ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ОЙЛАУ ПРОЦЕСІН ДАМЫТУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЛОГИКАЛЫҚ АСТАРЛАРЫ

 

Шәкірттің жан дүниесінің сырына терең бойлап, оның дамуы мен қалыптасу заңдарын жете түсіну – ұстаздық мамандыққа қойылатын басты талап-тілектердің бірі. Осындай мақсатты жүзеге асыру жолында ұстаздың ойлауына қойылатын талаптар қандай ?

Халқымыздың даму тарихы мен өмір салтында ойлау жүйесіне, сөйлеу қисынына қатысты ой-пікірлерді тұжырымдап білдіретін мақал – мәтелдердің мазмұн-мәнін адамның ойлау әрекетімен ұштартыра отырып, жас жеткіншектердің дүниетанымын қалыптастыруда айрықша мәні бар. Халық даналығында «Ой ойласаң кең ойла, кең ойласаң тең ойла» деген мақал бар.

Бұл мақалдың мәні логика ғылымындағы тепе-теңдік заңының баламасын білдіріп, оның көлем мөлшеріне қатысты қағиданы тұжырымдайды. Ал «Көз жеткізбегенді, сөз жеткізеді» дейтін мақал адамның дүниені танып білудегі тікелей сезімдік танымы мен сөз арқылы бейнелейтін абстрактілі ойдың мәнін білдіреді. Шешендік өнер мен сөйлеу әрекетінің қисынды болуының мән-жайын «Өнер алды – қызыл тіл» деген мәтелмен білдіреді. Халық даналығының қайнар бұлағы болып табылатын мақал-мәтелдер әрбір нәрсенің шындығына адамдардың көзін жеткізіп, оның санасында ақиқаттықты ұялатудың қуатты құралы ретінде қолданылады.

Мақал-мәтелдер құрылымы мен мазмұны жағынан логикадағы дедукциялық ойдың кең таралған түрі силлогизмнің баламасы сияқты. Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтел жанры – көркем сөздің ықшамдалған формасы. Сондықтан бұл жанрды адамды ақиқатқа сендірудің эталоны (өлшемі) деуге болады. халқымыздың сөз өнеріндегі мақал-мәтелдер әлеуметтік өмір тіршілігін әр тарапты шатып, мағынасы терең, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Адамның сөйлеу өнерімен ойлау жүйесіне қатысты мақал-мәтелдер тек логика пәнін меңгертуге ғана емес, сонымен қатар жас жеткіншектердің ойлау процесі мен дүниетанымын қалыптастыруда қуатты құрал, дидактикалық материал болып табылады.

Ойлауға қойылатын негізгі талаптың бірі – ойлаудың жүйелі әрі дәйекті болуы, екіншіден, ойлаудың ақиқаттығы және шындығы, яғни адам ойының болмысқа сай келуі, үшіншіден, кез келген ойлаудың бір ізді жүйемен тұжырымды болуы. Ойлау әркез адамдық сипатта болады да, оның шындығы мен мәні дыбысты тіл арқылы басқаларға жеткізіледі. Ал тіл болатын болса – жалпы ұлттық сипатқа ие.

Логика ғылымының алғашқы ірге тасын қалап, оны ғылыми жүйемен іздестірген ежелгі грек жұртының энциклопедист ғұлама ғалымы – Аристотель (384 – 322). Аристотель логика саласында жазған еңбектерін жинақтап «Органон» деп атаған. Бұл сөздің мәні «Таным құралы» деген түсінікті білдіреді. Аристотель логиканың ойлау заңдары мен формаларының мән жайын баяндай отырып, мұндағы әр түрлі ғылыми ұғымдардың мәнін ашық көрсетті. Аристотель ақиқаттық дегеніміз ойдың объективті шындыққа сәйкес келуі, ақиқаттықты танып білудің өлшемі ойдың болмыстағы заттармен үйлесуі деп түсіндіреді. Ол ойлаудың негізгі принципі қайшылық заңы дей келіп, ойлау формаларының – ұғым, пікір, ой қорытындыларының – мән-мағынасын тәптіштеп баяндайды.

Мәселен ұғым жалпылығы кең түсініктерге қарай өрбіп, жалпы мәні ұлғайып, нәрселерді бейнелейді. Ондай ұғымдар категориялар деп аталады. Аристотель өзінің логикада ашқан маңызды жаңалығын силлогизм, яғни заттар мен нәрселердің қасиеті туралы қостап айтылған пікірлерден туған жаңа бір ой деп тұжырымдаған.

Орта ғасырларда логика ғылымы саласындағы ғылыми жетістіктер кезінде екінші Аристотель атанған Шығыстың энциклопедист ғалымы – Әбу Насыр әл Фараби (870 – 950). Фараби сол кездің өзінде-ақ бүкіл әлемге  танымал болып, өз еңбектерінде адам ойлауының сан алуан қыры мен сырын қамтитын шешендік өнер, дүниенің заттығы, ойлау жүйесі, сөздердің мағынасы, ақыл-ой арқылы заттардың мәнін танып білу, ойлау мен сөйлеуде қателіктерден сақтану, ойдың дәлелді болуы (әл-бұрхан) сияқты мәселелерді баяндайды.

Фараби ойдың арқауы – тіл, сөз деген бірден-бір ғылыми түсінікті өз іліміне негіз етіп алады. Айналадағы дүниені дұрыс ұғып, оның жай-жапсарын түсінуде логика төрелік, өлшемдік қызмет атқарады дейді. Логика өнері қателік кетуі мүмкін әрбір жағдайда ақылды дұрыс ойлауға жетектейтін нәрселерді қарастыратынын айтады.

Логика – ойлау процесінің жалпы адамдық сипаттағы заңдарын зерттейтін дербес ғылым. Оны психология ғылымының бір бөлігі деп санау қисынсыз. Өйткені психология ойлау әрекеті мен жан дүниесінің заңдылықтары жеке тұлғаларда белгілі жағдайларға орай  қалайша дамып, жүзеге асу ерекшеліктерін зерттейді, ал логика болса, жалпы ойлауды, жалпы адамдардың бәріне тән ортақ қасиет ретінде немесе ойлаудың барлық жұртқа ортақ даму заңдары мен формаларын зерттейтін философиялық сипаттағы ғылым.

Әрбір ұстаз логика мен психологияның арақатынасын ғылыми тұрғыдан қате түсіндіретін ағымдардан да хабардар болуы тиіс. Мәселен, ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс ғалымы Н.Н.Грот (1852-1899) өзінің зерттеу әдісін «субъективті индукция» деп атаған. Ол адамның жан дүниесін идеалистік тұрғыдан қарастырып, оны «табиғаттың біркелкі сүрең көрінісі» дейтін теріс қағиданың негізінде логика ғылымына реформа жасағысы келіп, оны психологияның бір бөлігіне жатқызу керек деген пікірді қостайды.

Логика ғылымын психологияға қарай бұруды қолдаған кісінің бірі орыс ғалымы Г.И. Челпанов (1862-1936) болды. Неміс ғалымы В. Вундт та (1832-1920) осы пікірді қолдады. Ал келесі бір неміс ғалымы Э. Гуссерль (1859-1938) интуицияға негізделген таза логика жасап шығаруға талпынды. Қазіргі кезде логика ғылымының теориялық мәселелерін баяндайтын бірнеше концепция бар. Бұлардың бастылары Алонзо Черчтың «логистикалық әдісі», Я. Лукасевичтің «Логиканың көптік мәні», т.б. [3].

Атақты психолог Джеймс Кеттел (1860-1944) тарапынан интеллектуалдық қабілетті зерттеу жұмыстарына кең қолданылатын 50 (елуден) артық интелект және талантқа байланысты тесттер комплексі жасалды. Оны «Ақыл – ой тесттері және өлшемдері» кітабына енгізді. Бұл тесттің маңыздылығы сол,  олардың жөрдемінде денеге әсер етуші қозғатушылардың қабылдануы уақытын, рефлес тездігі, реакция мерзімін, теріге әсер өткізуде пайда болатын реакциялар  дәрежелерін анықтау мүмкін екен. [2  -15 б].

Логиканың мән-жайы, әсіресе, қазақ халқының ауыз әдебиеті шығармаларын талдап, олардың мазмұнын тереңірек зерттеп білуден анық көрінеді. Мәселен, халықтың рухани өмірінде жиі қолданылатын мақал-мәтелдерді талдайтын болсақ, тіптібір мақалдың бірнеше мағынасы болатынын айқын байқай аламыз. «Жығылсаң нардан жығыл» дейтін мәтелдің мәні нардан құлап түсу емес, қандай да болсын іске кіріскенде оның ең оңай жолын іздестіру керек дегенді білдіреді. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда». Бұл мәтелдің мәні айтылған ақыл-кеңестің өзінен кішілерге де тегіс қатысты екендігі, яғни адамдарға арнап сөйлеуді білдіреді.

«Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болуы керек» деп даналарымыз айтқандай, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелі етіп қалыптастыру үшін, әрбір ұстаз психология ғылымымен қатар логикалық қағидалармен де толық қаруланбайынша, оқу-тәрбие процесіндегі көздеген мақсатына жетуі қиын болатыны хақ. [2. – 49 бет].

Ал ойлау туралы идеялар көп дәуірлерге дейін психология саласы болудан гөрі философия мен логика нысаны болып келді. Ойлау процесін зерттеуде ғылым бағыттары арасындағы күрес толастамаған ойлау жөніндегі алғашқы бағыт пластикалық инсуализм тұжырыммын негізге алып алғаш сезімдік танудаболмаған дүние санада бейнеленуі мүмкін емес, деген шешімді уағыздады. Алайда бұл теориялық тоқтам көбіне ойлауды ес елес бейнелеудің бірлігі немесе ассоциация нәтижесі деп үстірт түсіндірді. Біздің заманымызда ойлауды философиялық іс-әрекеттінің ерекше түрі деп психологияда алғаш жария еткен Вюрубургтың ғылыми мектебі. Бұл бағытта эксперименталды дәлелдеуге ұмтылған ХХ ғасыр басындағы неміс психологтар ( О.Кюле, Амесер К, Бюлер Н) ойлауды одан әрі бөлшектелінбес сана қызметі деп білді,оны сезімдік негізбен сөздік өрнектен бөлектеді. Оны таза рухқа теліп бұл мәселеде идеалистік тарапқа қолдау берді. Адамның ойлау қызметі үшін сезімдік танымға қарағанда сөйлеумен тіл әлде – қайда маңызды. Ойлаудың ең жоғары формасы сөзді логикалық ойлау.

Ойлау аса күрделі психикалық процес оны зерттеумен бірнеше ғылым айналысады. Бұлардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Осы екі ғылымның ойды зерттеудегі әдіс-тәсілдерінде де өзіндік айырмашылықтар бар. Мәселен, психология түрлі жас мөлшеріндегі адам ойының пайда болу, даму, қалыптасу жолын, яғни жеке адамның ойлау ерекшеліктерінің заңдылықтарын қарастырса, логика – бүкіл адамзатқа ортақ ой әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, дәлел ой формаларының табиғатын зерттейді. Кей жағдайда бұл екеуі бірін-бірі толықтырып, ой мәдениетінің арта түсуіне көп пайдасын тигізеді.

[2. 50 бет].

Жеке тұлғаның ойлауына тән жалпы заңдылықтар болғанмен, жеке адамның ойлау әрекеті даралық ерекшеліктерге толы. Әрбір дарынды жеке тұлғада ойының кеңдігі, орамдылығы, ұшқырлығы, дербестілігі, оның логикалық жүйелілігі, сыншылдығы т.б. сапаларымен басқалардан ажыралып тұрады.дарынды тұлғалар ойының кеңдігі бар болғандықтан еркін ойлайды, мәселені ескі әдіспен, үйреншікті жолмен шешпейді. Өз ой парасатымен мәселені түрліше әдістермен шешеді, бұрын сыналып қате деп табылған әдіске жоламайды..

Жаңа туған балада ешқандай ойлау болмайды. Ойлау баланың сыртқы ортамен белсенді қарым-қатынас жасауының нәтижесінде, оның өмір тәжірибесімен қосақталып дамып отырады. Тілдің шығуы бала ойлауының дамуында елеулі кезең болып табылады. Мектепке түскенге дейін бала ойлауы дамудың ұзақ жолынан өтеді. Ойлау бұл кезеңде нақтылы – бейнелі болып, әрекетпен әлде де тығыз байланысып жатады[2].

Қорыта келгенде, балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқу-тәрбие процесі шешуші рөл атқарады. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Ойлау тәрбиесіне қатысты шаралардың кейбірі мына төмендегілер:

  1. Балаларды белгілі ережелер /грамматикалық, математикалық/ жөнінде өз беттерінше қорытынды жасай алуға үйрету үшін мұғалім сабаққа мүкіндігінше эвристикалық әдісті жиі пайдаланып отыруы қажет. оқу материалдарын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндіктер туады.
  2. Балалардың сөйлеу қабілетін дамытып отыру олардың ойлауын дамытуға үлкен әсерін тигізеді.
  3. Ойлау қабылдаулар мен елестердің негізінде жасалады. Сондықтан оқушының сабақты мүмкіндігінше жақсы қабылдай алуына, елестердің тиянақты қалыптасуына мұғалім айрықша қамқорлық жасамаса болмайды.
  4. Мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс. Бұған оқу процесін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.
  5. Балалардың өз беттерінше жасаған ой операцияларының дұрыс-бұрыстығын  тексерткізу, оларды бір мәселенің өзін түрлі жолдармен шешуге үнемі бағыттап отыру /тапқыштық пен зеректік/ ойлауды қажет ететін мысалдар құрастыру, есептер шығару, шығармалар жаздыру – бала ойлауын тәрбиелеудің тиімді жолдары.
  6. Ойлауды тәрбиелеу бала психологиясын жан-жақты дамытумен тығыз ұштасып жатады. Бұл оның білуге құмарлығын, тану қызығуларын, көзқарасы мен сенімін тәрбиелеумен қоса жүргізілуі тиіс. Мәселен, қораш сөз, солғын сезім ойдың айқын болуына бөгет жасайды, ал ақылға қонымды жақсы сөз жанға жылы тиіп, адамды небір тамаша сезімдерге жетелейді, қысқасы, ой тәрбиесі адамның психологиясын жан-жақты етіп тәрбиелеумен ұштасып жатады деген пікірді жақсы дәлелдейді.

Әдебиеттер:

  1. Интеллект  психологиясы  оқу  құралы  Э.Ғозиев  Ташкент «Университет» 1996
  2. Жарықбаев Қ. Психология  Алматы – 2003 ж
  3. Қызықты  психологиялық  тесттер  У.А.Юлдашев  Науайы  2000 ж
  4. «Балалардың дарындылығын анықтаудың және дамытудың ұлттық ерекшеліктері»  әдістемелік құрал жинағы  К.А.Ералиева Тараз ЖК «Байталиев Е», 2010ж.
  5. Дарын ақпараттық әдістемелік жинағы. 2003-2006ж.