Мазмұндама

Сабақ жоспары

1.Пән аты:  әдебиет

2.Сыныбы: 5 «Ә»         

3.Күні, айы, жылы: 22.05.2015

4.Тоқсан: 4

5.Мұғалім: Ж.Юнусова

Сабақтың тақырыбы: Мазмұндама

Сабақтың мақсаты:

1.Білімділік: оқушыларды шығармашылық қабілеттерін бекіту.

2.Тәрбиелік: оқушыларды  қоршаған ортаны  қорғауға, табиғатты аялауға тәрбиелеу.

3.Дамытушылық: оқушылардың  жазбаша тіл мәдениетін дамыту.

Сабақтың типі: бақылау сабағы.

Сабақтың түрі: мазмұндама

Сабақтың әдіс-тәсілі:  сұрақ-жауап, түсіндіру, жазба жұмысы.

Сабақтың көрнекілігі: Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы.

Пәнаралық байланыс:  тіл, әдебиет.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі: 1.Оқушылармен сәлемдесу.

                                                2.Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.

                                                3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.

 

ІІ.  Оқушыларды мазмұндама мәтінімен таныстыру.

 

Құс – табиғат перзенті

Көктем күшіне еніп, бүкіл дала құстардың әсем үніне бөленді.

Атамыз қазақ қашан да құс атаулыны ерте заманнан ерекше құрметтеп келген. Қыран бүркіт, алғыр қаршыға, көк дауыл сұңқар, ұшқыр тұйғын баулып, оларды қиянға салып, өнерін құмарта тамашалаған. Құс біткенді жәбірлеуді өздеріне рақымсыздық, қиянат көрген. Бұл жөнінде ел аузында мынадай бір аңыз бар.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде адамдар ел-жұртын тастап, бас сауғалап,

жан-жаққа қашқаны белгілі. Сонда жау келе жатқан жолда атақты Төле би көшпей, жалғыз үй қалып қойыпты. Ентелеп келіп бас қойған жау еш қаперсіз жұртта отырған жалғыз үйді көріп, оның бұл қылығына таң-тамаша қалады. Өктем жау ордаға келіп ойран салмақ болғанда, Төле би шығып:

— Ей, адамзаттың балалары! Биыл көктемде шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Қазір сол ұяда оның қызылшақа балапандары жатыр. Соларды аяп, өзгелерге ұқсап үдере көшпей, шаңырағымды, жолдарыңда қалып қойдым. Ең болмаса, сол балапандарды аяңдар. Өзіме тисеңдер  де,  шаңырағыма тимеңдер, — деп, өтініш жасаған екен дейді.

Сонда жауыздығымен әлемге аты жайылған жоңғар басқыншыларының өзі Төле бидің асқан адамгершілігіне риза болып, оның шаңырағына  тиіспеген көрінеді.

Саятшылық – үлкен өнер, ата салтымыз. Саятшылық құру – аң-құсты қырып жою деген сөз емес, қайта оған қамқор болу, жанашырлық ету деген сөз. Ел арасында аңдар мен құстардың қайсысының қай уақытта өсіп-көбейетінін, жүретін жерін, олардың мекендейтін, жайылатын орнын, жүріс-тұрыс, мінез-дағдысын өте жақсы білетін адамдар көп. Олар аң-құстың өсіп-көбейетін кезінде мазасын алмайды,  үркітпейді, қайта қамқор болып жүреді. Қазақ салтында жалт еткенді жамбастан, бүлк еткенді бүйректен, сырт еткенді сирақтан тигізетін, құралайды көзге атқан мергендердің өзі аң-құстың бәріне бірдей тие бермейді, қалағанын ғана таңдап ататын болған.  Өйткені Табиғат-ана әркімнен өзгеге залалын тигізбей, қажет тап басып тауып алуды, өзін аялауды, шапағатты көзбен қарауды қалайды.

 

Мазмұндау жоспары:

  1. Аталар құрметі.
  2. Аңыз ізімен.
  3. Саятшылық деген не?
  4. Құс – табиғат.
  5. Ата – баба дәстүрін сақтау.

 

    Сөздік жұмысы:

бас сауғалау, қаперсіз.

 

 ІV. Сабақтың аяқталуы.