«Әр сабағы ақ жаңбыр боп жауатын…» (эссе)

«Әр сабағы ақ жаңбыр боп жауатын…»

(эссе)

Дәл солай, пенделік өмірде анаған қол жеткіземіз, мынаның шырқау шегіне жетеміз деп шапқылап жүріп, көз алдымызда жайқалып өсіп тұрған жасыл әлемнің сары түспен алмасып үлгергенін байқаймай да қаласың. Өзіме бала жастан ыстық санаған, өнегелі ұстаз тұтқан осы бір аяулы жаннан айырылып қалған кезде  бір-ақ байқадым, е-ее…тіршілік десейші…

Бойына табиғат дарытқан ұстаздық ұлағатты істі абырой, басты борышым деп есептеп, еңбек еткен кезінде бірнеше шәкіртті білім нәрімен сусындатып, ұжым арасында ойлы пікір айтып отыратын, адал, жанашыр жан- Ұлмекен Кенжеахметова жайында бір үзік сыр.

Көктем табиғатымен жымдасқан жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана.Осы аналық мейірімін қоса ала жүріп, бірнеше жылдар еңбек етті.

Адам баласының өзінің ұзақ тарихында жасаған рухани, мәдени қазынасы, қымбатқа түскен тәжірибесі, соның ішінде көрегенділік деп аталатын адамгершілік, тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан- ұрпаққа осы ұстаздық- шәкірттік үрдісі арқылы беріліп, жалғасын табады.

Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын… алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер- білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және ар- намысын ардақтайтын, жақынына да, жатына да әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек, қашан да барынша ынталы, табандылық болуы керек,- деп Әл- Фараби айтқандай, міне, осы қасиет атаулының барлығы осы кісінің бойынан табыла білді.

Жүзі жылы, бар балаға мейіріммен қарайтын, әр сабағында ақ жаңбыр болып жауатын, арнасына сыймай жыр болып шашылатын ұстаз барша тіршілік әлеміне ғашық етті. Ұстаздың әсерлі қоңыр үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен сыныпта жаңа сабақты түсінбей қалатын оқушы болмаушы еді.

Иә, адамның жан дүниесін түсініп, тіршіліктану әлемінің өмірге қажетті білім екенін барша балаға байыппен түсіндіру- бұл нағыз шеберлік емес пе!Сонымен қатар апай мектептегі жас мамандардың да шебер тәлімгері бола білді. Оларға сабақ берудің түрлі әдіс- тәсілдерін үйретумен қатар, ұстаздықтың да қыр- сырын терең меңгерте білді. Жас мамандар ғана емес, ұстазды таныған ағайын-  туыс, көрші- көлем, барша жанның апайдан үйренері әлі де көп еді, әттең…

Күздің бұлыңғыр соңғы күндерінде тіршілік үшін аяусыз өз жанымен күрескен әзиз жан күз соңынан келер қыстың аппақ қарын да, қыс соңынан келер шуақты көктемнің нұрлы жаңбырын да көре алмады.

Бірақ  өмір өз арнасымен жалғасып кете береді. Тағы да қоңыр күз келіп, білім күнінде өзіміз құрмет тұтып, қадірлеген сол аяулы жанды еске алумен ғана шектелеміз , е-ее…тіршілік десейші…

Атырау облысы Индер ауданы Көктоғай селосы

Боран Нысанбаев атындағы орта мектеп

Кенжеахметова Алия Есенгелдіқызы