Білім күні: «Бір ел, бір халық, бір тағдыр»

Коммуналды  мемлекеттік  қазыналық  кәсіпорын.

№8 «Ақбота»  шипа-жай  типті  бөбекжай —  балабақшасы, Атырау қаласы.

бірінші  санатты тәрбиешісі  Давлетова Гуляим Насипкалиевна


Білім  күні: «Бір ел, бір халық, бір тағдыр»

Мақсаты:

Балаларға 1-қыркүйек «Білім күні» жайлы түсініктерін қалыптастыру, мерекелік көңіл күй сыйлау.

Білімділік:

Балаларға 1-қыркүйек Білім күні , бұл күні бүкіл дүние жүзінде мереке,  балалар мектепке баратыны, алғашқы қоңырау соғылатыны, мектепте балалар білім алатыны, білім өмірдің нәрі  жайлы түсінік беру, білімдерін кеңейту.

Дамытушылық:

ойлау, байланыстырып сөйлеу, танымдық қабілдеттерін, қызығушылықтарын дамыту.


Тәрбиелік:

Сүйіспеншілікке, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға, еңбегін бағалауға, тазалыққа, достыққа, татулыққа, білімді болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсіл:

Әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ-жауап, жұмбақ, көркем сөз, ойын, қызықты сәт, қорытынды.

Техникалық қамтамасыз ету:

Кітап бұрышы, суреттер, ойынға қажетті құралдар.

 

Жүру барысы:  Ұйымдастыру кезеңі.

Шаттық шеңбері:

Армысың мейірімді Аспан ата!

Армысың мейірімді Жер ана.

Армысың шұғылалы Алтын күн!

Қуан, шаттан, Алақай!

Күліп шықты күн бүгін!

  • ­Сәлеметсіздер ме балалар, бүгін біздің күніміз ерекше күліп шықты, шұғыласын бүкіл әлемге таратып тұр. Қараңдаршы айнала қандай жарқын, қандай әдемі, сендер де бүгін ерекше әдемісіңдер!
  • Мұның себебі неде, балалар!
  • Бүгін қандай мереке сендер білесіңдер ме?
  • Балалар жадыраған жазда аяқталып жомарт күз келді. Бүгін күздің алғашқы күні 1-қыркүйек, бұл ата-аналар үшін де, балалар үшін де, тәрбиеші мен ұстаздар үшін де ең қуанышты күндердің бірі. Жаз бойы демалған оқушылар үлкен сағынышпен мектептеріне оралып жатса, сендер де өз жастарыңа лайықты білім алып, тәрбие алып жүрсіңдер. Білімге талпынған балапан қанаттарың қатая берсін! Білім күні құтты болсын!

Шаттық шеңбері:

Кел, балалар ойын ойнайық

Бақшамызда білім күнін тойлайық!

Қызықты сәт:

Топқа әсем әуен үнімен суретші келеді.

Түрлі түсті қарышдаш

Тату-тәтті қарындас

Ақ қағаздың бетіне,

Түрлі өрнек салыпты.

Көбелекті гүлдерді

Әсем қала,үйлерді

Түрлі түске бояпты.

  • Сәлеметсіздер ме балалар, тойларың тойға ұлассын.
  • Сәлеметсіз бе, рахмет.
  • Балалар сендер түстер туралы не білесіңдер?(балалар түстерді атайды)
  • Керемет, ал енді ойын ойнағыларың келе ме?
  • Ия.

Ойын: «Өз түсіңді тап»

Шарты: еденге төрт түсті гүлдер қойылады, балаларға сол түстерге сәйкес қарындаштар беріледі, әуенмен билеп жүріп, әуен тоқтағанда, өз түсіне сәйкес гүлдің тұсына тұрып үлгеру керек.

Суретші: балалар сендер түсті жақсы айыра алады екенсіңдер, мен сендерге ризамын, мен енді кетейін, сендерге сәт сапар!

  • Сау болыңыз.

Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады.

Ұзын-ұзын, ұзын жол.

Ұшына жеткен бар ма екен?

Түбі терең қара су

Түбіне жеткен бар ма екен?

Түбіне жетіп сол судың

Қанып ішкен бар ма екен?             (Оқу)

Жұмбақтың шешуі балалар «оқу»  екен.

  • Балалар оқу үшін, білім алу үшін қайда барамыз?(мектепке)
  • Ал мектепке бару үшін қандай құралдар керек?
  • Сендер мектепке баруға дайынсыңдар ма?
  • Ендеше сендерді тексеріп көрейік.

Ойын: «Портфель жинау»

Шарты: үстел үстіндегі заттар ішінен оқу құралдарын іріктеп портфельге салу қажет.

Ал енді балалар осы оқу-білім жайлы мақал-мәтелдер айтып үйренейік

  1. Оқу– білім бұлағы,

Білім – өмір шырағы.

  1. Оқу – білім азығы,

Білім – ырыс қазығы.

  1. Білім – ер азығы

Ер – ел азығы.

  1. Ақыл – тозбайтын тон,

Білім  — таусылмайтын кен.

  1. Ойна да күл, оқы да біл.
  2. Қына тасқа бітеді,

Білім басқа бітеді.

  1. Оқу түбі тоқу.
  2. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.

Дәйек сөз:

Білім жалғыз мектепте емес

Білім үйде, көшеде

Білім сені аялаған,

Әлпештеген шешеде – емес пе!

Ендеше бізді өсіріп, баптаған, аяулы алақанымен балабақшаға, мектепке дайындаған анамызға рахмет айтып, алақанымызбен сәлемдемемізді жеткізейік.(балалар қолдарының таңбасын су бояққа малып, қағаз бетіне түсіріп, күн шуағын бейнелейді.)

Қорытынды:

Сонымен балалар, бүгін не туралы әңгімеледік?

Бүгін қандай мереке?

Оқу-білім не үшін керек?

Балабақшада бізге не үйретеді?

Өте жақсы балалар, бүгінгі шараға белсенділікпен қатыстыңдар.

Сендерге айтарым:

Бөбектерім оқы, ойна,

Оқу-білім саған пайда.

Кітабыңның шетін жыртып,

Сияменен бояп қойма.

Қолыңды жу, тырнағыңды ал.

Болсын таза бет-орамал,

Тап-таза боп бақшаға бар!