Би өнерінің бала тәрбиесіне әсері

Би өнерінің бала тәрбиесіне әсері

Балабақшада жас жеткіншектерді  өнерге баулып, оларға эстетикалық тәрбие беруде бидің маңызы зор. Ол баланы  музыка тыңдауға, ырғақты сезініп,  мәнерлі қимыл-қозғалыс жасай білуге тәрбиелеп,  дене бітімінің  сымбатты  болып өсуіне жол ашады. Мектеп жасына дейін хореографиялық негіз  алған балалар жеткілікті түрде мықты қимыл-қозғалыс дағдысы мен қабілетін меңгерумен қатар, жақсы есте сақтау, зейін , ұшқыр қиялмен ерекшеленеді. Баланың эстетикалық, физикалық және рухани ойлау қабілеттерін тәрбиелеуге би өнері қомақты әсерін тигізеді. Би тек сұлулыққа ғана қызмет етпейді. Ол дененің  физикалық дамуына да ықпал етіп, дене  иілгіштік қасиетін дамытады. Олай болса,  хореография іс-әрекеті баланың белсенді қимылдауын шығармашылық тұрғыда іске асырып қана қоймай, әр-түрлі қимыл-қозғалыстар арқылы ерте жаста  ырғақты сезіну ет пен дене бітімін  күшейту мен дамытуға әкелетінін де атап өтуге болады .Бала бойында  ұлы мүмкіншіліктердің бәрі  бар.   Сол қасиеттерді дамыту ісі дәл балабақшада басталмақшы.

Мектепке дейінгі  тәрбиеленіп отырған балалар үшін  би өнері  көңілді де  қызықты болуы шарт. Ең алдымен биді билеуге үйрету үшін ән мен күй тыңдауы, оны  түсіндіру қажет. Сол себепті  көңілді-көңілсіз, шапшаң-жай ырғақтарын  таныстыра отырып,  балаалрға  би қимылдары үлгі арқылы үйретіледі. Би қимыл элементтері негізінен  үш жастан бастап үйретіледі. Би қимылдарын  оларға  белгілі бір құралдармен ойыншықтармен  үйреткен анағұрлым  жеңілірек. Ал жоғары топтарда көбіне қазақтың ұлттық билерін және басқа  ұлттардың билерін үйретуді қолға  аламыз. Бұл топтарда  асатаяқ, домбыра, даңғыра  кесе, орамал, қамшы, қылыш т.б құралдар қолданылады. Көпшілігі  аяқ, қол, иық қимылдарына  арналған. Бұл  билердің  барлығы балаларға  өте қызық, орындауға  жеңіл. Би ырғағымен  үйлесе  билеу үшін, балаларда белгілі бір қимыл  қоры  болуы тиіс. Ол дене  жаттығу  қимылдарынан  алынады. Сондай ақ, гимнастикалық  жаттығу қимылдары да  қолданыс  табады. Аталған қимылдар  доп,  құрсау,  лента заттармен  күрделеніп,ортаңғы  және мектепке даярлық топтарда үйретіледі.


Іс-әрекет  үстінде  әрбір  дененің  бар қимылдарын  орындап қана қоймай биге қызығушылығын  ынталандыра, музыка ырғағына  сәкес,мәнерлі  көрсетеді. Би қимылдары  ең  бір  күтпеген  ойлардан , кейбір  қоршаған  ортадағы  жағдайларды бақылаудан  пайда болады.

Мектеп  жасына  дейінгі  мекемелердегі  хореография  іс-әрекеті  мына  міндеттерді  іске  асырады:

— Бала  денсаулығын  нығайтуды;

— Музыкалық  ырғақты,қарқынды  сезінуді,  биді  мәнерле  орындауды, олардың  жекелеген  элементтерін  меңгеруді;

— Әдемі  жүріс-тұрыс дене  сымбаттылығын  ептілікті қалыптастыруды, мәнерлі  дене  қозғалысымен  мен  қалпын  ұстауды  үйретеді.