Мөлшер үстеуі, күшейткіш үстеуі.

Сабақтың тақырыбы: Мөлшер үстеуі, күшейткіш үстеуі. Сабақтың мақсаты:

а) білімділік: оқушыларға үстеу, үстеудің қүрамдық түрлері, үстеудің мағыналық түрлері, мөлшер үстеуі және күшейткіш үстеуі жайлы толық мәлімет беру.

ә) дамытушылық: ой-өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, сауаттылыққа баулу, олардың ой-пікірін қалыптастыру.

б) тәрбиелік; елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ

Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, корытындылау.

Сабақтың көрнекілігі: дид. материалдар, кестелер, кеспе қағаздары, тірек сызбалар.

Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.

Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, қорытындылау, бағалау.

Сабақтың барысы:

а)  Ұйымдастыру кезеңі.

  1. Сәлемдесу.
  2. Кезекші мәлімдемесі.
  3. Журнал бойынша түгелдеу.
  4. Жаңа сабаққа дайындық.

ә) Үй тапсырмасын сұрау.

  1. Өткен сабақта өтілген ережені сұрау.
  2. Жаттығу жұмысының орындалу барысын дәптерлерінен тексеру
  3. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалау.

б)  Жаңа сабақты түсіндіру.

Бүгінгі жаңа сабақта оқушыларға «Мөлшер үстеуі, күшейткіш үстеуі» тақырыбы жайлы түсіндіремін.

Мөлшер үстеуі қимылдың немесе сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін, шама-шарқын білдіреді де, қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? және кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. мөлшер үстеулері бірде етістіктермен тіркесіп, қимылдың мөлшерін, шама-шарқын білдірсе, енді бірде сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін білдіреді. Мысалы: онша жараспайды, анағүрлым көбейді, т.б. дегенде етістіктермен тіркесіп, қалай? Қанша? деген сұраққа жауап беріп, ал онша биік емес, анағүрлым үлкен, т.б. дегенде мөлшер үстеулері сын есімдермен тіркесіп, қалай? Немесе қанша? деген сұраққа жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін білдіріп түр. Мөлшер үстеулері құрамы жағынан туынды не күрделі түбір болып келеді.

 Күшейткіш үстеуі.

Күшейткіш үстеу сынның немесе қимылдың, іс-әрекеттің белгісін не сапасын күшейтіп, не солғындатып көрсетеді. Күшейткіш үстеулер, көбінесе, сапалық сын есімдермен тіркесіп жұмсалады да, онымен тұтасып келіп, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасауға негіз болады. Мысалы: ең әдемі, тым биік, тым биік, т.б.

Күшейткіш үстеулердің біразы етістікпен тіркесіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың сипатын күшейте не солғындата көрсетеді. Мысалы: мүлдем білмейді, әбден шаршаған, т.б. құрамы жағынан күшейткіш үстеулер негізгі түбірлер болып келеді.

Міне, осылайша жаңа сабақты түсіндіріп болған соң жаттығу жұмыстарын орындатамын. Алғашқы орындалатын тапсырма: 283-жаттығу жұмысының орындалу шартын түсіндіремін: Сөйлемдерді көшіріп жазып, мөлшер үстеулерінің астын сызыңдар. Тіркескен сөзімен байланыстырып, сұрақ қойып атаңдар.

Келесі тапсырма: 284-жаттығу жұмысының шартын түсіндіремін: Сөйлемдерді көшіріп жазып, мөлшер үстеулерінің қалай жасалғанын айтыңдар. Сұрақ қою арқылы қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын ажыратыңдар.

Келесі тапсырма: 285-жаттығу жұмысының орындалу шартын түсіндіремін: Күшейткіш үстеулерді тауып, қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын және қандай мағына беріп тұрғанын ажыратыңдар.

Сабақтың қорытындысы:

  1. Сұрақ қою арқылы жаңа сабақты қорытындылаймын.
  2. Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
  3. Үйге тапсырма: 286-жаттығу жұмысының орындалу шартын түсіндіремін: Тым, аса
    орасан, нағыз және әбден, дәл, сол, мүлдем үстеулерімен сөйлем құрап, ерекшеліктерін
    көрсетіңдер.