Өсімдіктердің көбеюі сабақ жоспары

Коммуналды мемлекеттік қазыналық кәсіпорын.
№8 «Ақбота» шипа-жай типті бөбекжай — балабақшасы, Атырау қаласы.
Жоғары санатты тәрбиеші Дюсемалиева Гульсим Жексеновна

Білім беру саласы: Әлеумет
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Экология негіздері

Тақырыбы: Өсімдіктердің көбеюі


Мақсаты: Өсімдіктердің алуан түрлілігі жайлы білімдерін жүйелеу.
Өсімдіктердің құрылысы туралы білімдерін жалғастыру,тұқым түрлерімен таныстырып, өсімдіктердің өсіп – өнуіне қажетті жағдайларды пысықтау.Табиғи нысандарды жасанды нысандардан ажырата білу дағдыларын қалыптастыру.
Дамытушылық: өсімдік және олардың түрлері туралы , жалпы білім-біліктерін дамыту.
Тәрбиелік:Өсімдіктердің адам өміріне тигізетін пайдасы жөнінде түсінік қалыптастырып, табиғатқа сүйіспеншілік сезімдеріне, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Экологиялық сананы қалыптастыру.
Билингвалдық компанент:табиғат-природа, өсімдіктер – растения, тұқым – семя.
Технологиялық қамтамасыз ету: Өсімдіктер мен көкөністер, жемістер,тұқымдар, зерттеу құралдары, АКТ.
Алдын – ала жүргізілген жұмыстар:Орман, дала өсімдіктерінің суреттерін қарау.Серуен кезінде балабақша ауласындағы өсімдіктерге бақылау жасау.
Жүру барысы:
Психологиялық сәт:
Табиғат біздің анамыз
Табиғатқа баламыз.
Иіліп сәлем береміз,
Біз әдепті баламыз.
-Сәлеметсіздер ме, қонақтар, амансыздар ма, балалар!
Тәрбиеші:
-Балалар, бүгінгі оқу қызметін бастаймыз.
Тәрбиеші сұрақтар береді:
Жылдың қандай мезгілдері бар?
-Қазір жылдың қай мезгілі?
-Жаз мезгілінің қандай айлары бар?
Жаз мезгілі туралы тақпақ айту.
Балалардың алдында үстел үстінде бөлме гүлі тұрады.
Бір мезгілде қастарына қолында жасанды гүлі бар Дымбілмес келеді .
Дымбілмес:
-Балалар, сәлеметсіздер ме, маған тез арада ішінде топырағы бар ыдыс тауып беріңдерші. Мына гүлімді отырғызып өсірейін деп едім.Ол бұдан да үлкен әрі әдемі болып өссін.
Балалар:
-Ол гүл жасанды ,жасанды өсімдіктерді екпейді, өйткені олар өспейді.
-Олай болса сендердің алдарыңда тұрған өсімдіктер де тірі емес па?
Балалар:
-Жоқ ,біздің гүліміз тірі, ол бөлме өсімдігі герань –қазтамақ деп аталады.
Педагог:
-Балалар, ойланып айтайықшы, табиғат неше түрге бөлінетін еді?
-Жанды және жансыз табиғат.
-Дұрыс айтасыңдар.Енді мына сызбаға қарап, жанды табиғатқа жататындардың ең басты қасиеті не? Сызба № 1( өседі,қоректенеді, көбеді)
-Жанды табиғатқа тағы нелер жатады?
-Адамдар, жануарлар, құстар, өсімдіктер жатады.
-Ал жансыз табиғатқа нелер жатады?
-Аспан, жер, су көздері, тастар т.б. жатады.
Педагог:
-Дымбілмес, сен өсімдіктердің құрылысы туралы білгің келе ме?
-Әрине.
Сызба № 2 «Өсімдіктің құрылысы» бойынша балалар өсімдіктердің құрылысы туралы айтып береді.( тамыры, сабағы, жапырағы, гүлі,жемісі)
-Дымбілмес:
-Түсіндім,түсіндім.Мынау тамыры мен қазір топыраққа оны жоғары қаратып қояйын, күннің жылуы оны қыздырсын, жапырағын топырақтың астына көмейін, ол да қоректенсін.Ал гүлдері тамырдың үстіне өсіп шығатын болар.( Дымбілмес магнит тақтаға өсімдіктің бөліктерін дұрыс емес қалыпта орналастырады.
Тәрбиеші:
-Балалар ,Дымбілмес дұрыс орналастырды ма?
-Жоқ, дұрыс емес.
Дымбілмес:
-Мүмкін, гүлін де күнге күйіп кетпес үшін топыраққа көміп қою керек шығар?
Тәрбиеші:
-Сен қателестің. Қазір балалар өсімдіктің бөліктерінің топырақта қалай орналасатынын көрсетеді.
-Топырақтың астында- тамыры, бетінде сабағы, ал сабағында жапырағы және гүлі орналасады.
Дымбілмес:
-Мен бұның бәрін қалай есіме сақтаймын?
Тәрбиеші:
-Оның еш қиындығы жоқ, қазір балаларды мен тұқымға айналдырамын.
Психожаттығу: «Тұқым».
-Бір ,екі, үш,балалар тұқымға айнал!
«Жел тұрып, тұқым жан – жаққа ұшып , жерге қона бастады.(Балалар айналып жүгіріп жүріп, жерге отыра бастайды.) –Тұқымдар, халдерің қалай? Сендерге не керек?
-Су керек, су керек біздерге.
-Мен сендерге қазір су құямын, ал күннің сәулесі сендерді қыздырады, Міне тұқымнан өскін шыға бастады.Олар қайда өседі? Олар жерге тереңге кете бастады. Міне, өскіндер пайда бола бастады.Қалай қарап өседі? Жердің астына қарай ма? Жоқ. Күнге қарай талпынады.Біздің өсімдігіміз күннен күнге биіктей түседі.(Балалар тұрады.) Міне, алғашқы гүлдер де пайда болды.Гүлдер .гүлдер, сендер нені сезесіңдер?Неге қуанасыңдар? (Балалардың жауабы).
-Дымбілмес:
-Алақай, гүлдер өсіп шықты.Мен қазір оларды жұлып аламын.
-Тоқта,тоқта! Оларды жұлуға болмайды, өйткені олар да тірі табиғат мүшесі ғой.
Айзере:
Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Мейрам күні бір – бірден
Достарға сыйлаймыз.
Дымбілмес:
-Түсінбеймін, тамыр не үшін қажет? Бәрібір топырақтың астында емес пе?
-Біз тәжірибе жүзінде қазір көрсетеміз.
1 тәжірибе .Ішінде топырағы бар ыдысқа тамыры бар бөлме өсімдігін егеміз.
Қорытынды: -тамыр өсімдікті топыраққа бекітіп ұстап тұрады.
2 тәжірибе.Өсімдіктің тамырының сыртын марлямен орап , бояулы суға батырады.Не байқаймыз? Марля ерітіндінің түсіне боялады.
Қорытынды: тамыр топырақтан суды сіңіреді.
-Балалар, бұдан басқа да тамыр топырақтағы ауаны сіңіреді екен.
Сызба № 3»Тамырдың қызметі»
Сызба № 4 «Өсімдіктің түрлері».
Д\ойын « Қандай өсімдік?»
Жүрісі: Балалар алдында жатқан өсімдіктенрдің суреті сызбадағы суретке қарап, түрін ажыратады.
Тәрбиеші:
-Балалар, осы өсімдіктер қалай көбееді?
Балалардың жауаптары:
-тұқымнан.
-Дұрыс айтасыңдар, одан басқа өсімдіктерді жапырағынан, түйнегінен, сабағынан көбейтуге болады екен.
Жемістер мен көкөністер көрмесінен өрік, сарыөрік, алма, алмұртты алып, кесіп, тұқымдарын көрсету.Гүлдердің тұқымдарын көрсетіп, көктемде қалай еккендері туралы 1 -2 баланы сөйлету.
Слайд көрсету: «Өсімдіктердің көбеюі».
Балалармен қорытындылау.
-Балалар, жер бетінен өсімдіктер жойылып кетсе не болар еді?
-Онда тіршілік те болмаған болар еді.
-Өсімдіктердің адамға қандай пайдасы бар?
-Оларды адамдар мен жануарлар тамақ ретінде пайдаланады, таза ауа береді, ауаны тазартады, дәрі –дәрмек жасалады, адамдарға сұлулық пен әсемдік сезімдерін сыйлайды.
Дымбілмес:
-Оларды қалай баптап күтеді?
Балалардың жауабы:
-Егеміз,суарамыз, топырағын қопсытамыз, бөлме өсімдіктерінің жапырағының шаңын сүртеміз және тыңайтқыш құямыз.
Дымбілмес:
-Ой, балалар сендерге көп рахмет.Мен сендерден көп нәрсені үйрендім.
-Сен біздерге жиі – жиі келіп тұр.Жақсы жаңалықтарымыз болса, сенімен бөлісуге дайынбыз.Қош сау бол!
Дымбілмес балалармен қоштасып кетеді. Тәрбиеші оқу қызметін қорытындылап, жақсы қатысқан балаларды мадақтап, оқу қызметін аяқтайды.