Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

 

 

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін,дүниетанымын,өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру,соған сай  мінез құлық қалыптастыру.  Өсіп келе жатқан ұрпақтың ата-анасы осы ілкіден қалыптасқан тәжірибені қолға алса,ұлттық мінез қалыптасады,ата-баба дәстүрі сақталады деп ойлаймын. «Бала тәрбиесі бесіктен », « Әкені көріп ұл өсер,шешені көріп кыз өсер». Ата – бабамыз осы өсиетті сөздерді біз үшін қалдырған шығар,сірә?!

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ. Жас ұрпақ бойында жақсы қасиет, адамдық құндылық, талғам мен талантты жетілдіру ата- ана мен мұғалімнің басты міндеті. «Тәрбие —  адам тағдырын шешетін ұлы  іс » деп В.Г. Белинский айтқандай, тәрбиеге, соның ішінде бала тәрбиесіне бейжай қарауға болмайды.

Әрбір ата — ана еліміздің болашағының жарқын болуы үшін, балаларын тәрбиелей отырып атсалысады.Ол үшін баланы тәрбиелеушінің өзі тәрбиелі болуы тиісті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұлағатты сөз соның айғағы.Саналы тәрбие, сапалы білім баланың ертеңіне даңғыл жол ашады.Адам өмірінің алтын бесігі – мектеп қабырғасында өткен жылдар. Бұнда бала жаңа өмірдің заңдылықтарын үйренеді. Мектеп ұжымына ата- ананы көмегі ауадай қажет.Мектеп пен ата – ана арасындағы сыпайы сыйластық үндесіп жатса бала тәрбиесі жақсы болары сөзсіз.

Халқымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді. Бүгінгі күні баланы әдепті де,саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрлерімізді, әдет – ғұрыптарды, дінімізді, ата – бабаларымыздан қалған насихат мұраларын балалардың санасына сіңіре білу ата-ананың басты  міндеті дегіміз келеді.Өмірден, халықтық   педагогикадан әр түрлі мысалдар  келтіріп, балаға өз уақытында тәрбие бермесе, арты орны толмас өкінішке соқтыратындығы түсінікті жағдай.   Яғни,   халқымыздың бай тәжірибесін  пайдаланбай,  іске асырмай жатсақ келер ұрпақ алдында ұятты боларымыз сөзсіз. Өз халқының тілін, дінін, тарихын, рухани мәдениетін біліп өскен адам біртіндеп, әлемдік мәдениетті де көреді.

Халықтық педагогиканың құндылығы ақылды да,әдепті,жан – жақты жетілген,адамгершілігі мол азамат тәрбиелеуде таптырмас тәрбие құралы екендігінде.

Ендеше, бұл қасиеттер бесік тербеткен ана әлдиімен, ақ жаулықты әже ертегісімен бірге өскелең ұрпақ бойына дарытылып, сіңірілуі керек. Осы орайда халық қаhарманы, абыз атамыз Бауыржан Момышұлының мына бір сөзін айта кетсем: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі,  осы заманда бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын.  Екіншісі,  балалары мен немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқандығы. Үшіншісі,дәстүрді сыйламайтын ұрпақтардың өсіп келе жатқанынан қорқамын.»  Тәрбиенің көзі ата- аналардың қоғам алдындағы үлкен міндеті десек те болады.

Бала тәрбиесінде  ата- ананың жауапкершілігі үлкен орын алады.  Себебі,  ата- аналар баланың мінез – құлқын,  өмірге көзқарасын қалыптастырады.  Балалар үйде көрген тәрбиесін мектептен алған тәрбиесімен толықтырады. Отбасында күнделікті болып жатқан үлкенді кішілі оқиғалар,ата- ананың өмірге,еңбекке көзқарасы,туыстары мен достарына ықыласы, қонақ күтуі, демалыс күнін ұйымдастыруы, баламен қарым қатынасы, барлығы балаға өз әсерін тигізбей қоймайды.  Бала іс-әрекеті жағынан ата –анасына үлкендерге қарап еліктеп өседі.

Ал үлкендердің үлгісі әрқашан жағымды ыңғайда бола бермейтіндіні шындық.  Үлкендер кейде орынсыз дөрекілік немесе жағымсыз мінез көрсетіп қалады.  Талшыбықтай солқылдап тұрған,әлі жақсы мен жаманды айыра білмейтін бала бойында тәртіптілік пен ұйымшылдық қасиеттерін тәрбиелеу, ақиқатшылдық және адалдыққа бағыттау,  өзінің мінез – құлқына сын көзбен қарай білуге үйрету, басқалардың кемшілігін орнымен сынай тәрбиелеген дұрыс.  Бұл мектеп пен отбасының ұйымдастыра бағытталған тәрбие жұмысын атқарғанда ғана жүзеге асарлық іс.

Қазақ халқында «Тәрбие – тал бесіктен», «Баланы жастан» деген қанатты сөздер бар. Бұл ұлт болашағын ойлаған абыздардан бізге жеткен басты тәлім болса керек.

Біздің мектебіміздің оқушыларына тәрбиені бесіктен, жүрек арқылы беріп отырған өнегелі отбасыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Ата – аналары өз еңбегімен,өмірге деген саналы көзқарасы қалыптасып, жақсы  қасиеттері  арқылы  қадірлі  ғұмыр  кешіп,  дүниеге келген сәбиіне бесік жырын  айтып,ертегі  жырларын  айтып отырған әжелеріміз бен әке аналарымызды  айта  кетсек артық болмас. Отбасындағы  алған тәрбиесін достары арасында, мектепте  көрсетіп жүрген, білімді, саналы, әдепті  болып өсіп келе жатқан  Тулеуова Аружан мен Заринаны, Табылдиев Дамир, Ғалымжанова Наргиза,  Мұхит Абылай,  Болатов Дулат, Асылай , Еламан Назерке, Асылбек Айдана, Сайынғалиевалар ,Рсқали Мұхамидияр, Сарсекенова  Амина, Жарбусинова Гүлназ, Қайнеденовтар, Батырғалиевтер, Амангелдиевтер, Ислямовалар, Тұқпатовалар, Изтелеуовтер, Зинуллаевтар, Аққалиевтер, Рашитовтер,  Нысанбаевтар және т.б. көптеген отбасыларын айтуға  болады.

Сөзімнің соңында ұстаздардың ұстазы Ы. Алтынсарин: Балаға  берілетін бірінші  тәрбие ата – анасын, туған –туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Ұл – қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін ең әуелі, әдепті болуы керек. Ата –бабаларымыз «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлынша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой – өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Бала ата –ананың  перзенті, ұрпағы.

Оқушы – мұғалім, оқушы ата –ана, мұғалім-ата –ана- адамгершілікке бағытталған  тұлға аралық  қатынасты  қалыптастыруға күш салатын үштік одақ. Ата  — ана мектеппен  байланысын  күшейтуі  арқылы ғана бала тәрбиесінде жақсы  жетістікке қол жеткізе алатыны ақиқат. Ал, ата –ана мен ұстаздар  арасындағы  қарым –қатынасынан  біз тамаша  нәтиже күтеміз. Бар әдемілік пен әдептілікті бойына  жинаған, халықтық тәрбиемен сусындаған, өз отбасына, өз ұстаздарына, өз мектебіне, сыныптас достарына, еліне құрмет сезімі қалыптасқан  жеке тұлға қалыптастыра аламыз.

Ата-аналар мәдени іс –шараларға қатысуын қамтамасыз  ету жұмыстары ата – аналардың мектеп өмірімен етене жақындасуына, танысуына және өз баласының даралық қасиеттерін тануына зор ықпал етеді.  Жалпы ата –аналармен байланыс жасаудың  олармен ынтымақтастықты нығайтудың, ең бастысы ұрпақ тәрбиесіндегі  бірліктің негізі дей отырып  ата –аналармен бірлесіп өткізген  Шаңырақ сайысын ұсынамын.

Сыныптан тыс тәрбиелік шараның түрі: Шаңырақ сайысы.

Мақсаты: ата – аналарды сынып, мектеп өміріне қалыптастыру, балаларды дұрыс тәрбиеге баулу,     ата – аналарды балалармен бірлескен әрекетке тарту; ұйымшылдық, қызығушылық, шығармашылық сөздерін дамыту.

Ақпарат құралдар: безендірілген сынып, жанұяның альбомы, үнтаспа, альбомдық таза беттер, маркерлер.

І. Ұйымдастыру бөлімі: залды безендіріп, отбасыларды үстел басына отырғызу.

ІІ. Негізгі бөлім:

1-оқушы. Армысыздар ағайын, ата-аналар!

Бармысыздар, жанкүйер, өз қауымдас.

Бүгінгі күн әуенін  біз бастайық,

Сайыста көңілмен қол соғайық!

2-оқушы. Біздерде мереке той басталады,

Тамаша би биленіп, ән салады.

Қошеметтеп қол соғып отыралық

Сынға түскен сүйкімді әр отбасына!

Мұғалім: Құрметті асыл аналар! Қадірменді ұстаздар! Көгімізде бейбітшілік нұрындай болып көктем шуағы төгілгенде адамзатты қуанышқа бөлеп, адам баласына өмір, жылылық, әсемдік сыйлайтын Аналар мерекесі келді. Ана! Осы бір қасиетті сөзде қаншама мейірім, асып төгілер мол қуаныш бар! Олай болса, асыл аналар, көктем бәйшешегіндей құлпырып, күндей күліп жүре беріңіздер, — дей отырып,  2  «А» сыныбында өткізгелі отырған «Шаңырақ сайысына» қош келдіңіздер.

3-оқушы. Армысыздар, аяулы ұстаздар, ата – аналар, оқушылар!

Бүгін көктемнің шуақты күндерінде біздің сыныпта үлкен мереке. Көктемгі жауқазындай құлпырған әсем сұлу қыздарымыз сүйікті ана-әпкелерімен «Шаңырақ сайысына» келіп бақтарын сынағалы отыр. Ортаға сайысқа түсетін аяулы аналар мен әпке, қыздарымызды шақырамыз. (музыка ойналып, ортаға отбасылар шақырылады.)

4-оқушы. « Ана» деген  үш — ақ  әріп тіршілік,

Тіршіліктен үлбірейді гүл шығып.

5-оқушы. Ана деген үш әріпті шырқап жүрем ән қылып,

Адамзаттың жүрегінде сақталатын мәңгілік.

Мұғалім: Құрметті ата-аналар, оқушылар!  Бұл байқау емес,  бұл отбасы  мерекесі  десек  те болады. Біздің мақсатымыз  ата-аналарды  мектеп  өміріне қалыптастыру,   сүйкімді қыздарымыздың ақылдылығын, біліктілігін, әртістік қабілеттерін анықтау.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта деп есептейміз.

6-оқушы. Әділ –қазы береді

Өздеріңе бағаны

Бізге айтып береді

Кім өнерлі, кім мықты? – деп әділ-қазылар алқасымен апай сіз таныстырып жіберіңіз.

Мұғалім: Сайыс бағдарламасы 7 айналымнан тұрады.

  1. Кел, танысайық. Әр отбасы өздерін таныстырады.

7-оқушы. Деген екен қазақ халқы “Сәлем – сөздің анасы˝

Біледі оны еңкейген қарт, еңбектеген баласы

Амандасу – ізгіліктің, сыпайылықтың белгісі

Сәлем достар! Амансың ба? Қалайсың? дегендей «Кел танысайық» айналымы.

8-оқушы. “Жасында байқары жоқтың, үлкейгенде айтары жоқ˝, – дегендей халқымыздың жас шағында көп нәрсеге зерек салып, байқап жүруге бағдар береді. Ендігі кезекте сынға түскен аналарымыз бен, әпке, қыздарымызға сұрақтар беріп, нақты жауап берулерін байқайық.

II.Сұрақ-жауап

№1 отбасына  1. Ұлттық аспаптарды атаңыз.

  1. Ең киелі құс.
  2. Қазақтың ұлттық мейрамы.
  3. Үш арсыз.

№2 отбасына  1.Қасиетті тағам.

  1. Үш биді атаңыз.
  2. Аяулы жан кім.
  3. Көктем айлары

№3 отбасына  1. Қазақтың ұлы ақыны кім?

  1. Республика рәміздерін ата.
  2. Сөз өнер сайысы.
  3. Наурызда пісірілетін ұлттық тағамдар.

9-оқушы.  Ал кімнің өнері бар қаншалықты

Би билеп, ал біреуі ән салыпты

«Өнерлі өрге жүзер» байқауында

Қол соғып, барша халық тамсаныпты – дегендей апай ендігі айналым                          «Өнерлі өрге жүзер» әр отбасы ән айтып, би билейді.

III. Өнер көрсету

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. «Ас – адамның арқауы» дегендей аналарымыздың үйден дайындаған тағам түрлерін қыздары әңгімелеп береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. «Ой қозғау» айналымында бір отбасы мүшелері, қимыл іс-әрекет арқылы салт-дәстүрге байланысты бір ойды білдіреді. Екінші отбасы нені бейнелеп, түсіндіргенін айтып береді.

 

 

 

 

 

 

10.Қыздарға әсемдік жарасады,

Ай көркі биіктетер аласаны.

Болмаса ару қыз, сұлу ана,

Табынып, ер кімдермен санасады.

VI-айналым. Шаш өру әдемілігі.

Ендеше, бұл айналымда аналар мен әпкелері қыздардың шашын сәндеп, шаш өру әдемілігін көрсетеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аналар шаш өріп болғанша, көрермен аналарды 2 топқа бөліп, ана туралы әндер айтқызып жарыстырамыз.

Хормен оқушылар «Құттықтаймын ана» өлеңін айтады.

 

 

 

Хормен: Бізді өмірге әкелген аналарға мың алғыс.

VII-айналым. «Бояулар сыр шертеді» аялдамасында әр отбасы өздерінің бақытты отбасын ақ қағазға бейнелейді.

«Бояулар сыр шертеді» аялдамасы өтіп жатқан уақытта, отырған көрермен аналарды 2топқа бөліп, ана туралы өлең айтқызып жарыстырамыз.

Қорытынды бөлімінде:

Жеңістер мен жеңілістен тұратын,

Өмір – күрес, жеткізе ме мұратын?

Жеңбедім, жеңілдім деп ренжімеген,

Қатысу да бір жеңіс! — дегендей келесі сөз кезегі әділ қазыларға беріледі. Осымен әр отбасы өздерінің бойларындағы жақсы қасиеттерін ортаға салып әділ-қазылардың қорытындысы бойынша :

Еламановтар отбасы «Өнерлі отбасы».

Ермешевалар отбасы «Өнегелі отбасы».

Асылбековтер отбасы «Тәрбиелі отбасы» – номинациялары бойынша марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Құрметті ата –аналар, әр  отбасындағы  ұрпақтарыңызға берген бесік тәрбиесі –жүректен жүрекке жетер тәрбие болып, ұл –қыздарыңыз сіздерді қуанышқа бөлеп, әдепті  болып өссін деген тілектеміз. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің ең үлкені, ол –ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру.