«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағаты

«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағаты
Мақсаты: Оқушыларға Ұлыстың ұлы Наурыз мерекесін тойлауы туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын үйрете отырып, «Наурыз» Қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакат, үнтаспа, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, шарлар, суреттер.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата – аналар! Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі Ұлыстың ұлы – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі болғалы отырған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып, мерекелі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!

 

Жаңа өмірдің қайта басталатын күн есебінің басы, көктемнің көшбасшысы, қанатына маржан тағып қараторғай жеткенде көктемнің алғашқы жаңбыры себелейді. Сіресіп жатқан қар еріп, көл – көсір су болып ағады. Өсімдік ұйқыдан оянады, бәйшешек қаулайды. Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлайтын Ұлыстың ұлы күні келді. Той құтты болсын, ұлыс оң болсын!
Хор «Көктем»
Жүргізуші:


 

Күттіріп келген жыл басы
Бізбен бірге жырлашы.
Дастарханға елімнің,
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата – бабам тойлаған
Әз – Наурызым, армысың!
Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын,
Әз Наурыз келіп еліме, Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр — салтымның көсілсін бұлақ жалғасып,
Қастерлі менің халқымның мереке Наурыз жыл басы!

 

(балалар монтажы)

Елнұр

Наурыз тойы — елдің тойы,

Көктем тойы — төлдің тойы.


Ән айтатын күні бойы

Жақсы көрем Наурыз тойын!

Гүлсезім

Наурыз келді — жыл келді

Тірілтуге гүлдерді.

Сәнденеді аналар

Сәбилермен бірге енді.

Оңталап

Наурыз – бұл мереке

Құтты болсын береке

Қыдыр ата келсін

Жақсы тілек әкелсін.

Ақерке

Ақ қар кетіп қыс өтіп,

Шырайлы шуақ жаз жетіп.

Шаруаның ұлы кенелген.

Күн мейрамы ежелден –

Құтты болсың бұл Наурыз!

Біржан

Наурызым ғажап туысың,

Ұлыстың ұлы күнісің.

Жылыттың жердің жүрегін,

Жүрегі елдің жылысын.

Аяжан

Наурызым — тойлы нұрлы күн,

Мерейің асып тұр бүгін.

Жерімнің жүзін жылыттың,

Елімнің сақта бірлігін!

Қолқанат

Наурыз – достық, Наурыз – күн,

Барша халық бірлігі.

Тағы келді Ұлыс күн,

Жалғасып ғалам тірлігі.

Жанель

Жыл басы – Наурыз мереке,

Ақ нұрға әлем боянды.

Наурыз тойы береке

Тіршілік жаңа оянды!

Жұлдызай

Наурыз келдi елiме,

Наурыз келдi жерiме.

Байлық, бақыт тiлеймiн,

Бүкiл қазақ елiне.

Әлішер

Наурыз тойы — тамаша,

Наурыз тойы — жаңаша.

Табиғат та тамаша,

Тамылжып тұр жараса.

Нәзігім

Наурыз тойы — салтанат,

Наурыз тойы — мархабат.

Әр жүректен ән тарап,

Шаттанады шартарап

Нұршат

. Көктем келді, балақай,

Жасарды жер, алақай.

Наурыз тойын тойлайық,

Әсем әнге салайық.

 

Жүргізуші:

Күнінде гүл көктемнің нұрын шашып,

Жасқанбай әр қадамын нық — нық басып,

Биімен көрерменді тәнті ететін

Арулар келді міне толқып, тасып, — дей отырып келесі кезекті сыныбымыздың аруларының орындауындағы «Қамажай» биіне береміз.

 

Би: «Қамажай»

 

Қош келдің Наурызым Ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

Наурыз айында Күн мен Түннің теңелетіні баршамызға белгілі. Олай болса ортамызға Күн мен Түнді шақырайық.

Көрініс: «Күн мен Түн» Аяжан мен Гүлсезім

 

-Балалар, көктем айы туысымен қорадағы мал төлдеп есік алды азан-қазан болады. Оны бәріміз білеміз. Олай болса өзінің қошақандарына арнап біздің балалар ән шырқамақшы. Қабыл алыңыздар

Хор: «Қошақаным» әні

 

Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа халайық. – деп халқымыздың ұлы өнері айтысты тамашалайық. Ортаға Жаңа жыл мен Наурыз айтысуға келіп отыр екен. Өнерлерін тамашалайық.

Айтыс Оңталап, Қолқанат

 

Би: «Үнді» биі

Ән: «Жау-жау жаңбыр» Гүлсезім, Оңталап, Аяжан, Нұршат

 

Би: «Жігіттер биі»

Жүргізуші:

Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәрімізде,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәрімізде.
Төрлетіңіз қадірменді қонақтар,
Гүл – гүл жайнап мына біздің төрімізге – деп ендігі кезекті  көрініске берсек. Наурызда жасалатын  салт – дәстүрлеріміздің бірі «Бесікке салу»

 

Көрініс: «Бесікке салу»

би: «Балапан»

ән: «Әнші балапан»

ән: «Төлдер әні»

ән: «Мен үлкен баламын»

 

Жүргізуші: Ортаға өздерінің ізгі ниеттері мен ақ баталарын беру үшін үш биімізді шақырамыз.

Төле би рөлінде: Елнұр

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің!

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарханың мол болсын,

Абыройың зор болсын!

Қазыбек би рөлінде: Оңталап

Өрендерің ер болсын,

Көре алмаған бағыңды,

Сындыра алмаған сағыңды

Бетін басып жер болсын!

Әйтеке би рөлінде: Қолқанат

Жарылқа, Алла, қабыл ет,

Жарылқаудың қамын ет!

Ізет, абырой, бақ-дәулет,

Қызыр қарап бақ қонып,

Жақсылық үшін қызмет ет!

(Әумин)
Хор: «Болайықшы осындай»

 
Жүргізуші: Осымен «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты сынып сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Өмір жастарыңыз ұзақ, ұлыс бақты, төрт – түлік ақты болсын. Ұлыс береке берсін. Наурыз құтты болсын!