Отан – рухы биік, асқақ ұғым!

 

 

Тақырыбы:  Отан – рухы биік, асқақ ұғым!

Мақсаты: 1.Білімділік: Оқушыларды Отанды сүюге, қазақ елінің рәміздерін қастерлеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, үйрету.

2.Дамытушылық: Оқушылардың ой-өрісін, сана-сезімін дамыту. Туған ел, Отан туралы оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорын молайту, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

3.Тәрбиелік: Оқушылардың бойында Отансүйгіштік қасиеттерін, өз еліміздің тәуелсіздігін қадірлей білуге, оны өз бетінше қорғай білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Ойын сабақ

Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, топпен жұмыс

Сабақтың көрнекілігі: ҚР-ның президенті Н.Ә.Назарбаевтың портреті, мақалдар, үлестірме қағаздар, интерактивті тақта, т.б

Сабақтың барысы:

-Сәлеметсіңдер ме, оқушылар! Балалар, біздің бүгінгі сабағымыз жай сабақ емес, ерекше сабақ. Себебі, бүгін бізге сабағымызды тамашалауға қонақтар келіп отыр. Қане, қонақтарымызбен сәлемдесейік. Олай болса, балалар, қонақтарға сыныбымызда білімді, үлгілі, тәртіпті, алғыр балалар бар екенін бүгінгі сабағымызда көрсетейік. Ендеше сабағымызды бастайық.

Үй тапсырмасын сұрау.

«Менің Қазақстаным» тақырыбында үйден жазып келген эсселерін оқыту, тексеру.

Сұрақ – жауап

  1. Қазақстанның астанасы қай қала?
  2. Қазақстанның тұңғыш президенті кім?
  3. Қазақстанның рәміздерін атаңдар?
  4. Қазақстанның қандай қалаларын білесіңдер?
  5. Біздің мемлекеттік тіліміз қай тіл?

-Ендеше, балалар, мына тақтадағы әріптерге көз салыңдаршы. Мұндағы әріптер орындарын ауыстырып, адасып қалыпты. Енді осы әріптерді өз орындарына тұруына көмектесейік.

«Адасқан әріптер» ойынын ойнау.

росы, тарат, раба, іенмс.

 

     
     
     
     

-Балалар, әріптерді орнына қойғанда қызыл шаршының ішінде қандай сөз шықты?

-Әрине, ОТАН

-Олай болса, балалар, біздің бүгінгі жаңа  сабағымыздың тақырыбы да Отан туралы, яғни «Отан – рухы биік, асқақ ұғым!»

(Дәптерлерімізді ашып, күннің реті мен жаңа сабақтың тақырыбын жазып қояйық)

-Балалар, қаламсабымызды өз орнына қойып, жаңа сабақты мұқият тыңдайық.

Мұғалім сөзі:

-Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Біздің еліміз тәуелсіз, егеменді мемлекет. Біз тәуелсіздігімізді 1991 жылы 16 желтоқсанда алдық. Қазақстан Республикасының бас қаласы, астанасы – Астана. Еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Кең байтақ Отанымыздың қалалары, байлықтары өте көп. Қазақстанда алтын, мұнай, көмір, түрлі-түсті металдар өндіріледі. Алматы, Астана, Шымкент, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Семей сынды үлкен қалалары бар. Туған жеріміздің табиғаты өте керемет. Өзен-көлдеріміз де бар. Бірақ Қазақстанның  көп бөлігін далалы жер алып жатқандықтан оны далалы өлке деп атайды. Қазақстан көп ұлтты мемлекет.  Қазақстанда 16 млн халық тұрады. Сонымен қатар, өзіміздің президентіміз, әнұранымыз, туымыз, валютамыз, елтаңбамыз бар. Біздің Отанымыздан ұлы адамдар да шыққан. Мысалы: А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Жабаев, т.б. Осы  ақындар өз өлеңдерінде Отан туралы көп жырлаған.

-Қане, сендердің араларыңда Отан туралы өлең білетіндерің бар ма?

(оқушылар монтажы)

1-оқушы Арайлым

Отан деген – атамекен,

Отан деген – туған жер.

Отан – ана,

Отан үлкен

Қазақстан – туған ел!

2-оқушы Мақсат

Болашаққа бастаған,

Шарықтайды асқақ ән.

Елордасы Отанның –

Мақтанышым Астанам.

3-оқушы Ақсаят

Көк байрағы бабамның –

Бүгінгі ұрпақ алауы.

Тірегі әке, баланың – қазақстан жалауы.

4-оқушы Ақерке

Гүлзар баққа оранған,

Күннен киген бөрікті.

Аққудайын таранған,

Алматы әсем көрікті.

5-оқушы Ерқанат

Қазақстан – елім,

Ұлан-байтақ жерім.

Тәрбиелеп өсірер

Өр тұлғалы ерін.

6-оқушы Эльмира

Алтай,

Арқа,

Атырау

Жетісудай өңірді

Жайлап жатқан осынау

Қазақ елі көңілді.

 

-Жақсы, балалар!

 

Шығармашылық жұмыс

Ендеше дәптерімізді ашып, тақтада берілген «Әріп теру» ойынын ойнайық.

Ойын шарты: «Отан» деген сөздің әр әрпінен өз Отанын қорғайтын азамат қандай болу керек, соған байланысты сөздер ойлап табайық.

 

О –оқымысты, отансүйгіш, озат, ойлы, озық.

Т – тәртіпті, талапты, тапқыр, тіл алғыш.

А – ақылды, адал, арманшыл, абыройлы, ақкөңіл.

Н – намысшыл, нағыз ер.

Сөздікпен жұмыс.

«Кім жылдам?» ойыны

Шарты: Тақтада ілінген сөздердің арасынан Отан сөзіне жақын сөздерді табу.

Туған ел, азамат, бейбітшілік, туған жер, адалдық, Қазақстан, теледидар, атамекен, елтаңба, туған өлке, барыс, қазақ.

 

Сергіту сәті

Интерактивті тақтадан «Қазақстан» туралы көрініс беріледі.

 

«Кім тапқыр» ойыны

 

Шарты: Екі қатарға екі сөз беріледі. Сол сөздерден бірнеше сөз құрастыру керек.

  І қатар                                                                     ІІ қатар

Бейбітшілік                                                             Қазақстан

шіл                                                                     қазақ

кілт                                                                     қаз

бейбіт                                                                 зат

ілік                                                                     сақа

елші                                                                   тана

кілей                                                                   сазан

елік                                                                     азат

бітік                                                                    санақ

Халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталған Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіретін, біздерді Отаншылдыққа тәрбиелейтін мақал-мәтелдермен танысайық.

  1. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  2. Отанның алғысы – жүректің қуанышы.
  3. Өз елің – алтын бесік
  4. Отан — елдің анасы, ел – ердің анасы.
  5. Орағың өткір болса, қарың талмайды

Отаның берік болса, жауың алмайды.

  1. Отан – қуат, отбасы – шырақ.

 

-Балалар, сендер де Отан туралы мақал-мәтелдер білесіңдер ме?

1.Отанды сүю отбасынан басталады. Нұрлыбек

2.Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.  Ерасыл

3.Отан оттан да ыстық. Гүлнұр

4.Туған жерге туыңды тік. Ақнұр

 

-Жарайсыңдар, балалар!

 Сұрақ-жауап

  1. Өз Отаныңды қалай қорғайсың? Ғалым
  2. Қасыңдағы қазақ құрбың орысша сөйлеп тұр, сен не істейсің? Ләззат
  3. Өз Отаныңның нағыз азаматы болу үшін бойыңда қандай қасиеттер болу керек? Өміртай

Дәптермен жұмыс

Сөздік жұмыс: Түсініктеме

«Отан» сөзі арабтың «ватан», яғни «өлке» деген сөзінен шыққан.

               Сабақты бекіту

-Балалар, қазақта 7 санын киелі сан деп атаған. Сол себепті біз де еліміздің жеті белгісін есте мәңгі сақтаймыз.

Біздің еліміздің жеті белгісі

1 белгісі – Қазақстан Туы

2 белгісі – Қазақстан Елтаңбасы

3 белгісі – Қазақстан Республикасының Әнұраны

4 белгісі – Мемлекеттік тілі

5 белгісі – Қазақстан Республикасының Ата Заңы

6 белгісі – Қазақстан Төлқұжаты

7 белгісі – Ұлттық Теңгеміз

            Біз – тәуелсіз қазақ елінің ең жас жеткіншектеріміз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді, әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық дегім келеді.

Үйге тапсырма: «Отан» тақырыбында өлең жаттап келу.