БАСТАУЫШ СЫНЫПТА БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ КЕҢІСТІК ТУРАЛЫ ТҮСІНІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

 

БАСТАУЫШ СЫНЫПТА БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ КЕҢІСТІК ТУРАЛЫ ТҮСІНІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

№ 82 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең а/о.

Білім жолы – қиын да қастерлі жол. Болашақ жастарды оқыту, тәрбие беру, қазіргі өмір ағысына бейімдеу-ұстаз алдында тұрған ең басты міндет. Халқымыздың ұлы перзенті, әлемге әйгілі ғалымы, көрнекті ағартушысы Ш.Уәлиханов «Халық кемеліне келіп дамуы үшін екі-ақ нәрсе керек»-деп ерекше атап көрсеткен, біріншісі- азаттық, екіншісі-білім. Бұл қол жетпес байлықтың екеуі де қазір біздің қолымызда бар.  Жас жеткіншектерді шығармашылық жұмысқа тәрбиелеу, оның қабілетін ашу, санасында жылт еткен шоқты үрлеп, үлкен жалынға айналдыру әрбір ұстаздың іскерлік шеберлігіне байланысты.

Оқушының болашақта өз орнын табуы, еліне, жеріне белгілі пайда келтіретіндей қоғам мүшесі қалыптасқан тұлға болуы үшін мектепте жүргізілетін бейнелеу өнері пәнінің маңызы зор. Өйткені, мектепте көтерілетін ең басты мәселелердің бірі- адамды жан-жақты тәрбиелеу, оның биік тұлға болып қалыптасуына ықпал ету- бейнелеу өнері мен ұлттық сәндік қолданбалы өнері арқылы іске асады десек артық болмас.

Бастауыш сынып балаларының ең сүйікті әрекеттері сурет салу, мүсіндеу, жапсырмалауда заттар мен құбылыстар туралы түсінігі қалыптасып, көркемдеп бейнелеуге және өзінің сол затқа қатынасын жаңа оймен бере білуге дағдыланады.

Оқушыларға білім бере отырып ескеретін аса маңызды міндет оқушыларға көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беруді айтарлықтай жақсарту. Ісемдік сезімін дамыту жоғары эстетикалық талғам, өнер шығармаларын, туған табиғаттың сұлулығы мен байлығын түсініп бағалай білу қасиеттерін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта әрбір оқу пәнінің, әсіресе зор танымдық және тәрбиелілік күші бар әдебиеттің, музыканың, бейнелеу өнерінің эстетикалық мүмкіндіктері жақсы пайдаланылуы тиіс. Мектепте бейнелеу өнері туралы білім беруде оқушылардың кеңістік жөніндегі ұғымын дамытудың маңызы зор. Оқушылар заттың бейнесін дұрыс салғаны мен оны кеңістікте орналасуына аса мән бермейді. Мұндай олқылықтар балаларға кеңістік туралы берілетін білім мазмұнын анықтап психологиялық –педагогикалық мәселелерді дұрыс шешуді қажет етеді. Соған орай осы арада кеңістік ұғымына тоқтала кетейін. Шындық болмыстағы  кез келген зат неиесе құбылыс белгілі бір кеңістікте болады.

Кеңістік дала көрінісі, бөлме іші т.б. болуы мүмкін. Кеңістікті қабылдауда көру мүшесі мен қатар сипап сезу, қозғалыс органдары елеулі рөл атқарады. Күнделікті өмірде бала жер бедерін – ойнағанда, жүргенде заттың бедерін ұстап көру арқылы қабылдайды. Мысалы, оқушы суретін салатын затты ұстап көру арқылы формасын, өлшемін жақсы сезеді. Баланың кеңістіктегі затты қабылдауы жас кезінен басталады, бірақ олар заттарды кеңістікпен қосып қабылдауға шамасы келмейді. Бастауыш сыныптарда бала заттың өзі тұрған жазықтық пен төмен  немесе жоғары орналасқандығын, үлкен не кіші екенін өз бетінше бақылауға шамасы келе бермейді. Мысалы, бетінде гүлдің суреті бар құмыраның кеңістіктегі орнынан гөрі гүліне көп көңіл бөледі де, оның қандай геометриялық фигураға ұқсайтынына назар аудармайды.

1 сыныптың оқушылары жазықтардың өлшемдер қатынасы, ұзындығы, қашықтығы туралы білгендерін өзара байланыста алып қарамай тізбектеп айту арқылы жеткізеді. 2 сыныпта білімдері дами түседі. 3 сыныптан бастап балалардың байқауы едәуір артады.

Өлшемдердің үлкен не кішілігін заттың көкжиек сызығынан жоғары не төмен екенін, оны көрушіден алыс не жақын екенін байқай алады.

Бастауыш сыныптарда кеңістік ұғымын түсіндіруде көрнекіліктерден гөрі көлемді әрі көрсетуге арналған құралдар тиімді. Кеңістіктегі жарық ауа райына, ауа перспективасына байланысты. Осы орайда 4 сыныпқа өткізген «Пейзаждағы кеңістік перспективасы» тақырыбындағы сабағыма тоқтала кетсем.

Сабақтың мақсаты: заттардың суретін салуда кеңістік ұғымдарын қалыптастыру. Кеңістікті бейнелеу әдістерін үйрету, кеңістіктегі заттардың ауа перспективасына байланысты өзгерулері туралы түсінік беру.

Көрнекі құралдары: доптардың, сумкалардың және ағаштардың кеңістіктегі орналасуы мен өлшемдердің өзгеруін көрсететін таблицалар.

Оқушылар екі топқа бөлінген.

-Балалар, біз қандай затты қағаз бетіне бейнелесек те оның кеңістікте орналасу сипатына көңіл бөлуіміз керек. Себебі, біз бейнелейтін заттардың бәрі де кеңістікте орналасады. Мысалы, даладағы өсіп тұрған ағаштар, өсімдіктер, бөлменің ішіндегі заттар бәрі де кеңістікте тұрады. Кеңістіктегі жарық ауа райына, ауа перспективасына байланысты. Жазғы және қысқы күндері түс мезгілінде дала өте жарық болса, бұлтты күні кеңістік бұған қарағанда қараңғы сияқты көрінеді. Мұндай ауа райында жақындағы кеңістіктің түрі, түсі, өлшемі айқын болса, өте қашықтықта бұлдырап  көрінеді. Сонымен біздің түстеріміз жарыққа тәуелді деген сөз.

-Балалар, сендер үлкен жолдың бойында көлікпен келе жатырсыңдар делік, жолдың жиегіндегі ағаштар жақын жердегі ағаш пен алыс жердегі ағаш саған қалай көрінеді?  Оқушының сөзі:

-Жақындағы ағаш айқын, биік болып, алыстағы ағаштар кішкентай болып көрінеді.

–Дұрыс балалар.

-Ал тұманды күні тоғайдағы ағаштарға зер салсақ нені байқаймыз?

-Тұманды күні алдымызда тұрған ағаштар айқын, алыстағылар бұлыңғыр болып кетеді.

-Дұрыс айтасыңдар, балалар. Бұл құбылыстың себебі, бізді қоршаған денелер алыстаған  сайын жарық пен ауа кеңістігінің әсерінен түстерін өзгертеді.

Дәптермен жұмыс жасайық.

Бүгін біз кеңістіктегі түстің жарыққа тәуелділігене байланысты сурет саламыз.  Бізге бұл ретте ең қолайлысы пейзажды бейнелеу. Яғни, алдыңғы ағаштары қанық, артқы ағаштары бұлыңғыр.

Кәне суретімізді бастайық.  Сабақ арасында «Иә, жоқ» ойынын ойнаттым.

1 топқа –1.  суретке жарық пен көлеңке беретін суретшіні импрессионист суретші дейміз.    (иә)

2 – жақын түстерді нюанс деп атаймыз?  (иә)

3 – графикада әр түрлі түстер болады.     (жоқ)

4 – ерте кездегі ең әйгілі құрылыстардың бірі –Парфенон.  (иә)

2 топқа:  1. Қарама –қарсы түстер контрасть деп аталады.    (иә)

  1. Натюрмортта жанды заттар бейнеленеді. (жоқ)
  2. Мүсін өнері мен бейнелеу бірдей. (жоқ)
  3. табиғи кеңістікке орман тау дала көріністері жатады. (иә)

-Енді балалар терезеден сыртқа көз салайықшы. Қазір кешкі мезгіл, әрі күз айы болған соң алыстағы үйлер сендерге қалай көрінеді?

-Жақындағы үйлер анық, алыстағы үйлердің түсі бұлыңғыр.

-Дұрыс балалар. Алыстағы денелер өлшемі жағынан кішкентай, пішіндері анық емес және анағұрлым суық реңкті болып көрінеді. Сондықтан шығармада толық кеңістік әсерін беру үшін сызықтық және ауа перспективаларын қатар қолдану қажет.

Үйге тапсырмаға бір күнді таңнан кешкі дейінгі мезгілді бақылау тапсырылды.

Кеңістік перспективасы тақырыбындағы  сабақтарымда сурет  салудың бір ізділігін мынадай кезеңдерге бөлдім.

 

 

 

  1. Заттардың бейнесін қағаз бетіне орналастыру.
  2. Олардың қандай геометиялық формаларға ұқсайтындығына талдаулар жасау. Өлшемдердің қатынастары көрсетіліп алдымен үлкен өлшемдері онон соң кіші өлшемдері салдырылады.
  3. Нәрседегі жарық пен көлеңкенің деңгейлер қатынасына талдаулар жасалып, оқушыларға нәрсенің ең жарық бөлігі, ең қараңғы бөлігі және осылардың аралықтарындағы көлеңкелер деңгейі көрсетіледі.
  4. Формаға байланысты штрихтардың өзгеру сипаты түсіндіріліп, кейбір оқушыларға жеке көмек көрсетілуі қажет.

Халық шеберлері  кеңістіктегі заттың көрінісін ою-өрнектер түрінде бейнелей отырып оның белгілі бір кеңістікте тұрғанын көрсету үшін басқа көптеген әдіс-тәсілдерді қолданған.

Кеңістікте бір заттың арғы жағында (фонында) екінші заттың тұруы мүмкін немесе заттың фонында жер көріністері болады. Мысалы, ұшып бара жатқан құстың фоны аспан, салт атты адамның фонында – тау болуы мүмкін. Ою-өрнектермен кеңістік көріністерін бейнелеуде заттың фонындағы көрініс шартты түрде бейнеленбейді.

Фон түспен ғана алынады. Сонымен кескіндеме шығармалары сияқты кеңістікті бейнелейтін ою-өрнектерде форма мен оның фоны болатынын айқын көреміз.

Суреттегі оюдың қара бөлігі кескін, түр деп аталады. Мұның өзінен кеңістікті көруге болады.

Негізгі форманың фонын ақшыл түстермен беру арқылы аспанды немесе салт аттының ою-өрнекке айналдырған көрінісінің фонын қоңыр түспен шығару арқылы жерді білдіреді.

Сабақтағы ең күрделі кезең – көріністерді қағаз бетіне дұрыс орналастыру. Сондықтан  осы кезде жақындағы көріністерді форматтың төменгі бөлігіне алыстағыларын жоғары бөліктеріне орналастыруына көп көңіл бөлу кекрек. Сондай-ақ  жіберілген қателерімен оны түзету жолдарын көрсеткенде сынып тақтасын пайдаланып үлгермеген оқушыларға жеке көмек көрсетемін. Алдын ала дайындық жасап өткізілген мұндай сабақтардан оқушылар теориялық білімдермен практикалық дағдыларды меңгереді. Кеңістіктегі  перспектива пропорциялық қатынастар, горизонт сызығы, түстердің өзгеруі туралы түсініктер  алады. Осының негізінде кеңістіктің, заттардың сипаты туралы жалпы түсініктер қалыптасады. Кеңістіктің немесе кеңістіктегі заттардың қағаз бетіне бейнелеудің жолдарын өнер шығармаларын талдаудағы мұғалімнің сөзінен оның түсіндіруі мен көрсетуімен танып біледі.

Бейнелеу сабағынан басқа сыныптан тыс жұмыстарымда да балалардың салған суреттерінде бейнелерінің кеңістікте дұрыс орналасуын қадағалаймын. Қазан айында бастауыш  сынып оқушылары арасында «Күз кереметі» тақырыбында сурет көрмесін өткіздім. Одан соң тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіздік –тірегім» атты сурет сайысын өткіздім. Қыс мезгіліне байланысты «Қыс сыйы» сайысын өткіздім. Бұл сайыстың ерекшелігі оқушыларға ешқандай көрнекілікке қарамай сурет салу тапсырылды. Бұл тапсырма оқушылардың ой –өрістерінің, қиялдарының дамуымен қатар нәрселерді қалай орналастыруды меңгерумен қатар, сурет салу арқылы саусақ бұлшық еттерін дамытады.

Заттардың перспективалық көрінісін бейнелеу жүйесінде жаттығулардың маңызы зор. Жаттығулардың алғашқы кезеңінде қарапайым геометриялық денелерді салудан бастап, бірнеше заттардың суретін салуға дейін жалғасады. Перспектива ережелерін оқыту мен бейнелеуді үйретуге арналған сабақтарда ұтымды шақтар көп. Атап айтқанда оқушылар: кеңістіктегі заттарды қағаз бетіне дұрыс орналастыру, кеңістіктегі заттардың өлшемдерінің алыс және жақын болуына байланысты өзгеру және түстердің қашықтыққа байланысты құбылысын дұрыс қабылдауға үйренеді. Кеңістіктегі денелердің бейнелеу дағдыларын меңгереді. Өнер шығармаларындағы кеңістіктің бейнелеуіне талдау жасаудың негіздерін үйренеді. Кеңістіктің білім негіздерін үйрену мен оны бейнелеу ережелерін меңгеру нәтижесінде оқушылардың кеңістік туралы ойлау қабілеті дамиды. Оқушылардың кеңістік туралы ойлау қабілеті дамуы жалпы білім беретін мектептердегі барлық пәндердің білім негіздерін меңгеруге игі ықпал етеді.

 

 

Қорыта келе баланы еңбек пен көңіл күй эстетикасы тәрбиесінің тең жүргізілуі оқушының сұлулықты өз қолымен жасауымен іске асырылады. Баланы бейнелеу өнеріне баулуға бастауыш сыныптан бастап көңіл бөлсек, онда бәсекеге қабілетті, өнерге құмар, тек білгісі келіп тұратын шығармашыл тұлға тәрбиелей алатынымыз сөзсіз.

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. /Егемен Қазақстан, 16 қазан 2004 ж. Б. 3-4.
  2. Бастауыш мектеп. № 4 -2007 ж. Б.41
  3. Бастауыш мектеп. № 2 -2007 ж. Б-42