Ақыл, ой туралы қазақша мақал-мәтелдер

Адамның жүзі ақылдың айнасы.

Айғайлы жерде ақыл аз.

Айла алтау, ақыл жетеу — айлаға ақыл қосылса, алдырмайтын екеу.

Айлалы түлкі алдырмас.

Айласыз батыр алдырар.

Айтысып сөзге келгенше ақылмен жөнге кел.

«Ақ Еділдің өзі болмасақ та бұлағымыз, Ақылды бастың өзі болмасаң та қүлағымыз».

Ақыл ағадан, ілтипат ініден.

Ақыл адам көрігі,
ақылдың сабыр серігі.

Ақыл азбайды,
Әділдік тозбайды,

Арамдық озбайды.

Ақыл айнымас, алтын шірімес.

Ақыл айтсаң батыл айт.

Ақыл — алтын сандық,
адамына қарай ашылар.

Ақыл — арман, ой — өріс.

Ақыл ауыздан, мерей көзден.

Ақыл — ауыс, ырыс — жұғыс.

Ақыл базарда сатылмайды.

Ақьл байлық — аз байлық,
Темір байлық — тозбас байлық,
Кен байлық — кең байлық.

Ақыл бастайды, аяқ тастайды.

Ақыл бастан, асыл тастан.

Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке (Абай).

Ақыл — гауһар бағасыз,
Ақымақ — ауру дауасыз.

Ақылға ақыл қос, ашуынды тос.

Ақылдан артық байлық жоқ.
Ақылдан асар амал жоқ,
Батылдар алмас қамал жоқ.

Ақылдан ашу көп болса — ақыл кетер,
Ашудан ақыл көп болса — ашу не етер?

Ақылдан жақын дос бар ма?

Ақыл — дария айдын,
Көңіл — дүлділ айбын.

Ақыл — дария, алса да таусылмайды,
Жел — қазына, сауса да таусылмады.

Ақыл — дария, ой — теңіз.

Ақыддасқан азбас, жақыңдасқан тозбас.

Ақылдассаң ақыл табасың.

Ақылдассаң пішерсің,
Ақылдаспасаң кем кесерсің.

Ақыл деген ағып жатқан дария,
Кеме айдаушы кемеңгер бір қария.

Ақыдды адам айтқызбай біледі,
Ақсұңқар қаққызбай іледі.

Ақыл — адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет. Ежелгі ойшылдар еңбектерінде ақылдың екі деңгейі болатыны айтылады. Ол — пайым және парасат.

Пайым — ақылдың табиғи күші, ол әрбір адамға тән. Есі дұрыс әрбір адамның тіршілік дағдыларын қай дәрежеде меңгергендігіне байланысты ойлау жүйесінің ең төменгі буыны.

Парасат — ойдың мүлдем жаңа таным-білімдерді қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық қабілеті.

Ақыл-ой дамуының ең жоғарғы дәрежесі — даналық (өмірлік тәжірибеге сүйенетін терең ақыл). Адамның кейбір интеллектуалдық қызметтерін “жасанды интеллектіге” беру — компьютерлерді кеңінен қолдану да ақыл-ой қабілеттерін ары қарай жетілдіреді.