Есім хан тұсындағы оңтүстік шекараның кеңеюі.

Біздің ойымызша, Есім ханның билікке келуі осындай аса маңызды шараны жүзеге асырумен басталады. Жалпы алғанда Шығай ханның ұлдары Тәуекел ханның қайтыс болуы мен Есім ханның саяси билікті қолына алуы – қазақ елі тарихында бір дәуірдің басталғандығын көрсетеді.

ХҮ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап тарих төріне көтерілген ұлттық сипаттағы Қазақ хандығы өзінің сыртқы саясатындағы басты бағыттардың бірі етіп қазақ ру – тайпаларының жерлерін біріктіруді мақсат еткен болатын. Бір жарым ғасырға созылған күрес барысында Қазақ билеушілері жеңісті де, жеңілісті де көрген болатын. Қасым хан тұсында қазақ халқының этникалық аумағы қалыптасқан болса, одан кейінгі «уақытша әлсіреу» кезеңінде ішкі бірліктің болмауы жарты ғасырлық күрес нәтижесін жоқ етеді. Хақназар ханның тұсында қайта басталған біріктіру процесі Шығай, Тәуекел хандар тұсында өз мәресіне жетеді. Ал оны заңдастыру, Қазақ хандығының басты қарсыласы – Мәуереннахр билеушілеріне мойындату Есім ханның үлесіне тиеді. Есім хан үшін ХҮІ ғасырдың соңғы жылдары көршілес елдермен қарым-қатынаста, қазақ халқының қалыптасқан этникалық территориясын мойындатуда өте қолайлы болды. Батыстағы ноғайлар ХҮІ ғасыдағы үшінші саяси дүрбелеңді бастарынан өткеріп, Орахмұхаммед бидің (Ормамбет би) 1598 жылғы өлтірілуінен кейін мемлекет ретінде күйреудің соңғы сатысына көшеді де, ноғай ру-тайпалары жан-жаққа тарыдай шашылады. Олардың бір бөлігі Қазақ халқының құрамына қосылып, олардың көшіп-қонатын аумақтары қазақ халқының этникалық аумағына айналады. Ал солтүстіктегі Сібір ханы Көшім де 1598 жылы орыс отрядынан толық жеңіліске ұшырап, азғантай ғана адамдарымен Сібірден кетуге мәжбүр болады. (10)

Сібір хандығының күйреуі қазақ ру-тайпаларының Дешті Қыпшақтың солтүстік бөлігіндегі жайылымдарының қауіпсіздігін тұрақтандырады. Сөйтіп қазақ елінің солтүстіктегі шекарасы да нақтылана түседі.

Осылайша, ХҮІ ғасырдың соңғы жылын қазақ халқының этникалық аумағының біріктірілу процесі аяқталған жыл деуге болады. Осыншама зор аумақты, ондағы ру-тайпалар арасындағы қатынастарды күшпен немесе жарлықпен ұстап тұрудың мүмкін еместігін білген Есім хан және оның жақтастары жаңа талаптарға сай жаңа әдет-ғұрып заңдарының жинағын өмірге енгізеді. Ауыз әдебиетінің материалдары арқылы бізге тек сол заңдардың атауы – «Есім ханның ескі жолы» ғана жетеді. Есім ханның билік етуінің алғашқы кезеңінде елдің сыртқы саями жағдайы неғұрлым қолайлы болса, ішкі саяси жағдай соғұрлым қолайсыз болады.  Есім ханға қарсы бірінші болып Түркістан өңіріндегі қарақалпақ тайпалары бас көтереді. 1603 жылдың күз айында олар шайбанилық бір сұлтанды хан көтеріп бөлектене бастайды. Екі жақ арасындағы алғашқы ұрыстар сәтсіз болып, қазақ ханы Түркістан, Ташкент, Сайрам қалаларынан айырылады. Тек 1605 жылы ғана Есім хан қарақалпақ ханы Жалған Әбдіғаппарды өлтіріп қана барып, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтап қалады.

Қарақалпақ бүлігінен кейінгі екінші бүлікке қазақ сұлтаны – Тұрсын Мұхаммед сұлтанның бүлігін жатқызуға болады. Оның бүлігі Есім ханға өте ауыр соққы боп тиеді. Шамамен 1613-1614 жылдары Есім ханнан билікті тартып алған Тұрсын хан 13 жылдай Ташкентте хан болып отырады. Ал Есім хан болса Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетуге мәжбүр болады. Есім ханның өмір жолында Тұрсын хан белгілі бір дәрежеде орын алатындықтан, төменде қысқаша болса да Тұрсынмұхаммед ханға тоқтала кетелік.