8 ҚЫРКҮЙЕК – ОТБАСЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

8 ҚЫРКҮЙЕК – ОТБАСЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

8 қыркүйекте Қазақстанда Отбасы күнi мерекесі. 2013 жылы Елбасымыз жаңа мереке – Отбасы күнін белгіледі. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. ҚР Пезиденті Н.Ә.Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл  қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.  Отанға деген ыстық сезім – жақындарына,  туған-туысқандарына деген  сүйіспеншіліктен басталады»,- деді.

Адам баласы жер бетіне түскеннен бастап ер мен әйелдің арасында отбасын құру, ұрпақ жалғастыру міндеттелген. Отбасын құру үшін ер мен әйелдің арасында үлкен өшпес сезім, махаббат болу керек. Дүние жүзі бойынша отбасын  құрмаған адам болмаған шығар сірә. Бұл дегеніміз ерте замандағы ата-бабамыздың отбасын құрып, ұрпақ жалғастырып, оны жетілдіру бізден кейінгі ұрпаққа саналы түрде жеткізіп осы міндеттің өшпестігіне  кепілдік  берер бірден –бір себеп деп түсінеміз.


Отбасы —  адам үшін ең киелі орта. Отбасы қоғамдағы белгілі салт-дәстүр мен мұралардың сақтаушысы. Отбасы баланың нағыз азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты белгісі. Ата-ана баланың қажеттігін толық қамтамасыз етіп, оны дене және ой еңбегіне үйретуге, күн тәртібін дұрыс меңгеруге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелейді. Әр отбасының бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері құндылықтары қалыптасады.

Ал менің отбасыма келетін болсақ әкемнің орны бір бөлек, ол үйдің тірегі, арқа сүйер асқар тауымыз. Анам жарық дүниедегі ең жақынымыз, жанашырымыз, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған, ең кешірімді, мейірімді, береке бірлігімізді жарастыра білген ардақты жан. Отбасымның тәрбиелілігі соншалық, әкесіз дастархан басында ас бастамаймыз, анамыз әрқашан әкең келсін деп, әкемізді құрметтеп отырады. Отбасының беріктігі мен сыйластығы ата-анамыздың осы уақытқа дейінгі жасаған еңбегінің арқасы деуге болады.

Айтулы мереке әркімнің өзінің жұбайына, ата-анасына, балаларына, немерелеріне көбірек көңіл бөлуіне көмектеседі, сөйтіп, осы қамқорлықтың нәтижесінде туған жерімізде берік те тату отбасылар саны тоқтаусыз өсе береді деп ойлаймын.

Отандастар, Сіздерге шын пейілден татулық пен қуаныш, жақсылық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен үйлесімділік тілеймін!

Тамаша да нұрлы мереке – Отбасы күні құтты болсын!

 

Төлебаева Динар  Жарылқағанқызы


Байқоңыр «Космос» колледжінің

1 курс, «Т-151»тобының студенті