Менің тәрбиеге көзқарасым (Эссе)

 

 

Менің тәрбиеге көзқарасым


(Эссе)

 

«Ұстаздық- ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»-деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, біздің мамандығымыздың өзі — алдағы атар таң үшін, болашақ үшін қызмет ету. Бала өз өміріне қажетті тәрбиені алдымен отбасынан, сосын мектептен алатыны сөзсіз.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», бала өз отбасында әкеден-ақыл, анадан-мейірім алады. Әке-тірек, ана-жүрек, бала-тілек.  Осы бір ғажап тұжырым-әке, ана, бала отбасы ошағының үш тағаны іспеттес.

Ертеде бір кісі балалы болып, баласы алты ай толғанда бір данышпаннан баласын тәрбиелеуді қашан, қалай бастайтынын сұрапты. Сонда әлгі данышпан: «Егер балаң алты айлық болса, онда сен тәрбиелеуді бастауға алты айға кешігіпсің»-деген екен.

Кейде кейбір ата-аналар баласы кішкентай кезінде дегенін беріп, айтқанына көніп,  «Өскенде өзі-ақ біледіге» салынып, кейіннен тәрбиеде жіберген қателігін кеш түсініп, опық жеп жатады.

Адамды үш нәрсе қайғыға салады екен:


Біріншісі-кәрілік, оны өзгерте алмайсың, ол-табиғи құбылыс.

Екіншісі-өлім, оны да өзгерте алмайсың, ол –Алланың бұйрығы.

Үшіншісі-жаман бала, оны өзгертуге болады, тек жақсы тәрбиенің арқасында ғана.

Сондықтанда бала тәрбиесінде сынып жетекшісінің  орны үлкен. Ұстаз тәрбиесімен ата-ана тәрбиесі ұштасып жатуы керек. Класс жетекші мен ата-ана арасында ынтымақтастық жұмыс жүргізілсе, балаларға тиісті көңіл бөліне білсе, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.

Менің ойымша, әрбір жас толқын қай жағынан болсын, тамаша, жан-жақты, келісті азамат болып қалыптасуы қажет. Ол еңбекқор, адал, білімді, көп оқыған ақылды болып қана қоймай, тәрбиелі де көркем, ибалы болуы керек.

Балаларды сүйетін және өзінің ісіне берілген сынып жетекшісі ғана мейірбан жеке тұлғаның қалыптасуына көмек көрсетуге қабілетті. Жемісті тәрбиенің сыры-шәкіртке құрметпен қарауда деп ойлаймын.