Бала – отбасының айнасы. / ата-аналарға арналған дөңгелек үстел/

Тақырыбы: Бала – отбасының айнасы.

/ ата-аналарға арналған дөңгелек үстел/

 

Мақсаты: отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып, қарым-қатынас орнату.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, кеспе қағаздар, түрлі түсті қағаздар, стикерлер, ватман, тәрбие туралы мақал-мәтелдер

 

Кіріспе:  Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Біздің мақсатымыз – балаларымызбен қарым-қатынастарды жақсартып бала тәрбиесіне көңіл бөлу. Ата-ананың тілегі-баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң,

Қадірден жұрдай қасқа боп,

Кешкенің өмір босқа тек,- дегендей, баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Баланың ең бірінші ұстазы — ата-анасы.

І. «Аялы» жаттығуы

Мақсаты: жылылық, сенімділік деңгейін, еркіндікті дамыту, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру.

Нұсқаулық: Қатысушылар шеңбер болып тұрады, жаттығу сағат тілімен жүргізіледі. Сол жағындағы көршісінің иығына алақанын қойып, «сізді…. теңеймін немесе ұқсатамын.» (мысалы: жарқырап тұрған күнге) дейді. Жаттығу шеңбер бойымен жалғасады.

ІІ. «Ой қозғау» ата-аналарға сұрақ.

1.Балаңыздың білім алуына көп көңіл бөлесіз бе?

2.Білім алуына жағдай жасадым деп ойлайсыз ба?

3.Мектептен оралғанда көңіл күйіне мән  бересіз бе?

4.Балаңыздың достарын білесіз бе?

5.Баламен қарым-қатынас қандай болуы керек?

6.Балаңыздың сүйікті пәні қандай?

7.Балаңыздың бос уақытында айналысатын ісі?

ІІІ. Адамның асыл қасиеттері: ата-аналар постер қорғайды.

Жеке тұлғаның бойындағы қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыздар?

 

  • Жеке тұлға

 

  1. IV. «Жануарлар әлемі» ойыны.

Мақсаты: көңіл-күй көтеру, ойын арқылы ата-аналарды топқа бөлу.

Нұсқау: Қатысушыларға үй жануарларының аттары жазылған үлестірме қағаз  таратып беріледі. Жануарлар жазылған қағазды әркім  ешкімге көрсетпей өзі оқиды, содан соң жүргізуші қағазды жинап алады.  Атаулар екі рет қайталанады. Мысалы: егер сіздің қолыңызға үй жануары  қоян деп жазылған қағаз тисе, сіз тағы біреудің қолында сондай атау бар екенін біліңіз. Осылайша үй жануарлары, құстар, дала жануарлары болып бөлінуіміз керек. Әрқайсысымыздың  міндеттеріңіз өз сыңарларыңызды табу. Бірақ сөйлеспейсіздер, өзіңіздің жануарыңызға тән дыбыстар шығармайсыз, тек сол жануардың өзіне тән түрлі қимылдары арқылы білдіре аласыз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әрекетті үнсіз жасайсыздар.

Сіз өзіңіздің жұбыңызды тапсаңыз, бірге тұрыңыздар, бірақ үндемейсіздер, сөйлемейсіздер. Тек барлығы өз сыңарын тапқаннан кейін, жүргізуші  «Сіз кімсіз?» деп сұрап шығады. Ойын қалай болды, жұбыңызды табу қиын болды ма? т.б. сұрақтар қою арқылы ойынды  қорытындылау.

  1. Жағдаяттар.

1-сұрақ. «Балаңыз мектептен шағым айтып келді. Мұғалім ұрысқанын енді сабаққа барғысы келмейтінін айтты. Сіз қандай әрекет етесіз?»

2-сұрақ. «Балаңыз қымбат ұялы телефон алып бер деп сұрады. Сіз «шамалы шыдай тұр, уақытында алып беремін»- дедіңіз. Балаңыз тыңдамай есікті тарс етіп кетіп қалды. Сіздің әрекетіңіз?

3-сұрақ. «Марат сабаққа дайындықсыз келді.Мұғалім сабақ түсіндіріп жатты. Марат сабақты да тыңдамады. Онымен қоса жанындағы оқушыларға да тыныштық бермеді. Мұғалім ескертулер берсе де қорытынды шығармады. Мұғалім оқушының сыныптан шығып кетуін талап етті. Марат үйге келіп шағым айтты. Ата-анасы әй-шәйға қарамай, директорға кіріп айқай шығарды. Ата-ананың бұл әрекеті дұрыс па? Сіз қандай әрекет етер едіңіз?

  1. «Ілтипат» жаттығуы.

Мақсаты: Бір-біріне жақындастыру, жылы шырай таныту.

Шарты: барлығы шеңбер құрып отырып, бүгінгі кездесуден алған әсерлері туралы айтып,бір-бірлеріне жылу, қуаныш, табыс, бақыт, сүйіспеншілік, сыйластық тілейді.

VIІ. Қорытынды

Тәрбие отбасынан бастау алады. Әрбір ата-ана өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігін дұрыс ұйымдастырып, балаға әркімнің өзінің жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсете білуінде. Сондықтан да балаларыңызбен үнемі жақсы қарым-қатынаста болайық.