«Тіл тағдыры –ел тағдыры» атты мақал –мәтелдер сайысы

«Тіл тағдыры –ел тағдыры» атты мақал –мәтелдер сайысы
Мақсаты:
1. Оқушылар “сөз мәйегі-мақал” дегендей ата –бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы адамгершілікке, ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, салмақты ой айтуға үйрету,ана тілінде сөйлеу шеберлігін арттыру, сөздік қорын молайту.
2.Оқушылардың ой — өрісін, дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, жұрт алдында еркін ауыз екі сөйлеуге баулу.
3.Мақалдап, мәтелдеп сөйлеу мәнеріне дағдыландыру,қазақ тілін
құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілік құралдар: нақыл сөздер,шарлар, қосымша материалдар.
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі :
Кіріспе сөз:
-Құрметті оқушылар,бүгін сендермен «Тіл тағдыры –ел тағдыры» деген тақырыпта мақал-мәтел айтудан жарыс өткізгелі отырмыз.
Мақал-мәтелді білмейтін оқушы жоқ деп айтуға болады, өйткені мақал-мәтелді сендер мектепке келген күннен бастап үйренесіндер. Мақал мен мәтелдер ауыз әдебиетінің ең байырғы,ең көне түрі. Ол ғасырлар бойы халықтың ұқыпты сақтап келген еңбек тәжірбиесінің жиыны , ой пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы.
”Сөздің көркі -мақал” деген аталы сөз бар. Мақалдың көмегімен айтайын дегеніңді ұнамды да, ұтымды жеткізуге болады.
Мақал-мәтелді көп біліп,көп қолданатын адамдардың білімі де, ақылы да арта түседі. Олай болса мақал-мәтел сайысымызды бастайық.
Сайысымызды бастамас бұрын бір-бірімізге жақсы тілек айтайық.
Топқа бөлу:
1 бөлім. ”Жалғасын тап” деп аталады.І-топ
1.Сөздің көркі-мақал (Жүздің көркі-сақал)
2.Өз елім… (өлең төсегім)
3.Балапан ұядан не көрсе…(ұшқанда соны іледі)
4.Сөзің тәтті болсын…(ашуың қатты болсын)
5.Жақсы кісі байқап сөйлер…(жаман кісі шайқап сөйлер)
6.Ананың көңілі балада…(баланың көңілі далада)
7.Ұста пышаққа жарымас..(етікші етікке жарымас)

”Жалғасын тап” деп аталады.
”Жалғасын тап” деп аталады.ІІ-топ
1.Батыр туса ел ырысы…(жаңбыр жауса жер ырысы)
2.Балалы үйдің…(ұрлығы жатпас)
3.Оқу- білім бұлағы…(білім-өмір шырағы)
4.Тіл тас жарады…(Тас жармаса ,бас жарады)
5.Ашу-дұшпан, ақыл дос..(Ақылына ақыл қос)
6.Тіліңмен жүгірме,.(Біліммен жүгір)
7.Сөзде қаңқу жаман…(ауруда шаншу жаман).
2 бөлім. : “Кім тапқыр” деп аталады.
Сөздерден мақал-мәтел құрастыру.
1. Тіл,Ой
Жауабы: Тіл жүйрік емес, ой жүйрік.
2.Ақыл ,Кен
Жауабы: Ақыл-тозбайтын тон,
Білім-таусылмайтын кен.
3.Оқу,ине
Жауабы: Оқу инемен құдық қазғандай.
4.Еңбек , береке
Жауабы: Еңбек түбі-береке,
Көптің түбі-мереке.
3 бөлім: Жұмбақ-ойдың қазығы.
1. Белі бүкір,алысқа түкір. (Мылтық)
2. Бір тауды мекен еткен отыз бөрі.( Тіс)
3. Ұсынған қойнынан,
Білімін білерсің,
Шықпаса ойыңнан,
Досым деп жүрерсің. (Кітап)
4. Шақ-шық етіп жүрегі,
Бір мөлшермен жүреді. (Сағат)
5. Қар сияқты аппақ,
Өзі сондай тәтті-ақ. (Қант)
6. Шыр-шыр етеді,құлағыңнан өтеді,
Тоса қойсаң құлағыңа, әбден сөйлеп кетеді. (Телефон)
7. Аяғы жоқ жүреді,
Аузы жоқ сөйлейді. (Хат)
8. Аяғы жоқ жүрмейді.
Үй бағады,үрмейді. (Құлып)
9. Сорсаң,дәмді әрі тұзды,
Жаңғақтай-ақ домалақ. (Құрт)
10. Ақ сандығым ашылды,
Ішінен моншақ шашылды. (Жұлдыз)
4 бөлім.Ана тілім- айбыным , ана тілім-жыр әнім.
Келесі бөлімде ақын-жазушылырдың ана тіліне арнаған өлеңдері мәнерлеп оқылады.
Мұқағали Мақатаев
Үш бақытым.
Ең бірінші бақытым -Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің. Рашида

Ал екінші бақытым-Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім. Виктор

Бақытым бар үшінші –Отан деген,
Құдай деген кім десе,Отан дер ем!
…Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.. Сергей
Әдібай Табылдиев
Ана тілі
Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей анамның.
Өсірген ой,білімді
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді. Влада
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Асыл сөз.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы , ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап,тоқы көңілге.
Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек?
Не айтқанын сезбесең,
Жарапазан не беред? Анель
Туған тіл.
Сүйемін туған тілді-анам тілім,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.Шыр етіп жерге түскен минөтімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнің.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен,”құлыным”,”жаным”деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
“Ана” деген сүйгендік сөз әм менен.
Ана тілі.
Ана тілі бар білімнің қайнары,
Аталардың өсиеті пайдалы,
Алақаны мейірімді анаңның,
Ұстазыңның жарқын жүзі жайдары.
Ана тілім — тастамайтын әліппем,
Болғаным жоқ әріптерді танып мен.
Өз т ілімді жақсы көру арқылы
Достасамын басқа барлық халықпен. Уасила
5 бөлім:”Ойлы болсаң,тауып көр”
Ойын.Сұрақ-жауап.
1.Білмеген не ішеді? ( у ішеді)
2.Жас келсе неге? (іске)
3.Өтірікші кімді алдайды?(өзін-өзі алдайды)
4.Білгенің қанша, білмегенің қанша?(білгенің 9,білмегенің 99)
5.Адамда арқау бола ма?(Ас адамның аркауы)
6.Түкіріктен көл бола ма?(Көп түкірсе көл болар)
7.Тастың жеңілі бола ма?(Керек тастың ауырлығы жоқ)
8.Көпке не шашпа?(топырақ)
9.Дос басқа қарайды, ал дұшпан ше?(дұшпан аяққа қарайды)
10.Тауық түс көре ме?(тауықтың түсіне тары кіреді)
11.Сиырдың сүті қай жерде?(сиырдың сүті тілінде)
12.Бейнет түбі не?(зейнет)
13.Сөз анасы не? (құлақ), су анасы не?(бұлақ),жол анасы не?(тұяқ).
14.Не қылыштан өткір?(тіл қылыштан өткір)
15.Тұз астың дәмін келтірер, ал сөздің дәмін не келтірер?(мақал сөздің дәмін келтірер)
6 бөлім:Тіл өнері: ”Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте”
Бұл кезеңде Сөз-жұмбақ жасырылады. Жауабы 3 тілде айтылуы керек.
1.Үндемес серік ,ақылы берік (кітап-книга-book)
2.Бесікте тентек бала шырылдайды,Көтерсең құлағына сыбырлайды.(телефон,telephone )
3.Толып келіп, бос кетеді(қасық,ложка,spoon)
4.Жемге ауыз салса-ұтылғаны, айналып өтсе-құтылғаны (балык,рыбы,fish)
5.Екі бала үстінде ,орын бермес ешкімге, бара жатыр ерні жырық қояндай.(түйе-верблюд-camel)
6.Тұмсығымен қозғалар,соңында аппақ із қалар.(бор-мел-chalk).
7 бөлім:Кім көп сөз біледі?
«Ақтөбеліктер», «Астаналықтар»,сөзінен сөздер құрастыру:
Қорытынды.
Қазақ тілім-өз тілім,ана тілім,
Абай,Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-кызың мәңгі сені,
Болашағым,бақытым дара тілім.
Тіл-сарқылмас қазына,ата-бабамыздың көзі,мұрасы,ал мақал-сөздің азығы,тәрбие көзі.