1-сыныпқа баратын оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дайындығы

 

 

1-сыныпқа баратын оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дайындығы


 

 

Мектеп – баланың дамуының жақсы жақтарын жүйелі қалыптастырып отыратын негізгі орын. Мектептік өмір балалардың мінез-құлқының қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Баланың тұлғалық дамуын, мінезін тәрбиелеу мен қалыптастыруда басты міндет – олардың жан-жақты болып өсуін қадағалау.

Баланың мектепке алғашқы кезеңде болуы, оның жаңа жағдайға әлеуметтік-психологиялық бейімделу мезгілі болып табылады. Әдетте, бұл процестегі қиыншылықтар балабақшаға бармаған, әсіресе отбасындағы жалғыз өскен балаларда кездеседі. Егер бұл балаларда құрбыларымен қарым-қатынаста жетерліктей тәжірибе болмаса, онда олар сыныптастарынан және мұғалімдерден үйде қалыптасқан қарым-қатынасты күтуі мүмкін. Сондықтан, мұндай балалар үшін жағдайдың өзгеруі жиі стреске әкелуі мүмкін, себебі, мұғалім барлық балаларға бірдей қарап, оған өзінің көңілін бөлмесе, оған аяушылық жасамағандай сезінеді, ал сыныптастары мұндай балаларды көшбасшы есебінде қабылдауға асықпайды және оған көнгілері келмейді. Егер біршама уақыттан кейін құрбыларымен қарым-қатынаста әртүрлі тәжірибелері жоқ балалардың ата-аналары олардың мектепке келгісі келмейтіндігімен, сонымен қатар, оны барлығы ренжітетіндігі, ешкім тыңдамайтындығы туралы, мұғалім баланы жақсы көрмейді деп шағымданса, онда олай қалдыруға болмайды. Мұндай шағымдарға адекватты түрде жауап беруге үйрену қажет.

Бастауыш мектептің негізгі міндеті – баланың бастапқы жеке басын қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабілеттерін анықтау және дамыту. Баланың бастапқы жеке басын қалыптастыру үшін біз ең алдымен балаларды мектепке бейімдеуіміз қажет. Мектепке бейімделу кез-келген мектеп жасындағылар үшін өзекті мәселе болып табылады, ал бастауыш сынып оқушылары үшін ерекше маңызды. Себебі, баланың бастапқы іс-әрекетінің түрі өзгереді, бала тап болған әлеуметтік топ өзгереді. Бала тек қана сыныбына ғана емес, жалпы мектебіне, мұғаліміне, сондай-ақ мұғалімнің өзі жаңа оқушыларына бейімделуіне тура келеді.

Бала мектепке келгеннен кейін оқу оның негізгі іс-әрекетіне айналады. Мектепте бала белгілі бір мерзім ішінде қабілеттілік пен икемділіктің белгілі мөлшерін меңгеріп және оларды талдауды үйренеді. Қазіргі сәтте бала өзіне қызық емес, бірақ болашаққа маңызды материалдармен оқып танысады. Жалпы білім беретін мектептердің алғашқы сыныбына келген балалар оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарды басынан өткереді. Қиындықтардың ең алғашқы себебі – мектептік оқуға деген қызығушылығының төмендігі немесе психологиялық дайын еместігі.   Осыған қоса мектепте оқудың бастауы тек өмірдің жаңа шарттары ғана емес, сонымен қатар жаңа байланыстар, қарым-қатынас және жаңа міндеттер. Осыған орай бала өмірі өзгереді: бәрі оқуға, мектеп іс-шараларына бағынышты болады. Бұл өте маңызды кезең.  Мектеп алғашқы күннен бастап оларға интеллектуалдық және физикалық күшті қажет ететін тапсырмалар береді. Сондықтан қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің барлығында мектеп алды даярлық орталықтарының жұмыс жасауы міне осының айғағы.

Бастауыш мектептің негізгі міндеті – баланың бастапқы тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін айқындау және дамыту болып отыр. Оқушы мінезімен пара-пар мұғалімнің жеке басының үлгісінің, жүріс тұрысының балаларға әсер ететіндігі белгілі. Мұғалім баланың байсалды, сабырлы болуына баса назар аударып, оларға қай жағынан болса да, өнеге көрсетіп отыруы тиіс. Олардың арасында жолдастық, достық, әдептілік мәселелеріне арналған әңгіме, диспут, пікір-таластарын ұйымдастырып, шәкірттердің өз ойларын ортаға салып, талдап отырғаны абзал.


Алты жасар баланың мектепке баруы оның  өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Мектепке дейінгі кезеңнен мектеп жасына өтуі баланың іс-әрекетінде, басқа адамдармен қарым-қатынасында ерекше өзгерістермен байланысты. Кіші мектеп жасындағы баланың ең негізгі іс-әрекеті оқу болғандықтан, баланың өмір тіршілігі өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады, баланың қоршаған ортамен  қарым-қатынасы жаңаша қалыптасады. Баланың мектепке бейімделуі бірден болмайды. Мектепте толығымен меңгеруіне бір күн немесе бір апта жеткіліксіз. Бейімделу ұзақ мерзімді қажет ететін процесс.

Баланың мектепке бейімделуіне негізгі үш жақты қиындық әсер етеді:

Біріншісі, мектептің жаңа күн тәртібі – ерте ұйқыдан тұру, тыныш отыру, сабақтан қалуға болмайды, дер кезінде сабақты орындау. Мұндай дағдылар балада бұрын қалыптаспағандықтан олар шамадан тыс шаршайды, сабақтан қалғысы келіп тұрады, мазасызданады. Көбіне алты-жеті жастағы балаларда өзіндік әдеттердің қалыптасуының алғышарттары қалыптаса бастағандықтан кейбір жаңа құбылыстарға бейімделу қиынға соғады. Ең бастысы мұғалім мен ата-ана осы жағдайларды дұрыс ескергендері маңызды.

Екіншісі, баланың мектеп мұғалімімен, құрбыларымен және отбасымен өзара қатынасына байланысты туындаған мінез-құлықтар.  Жай ғана мейірімділіктен мұғалім өзінің талап етушілік, қаталдық, мінез құлықта қажетті әрекеттердің орындалуын талап етуші болып көрінеді. Ол үнемі баланың жұмысын бағалап отырады. Кей жағдайда бала өзін құл ретінде сезінуге дейін барады. Нәтижесінде кейбір балалар жасқаншақ, ал біреулері үйде бас, ал мектепте мүлдем басқаша қылық көрсетеді. Кейбір  оқушылар жаңа ортада өздерін дұрыс меңгере алмай, басқа балалармен танысуы бірден болмағандықтан, өзін жалғыз сезінеді. Тәжірибелі мұғалім барлық балаларға бірдей талап қояды, бірақ әр баланы жеке-жеке қадағалайды. Бала мектепке келгеннен соң оның үйдегі орны да өзгереді. Оның міндеттері де және құқықтары да жаңаша құрылады. Мысалы оның сабақ орындауына ерекше, бөлек уақыт қажет болғадықтан үлкендер оның күн тәртібімен санасулары қажет.

Үшінші түріне бірінші сынып оқушылары өздерін оқу жылының  ортасына қарай оқушы екендіктерін сезінеді. Олар басында мектепке бірден жүгіріп, уақытынан ерте баратын болса, кейіннен ересектердің ықпалымен ғана барады. Өздерінің әрбір алған бағасына қуанып, сабақты қызығушылықпен орындаса осы кезеңде ол төмендейді және бәрібірлікке ауысады. Мұғалімдер бұл кезеңде оқушымен  сыртқы жағдайларына да әсер ететін тапсырмалар беруі қажет.

Оқушының мектепке бейімделуіне байланысты мұғалім мен ата-аналардың маңызды көңіл аударатын  негізгі шарттары :

—         Оқушының тәртібін сабақ үстінде және сабақтан тыс кезеңде бақылау.

—         Оқушыдан оны не қызықтырады және жақсы көретін сабақтары жөнінде әңгімелесу.

—         Оқушы жөнінде достарымен, ата – анасымен әңгіме жүргізу.

—         Бала мектепке үлкен қызығушылықпен келеді, ең негізгі шарт бала бойындағы қызығушылықты жоғалтып алмау.

—         Бала бойындағы қиындықтарды дер кезінде анықтап, түзету жұмыстарын жүргізу.

—         Оқушыларды қанағаттандыратын эмоционалдық жағымды өзара  қарым–қатынас жүйелерін (құрбыларымен, мұғалімдермен, ата — аналарымен) қалыптастыру.

Баланың мектепке даярлығын анықтайтын психикалық дамуының тағы бір жағы оның тілінің дамуы- айналасындағыларға затты, суретті, оқиғаны байланыстыра, жүйелі, түсінікті түрде сипаттап бере алу, өз ойының желісін жеткізе білу, белгілі бір құбылысты, ережені түсіндіре алуы.

Қорыта айтқанда , мектепке психологиялық даярлық балаға сынып ұжымына енуге, ондағы өз орнын табуға , ортақ іс-әрекетке қосылуға көмектесетін оның тұлғалық сапаларын қамтиды.

Сонымен балада мектеп қабырғасына аттаған күннен бастап психологиялық қайта өрлеу басталады.  Баланың қарапайым міндеттер өрісі пайда болады. Баланың үлкендермен байланысы жаңа формаға ие болады, бірлескен іс-әрекет ересек адамның нұсқауларын дербес орындаумен алмасады.

Баланың бойына білім нәрін себетін басты тұлға – ұстаз.  Өйткені ұстаз алдында егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеу және оқыту міндеті жүктелген. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.

Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде.

Қолданылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
2.Білім туралы заңы.
3.Серия книг «Готовимся к школе», «Развиваем мышление»,
«Готовим руку к письму». Москва-2000г.
4.ШербинаС.В.,Топаркова И.Г.,Кутявина Н.Л.,«Смотри,играй,запоминай».
Москва-2000г.
5.Серия книг «Скоро в школу», «Логика».
Москва-1999г.
6.Л.Ф.Тихомирова,А.В.Басов «Развитие мышления детей». Ярославль-1998г.