«С» дыбысы және әрпі сабақ жоспары

Атырау болысы, Индер ауданы, Көктоғай селосы
Б.Нысанбаев атындағы орта мектебінің
мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі
Тлекова Бисулу Ележановна
Сабақтың тақырыбы: «С» дыбысы және әрпі

Сабақтың мақсаты: оқушыларды «С» дыбысы және оның әріп таңбасымен
таныстыру. «С» дыбысы бар сөздер айтып, талдау;

Білімділік: сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және сауатты жазуға үйрету;

Дамытушылық: «С» дыбысы мен әрпін оқыту арқылы балалардың ойлау,
есте сақтау қабілетін, сөздік қорын дамыту;
Тәрбиелік: балаларды ұқыптылыққа және ойын толық жеткізіп айтуға
үйрету.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, кеспе әріптер, «С» әрпінің баспа түрі,
саңырауқұлақтар.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі:
Балаларды шаттық шеңберіне тұрғызып, бір – біріне жылулық лебізін білдіру.
-Балалар, өткен сабағымызда қандай дыбыспен танысып едік?
Кім «Б» дыбысынан басталатын көп сөз айтады?

ІІ.Жаңа сабақ:
-Балалар, тақтадағы суретке қарап айтайықшы, қандай суреттерді көріп тұрсыңдар?
— Сүт, сағат, сандық, сабын.
— Яғни, сөздердің басында қандай дыбыстар естіледі?
-Дұрыс айтасыңдар, бүгін біз «С» дыбысымен танысамыз. Балалар, дыбыстар нешеге бөлінеді?
-Дауысты, дауыссыз болып екіге бөлінеді. Дауысты дыбыстарды қызыл текшемен, ал дауыссыз дыбыстарды көк текшемен белгілейміз.
Ал бәріміз «С» дыбысын айтып көрейікші. «С» дыбысы қалай айтылады? Тілдің ұшы астыңғы тіске тіреледі, кедергілер арқылы шуылдап шығады.
«С» дыбысы дауыссыз дыбыс, қане бәріміз ауада жазып көрейікші.

-Балалар мен сендерге жұмбақ жасырайын:

Жаздай інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні.
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні. (Сәбіз)

Сәбіз сөзін буынға бөлгізу арқылы «С» дыбысы қай буында тұрғандығын тапқызу.

ІІІ. Сергіту сәті.

Сағаттың тіліндей,
Иіліп оңға бір.
Сағаттың тіліндей,
Иіліп солға бір.
Оң аяқ, сол аяқ,
Жаттығу оңай-ақ!
Кірпінің тапсырмасы: «Себетке саңырауқұлақ жинау» ойыны.
Балалар біртіндеп тақтаға шығады. Тапсырмалар жасырылған, сол тапсырмаларды дұрыс орындап, себетке саңырауқұлақ жинайды. Текшелерге кеспе әріптермен тас, ас, са-на сөздеріне буын құрастыру.

ІҮ. Дәптермен жұмыс.

-Балалар, әліппе дәптеріміздегі суретке қарайықшы. Суреттегі
«С» дыбысынан басталған сөздерді атап, оған сөйлем ойлап табайық.
Мысалы: сандық сыртындағы ою өте әдемі, т.б.

«С» дыбысын жаздыру.

Ү.Сабақты бекіту.

Сақинаны салғызды,
Сарымсақты сәбізді.
Бастап тұрған қай әріп?
Сапсыз орақ тәрізді. (С)

-Балалар, бүгін біз сендермен қандай дыбыспен таныстық?

ҮІ. Сабаққа жақсы қатысқан балаларды мадақтау.