«Тіл байлығы – ел байлығы»

«Тіл байлығы – ел байлығы» тақырыбында Бейнеу гимназиясы қабырғасында өткен тілдер апталығына оқушылар үлкен дайындықпен ат салысты. Аптаның әр күнінде жоспарланған бірнеше шаралармен қатар кітапханада ұйымдастырылған «Тілім — ажарым, асыл мұрам» атты кітаптар көрмесі кітаптан гөрі ұялы телефонға жақын жасөспірімдерге асыл қазынамыз – кітаптарға бір табан жақындай түсуге себепші болды.  Аптаның екінші күні қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағытова Кәмила бастауыш сынып оқушыларының тіл сабақтарына қызығушылығын арттыру, ойлау қабілетін дамыту мақсатында 2-сыныптарда «Грамматикалық ойындар» тақырыбында сайыс сабақ өткізді. Сайыстың «Тапқыштар», «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын», «Кім тапқыр?», «Сен білесің бе?», «Жыр оқиық бәріміз» кезеңдерінде оқушылар өздерінің білімдерін сынға салды. «Тапқыштар» бөлімінде жұмбақтар шешсе, «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын» кезеңінде берілген әріптерді пайдалана отырып, мағыналы сөздерді құрастырды. «Кім тапқыр?» кезеңінде мақалдарды антоним сөздермен толықтырып, мақалдарды жалғастырды. Ырым-тыйымдардың мағынасын түсіндіру «Сен білесің бе?» бөлімінде қамтылса, «Жыр оқиық бәріміз» кезеңінде балалар М.Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.  Сайыс тартысты өтті, оқушылардың белсенділігі жоғары болды.

6 – сыныптар арасында өткен  «Маржан сөз» сайысының сұрақтарға жауап беру, «Жүйрік болсаң, тауып көр», «Ойлы болсаң, озып көр», «Ескірмеген есті сөз», «Шешеннің моделі» кезеңдерінде оқушылар әдебиет пен қазақ тілінен қойылған сұрақтарға жауап беріп, шығармалардан берілген үзінділердің авторын, қай шығармадан екенін анықтады. Көнеден келе жатқан сөздердің мағынасын түсіндіріп, шешендердің даналық сөздерінің шешімін тапты.  Шешен адам қандай болу керек, оның бойына қандай қасиеттер тән екенін анықтады.

Ағылшын тілі пәні мұғалімі Іскендірова Сәнияның ұйымдастыруымен «Can you speak English?» атты 3 және 4 – сынып оқушыларының арасында өткен сайыста оқушылар өтілген тақырыптары бойынша ағылшын тілінде диалогтар құрастырып, сахналанған көріністер қойды, ребус, кроссвордтар шешіп, жан-жануарлар өмірі туралы постерлер құрып, сипаттады, бір-бірінің сұрақтарына жауап беріп, әндер шырқады. Бастауыш сыныптың бүлдіршіндері зейін қойып, ынта бөлсе шетел тілін де игеру қиын емес екенін тағы бір рет осылайша дәлелдеді.

Қазақ тілі пәні мұғалімі Бекібаева Аққуымның ұйымдастыруымен өткізілген 5 «А», «Ә» — сыныптар арасындағы «Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім» атты танымдық сайысы өте сәтті шықты. Таныстыру кезеңінде оқушылар өз топтарын өлеңмен таныстырса, мәнерлеп оқу кезеңінде тіл туралы көркем сөздер оқылып, тіл мәртебесі ұлықталды. Сөз мәйегі мақал бойынша оқушылардың білімі «Кім білгір?» кезеңінде сарапқа салынса, сахналық қойылымдардан көрермендер қазақ халқына ғана тән інжулердің бірі шешендік өнер көріністеріне тәнті болды.  Сайыстың шешуші кезеңі осы сыныптардағы дарынды оқушылардың өз шығармашылығын ана тілге арнауымен қорытындыланды.

Табиғи тілдік атмосфера қалыптастырып, оқушылар еркін сөйлеген шаралардың бірі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аймағамбетова Сәнімнің  7-сыныпта өткізген «Деревенские посиделки» атты шарасы болды. Ежелгі орыс деревнясындағы жастардың жұмыс күнінен кейін ұйымдастыратын жиыны түрінде өткен отырыста оқушылар Есілдің екі жағасынан жиналғын жастар ретінде  бір-біріне жаңылтпаштар, танымдық сұрақтар, жұмбақтар жасырып, частушкалар шырқады. Орыс халқының ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысып, таным көкжиектерін кеңейтті. Өз қолдарымен дайындаған орыстың ұлттық тағамдары қойылған дастархан басына жиналып, ойындар ойнады. Көршілес ел мәдениетімен таныса, сол туралы сөйлесе отырып бір жағынан орыс тілінде еркін сөйлеу дағдыларын көрсетсе, екінші жағынан өзге ел мәдениеті мен тарихына деген құрметті, толеранттылықты қалыптастыра білді.

Гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі және қазақ тілі мен әдебиеті  пәні мұғалімі Дүйсенғалиева Анардың ұйымдастыруымен өткен «Мәнерлеп оқу ─ үлкен шеберлік» атты шарада оқушыларды проза мен поэзиядан нақышына келтіре отырып үзінді оқыса, «Өнер алды – қызыл тіл» атты шарада 5-7 сынып оқушылары шешендік сөздер мен   аңыз әңгімелерден сахналық қойылымдардан көріністер қойып, мектеп оқушыларын халық ауыз әдебиеті әлеміне қызықтыра түсті.

«Үштілділік — заман талабы» атты сайыста ағылшын тілі пәні мұғалімі Тұрғаналиева Жайгүл 6-сынып оқушыларына ағылшын тілінде өз білім деңгейлерін көрсетуге мүмкіндік туғызды.

Осы шаралармен қатар апта бойы «Қазақстан — достық мекені» атты сурет көрмесі ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлері өз тырнақалды туындыларын Отанымыздың жарқын бейнесін бейнелеуге арнады.

Апта соңында тілші мұғалімдердің ұйымдастыруымен «Тіл байлығы – ел байлығы» атты үлкен қорытынды кеште оқушылар Қазақстан жерін мекендейтін ұлттардың тілі мен мәдениетінен айшықты көріністер қойып, өз өнерлерімен бөлісті.

Кеште ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәрменбаева Жанардың жетекшілігімен  жүргізілетін «Enjoy English» үйірмесінің оқушылары  «Шық  бермес Шығайбай» ертегісін ағылшын тілінде ойнап, қазақтың аңызына жаңа өң берсе, төменгі сынып оқушылары «Who lives in the house?» атты ағылшын ертегісін тартымды сахналай білді. Мұғалім драмалық қойылымдар, көріністердің шетел тілін үйретуде ауызекі тіл қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі екенін тағы бір дәлелдеп көрсетті.

 

Тілдер апталығының тек өткізілу кезеңі ғана емес, оған дайындықтың өзі де оқушылардың тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін дамытып, таным деңгейін арттыруда, сауатты сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Тілін қадірлей білетін, елінің ертеңін ойлайтын айбынды азаматтарымыз мектеп қабырғасында қалыптасатынын ұмытпайық!

Суретте: Бейнеу гимназиясының тілші мұғалімдері

 

Мақала авторы: «Бейнеу гимназиясы» ММ-нің ағылшын тілі пәні мұғалімі Іскендірова Сәния Аманжолқызы