Одағай сөздер туралы түсінік.

Сабақтың тақырыбы: Одағай сөздер туралы түсінік. Сабактың мақсаты:

а) білімділік: оқушыларға одағай, одағайдың түрлері жайлы толық мәлімет беру.

ә) дамытушылық: ой-өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, сауаттылыққа баулу, олардың ой-пікірін қалыптастыру.

б) тәрбиелік; елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабактың түрі: жаңа сабақ.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.

Сабақтың көрнекілігі: дид. материалдар, кестелер, кеспе қағаздары, тірек сызбалар. Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу. Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, жаңа сабақты түсіндіру, қорытындылау, бағалау.

Сабақтын барысы:

а)  Ұйымдастыру кезеңі.

  1. Сәлемдесу.
  2. Кезекші мәлімдемесі.
    З.Журнал бойынша түгелдеу.
    Жаңа сабаққа дайындық.

б)  Жаңа сабақты түсіндіру.

Бүгінгі жаңа сабақта «Одағай сөздер туралы түсінік» тақырыбы жайлы түсіндіремін.

Толық мағынасы жоқ, сондықтан затты, құбылысты, әрекетті нақты білдірмей, тек адамның әр түрлі көңіл күйін, сезімін білдіретін немесе жан-жануарларға қаратылып айтылатын сөздер одағай сөздер деп аталады.

Одағай сөздер таңырқау, қуану, шаттану,ұнату, ренжу, түңілу, өкіну, шошыну, жекіру, күрсіну сияқты көңіл күйін білдіреді немесе жан-жануарларды, малды шақыру, қуу үшін қолданылады. Мысалы, Япырым-ау, қайда сол күн-дер?! (А.) Қап, барлығының еңбектері далаға кетеді-ау! (Ғ. М.) Ау-хау-аухау деп кешкі тымық даланы басына көтерді. (С. М.) Берілген мысалдарда япырым-ау, қап деген одағайлар армандауды, өкінгендікті білдіріп тұрса, аухау-аухау деп сиырды шақыру үшін айтылады.

Одағайда, біріншіден, лексикалык (негізгі) мағына болмайды. Екіншіден, сөйлемде одағайлар басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, оқшау айтылады. Сондықтан да одағай сөйлем мүшесі бола алмайды.

Міне, осылайша жаңа сабақты түсіндіріп болған соң жаттығу жұмыстарын орындатамын. Алғашқы орындалатын тапсырманы ауызша түрде орындатамын: 314-жаттығу жұмысының орындалу шартын түсіндіремін: Одағайларды тауып, қандай мағынада жұмсалып тұрғанын көрсетіңдер.

Келесі тапсырма: 315-жаттығу жұмысының орындалу шарты төмендегідей: Алақай, бәрекелді, әттең, құрау-құрау, қош-қош, пай-пай деген одағайларды кірістіріп сөйлем құраңдар.

Сабақтың қорытындысы:

  1. Сұрақ қою арқылы жаңа сабақты қорытындылаймын.
  2. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
  3. Үйге тапсырма: өзіндік жұмыс: одағайларды қатыстырып 10 сөйлем құрап жазып
    келіңдер.