Тіл біліміндегі қостілділік мəселесі

 

 

Тіл біліміндегі қостілділік мəселесі

   Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына қосылу болса, оған қол жеткізудің негізгі жолы əлемдік білім қеңістігінен орын алу болып табылады. Олай болса тіл біліміндегі қостілділік мəселесі ең өзекті тақырып болып отырғаны сөзсіз.

Сонымен тіл ағыл.language, фр. langue,  нем. sprache жасанды тілдерге қарама — қарсы адамның табиғи тілі ( беларус, қазақ, француз т.б.) адамдарға жене универсалды абстрактілі жүйе, табиғи тілдердің негізгі белгілерін қамтиды. Тіл күрделілігі мен көп қырлылығы оны жан — жақты қарастыруға мүмкіндік береді:

  1. Тіл — ерекше таңбалық жүйе
  2. Тіл — универсалды қарым -қатынас жасау құралы. Адамзат қызметінің барлық салаларында қолданылады.
  3. Тіл — қоғамға арналған жүйе. Индевид үшін өмір ғана емес, қоғам үшін өмір сүреді.
  4. Тіл — көп функциялы жүйе. Əр түрлі функциялар (информациясын сақтау, жеткізу және өңдеу) компонентін жүзеге асырады.
  5. Тіл — болмысты бейнелеудегі негізгі формасы.

Ал қостілділік бұл — біріншіден екі тілдің қолданылуымен және белгілі қоғам мен коллективте пайда болатын процесс. Бұл процесс екі тілде бірдей жүреді. Қостілділік (билингвизм) бұрын қажеттілікпен пайда болды ма, бүгінгі күннің ғана қажеттілігі ме, əлде қажеттілік емес пе? Мəселенің басын ашу үшін, алдымен, қостілділік дегеннің өзі не екенін айту керек, себебі ғылымда бүкіл жұртшылықтың қабылдаған, көпшілікке ортақ анықтама жоқ. Көбінесе, философ, тілші ғалымдар қостілділікті «екі тілді білу» деп түсіндіреді. Кейбіреулер күнделікті өмірімізде, əсіресе, қала жағдайындағы екі тілді қойыртпақтап, сыпырылыстыра, араластыра сөйлеуді «қостілділік»  деп ұғады. Бір қарағанда, белгілі бір тілде сөйлеу үшін оны білу керек, білмеген адам қалай сөйлейді? Демек «қостілділік — екі тілді білу» деген сөз. Қостілділік екі тілді білмеген жерден шығатыны дәлірек айтсақ айтсақ, үйрену үстінде болатыны рас, бірақ кез келген этникалық территорияда бірлі — жарым адамның тіл білгені қостілділік құрай бермейді. Мысалы: Алматыда суахили тілін білетін,  Мəскеуде — жапон, Индонезияда малай тілінде еркін сөйлеп, аударма жасайтын қазақтар көп. Бірақ қазақ — жапон, қазақ — Индонезия қостілділігі деген топ адам арасында құбылыс жоқ деп ойлаймын. Ал екі тілдің элементтерін орынсыз араластырып сөйлеу мен қостілділік ауылы екі басқа. Біріншісі — сөйлеу мәдениеті жетілмеген, əдеби тіл нормасын білмейтін адамның ісі, олардың қазақ » тіл бұрмалаушы» деп дұрыс айтады. Екіншісі — екі тіл мәдениетін қадір — қалінше қатар меңгерген, меңгере алмаған күнде жеке өз алдына қолдана алатындардың ісі. Қостілділік деген,  біріншіден, ол белгілі бір адамның ( коллектив, қоғамның) ішкі қарым — қатынасында екі тілді қолдану процесі. Екіншіден, қостілділік деген екі тілдің ұзақ уақыт бойғы өзара байланысының нәтижесі. Сайып келгенде, ұлттан ( халықтан ) тұратын қоғам ішінде бір ұлт өкілі не өкілдерінің екі тілді қарым- қатынас құралы ретінде қатар немесе алма-кезек қолдануын екі тілді еркін меңгерген адамды — қостілді немесе билингв дейді.

Сондай ақ дуние жүзінде көптілділік те кездеседі. Оның екі түрі болады. Бірі  ұлттық ( яғни бірнеше тілдерді белгілі бір қоғамдық ортада қолдану) және жеке ( яғни жеке тұлғалардың бірнеше тілдерде кейбір қарым — қатынастық жағдайларда сөйлеу).

Билингвизмнің негізінде барлық сөйлеу механизмдері жатыр деп есептеледі. Сол механизмдердің көмегімен адам өз ана тілінде сөйлей алады және тек билингвизм ғана адамға екі тілдік жүйені қолдануға мүмкіндік береді. Бтлингвизм барлық критерийлерге байланысты екі типке бөлінеді.

Жас ерекшелігіне байланысты, яғни сол тұлғаның екінші тілді меңгерген уақытына байланысты болады. Оны ерте билингвизм дейді. Мәселен адам балалық шағында екінші тілді меңгерген жағдайда кездеседі. Екінші кеш билингвизм. Бұл белгілі бір адамның екінші тілді, өзінің ана тілін меңгергеннен кейін барып игеруі.

Билингвизм жүзеге асатын іс — əрекеттерге байланысты тағы бірнеше топтарға бөлінеді. Егер адам шет тіліндегі сөздердің мағынасын түсінумен ғана қанағаттанатын түсінумен ғана қанағаттанатын немесе шектелетін болса, онда ол қабылдау билингвизмі болады.     Билингвизмнің бұл түрі көбінесе шет тіліндегі əндерді тыңдаған кезде жиі кездеседі. Ал егер билингв шет тіл індегі мəтінді тек түсініп қана қоймай, сонымен қатар сол оқыған, естігенін қайталап айта алатын болса, ол қайталау билингвизмі болады. Ал өңдеу билингвизмі — адам мəтінді түсініп, қайталап және оны өзі өңдейтін жағдайда ғана болады. Өңдеу билингвизмі шет тілін оқығанда және оқытқанда басты мақсат болып алынады. Мен өз басым осы жоғарыда атап өткен билингвизмнің барлық түрінен өттім. Қазір осы өңдеу билингвизмі деңгейіне жатамын.

Негізі екінші тілді үйренуде «сыншыл кезең» және «сензитивтік кезең» болады. Жас сəбидің өмірінде «сыншыл кезеңнің болатындығы көп жылдардан бері айтылып келеді. Ол 1967 ж. Э.Леннибергтің еңбегінен бастау алса керек. Онда тілді игеру биологиялық детирминирленген феномен түрінде көрсетілген. Ол баланың нейрофизиологиялық өсуімен, латерализациясымен байланысты. Латерализация — бұл адам миы жарты шарының функциясы Э. Леннибергтің гипотезі бойынша, екі және он үш жас аралығындағы кезең яғни «сыншыл кезең» болып табылады. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: екінші тілді немесе шет тілін үйренуді осы кезеңнен бастағанда сапасында үлкен айырмашылық болады. Сондықтанда кішкентай балаларға шет тілін оқытуды мектепке дейін не бастауыш сыныптарда бастаған жөн.

Жоғарыда аталған және соларға ұқсас барлық фактілерді ескере отырып ғалымдар сыншыл кезең жайлы емес, сензитивтік кезең туралы айтуды жөн көріп отыр.

Сензитивтік кезең — екінші тілді өте тез қабылдайтын кезең. Ол уақытқа байланысты өзгереді. Балалық шақта адам айту нормаларын өте жақсы қабылдайды, ал орта кезеңде синтаксис және морфологияға көңіл бөлінеді. Ал ересектер болса семантикалық тұстарына көңіл бөліп, өздерінің сөздік қорларын толықтырады. Сол сияқты есейген кезде балалардың дыбыс қабылдау қабілеттері арта түссе, ересектерде екінші тілді яғни шет тілін меңгерулері жақсарады.

Жоғарыдағы сөздерге назар аударып болсақ, қостілділіктің иесі, субъектісі — адам, сондықтан əрбір қоғам мүшесі қостілділікті мойындауы тиіс. Алайда бүгінгі күні қоғамда қостілділік жөнінде үстірт қана мәліметі бар немесе қате пікірде жүрген адамдар аз емес сияқты. Олай болса, қостілділіктің мәнін əлеуметтік маңызын, оның өмірде қолданылатын салаларын анықтайтын, əр халықтың қостілді игеру жайын, онда тұрған міндеттерді тағы да сол сияқты баяндайтын көпшілік кітаптар жариялануы қажет. Бұл іс қостілділікті жоспарлы түрде зерттейтін Қазақ Ғылым Академиясы тіл білімі институты құрамынан арнайы социолингвистика бөлімін ашпай, жүзеге асуы мүмкін емес. Социолингвистика (əлеуметтік лингвистика) — тіл мен қоғамдық өмір деректеріндегі себептік байланыстарды зерттейтін тіл білімінің саласы. Социолингвистиканың негізгі қарастыратын мәселелері: тілдің қоғамдық табиғаты, əлеуметтік мəні, тілдің əлеуметтік функциялары, тілдің байланыстық нормасы.

Қостілділік еліміздің негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Мен қостілділіктің болғанына қарсы емеспін. Себебі əр адам өз тілін білуі тиіс. Содан кейін Өзге тілдерді біліп, сол елдердің тарихы мен мәдениетімен танысып,  танып білуі тиіс. Бұл мəдениеттіліктің жоғары белгісі деп білемін.

Демек, қостілділік те адамның қоғамдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақса­тында туындайтын табиғи құбылыс екен. Бұл – қостілділіктің, көптілділіктің пайдалы жағы.Мәжбүрлі түрдегі қостілділік ұлтаралық алауыздықтарды қоздырып, оның қайнар көзіне айналады; қоғамдағы антогонистік қайшылықтарды күшейтіп, бір ұлттың екінші бір ұлтқа басымдығын жүзеге асырып отырады. Мұның соңы сөйлеушілердің бір бөлігінің немесе толықтай  ана тілін тастап,  екінші тілге ауысуына, мұның аяғы өз тілінің жойылуына, ұлтының ассимиляцияға ұшырауына алып келеді. Демек, қостілділік ана тілінен екінші бір тілге, яғни, өз ұлтынан басқа бір ұлттың рухани әлеміне өткеріп жіберетін көпір рөлін атқарады. Сонымен, қостілділік, басқа тілді үйрену ана тіліне негізделмеген жағдайда пайдасынан гөрі зияны аса қауіпті екен. Сондықтан да, әрбір бала оның бойында ана тілі негізінде ұлттық ойлау жүйесі қалыптасқанша, алдымен, отбасында, сосын мектептің бастауыш сыныптарында міндетті түрде ана тілінде тәрбиеленіп, содан кейін барып шет тілдерін үйрену пайдалы болмақ. Көбіне империялардың кезінде көрініс табатын қостілділік аз санды ұлттардың тілінің жойылып кетуіне апарып соқтырады. Жаһанданудың барынша қанат жая түсуімен бірге тіл империализмі де күшейіп, қостілділік пен көптілділік басқаша сипат алып келеді.  Сондықтан да, қостілділікке, «үш тұғырлы тілге» барынша назар аудара түскен жөн. Шынтуайтына келгенде, қостілділік қазақтарды орыстандырудың бір жолына айналып отыр. Оған мына бір мысалдар көз жеткізеді: 1989 жылы  елімізде ана тілімен қатар орыс тілін де жетік меңгерген қазақтар 62,8 пайызды, ана тілімен бірге қазақ тілін де меңгерген орыстар 0,9 пайызды құраса, бұл көрсеткіш осы ретпен 1992 жылы 63 те 1-де тұрды. Қазақ тілінде сөйлейтін орыстар 1994 жылы 8,5 пайызды көрсетсе, арада екі жыл өткен соң, азайып, 7,7 пайызға түсіп кеттті (Хасанов Б. Х. Социальнолингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. Автореферат диссертации на соискание степени доктора филологических наук. Алматы, 1992, 11-бет).  Осындай жағдай күні бүгінге дейін жалғаса түсуде. Сонда, қостілділік дегеніміз де өңін өзгерткен, шапанын айналдырып киген орыстандырудың заманға лайықты «модный» бір түрі болып шығады. Қазақ тілінің қазақ қоғамында өзіне лайықты орнын алуына осы секілді сырты жылтырақ, іші былдырақ саясаттардың айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтпасқа болмайды.Қостілділік қазақ ұлтын іштей ірітіп, аз болса да қолында қазақтың билігін ұстаған, өздерін ұлт «элитасы» санайтын шала қазақ­тарды іріктеп шығарды. Қазір ұлтының болашағы үшін күресте өздерін прогресшіл санап, үлкен мінберлерде  қазақ атынан сөйлеп жүрген шала қазақтардың ұлтының келешегіне келтіріп жатқан зияндықтары оларды іште жүрген ұлт жауларына қосып отыр. Қостілділік ақыр соңында өз тілін білмейтін, ұлтын менсінбейтін, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді,  «мәңгүрттерді» шығарды. Сөйтіп, қазақ ұлтын іштей қақ жарды. «Қазақтар бүгін біртұтас ұлт емес. Бай-жарлы болып, орыс-қазақ тілді болып, жарылып отырмыз» (А. Айталы. Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық бар. «Айқын», 24.07.2014). Елімізде қос тілділіктің сақталып қала беруіне, әсіресе, шала қазақтар мүдделілік танытуда. Олардың ойынша, жуық арадағы Қазақстанның болашағы қос тілділікке тікелей байланысты. Әсіресе, биліктегілердің және қазақ элитасының қос тілді болуы  – өмір талабы. «Қостілділік – бізге Алла сыйлаған үлкен сый. Сондықтан да, біз мұны барынша тиімді пайдалана білуіміз керек. Қазақ тілін дамыту орыс тілінің есебінен жүрмеуі керек, керісінше қостілділікті сақтау бағытында жүруі керек деп біледі» (Ж. Жакупов. Шала қазақ. Алматы, 2009, 59-60 беттер). Қазіргі қазақ баспасөзі бетінде қостілділіктің ұлтымызға әкеліп жатқан зияндықтары жайлы біршама жазылуда. Солардың бірінде Зия Көкалыптың  «Мемлекет ішінде ортақ рухтастықты, ортақ мүдделестікті, ортақ тілеулестікті қалыптастыратын  – ең алдымен, ортақ тіл! Тіл бірлігі бірте-бірте дін бірлігі мен дін бірлігін де қалыптастырады. Сондықтан да, тілдің бірлігі діннің бірлігі мен ділдің бірлігінен де жоғары тұруы керек!» – деген сөзін  келтіре отырып, қазіргі қазақ қауымының бетпердесін төмендегіше ашып тастапты: «…қазір қазақ ұлты бірін-бірі іздемейтін, бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі ұқпайтын, бірін-бірі жатырқайтын, бірін-бірі бөгде санайтын, бірінің айтқаны екіншісіне ерсі көрініп тұратын, не болмаса екіншісінің айтқаны біріншісіне оғаш боп көрінетін, бір-бірімен ортақ тіл табыса алмайтын бөлек-бөлек екі ұлтқа айналды. Бұл ұлттың бірі қазақ тілді қазақтар болса, екіншісі орыс тілді қазақтар. Қазақ тілді қазақтарды «байырғы қазақ ұлтының бүгінгі көзі, бүгінге жеткен жұрнағы, қара шаңырақ иесі» деп, қабылдасаңыз, ал, орыс тілді қазақтар туралы бұлай деп айта алмайсыз. Бұларда қазаққа тән, қазақтыққа тән ешқандай белгі-бедер жоқ, ұлттық тіл жоқ, ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ. Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесіркерінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа қауымдастық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды» дегеніміз де осы» (Ә. Меңдеке. Ұлтбезерлік немесе ұлтбезерлікті мемлекеттік саясаттың құралына айналдыруға бола ма? «Ақиқат», 2013, №11, 58-59 беттер) – тұрғыдағы ойын білдіріпті.  «Бұл (үштілділік) – қазақ ұлтының қамын ойлағандықтан ойлап табылған ақыл емес, бұл – қазақты ұлттығынан айыру, ұлт емес, дүбіра бір нәрсеге – әйтеуір қарны тоқ, киімі бүтін болғанына мәз бір тіршілік иесіне айналдыру үшін әлдекімдер, не өздері, не шетел мәдениеттанушылары деп аталатын қаскөйлердің тапсырмасымен ойлап табылған қаскөйлік. Өйткені, көзін ашқаннан ағылшынша, орысша араластырып сөйлейтін байғұс сәби ертең өз ұлтының азаматы болайын десе де бола алмайды. Ал, ең әуелі өз ұлтының азаматы бола алмаған адамның ешқашан кейбір орыстілділер айтатын «планетарный», «общечеловеческий масштабтағы» адам болуы мүмкін емес» (М. Кенжебай. Ұлтшылдықты орыстан үйрен. Сөйтіп құлмінезден арыл, қазағым! «Қазақстан Заман», 21.08.2014). Сонымен, қостілділік дегеніміз – ұлт әлсіреген кездегі ұлттық тілдің жойыла бастауын байқататын жол; адамдардың суға кетіп бара жатқан ұлт тілінен оны осындай жағдайға душар еткен екінші бір тілге  ауысардағы аралық сатысы. Қостілділіктің адамдардың күнделікті тіршілігінде пайдалы жағы көп болғанымен де түптің түбінде ұлттың тамырына балта шабар аса қауіпті құбылыс екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.   Қостілділік екі тілдің теңдігі жайында жүрсе ғана екі тілдің де қатар дамып, байи түсуіне игі әсерін тигізе алады.

Сайып келгенде, Қадірше айтар болсам, өзге тілдің бірін біл, өз тіліңді құрметте дегім келеді.

 

 

Қолданылған əдебиеттер

  1. Хасанов Б.Х. Казахско-русское двухцветный 1987
  2. Қордабаев Т. Жалпы тіл білімі. Алматы, Мектеп, 1975
  3. Муса таета М.Ш. Двуязычная лексикография, тенденция и перспективы, Алматы 2000
  4. Ауғанбаева Р. Тіл — халықтың қатынас құралы Алматы 1975
  5. Диарова М.А. Взаимная адаптация топонимі в условиях двуязычия. Алматы 1999
  6. Проблемы двуязычия в много национальном социалистическом государстве. Арутюнм С.М. Ставрополь 1977 с 82
  7. Хасанов Б. Х. Социальнолингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. Автореферат диссертации на соискание степени доктора филологических наук. Алматы, 1992, 11-бет
  8. А. Айталы. Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық бар. «Айқын», 24.07.2014
  9. Ж. Жакупов. Шала қазақ. Алматы, 2009, 59-60 беттер
  10. Ә. Меңдеке. Ұлтбезерлік немесе ұлтбезерлікті мемлекеттік саясаттың құралына айналдыруға бола ма? «Ақиқат», 2013, №11, 58-59 беттер
  11. М. Кенжебай. Ұлтшылдықты орыстан үйрен. Сөйтіп құлмінезден арыл, қазағым! «Қазақстан Заман», 21.08.2014