Есту мүшесі және есту анализаторлары

Сабақтың тақырыбы: Есту мүшесі және есту анализаторлары

 Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Адамның сезім мүшелері және олардың маңызы. Есту мүшесінің құрылысы мен қызметі жайында қысқаша шолумен түсінік беру, білімдерін қалыптастыру.


Дамытушылық – пәнге деген қызығушылығымен ояту, өз бетінше оқуға, ізденуге баулу.

Тәрбиелік – оқушыларға сезім мүшелерінің мақызын түсіндіре отырып, ауруларын алдын алу шараларына тәрбиелеу.

Сабақтың типі: аралас

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау

      Пәнаралық байланыс: химия, физика

      Құрал-жабдықтар: электронды көрсетілімдер, суреттер, формат, маркер , стикерлер

Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру кезеңі :          Оқушылармен амандасу

Сынып оқушыларын түгендеп, назарларын сабаққа аудару. (сыныпты 2 топқа бөлу)

  1. Үй тапсырмасы: Көру мүшесі .Көздің құрылысы және қызметі . (постер қорғау)

 

I топқа : Көздің құрылысы                                        II топқа: Көздің гигиенасы

 

ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі

Маңызы. Адам есту мүшесі арқылы қоршаған ортадан әр түрлі дыбыстарды қабылдап талдайды. Есту мүшесі дыбыстарды анықтап ажыратуға көмектеседі. Адамдармен сөз арқылы қарым-қатынас жасайды. Еңбек майданында да есту мүшесінің алатын орны ерекше. Есту мүшесі дыбыс пен тепе-теңдікті сезеді.

            Құрылысы: есту мүшесі – құлақ. Құлақ 3 бөлімнен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ.

  1. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Құлақ қалқаны ауадағы дыбыс тербелістерін құлақтың ішіне бағыттайды. Сыртқы дыбыс жолдарының ұшы жұқа, тығыз, керілген дабыл жарғағымен бітеді (31-сурет). Сыртқы дыбыс жолдары арқылы дыбыс толқындары дабыл жарғағына, содан соң ортаңғы құлаққа өтеді. Дабыл жарғағы сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады.
  2. Ортаңғы құлақ дабыл жарғағынан кейін басталады, самай сүйегінің ішінде орналасқан. Ортаңғы құлақтың ішінде ауа болады. Ортаңғы құлақ қуысы түтік арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Адам есінегенде, жұтынғанда түтіктің өзегі жұтқыншаққа ашылады. Жай уақытта жабық болады. Ортаңғы құлақтың қуысында бір-бірімен буын арқылы байланысқан 3 дыбыс сүйекшелері (балғашық, төс, үзеңгі) орналасқан (32-сурет). Үшеуін қосқандағы салмағы шамамен 0,05 г. Сүйекшелердің сырты кілегейлі қабықшамен қапталған. Балғашық, төс, үзеңгі деген атаулар пішіндері осы заттарға ұқсайтындықтан қойылған. Балғашық сүйегінің жіңішке шеті дабыл жарғағымен бітісіп кеткен. Жуандау шеті буын арқылы төс сүйекшесімен, ол үзеңгі сүйекшесімен қозғалмалы байланысады. Бұл сүйекшелер ортаңғы құлақтың қуысы арқылы дыбыс толқынын өткізеді. Дабыл жарғағының тербелісі алдымен үш сүйекке, содан соң ішкі құлаққа беріледі. Ортаңғы құлақ қуысындағы қысым атмосфера қысымымен бірдей. Қысым кенеттен төмендеп немесе жоғарылап кетсе, құлақ бітеліп уақытша естімей қалады (әсіресе бұл ұшқанда байқалады). Мұндай жағдайда жиі-жиі жұтыну керек. Адам жұтынғанда ортаңғы құлақ қуысындағы қысым теңестіріледі.

 

 Құлақтың құрылысы:

1 – құлақ қалқаны; 2 – сыртқы дыбыс жолы; 3 – дабыл жарғағы; 4 – дыбыс сүйекшелері; 5 – ұлулы дене; 6 – есту жүйкесі; 7 – есту түтігі

 

     3. Ішкі құлақтағы қуыстар мен иірім өзекшелерден тұратын күрделі жүйені шытырман (лабиринт) деп атайды. Мұндағы шытырманның сыртқысы – сүйекті, ал ішкісі – жарғақты шытырман деп аталады. Шытырмандар – есту мен тепе-теңдік мүшелері. Сүйекті шытырманның ішінде жарғақты шытырман орналасады. Жарғақты шытырманның қабырғалары жалпақ эпителиймен қапталған жұқа дәнекер тақташадан (пластинка) түзілген. Жарғақты шытырманның ішінде лимфа сұйықтығы болады. Оралма тәрізді ширатылған ұлулы дене – есту мүшесі (33-сурет). Бұл ұлулы дененің қуысы сұйықтыққа толы болады. Ұлулы денедегі сезімтал жасушалар дыбыс толқынын қабылдап, қозуды есту жүйкесіне өткізеді. Қозу есту жүйкесі арқылы ми қыртысының самай бөлігіндегі есту орталығына жеткізіліп, талданып жинақталады.

 

 

Есту мүшесіне ішімдік өте зиян. Мас адам дыбысты естігенімен, қай жақтан шыққанын бағдарлай алмайды. Тәлтіректеп барып қолайсыз жағдайға ұрынуы мүмкін.

 (Дәрігерден құлақ гигиенасы туралы мәлімет алу)

 

IV .Жаңа сабақты бекіту. Кестені толтыру. Тақырыпқа байланысты сұрақтар қою.

Дыбыс толқынының таралу жолы: сызбанұсқасын толтыру

4-зертханалық жұмысты орындау. Сабақ барысында мектеп дәрігерін қатыстыру.                 V.Қорытындылау. Оқушылар біздер сезім мүшелері және олардың маңызы. Есту мүшесінің құрылысы мен қызметі. туралы білдік, түсінік алдық.

  1. Оқушыларды бағалау. Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды бағалау.

 

VII.Үйге тапсырма беру. Есту мүшесі және есту анализаторлары.(тақырыпты оқу, сурет салу)

                                       Құлақ гигиенасы немесе күтімі туралы эссе жазу.