Тәрбиеші болу –бір бақыт! Эссе

 

Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – Ұстаздық. Мамандық таңдау –әр адамның ең маңызды шешімі. Осыдан 11жыл бұрын «Ұстаздық» деп аталатын қиын да, қызық әлемге апарар соқпаққа түсуге бел будым.

Арманым  орындалды, бұл қасиетті соқпаққа аяқ бастым. Орал педагогикалық колледжіне оқуға түстім.  Мен өз армандаған мамандығыма  қол жеткіздім. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық, әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі.


Ал тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Жатақхана тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі күннің үміттері — жас ұрпақ үшін жандары ашитын , сол ұрпақты тәрбиелеуге тер төгіп жүрген адамдардың бірі.  Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет.  Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады.

Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Тәрбиеші…! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды да, мағыналы сөз деп білемін. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма он алты жыл болған екен. Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, тәрбиеленушілерді  жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбек сүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.

Еліміздің болашағы- жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік білім беру мекемесі. Сондықтан да

қазіргі заманға  сай  халықымыздың ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып  келе  жатқан  салт-дәстүрі,әдеп –ғұрыптарын қымбат қазына  ретінде бағалап, жатақханадағы  тәрбие жұмысын  кешенді ұйымдастыра  білуіміз  керек. Адам баласы  дүниеге  келген  күннен  бастап, үнемі  салт- дәстүр аясында өседі. Бала тәрбиесінде  халықтық, тұрмыстық   салт-дәстүрдің туу себептерін даму  ерекшеліктерін  ашып  көрсетудің  тәрбиелік  мәні  зор.


Менің  мақсатым- алдымдағы көздері  жәудіреген  шәкірттеріме  тәрбие беру және тоғыз  ай  бойы  ата-аналарынан  жырақта  жүргендіктен осы алдымдағы тәрбиеленіп   жатырған  балаларға бар  жан   жылуымды  беру. Мен өзім үшін бір тұжырым жасадым, ол яғни осы тәрбиленушілерімнен «өмірдегі өз тетігін тауып, қажет жеріне  қаланулары» үшін  менің алдымда өз бетінше әрекет  жасай алатын тұлға  қалыптастыру  міндеті  .Сонымен  қоса  өмір  дауылына төтеп  беру үшін  олардың  бәсекеге  қабілетті,  көзқарасы  қалыптасқан, өмірлік түрлі жағдаяттардан шығып және өздігінен  шешім қабылдай алатын қасиеттерді дамыту қажет екенін түсіндім. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида баяғыдан қалыптасқан жоғары адамгершіліктік  ұғымдармен үштасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың.  Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты, әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші, бақытты ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.

Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Тоғыз жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік еңбекке мен барлық ақ ниетіммен бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.