Ұлы дала заңдары

Көшпелі қазақ елінде қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерін, қылмысты істерінің бәрін шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі болған. Олар Қазақстанның Ресей патшасына бағынғанына дейін (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы) билердің үкімімен шешіліп келген. Дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлуге болады.

Екі рулы ел жерге, жесіріне немесе ұрланған малы мен малын жоқтап қапыда қазаға ұшыраған ерінің құнын жоқтап таласқанда тоқтам айтысып, бітісер жері билер соты болған. Даулы мәселені екі рудың билері жоқтап өзара айтысқа түскенде, ара би әділ қазылық айтып, тоқтамға келтіріп құн кескен. Ердің құнын, нардың пұлын тауып айтқан тобықтай сөзбен бітістіру – сөз қадірін бағалай білушілік халық дәстүріне негізделген. Сөзге тоқтау, «Аталы сөзге тоқтамағанның әкесі өледі» деп сөз қадірін құдірет тұту, «Тура биде туыс жоқ» деп әділ билік айтқан билердің үкімін екі етпей, мүлтіксіз орындау парасаттылықты байқатады. Халықтың осындай қарапайым тәжірибесінен туындаған қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.

Қазіргі кезде еліміздің құқықтық жүйесі – Римдік құқыққа негізделген. Бірақ қазақтардың әдет-ғұрып құқығы «Әдет» ережелері-халықтың күнделікті өмірінде жастар мен қарттар арасындағы қарым-қатынасын, жерлеу, ас беру, құда түсу, шаңырақ көтеру, бала тәрбиелеу және т.б. істерді реттеп, өз өміршеңдігін танытып келеді.