табиғаттың жасаған сұлулығы.Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес.Құстарды алып қарағын.Олардың ішінде де қаншама  сұлулар бар. Сол себепті сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың  твортествосы. Осы күнге ғалымбыз деп жүрміз,бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә»- деп табиғат сұлулығын сезіне білу және оны аялау қажеттігін ерекше ескерткен болатын. Халқымыздың табиғатты жанындай жақсы көріп сүйе білуі және оған деген аялы алақаны мен абзал адамгершілік қамқорлығы қанымызға да, бойымызға да, бойымызға да ананың ак сүті арқылы дарығандығын зор мақтаныш сезіммен айтуымызға толығымен болады.

Қазіргі кездегі  экологиялық мәселелер бүкіл адам баласын ойландырып отырған кезде  халқымыздың бұл салада қалдырған тағылымдық  та,тәрбиелік  те мәні зор асыл  мұраларына  көңіл бөлу ерекше қажет болып отыр.Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен оны  көздің қарашығындайсақтап келуі жайында қазіргі ұрпақтарға өнеге- үлгі боларлық асыл мұралар, даналық ұғымдар  түрінде, мақал- мәтел,нақыл сөз,аңыз әңгіме арқылы  жетіп отырған. Осындай әрбір мұраның өзінде қаншама терең ой әрі тәлім- тәрбие жатыр. Сондықтан да әрбір ұстаз,әрбір тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында осындай халық педагогикасы асыл маржанына үнемі көңіл бөліп әрі пайдаланып отырулары тиіс. Өйткені қазіргі таңда табиғат тағдыры ешкімді де  тебірентпей қоюы мүмкін емес.Бұл арада ардақты азаматымыз,ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мына бір жан  тебіренісі мен жүрек толғауы  еріксіз ойға оралады:«Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны  тебіреніп ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз?Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат, бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес».

Ерте кездерде халқымыз табиғаттың кейбір туындыларын  киелі,қасиетті деп ұғып,оларды өлтіруге,жоюға болмайтындығын уағыздаған.Сонымен бірге табиғат пен адамды біртұтас, бір-бірімен бөлуге болмайды деп қараған.Сондықтан да адам табиғаттан өз керегін ғана алып, қалғанына ешуақытта зиянын тигізбеген.Халқымыздың  мақтанышы болып отырған  ғалым  Шоқан Уәлиханов «Табиғат адам! Өзіңіз айтыңызшы,тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? қазақтар киеге үлкен мән береді.Табиғаттың ..кейбір  жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді.Осы  аталғандарды құрмет тұту, ырымын жасап тұру одан баласына байлық пен бақыт,құт әкеледі»деп атап көрсеткен.Халық табиғаттағы өздері қастерлеген жерлерді«әулие-бұлақ»,«әулие-ағаш» деп атап,оларды көздің қарашығындай қорғап отырған,ал қарлығаш,аққу,ұлар,т.б.жануарларды жақсылықтың жаршысы,бақыттың бастамасы, игіліктің иесі деп ұясын бұзуға,балапанын жоюға не өздерін өлтіруге мүлде рұқсат етпеген.Әсіресе,жабайы аңның буаз болған мерзімінде,төлдеген  кезінде атуға болмайды,киесі ұрады деп есептеп,оларға да мылтық кеземеген.Бұл арада ақын  М.Кенжебаевтың мына жыр жолдары,соның айғағы болмақ:

Қасиетті сөз бар ед «кие»деген,

( киеліге жоламас күйе деген)

Жерін,елін,Отанын сүйетіндер,


Ең алдымен бұл сөзді сүйеді ерен

Тірі нәрсе-шөп деген,көгал деген,

Көкті жұлма болады обал деген!

Ата-анамыз жыланға үйге келген

Ақ сүт құйып басына «жоғал»деген.

Халқымыздың  табиғатқа жанашырлық қасиетін аңғартатын аңыз,әңгімелер де көптеп кездеседі. Соның бірі асқан ақыл иесі Төле би атамызға байланысты айтылады.Ертедегі   жоңғар шапқыншылығы кезінде ел жерінен  босып қашып жөнелген кезде Төле бидің үйін жықпай жұртта  отырғанын  қалмақтың  әскер  басы  көріп, оның  себебін  сұрағында данышпан ата  шаңырағына  қарлығаштың   ұя басып  балапан  шығарғанын  және  сол  қызылшақа  балапандарды  қырып  қырып  алмау  үшін үйін жықпай отырғандығын  айтқан.  Мұны естіген әскер  басы ақсақалдың адам баласы сүйсінер  ер қасиетіне  разы болып, оның өзіне де, қарлығаш балапандарына да  тимеген екен деген аңыз бар.Бұл шын  мәнінде өмірде болған ақиқат.

Баланың жас кезінде жүрегінде ұялаған осындай аяушылық, мейірімділік сезімдер оның тұла бойында өмір бойы сақталатынына ешбір күмән келтіруге болмайды. Халқымыздың мұндай өнегелік асыл мұралары ұрпақтар үшін баға жетпес  тәрбие құралы болып саналады және ол қастерлі ұғым ретінде жалғаса бермек. Біз мұны ақын Мастықбай Ерімбетовтың «Ұя бұзба!» деген өлеңінен көруге болады :

«Ұя бұзба, Жұмыртқаға тиме!» — деп,

Ұрысушы еді менің анам күйгелек.

«Жас шыбықты  сындырма » — деп ұрысатын,

Шыққанымда  «тұлпарымды»  сүйрелеп

« Ұя, бұзба! Бұзба!»  деймін балама,

Өсиетің қандай  ғажап, жан анам !

Халық ұғымында  Табиғат деген сөз жер – ана,туған жер, атамекен сөздері түрінде  көбірек айтылады. Осыған орай  халық  арасында нақыл, даналық сөздер жиі кездеседі. Мысалы , «Жері байдың – елі бай», «күте білсең, жер жомарт», «Жер байлық көзі»,« Туған жердің топырағы да ыстық», «Жер –Ана, ел — бала», т .бТабиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты,содан ғана  нәр  алады. Сондықтан да бұл ғылымдағы табиғат құбылыстары, заңдылықтары және байлықтары бір – бірімен өзара байланысты, бір – біріне тәуелді  деген ұғымды білдіреді. Мұны , Шәкәрім атамыздың жыр жолдарынан айқын көреміз :

Шымды жерде көресіз қара топырақ,

Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ

Егер оған дым тиіп, күн жылынса,

Жан кіріп, шөп шығады гүл жапырақ

Халқымыздың ерекше қастерлеп, талай ғасыр  бойы аялап, қамқорлық жасап келген табиғат байлығынын бір тобы – өсімдік әлемі.

Өсімдік- ішсе тамақ, кисе киім, саялы баспана, күнделікті қару – жарағы, малына өріс, өзіне қоныс болған. Осыған орай өсімдікті аялағандығын, оны көзінің қарашығындай қорғай білгендігі жөнінде де  үлгі боларлықтай асыл мұралар халық арасында кеңінен тараған. «Көлдің көркі – құрақ, таудың көркі — бұлақ»,«Сулы жер – нулы жер»,«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір», «Бір тал ексең, он тал ек»,«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның.Халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның»,«Андыз жеген ат өлмес».

Қазіргі кезде өлкемізде экологиялық апат аймағы деп Арал өңірі жиі аталады.Өйткені  Арал суының тартылуы, сол аймақтың жалпы табиғатына, оның өсімдік, жануарларына да зиянды әсер етуде. Бір кездегі бұл өңірдегі  қалың тоғай , ну қамыс,  судағы бағалы балықтың түрлері, аң, құстың көптеген түрлері де келмеске кетті. Орыстың көрнекті ғалымы, әрі жазушысы Владимир  Даль қазақ даласын аралап, оның тамаша табиғаты туралы тамсана жазған болатын. Әсем табиғат көрінісін қазір Арал  өңірінен таба алмай жатырмыз. Ондағы табиғат  сиы да, сыны да тіпті адам айтқысыз өзгерген.Жерұйықты желмаямен іздеп өлкеміздің арайлы да ажарлы  алқаптарын аралаған Асан Қайғы атамыздың  «Ел жағалай қонбаса, бетегей бел ғаріп, қаз үйрегі болмаса, айдын шалқар көл ғаріп» деген  өсиет сөзі де «Құты кеткен жердің, құсы кетер» деген халық даналығының  дұрыс айтылғандығын айғақтап тұр. Ертедегі табиғат жайындағы нақыл сөздер, өнегелі өсиеттер, жырау  мен ақындар жырындағы ойлы пікірлер экологиялық тәрбие берудегі  және жастардың экологиялық мәдениетін  қалыптастыруда өте құнды құрал болып саналады. Ертеден қалған өсиет сөздерде «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсы істен мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бақша өсіріп жаса нұр» деген  сөздерде өмірдегі өзіңнен кейін ұрпағыңа өлмейтін мұра қалдыр,сонда «сенің қолыңнан  көзін ашқан бұлағың, жақсы істер – шырағың,  ал жасыл орман – құнарың болмақ »- деп, халық артына өсиет қалдырған.Атақты педагог В.А.Сухомолинский  бала жанына табиғаттың жақын екендігін және  олардың  сан алуан табиғат сырына құштар екендігін байқаған әрі табиғат арқылы тәрбилеу оның педагогикалық жұмысына негіз болған.Ол « табиғаттың әдемілігі адам жанының  тазалығын  тәрбиелеуде үлкен орын алады» деп, атап көрсеткен.

Адам баласы табиғаттың әдемілігін,сұлулығын халық педагогикасының асыл мұралары болып саналатын салиқалы сөздерден, өнегелі өсиеттерден,ақиқаты мол аңыз, әңгімелерден, даналық нақылдардан, әрі ақын, жыраулардың  жыр жолдарынан алып  сусындайды.ҮIҮ ғасырда өмір сүрген  өз заманын,білімді, әрі  шешен азаматы  Сегіз Сері  Шақшақов мұраларында да табиғаттың көркі, оның орны, бір – бірінен байланысы тікелей сөз болады.

«Нулы, сулы болмаса, қоныс әсем болар ма ?

Қаз, үйрегі болмаса, көлдің көркі болар ма?

Дуадағы болмаса, шөлдің көркі болар ма?

Орман, тауы болмаса, жердің көркі болар ма?

Тоғайы қалың болмаса, өзеннің көркі болар ма?

Көк шалғыны болмаса, өлкенің көркі болар ма?

Тобылғылы болмаса, сайдың көркі болар ма?

Жайқалмаса жапырақ,  талдың көркі болар ма?

Жайылымы болмаса, малдың көркі болар ма?»

Халқымыздың туған жерін, оның табиғатын сүйе білуі, асыл адамгершілік парыз екендігін белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романынан да ерекше  атап көрсетілген.«Ыстық қой шіркін туған жер!Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін?Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеулі бөлек жетесіз».Жазушы өз кейіпкерлері Қартқожа арқылы туған жерді жанындай сүйе білуге уағыздайды.

Халықты табиғатты аялы алақанымен аялауы және оған қамқорлығы атақты ақын  атамыз Әбділда Тәжібаевтың жыр жолдарында да жиі кездеседі.

Мектептерде жүргізілетін тәрбие және білім жұмыстарында  әлі де болса халықтық педагогиканың мол мұрасына жеткілікті мән берілмей келеді. Осының орнын толтыру үшін халық  қазынасын  жан – жақты пайдалану  қажет екендігін қазіргі күннің өзі талап етуде.

Табиғат сұлулығын сақтай білу, одан ләззат ала білу әрбір ел азаматының, жас ұрпақтың экологиялық  мәдениетінің басты көрсеткіші болуы тиіс. Ақын Сырбай Мәуленов атамыздың жыр жолдарының  аңғартар ақиқаты ерекше:

Көз алдымда жатты қайран сұлулар,

Қайта оларды тірілтетін кімің бар?

О, адамдар , тағыларға жем етпей,

Сұлулықтың күзетінде тұрыңдар.

Әрбір адамның табиғатқа деген қарым – қатынасы  оның жас кезінен бастап отбасында, балабақшада, мектепте, орта арнаулы  және жоғары оқу орынында алған тәрбиесіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Олай болса  экологиялық тәлім – тәрбие адамгершілік тәрбиенің құрамды бөлігі.Бұл салада да  халықтық педагогиканың озық үлгілерін пайдалану әрбір ұстаз бен тәрбиешінің төл ісі, азаматтық борышы және парасатты парызы болмақ. Оған ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаевтың мына жыр жолдары арқылы бәрімізді міндеттейді.

Туған жерді сүю – парыз,

Сүю үшін білу – парыз.

Қасиетін ұғу – парыз,

Күзетінде тұру —  парыз.