Ұлттық намыс — адамзаттың мақтанышы

 

 

 

Ұлттық намыс — адамзаттың мақтанышы

 

Қазақ елі  өз қоғамындағы жас ұрпақ өкілдерінің жан- жақы жетілген, ақыл, парасаты кемелденген, ойлау өрісі ғаламдық талаптарға сай мәдениетті, білімді, еңбекқор ұлттық рухы биік азамат ретінде қалыптасуын басты қағида тұтады.

Ұлттық  рух қандай  ұлықты  ұғым? ол отбасынан басталып  ата, ру, ұлыс сатыларынан өтіп биік деңгейге  жеткенін көрсететін ұғым. Оның бір ерекшелігі — ұлттық  намыс. Ол — адамның өзінің  ұлт перзентімін деп ұлттың  МЕН  дегізерлік  ұлттық  мүддеге табынуы. Ол — адамның ұлт үшін қабырғасы қайысып, ағынан жарылуы.  Ол — адамның өз ұлтының жеңісіне сүйеніп, сүрінгеніне күйініп, қуануы мен қамығуы. Ол — ұлт басына  күн  туғанда намысын қорғауға  дайындығы. Замана  талқысына көнбейтін, талап пен талантын  жегіп, терін төгіп құлашын кең сермейтін  батыл да батыр өр адамды айтады. Қате басқан жері болса, қайталап түзеп, өз мінін өзі мінеп,сүрінсе  мұқалмай,бір  тізерлей  тік  тұрып, қайта түлеп, озық кеткен қатарына  жетіп, одан әрі өтетін  ерді  айтамыз.Ады тар, арты жар күрес жолында өзі құласада,тіккен туды құлатпай, артын шулатпаған ,тірісінде есімі аңызға айналған біртуар  азамат. Ұлттық намыс қара бастың қамы емес, бір рудың зары емес, ұлтымыздың  ұлықтығы үшін, теңдігі мен елдігі үшін  өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы екендігін түсінуі. Ұлттық намыс тек отанды сүйгендердің бойында ғана табылады. «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы», «Ұят-ар сақтайды,арлыны ел мақтайды», «Абырой-ар еңбегі», «Намысы бар жігіттің,нар күшіндей күші бар,Намысы жоқ жігіттің намыспенен несі бар» халық нақылы осының дәлелі. Ұрпақ тәрбиесінің өзіндік ерекшелігіне мән беріп, көз тоқтатып қараған халықтардың қатарында қазақ  халқы  өзіндік ой ұшқырлығы,  болмыс даралығымен  ерекше  көзге түседі. Ежелден ерлік пен батырлықты, еркіндікті, даналықты, ақындықты өздеріне серік  еткен дана бабаларымыз — туған елге,  жерге деген шын патриоттық  сезімді, оны құрметтеуді  алдыңғы орынға қойған. Олай болса, отанды сүю, отаныңа адал болу, ерте  заманнан  қалыптасып  келе  жатқан  қасиетті ұлы сезім.

«Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін жан-жақты дамытуға тиіспіз» деген елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  халыққа жолдауында.

Қазақстан Республикасы- көп  ұлтты іргелі ел. Ұлттық  дәстүрге  берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, оқушылардың бойына  отансүйгіштік  қасиетті  қалыптастыру  өскелең  өмір талабынан  туындап  отыр. Әрине, бұл  туындаудың негізгі өзегі  қоғамдағы түрлі келеңсіздікке әкеліп  тірелетіні сөзсіз. Халықтың  әдет-ғұрпын,  дәстүрін аяқ асты еткен жастарымыз  шұбар  тілді. 70 жылдан  астам уақыт  үстемдік  еткен үкімет өмірден кеткенде Тәуелсіздікке  енді қол жеткенде, жастарымыздың  жолында  қандай қиыншылықтар  кездесіп отыр? Үлкеннің  алдынан  кесе  өтпей, қарттарын  қазынасына  балаған  халқымыз  ұлттық болмысты сақтап қала алды ма? Кеңестік кезеңде дәстүрімізді  дәріптей   алмағанымыздан  шығар… Өз ата-анасын  қарттар үйіне өткізу, түнгі клубтарға  деген  құмарлық, түрлі  қылмыстарға  бой  алдыру, діни  ағымдарға  еліктеу, нашақорлықтың көбеюі,  қыздарымыздың темекі тартып, жартылай жалаңаш жүруі т.т. Саны шексіз осындай құбылыстар қатары көбейгендіктен, ұлттық  болмысымыздың  жоғалатыны  айтпаса да түсінікті. Бұлардан  құтылатын, тамырын  шабатын бір құрал, ол – тәрбие. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру үшін мақсатты ықпалда жүзеге асатын  іс – әрекет. Мектеп барлық кезде оқушыларға елін, халқын, туған жерін сүю және қорғау сезімдерін  дарытып  және  дамытып  келеді. Әсіресе, оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеу мәселесі барлық кезде де қоғам мен мемлекеттің назарынан тыс болмаған. Ал бүгінгі таңда жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанға айналу, яғни жаңарту үдерісі қоғамның барлық саласында, соның ішінде білім беру саласында жүргізілуі әлемдік деңгейге сай дамуды талап етеді.Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының  елжандылық  көзқарасын  қалыптастыруда  жаңа бағыттың қажет екендігі  негізгі мәселе болып отыр. Халықтық  келбет  пен  ұлттық  ерекшелікті сақтап қалу жолы – жеткіншек жасты отансүйгіштік  тәрбиеге  жетелеу. Осы орайда, ұлтжандылық  пен азаматтылықтың, отансүйгіштік  ұғымдардың  мәніне тоқталып өтсек, батырлар жырында – ерлікті, батырлықты,отансүйгіштікті марапаттап, ел сүю, жер  қорғау тақырыптарына  жазылған  эпостық  туындыларда ел билеген хан мен патшадан   халық  батырды бірінші орынға қояды.Батыр-елі үшін қадірлі . Бұған қазақтың басын біріктіріп,  бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып қалмаққа тойтарыс берген  Абылай жайындағы деректер куә. Батырлар  жырын  тудырушылар  да, соны аса үлкен махаббатпен  жырлаушылар да-қазақ елін ,ұлысын, мемлекетін сүюді ,қорғауды насихаттайды.

Алаш  ардақтыларының  бірі  М.Жұмабаевтың  «Жалпы  педагогика» ғылыми  еңбегінің  тәрбие бөлімдерінде қиындыққа шыдайтын, жан-жақты ойлап, әділ шешім табатын, сөзді тыңдайтын, бағалайтын, кең ойлайтын, адамдарға жақсылық жасауға  ұмтылатын  ұрпақты тәрбиелеу мәселесін сөз етеді. Бала тәрбиесіне — ұлт тәрбиесін қолданудың маңызын, «Ұлт тәрбиесі  баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе  жатқан  тақтай жол болғандықтан,тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» — деген пайымдауларынан  байқаумызға болады. Демек, ұлттың дәстүрі мен мәдениетінің сапалық қасиеттерін  терең біліп, жетік бағалау үшін адам ұлт тәрбиесімен өсу керек екендігі туралы ойды  алға  тартады. М.Жұмабаевтың бала болмысындағы көру, есту, іскерлік, қиял, ойлауы туралы ой-тұжырымдарындағы  рухани  астарларды  зерделей отырып, «Көру сезімінің күшеюі, ұлғаюы  үшін ең пайдалы нәрсе — балаға сурет салғызу. Баланың есту сезімін  ілгерлеті үшін біраздан  балаға  музыка  құралдарының  үнін естірте беру керек. Баланың есту сезіміне әсер беретін-бесік жыры» — деп ой түйеді.

Бала есті сезімін бесік жырымен тәрбиелеу арқылы ұлттық тәрбиенің құнды жақтарынан  сараптауымызға  болады. Ата-анаға бала тәрбиесіне мәнді де мағыналы  кеңестерін беру арқылы, бала жанының «бай» болуы ән, жыр, музыкамен  байланыстырады.  Баланың қиялын тәрбиелеу жолдары туралы: «Адам  неғұрлым білімді, тәжірибелі болса, қиялы да сонша бай болсын десек, оның білімді болуына жағдай  қылу керек. Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы қазақ баласы да қиялқұмар болуға тиісті. Яғни ол әдебиет, тарих сықылды қиялды көп керек қылатын  ғылымдарға  ұмтылуға тиісті» -деген ой тастайды. Табиғатпен  үндестікте, сары даладағы туып өскен қазақ баласының  қиялы, жүйрік, өткір терең  екендігін дәлелдей отырып, дала өркениетінің дүниетанымдық  ерекшеліктерінің ықпалын бағалаған. Баланың қиялын өркендету үшін қазақ  ертегісінің қымбат екендігіне де тоқталып өтеді. «Қиял-ғажайып ертегілерінде халқымыздың санмыңдаған жылдар бойғы арман — қиялы да, мақсат-мұраты да, тәлім — тәжірибесі  де тұнып тұр»- деп байлам жасалған. Баланың қиялына қанат бітіретін ұлттық тәрбие екендігіне көз жеткіземіз.

Қай халықтың болмасын  өзге  жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс — бітімін даралайтын ұлт үшін қымбат нәрсе — оның тілі.»Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, бересе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр». Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жок»- деп ұлттық ойлау жүйемізде тілдің алатын орнына жоғары баға берген. Ұрпақ тәрбиесінде тілдің атқаратын  маңызын дәлелдей  келе «Ал енді баланың тілін шын дұрыс жолға салатын дұрыстайтын, байытатын — мектеп»- деп ой түйіндейді.

Ана тілдің мөлдір айдынын ,тоқсан түрлі толғауы мен  иірімін жете таныған , сөз құбылтудың сан алуан сырларын меңгерген ,толқыта төккен,икем-бейімін шебер меңгерген  халық екендігімізді әлем мойындап отыр.Ұлттық шешендік өнердің  ізгі дәстүрлерін  Мұхтар Әуезов, Ғабит  Мүсірепов пен  Ғабиден Мұстафин өз туындыларында  жетік қолданады. Айталық,  Ғ.Мұстафин  шығармаларында кестелі ақыл-нақыл, қанатты сөздер мен оралымдар молынан кездеседі.Мысалы :1. Ысылмаған ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады, кедір-бұдыр сұр тастан  асыл қазына-алтын шығады.

  1. Қымбаттым да , қызығым да сен жастық. Жастық деген не десе, жарқыраған нұр деуші ем, нұр дегенің не десе, екі шырақ көз деуші ем. Көзсіз өмір не десе, тас қараңғы көр деуші ем.
  2. Айламен алыпты жығуға, ақылмен  ғайыпты болжауға болады.

4.Дүниеде көбірек тұрғың келсе,өзіңді-өзің бапта, кеткің келсе ,былапытта.  Ғажап айтылған емес пе?

Атақты  Жанқұтты шешен Абайды бозбала  шағында көріп, ақыл -ойын, білім-білігін ,таным өрісін тексереді.

-Шырағым, дүние неге сүйенеді?-деп сұрайды Жанқұтты шешен

Абай: -Дүние үмітке сүйенеді.

— Көздің көрмесі бола ма?

-Көз қабағын көрмейді.

-Шам жарығының түспесі бола ма?

-Шам жарығы табағына түспейді.

-Болат пышақтың кеспесі бола ма?

-Болат пышақ  өз сабын  өзі кеспейді,-дейді Абай. Жанқұтты шешен  осы ойларыңды өлеңмен  кестелеші дейді.

Сонда Абай:

Сіз сұңқар самғай  ұшқан қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы,

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

Дүниенің жалғыз үміт  тиянағы,

Көз көруі жетпейді қабағына,

Шам жарығы түспейді табағына,

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес

Мақлұқат тартпай қоймас тамағына,-депті.

-Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – деп тосыннан сауал қойыпт ы Абай.

Оқыста Жанқұтты:

— Шырағым, арзан – өтірік, қымбат- шындық, дауасыз-кәрілік емес пе,  жанарыңның оты бар екен – ақындығың  шығар, маңдайың  жарық екен-елің сусағанда шөлін  қандырар бұлағы боларсың – деп  батасын беріпті.                Қазақтың маңдайына біткен  алтын  діңгегі Абайды М.Әуезов: «Ол халық тарихының  биік шыңына жалғыз -дара шыққан тау ағаш сияқты » десе, жыр жұлдызы С.Торайғұров «Ақындықтың қуаты есіңді алар, Абайды оқы,таңырқа, басыңды  шайқа» дегенінде  ұлы ойшылға  махаббатының  шексіз екендігі  айтылады. Ғайыпты болжаған  айыр тілді  аруақты  шешен,ана тілінің негізгі сөздік қорын сарқа пайдаланған, соның ну орманына еркін шүйгіген ,мерует толқындарын  туындатқан ерен дарынды дүниеге әкелген қазақ топырағына таңданбай  қарашы!?

Ұлттық тәрбие мәселесіндегі идеялары келесі ұрпаққа жаңғыртып жеткізудің жаңаша жолдарымен жүзеге асырылуы керек.

Жаңаша даму уақыты мен жаңа білім мазмұнында ұлттық тәрбие мәселесін қалай жүзеге асырамыз? — деген мәселелер төңірегінде ойлар ойланарлық мәселе. 12 жылдық жалпы орта білім беруде ұлттық тәрбие арқылы ұрпақты өрелі етіп шығару, ел алдындағы жауапкершілігін ұғындыруға жол ашады. Қазіргі  замандағы қоғамның құндылығ жан-жақтылығымен көзге түсетін байланысқа  дайын, елінің тағдырына  жауапкершілікпен  қарайтын  адамды  тәрбиелеу  жаңа білім  жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі болмақ .

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан — 2030» Жолдауында: «Оқушыларды Қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез – құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, біліміділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп, қалыптастыруымыз керек»,- делінген.

Азаматтарының ұлттық намысы жоғары ел – бүкіл адамзаттың мақтанышы. Білім мен тәрбие бір арнаға құйылғанда өз халқының асыл дәстүрі мен өнерін қаны мен жанына сіңірген ұрпақтың бойында ұлттық сана қалыптасады. Ұлттық санасы қалыптасқан  адамның  ұлттық намысы жоғары – ұлтжанды. Ал, ұлтжанды азаматтармен Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ, мәртебесі биік, мерейі үстем, аспаны ашық болмақ. Ұлтжанды адам басқаға жау көзімен емес, дос көзімен қарайды. Оның осал болуға хақысы жоқ, себебі ол өз ұлтының абыройы үшін жауапты.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

С. Негимов  Шешендік өнер Алматы 1997 ж  85-86 бет

12 жылдық білім журналы  №5,2007 ж

Қазақстан мектебі №9,2010 ж