Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы (Эссе)

Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы

(Эссе)

 

Елубаева Гүлсезім Құрманғазықызы

Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы №5 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі

Биіктік. Тереңдік. Осы бір ұғымдар ұстаз сөзімен тығыз байланысты. Көкейде «неге?» деген сауал туған болар? Оған берер жауабым төмендегідей. Мұғалім – мұхит тұңғиығындай терең білімді адам. Оның білігі мен білімі тайызда емес, тереңде. Тереңдік ұғымының ұстаз сөзіне тән болу сыры осында жатыр. Ал енді биіктік турасында сөз етсем,  Ана да, дана да, ақын да, хакім де – бәрі-бәрі  сол  ұстаздан тәлім алады. Сондықтан ұстаздық – бар мамандықтан биік. Осыдан келіп, биіктік ұғымының ұстаз сөзіне тән екенін көруге болады.                                                                                                          Бұлақ көрсе, көзін ашып, бала жанының бағбанына айналған ұлағатты жандар турасында айтқанымды  қуаттай түсу үшін көреген ойлы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының мына бір сөзін тіліме тиек етпекпін. «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”.       Бұл – бұлтартпас ақиқат.  Қазақта «Бір кісі құдық қазса, мың кісі су ішеді» деген қанатты сөз және бар. Жер бетіндегі барша мамандық иелерін білім нәрімен сусындатып,  зейінін ашатын, сан салалы ғылым сырын ұқтыратын  бірден-бір мамандық иелерінің педагогтар екеніне ешкім дауласа қоймас, сірә!                   Сананы саралап, ақылмен ойлап қарасақ, қашанда ұстазы жақсының ұстамы жақсы болады. Бақташысына қарап мал өспеуші ма еді? Сол сынды «ұстазына қарап бала өседі». Мектеп мұғалімінің өнегесін көрген әр шәкірт біліммен қанатын қатайтып, табиғат заңына бағынып, білім ұясынан қияға қанат қаққанда, ғылым ордаларындағы қандай да бір оқытушылардың алдына барары хақ. Өздері таңдаған мамандықтың   иесі болу үшін де кәсіби білім, білік дағдысын қалыптастыруы, оның теориясын меңгеруі қажет-ақ. Ал оны қайдан алмақ?! Әрине, белгілі ғылым докторларының, профессорларының, кандидаттарының, оқытушылардың көмегімен игермек. Сөйтіп, жоғары оқу орнынан кәсіби біліктілік алып шығады. Сайып келгенде, қандай да болмасын бір мамандыққа педагогтар арқылы ғана қол жеткізе алады. Онсыз мүмкін емес.                                                                   Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы. Бұл – ешқашан  өзгермейтін заңдылық. Ол – бар мамандықтың көшбасшысы. Әркез солай бола бермек!                                                                                                   Әдетте «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дегенді айтамыз. Осының негізінде «Ұстаз әлемді білім бесігінде тербейді» деген ой менің санамда жаңғырады да тұрады.  Бойда бар күш-қуаттарын, Алла сыйлаған таланттарын ұлт ұрпағының білім алуына, таным көкжиегінің кеңи беруіне, егемен еліміздің өсіп-өркендеу жолына арнап келе жатқан біз сөз етіп отырған мамандық иелері лайым кәсібінен берекет тапқай!